Интеграция ҚЫЛБҰРАУЫ қыса түсті...

Брюссель Ресейге қарсы тағы да 11 санкция пакетін әзірлеп отыр. Бұл Мәскеумен тығыз қарым-қатынас орнатқан елдерге де оңайға соқпай тұр. Екінші деңгейлі санкцияға ілігуі мүмкін елдердің қатарында Қытай, БАӘ, Сирия, Иран, Өзбекстан мен Қазақстан да бар.
Айталық, қазақстандық мұнай танкерлері үшін ашық теңізде жүк түсіруге немесе GPS-трекерді өшіріп, портқа кіруге тыйым салынбақ. Бұл шаралар санкцияны бұзып, мұнай сатуды болдырмауды көздейді.
М.Нұртілеу мен Ж.Боррель. Фото: СІМ
Батыстың қаһары Астананың да арқасына аяздай батқаны байқалады. Жайсыз хабар шыққан соң, іле-шала Сыртқы істер министрі Мұрат НҰРТІЛЕУ 16 мамырда Брюсселден табылды. Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары төрағасы, Еурокомиссияның вице-президенті Жозеп БОРРЕЛЬМЕН жолықты. Министрдің мақсаты – санкция салдырмаудың қамы.
Қазір еліміз екі оттың ортасында тұр. Бір жағында – басты сауда серіктесі Батыс, бір жағында – жақын одақтасы Ресей. Батыс «агрессорға көмектесіп жатырсыңдар» деп қысса, Мәскеу «бізсіз қайда бармақсыңдар?» деп қоқаңдайды.
Мәселен, НГ басылымының пікірінше, Мәскеу жақын серіктестеріне көңілі толмай отыр. Сенімді деп санамайды. Ресейдің СІМ-і басшысының орынбасары Михаил Галузин: «Кейбір Орталық Азия елдері тәуекелдерді көтеруге әзір емес. Ресейге қарсы санкцияларға қосылуы мүмкін», – деп мәлімдеген.
Голузиннің сөзіне сенсек, ҰҚШҰ, ЕАЭО және ТМД бойынша міндеттемелеріне қарсы келмесе, Ресей өзінің сыртқы және ішкі бағытын ешкімге таңбайды. Десе де, ол Ресеймен қарым-қатынасты үзу Орталық Азия елдері үшін екінші деңгейлі санкциядан гөрі әлдеқайда ауыр зиян тигізетінін айтқан.
Қазақстандық сарапшы Димаш ӘЛЖАНОВТЫҢ пікірінше, мәселе қарым-қатынасты біржола үзуде тұрған жоқ.
Д.Әлжанов. Фото: ғаламтордан
«Қазақстан қазір Ресеймен қарым-қатынасын тоқтатып, шекарада қатаң бақылау орната алмайды. Мұны бәрі жақсы түсінеді. Сондықтан Қазақстан санкцияға толыққанды қосылады деп ешкім де күтпейді. Қазақстан соңғы жылдары Ресейге ағылып жатқан заңсыз импортты тоқтатуға ұмтылмады. Бұл – Қазақстанның санкция астында қалған Ресей экономикасының күн көруіне көмектескені деп есептеледі. Бар гәп осыда. Бұл жайт Қазақстанның экономикасына да соққы болып тиюі мүмкін», – дейді саясаттанушы.
О баста еліміз Қазақстанның көпвекторлы ел екенін, әлемдік ойыншылармен тең қатынас ұстайтынын жариялаған-ды. Десе де, соңғы он жылдықтарда осы бағыттан ауытқу көп сезілді.
Ресей көтерген түрлі интеграциялық жобаларға алаңсыз қосылды. Оның себебі де бар. Бір шекпеннен шықтық. Ресей элитасы мен қазақ элитасы бір тілде сөйлейді. Саяси көзқарастары да ұқсас. Сондықтан тығыз қарым-қатынасын жандандыруға күш салды. Ресейдің Украинаға басып кіруі осы интеграциялық процестердің алдымыздан қақпан болып шыққан жайы бар.
Фото: ТАСС
«Назарбаевтың фундаменталды мәселесі осында жатыр. Оның ұлттық мүддеге лайықталған саяси көрегендігі болмады. Ресеймен интеграциялық саясат бүгінде Қазақстанға таяқ болып тиіп отыр. Бұл жайт бір күнде пайда болған жоқ. Біз Ресей аумағы арқылы құбыр жүргіздік. Ресейге байланысты инфрақұрылымдарға арқа сүйедік. Басқа нұсқалар бізде мүлде болған жоқ. ЕАЭО, ҰҚШҰ арқылы біздің алдымызда міндеттесі бар ел біржақты шешім шығарып, соғыс ашып отыр. Бұл жайт енді бізге қатты соққы болып отыр», – деп пайымдайды саясаттанушы.
Сарапшының пікірінше, Жаңа Қазақстанның басшылығын да ұлттық мүддені қорғауда есе жіберіп жатыр. Ресейдің мүддесін күйттейтін ЕАЭО-ның ережелерін қайта қарау қажет.
«ЕАЭО біртұтас нарықты пайданала алмай, қанша қазақстандық бизнес шығынға ұшырады. Біртұтас нарық идеясының өзін алсақ, Ресей шекарасын жауап алып, тауарды кіргіземіз бе, жоқ па, деп шешім қабылдайды. Бұдан қанша ел жапа шекті. Оның ішінде Қазақстан да бар. Сондықтан, Ресеймен интеграция басталған тұсты қайта сараптап, неге әкеп соққанынан сабақ алуымыз қажет. Менің пікірімше, тәуелсіздік кезеңінде де Ресейден біз жақсылық көргеніміз жоқ», – деп түйіндейді сарапшы.
Димаш Әлжановтің пікірінше, Батысты немесе Ресейді емес, Қазақстан өз ұлттық мүддесін таңдауы тиіс. Халықаралық нарыққа шығатын жаңа сауда жолдарын, жаңа мұнай маршруттарын салуды қарастыру қажет. Нақты, батыл шешімдер табу керек.
Қазақстан осы жайтты пайдаланып, Ресейге толық тәуелділіктен арылып, жаңа мүмкіндіктерге ұмтылғаны жөн.