ТАБЫС пен ТҰЗАҚ: Ортақ валюта нарығы нені көздейді?

Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2025 жылы ортақ қаржы нарығын құруды көздейтін заң жобасын Парламентке жолдамақ. Бұл туралы Inbusiness.kz хабарлады.
Агенттік таратқан ақпарат бойынша, Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. Оның шеңберінде қатысушы елдердің қаржы нарықтарында, оның ішінде кредит беру нарығында тәуекелдерді реттеу тәсілдері әзірлену үстінде.
«Бүгінгі таңда ЕАЭО елдерінің азаматтары Қазақстанда еңбекпен және кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, отандық қаржы ұйымдарының қызметін тұтынуға, оның ішінде кредиттік ұйымдардан кредиттер алуға құқылы. Дегенмен, одақтас елдеріміздің кредиттік ұйымдарының өзара кредит тарихын алмасу тетігі көзделмеген», – деп түсіндірді Қаржы нарығын реттеу агенттігі.
Ортақ валюта нарығы жөнінде қазақстандық сарапшылардың көзқарасы әртүрлі болып шықты.
Мақсат СЕРАЛЫ, экономист:
Сауда-саттық артып кетеді дегенге күмәнмен қараймын
– Ортақ валюта нарығы – электронды сауда алаңы. Оның негіздемесі бар. Өйткені, Ресей компанияларының басым бөлігі Қазақстанға қоныс аударып жатыр. Оларға сауда-саттық жасауды жеңілдету үшін тиімді болуы мүмкін.
Бірақ бұған экономикалық сұраныс жоқ. Ішкі нарықтағы компаниялар әлемдік сұранысқа ие емес. Сауда-саттық артып кетеді дегенге күмәнмен қараймын.
Өкінішке қарай, Ресейдің мүддесі басым болып тұр. Еуразиялық экономикалық одақта да Ресейдің үстемдігі айқын көрінеді. Экспорт-импортта да ресейлік компаниялардың бәсі жоғары. Ресей өзінің ішкі нарығын қатты қорғап қойған. Қазақстан кез келген тауарын экспортқа тасымалдай алмайды. Валюта нарығын құратын кезде, үкімет үтір-нүктесіне дейін толыққанды зерттеу керек. Әр мемлекеттің жағдайына қарай шарттар тең жасалуы тиіс.
Еуразиялық экономикалық одақта «бәрі экономикасына байланысты, Қазақстан бізден төмен тұр» дегенді сылтауратып, күшімізді әлсіретті. Мұндай мәселе болмауы керек. Қазақстан – егеменді ел. Біздің компаниялардың басым бөлігі ТМД нарығына емес, әлемдік нарыққа шыққысы келеді. Сондықтан оларға аса қызық емес.
Жалпы ішкі өнімге әсер ететіндей дүние болмайды деп ойлаймын.
Арман БЕЙСЕНБАЕВ, экономист:
Валюта нарығы ешкімге кедергі жасамайды
– Биржа алаңдары біріктіріледі. Биржалар Қазақстандық қор биржасымен және астаналық биржамен интеграция жасайды. Бұл Мосбиржа базасында жүзеге асырылатын болар. Бірақ KASE қолжетімділікке ие болады. Олар бір-бірімен интеграция жасамақ.
Қазақстандық инвесторлар рубльмен жасалатын саудаға қол жеткізсе, ресейлік инвесторлар теңгемен жасалатын саудаға қол жеткізеді. Сондықтан бізге теңгемен сауданы ашқан жөн. Жай ғана валюта нарығы ешкімге кедергі жасамайды.
Бұл бағытта жұмыс бұрыннан бері жасалып келеді. Ресейлік қор нарығында сауда жасалып жатыр. Бірнеше ай бұрын қазақтандық теңгемен сауда жасалды. Ол жерде посткеңестік кеңістіктегі елдердің барлық валютасы бар. Айталық, әзербайжандық манаттар, армяндық дирхамдар да іске қосылды. Қырғыз бен өзбектің сомы да бар. Арабтың дирхамымен, түріктің лирімен де сауда жасауға болады.
Мұның негізінде бірыңғай платформа құрылуы ықтимал. Бір ғана мәселе – инфрақұрылымда. Қалай біріктірілмек, қандай түрде? Санкция бұған жүрмейді.
Айдар ӘЛІБАЕВ, экономист:
Сауда доллармен және еуромен жасалуы тиіс
– Ортақ қаржы нарығы қиял болып шығуы мүмкін. Бұл нені білдіреді? Біз өзара бір валютамен – не рубльмен, не теңгемен сауда жасаймыз. Бүгінде рубль ешкімге керек емес. Ресей рубльмен есеп айырысуды талап еткенде, Үндістан да бірден бас тартты. «Бұл қағазбен біз не істейміз?», – деп жауап берді.
Қазақстан банктерінде ресейлік рубль өте көп. Былтыр қыркүйек айында алғашқы мобилизация жарияланған кезде, бізге қаншама ресейлік ағылып келді. Олардың бәрінің қолында рубль болды. Рубльдерді теңгеге алмастырып, теңгені Қазақстанда жұмсады. Банктерде рубль үйіліп жатыр.
Бір сөзбен айтқанда, санкция астында қалған Ресей жібі түзу валютамен сауда жасай алмайды. Сондықтан көршілеріне қысым көрсетуге мәжбүр. Кез келген нәрсе де ләппай деп отыратын Қазақстанға қысым көрсетпегенде, басқа кімге көрсетпек?
Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақта толық ұтылып отыр. ҰҚШҰ-да да солай. Ресей қаласа, «саған атом стансасын салайық» деп көндіреді. «Газ одағын» құрайық деп пәрмен береді. Яғни, Ресей өзінің басындағы барлық қиыншылықтарды, соғыс пен санкциядан туындаған барлық жағымсыз салдарларды Қазақстан мен басқа да Орталық Азия елдерінің есебінен өтеп, жарасын емдеуді көздеп отыр.
Енді келіп, рубльмен сауда жасауға мәжбүрлемек. Бізге рубльдің керегі не? Рубльге біз Германиядан немесе Қытайдан бірдеңе сатып ала аламыз ба? Қазірдің өзінде жиналып қалған рубльдерді қайда жұмсарымызды білмей басымызды қасып отырмыз. Ал Ресей болса, рубльмен сауда жасатып, Қазақстанды тағы да қосымша қармаққа іліп қоймақ. Онсыз да Қазақстанды барынша шырмап, уысында ұстап алған. Түйткілдерін де соның есебінен шешіп жатыр. Қазақстан арқылы параллельді импорт жасап жүр. Ал біз санкцияға ілігудің аз-ақ алдында тұрмыз.
Фото: ғаламтордан
Өз басым ортақ валюта нарығын құруға үзілді-кесілді қарсымын. Әрине, шекаралық аймақтарда рубльмен сауда жүре береді. Бұдан келіп-кететін қауіп көрмеймін. Десе де, Ресеймен сауда тұрақты валютада – доллар мен еурода жасалуы тиіс. Рубль басымдыққа ие болатын ортақ валюта нарығының болашағы бар деп айта алмаймын.