«Тау-кен, мұнай-газ және банк секторына жеңілдік берудің қажеті жоқ» – Экономист
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ұлттық экономиканы өркендету жөніндегі көзқарасын білдірді. Ол үшін жаңа идеялар және ұзақ мерзімге арналған жүйелі ұстаным қажет.
– Біз еліміздің даму қарқынын күшейтуіміз керек. Экономиканы әртараптандырып, шетелден көбірек инвестиция тарту қажет. Үкіметтің басты міндеттерінің бірі – экономикалық қызмет субъектілерінің бәріне бірдей жағдай жасау. Экономикаға жаңа серпін беру үшін Үкімет кәсіпкерлермен, инвесторлармен толыққанды серіктес ретінде тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет, – деді Тоқаев.
Президент айқындап берген ел экономикасының даму бағдары жөнінде Мақсат ХАЛЫҚ төмендегідей пікір айтты.
– Бүгін Президент жаңа үкіметтің алдына нақты міндеттер қойды. Бірінші кезекте – халықтың әл-ауқатын арттыру. Неге десеңіз, экономикалық өсім болғанымен, халықтың жағдайы жақсарып жатқан жоқ. Халықтың тұрмысы тапқан табысымен өлшенеді.
Табыстың өзі нақты және номиналды табыс деп екіге бөлінеді. Номиналды табысқа қарасаңыз, өсім бар секілді. Бірақ өткен жылмен салыстырған кезде алып жүрген айлығыңызға былтырғы тауарлар мен қызметті тұтына аласыз ба? Нақты табыс осыдан шығады.
Мұны ескерсек, азаматтарымыздың табысы кері кетіп жатқанын байқаймын. Сондықтан да халықтың табысын арттыру – өте өзекті мәселе.
Президент «жаңа салық кодексі кәсіпкерлерге салмақ салмайтындай, бірақ мемлекет бюджетінің тапшылығын толтыра алатындай жаңа бағытта қайта жасалуы керек» деп тапсырма берді. Менің ойымша, осы бағытта тиімді жұмыстар істелінуі тиіс. Қазір шағын және орта бизнеске жарияланған мораторий аяқталды. Құзырлы органдар, соның ішінде, салық комитеті «кәсіпкерлерді қалай төмпештесек, қалай қысымға алсақ болады?» деп білегін сыбанып отыр. Меніңше, бұған жол берілмеуі қажет. Бірінші кезекте түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек деп есептеймін.
Шағын және орта бизнеске салықты көп салудың қажеті жоқ деп есептеймін. Бөлшек сауда туралы жаңа бастамалар бар. Осы бағыттағы жұмыстар қолға алынуы тиіс.
Президент салықтық жеңілдіктердің кесірінен бюджетке 7 триллион теңге көлемінде табыс түспей отырғанын айтты. Бұл – өте маңызды мәселе. Қандай салаларға салықтық жеңілдік беріліп келгенін қайта пысықтаған абзал.
Мәселен, өзін-өзі толық қамтамасыз ете алатын тау-кен, мұнай-газ және банк секторларына жеңілдік берудің ешқандай қажеті жоқ. Онсыз да табыстары да шаш етектен. Кезінде лоббидің күшімен салықтық жеңілдік беріліп кеткен салаларды қайта сүзгіден өткізіп, жеңілдіктерді алып тастау керек.
Бірақ шағын және орта бизнеске салмақ түсірмей, жеңілдіктер қарастыру ләзім. Сонда іскерлік белсенділік те сақталады, бюджетке де табыс түседі. Ақырындап экономикада бетбұрыс болады.
Ақша-несие саясатына да біраз өзгеріс керек. Ұлттық банк пен үкіметтің қоян-қолтық жұмыс істеуі өте маңызды. Әсіресе, инфляциямен күрес, несие пайыздарын төмендету бойынша. Және бизнес пен шаруаларды жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етудің нақты жұмыстары жүргізілуі керек.
Десе де, жаңа үкіметтің нақты бағдарламасы болуы тиіс. Әзірше оны көрмей отырмыз. Жаңа премьердің бір-екі ауыз айтқан сөзі бағдарлама емес. Сондықтан оның не ұсынатынын күтеміз. Жаңа бағдарлама шыққан соң, жаңа көзқарастарды, ұстанымдарды зерделеп, сараптама жасауға болады.
Айта кету керек, Президент мұын бәрін бұрыннан айтып келеді. Осы жолы біраз мәселелерді көрсетіп, толықтырып өтті. Осы уақытқа дейін Президент көп мәселені бастама ретінде көтергенмен, үкіметтің оны жүзеге асыруы мүлде басқа сипатқа ие болып келді. Енді жаңа үкіметке сенім бар. Жаңа болғандықтан ғана. Дейтұрғанмен, бұл бастамалардың қалай жүзеге асатынын уақыттың еншісіне қалдырған жөн.