24 Шілде 12:00
...

Терроризммен күрес: Қазақстан ең қауіпсіз елдердің қатарында

Терроризм
Фото: mlgazeta.ru

Қазіргі әлемде терроризм жаһандық қауіпсіздікке төнген ең үлкен қатерлердің бірі ретінде қалып отыр. Бұл құбылыс бейбіт тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, ұлттық бірлікке сына қағып, ел ішіндегі тұрақтылықты шайқалтады. Терроризмнің сипаты күрделеніп, оның әдіс-тәсілдері де эволюцияға түсті. Қазір шабуылдар ақпараттық кеңістікте де белсенді жүріп жатыр.

Ең алдымен терроризмнің түрлеріне тоқталып, анықтама бере кетейік. Қазір терроризм бірнеше бағытта өршіп барады. Саяси терроризм – мемлекеттік құрылымды немесе билік режимін құлатуға бағытталған әрекеттер. Діни терроризм – радикалды ағымдар мен жалған діни түсініктер негізінде жүзеге асады. Этно-ұлтаралық терроризм – ұлтаралық араздық тудыру арқылы қоғамда алауыздық орнатуға тырысады. Кибертерроризм – ақпараттық жүйелерге шабуыл жасау арқылы мемлекеттік немесе корпоративтік жүйелерді бұзуға ұмтылады.

Қазақстан терроризммен қалай күресіп келеді?

Қазақстан Республикасы терроризмге қарсы күресті ұлттық қауіпсіздіктің басым бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Елде терроризмге қарсы заңнама жетілдіріліп, арнайы мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі терроризммен күрес жүргізуде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, алдын алу шаралары – діни радикализмнің таралуын болдырмау, жастардың санасына дұрыс тәрбие беру және ақпараттық қауіпсіздікті нығайту бағытында жүргізілуде.

Терроризмге қарсы тиімді күрестің нәтижесі елдердің бірлескен әрекетіне байланысты. БҰҰ, ШЫҰ, ТМД секілді ұйымдар терроризмге қарсы іс-шаралар өткізіп, ақпарат алмасу мен арнайы операциялар арқылы жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосуда. Қазақстан осы ұйымдардың белсенді мүшесі ретінде өз тарапынан қолдау білдіріп келеді.

ҰҚК
Фото: GOV.KZ

Қазіргі таңда террористік ұйымдар интернет пен әлеуметтік желілерді өз үгіт-насихатын тарату үшін пайдаланып отыр. Осыған байланысты ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де күн тәртібінен түспеуі керек. Мемлекет пен қоғам бірлесе отырып, экстремистік идеяларға қарсы насихат жүргізіп, халықтың құқықтық және діни сауаттылығын арттыруы тиіс. Әсіресе жастармен жүргізілетін жұмыстар лаңкестік идеологияның алдын алуда шешуші факторы болмақ.

Ғаламдық терроризм индексінде Қазақстан қай орында тұр?

Қазақстан Республикасында террористік қауіп деңгейі қазіргі таңда «тұрақты және төмен деңгейде» бағаланып отыр. Жағдайды бұлай бағалауға негізінен ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметі мен халықаралық рейтингтер нәтижесі себеп. Соңғы жылдары елімізде террористік актілер мен экстремистік әрекеттердің саны айтарлықтай азайды, ал алдын алу шаралары күшейтілді. Бұл – құқық қорғау органдарының жемісті жұмысының нәтижесі.

Ғаламдық терроризм индексі (GTI) бойынша Қазақстан 2023-2024 жылдары 0.00 балл жинап, әлемдегі ең қауіпсіз елдердің қатарына енді. 2025 жылы да бұл рейтингте Қазақстан 100-орынға тұрақтап, террористік қауіптің төмен деңгейін көрсетті. Бұл көрсеткіштер елдегі терроризмге қарсы жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстардың нәтижесін айқын білдіреді.

Терроризм
GLOBAL TERRORISM INDEX 2025

Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, соңғы жылдары бірнеше террористік шабуылдарға тосқауыл қойылды, радикалды діни және экстремистік топтарға қарсы күрес күшейтілді.

ҰҚК-нің хабарлауынша, 2025 жылдың алғашқы жартысында да терроризмге қарсы күрес шаралары жалғасты. Осы жылы төрт террористік актінің жолы кесілді, 52 адам терроризм мен экстремизм үшін сотталды. ҰҚК 400-ден астам оқу-жаттығу мен дайындық өткізді, сонымен қатар 19 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларымен кездесуінде былай деген: 

«Халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелерін бөлек қарастырамыз. Әрине, мұнда біз саяси ерік-жігер көрсетуге тиіспіз. Солайша бірге екенімізді танытып, ең бастысы, тиімді әрекет етуіміз керек. Қазақстан бұл игі іске өзінің елеулі үлесін қосады. Бұған сенімді болыңыздар. Сондықтан мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астанада өтетін алдағы саммитіне зор үміт артамын».

Ақорда
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Жоғарыдағы индексте терроризм бойынша Қазақстанның қауіпсіз ел екені көрсетілген. Алайда бұл қауіп толық сейілді дегенді білдірмейді. Терроризм жаһандық және күрделі мәселе болғандықтан, оған қарсы күрес үнемі жаңартылып отырады және күшейтуді талап етеді. Мемлекет пен қоғамның бірлескен іс-әрекеті, құқықтық тәртіпті нығайту және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – терроризмнің алдын алу мен қоғам тұрақтылығын сақтаудағы маңызды шарттары саналады. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстандағы террористік қауіп деңгейі төмен болғанымен, бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, алдын алу мен мониторингті күшейту ұлттық қауіпсіздіктің басты міндеттерінің бірі болып қала береді.

Терроризмге қарсы күрес – ұзақ мерзімді, жүйелі және кешенді шараларды талап ететін маңызды міндет. Мемлекеттің қауіпсіздігі мен қорғанысы тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барша қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін түсінуіміз керек. Әрбір азамат сақтық танытып, заңға бағынса, радикалды идеяларға қарсы иммунитет қалыптастырса, терроризмге тосқауыл қоюға әбден болады. Өйткені ел бірлігі мен тұрақтылығымыз біздің ең басты қорғанымыз екенін әрдайым жадымызда ұстайық.