24 Маусым 14:57
...

ҚАЗАҚСТАН Ресейдегі БҮЛІКТІ басуға әскер жібере ме? Сарапшы жауабы

Фото:

Ресейде азамат соғысының қаупі бар. Путиннің бүгінгі мәлімдемесі осыны көрсетіп отыр. «Вагнер» ЖӘК басшысы Евгений Пригожин де айылын жияр емес. Мәскеуге жорық ашуға әзір екенін мәлімдеді.

Солтүстік көршіміздің ішіндегі лаң елімізге қалай әсер етеді? Бұл дау немен бітпек? ҰҚШҰ аясында қазақ сарбаздары «террорист» деп танылған «вагнершілерге» қарсы соғыса ма? Бұл сауалдарға саясаттанушы Мақсат ЖАҚАУ жауап берді.

М.Жақау

Іс насырға шауып жатса, Ресейдің ҰҚШҰ әскерін шақыруға негіз бар. Путин жаңа сөйлеген сөзінде антитеррорлық операция жүргізуге тапсырма берді. Қаңтар оқиғасы кезінде де «террорға қарсы әрекет» шеңберінде Қазақстанға ҰҚШҰ әскері шақырылды. Мемлекет басшылары арасында басқа да өзара келісімдер бар.

Десе де, ҰҚШҰ аясында әскердің баруы Батыстың мүддесіне қайшы келуі мүмкін. Сондықтан Қазақстан бұл мәселені жеті рет өлшеп, бір кесуі тиіс. Ресейдің қақтығысына араласатын болса, бір тарап болып есептелінуі ықтимал.

Мұның инвестициялық, экономикалық келісімдерді жоққа шығару қаупі бар. Және Ресейдің қазіргі хәлін тұтастай Қазақстанның аумағына әкелуі ғажап емес. Мемлекет басшысының дипломат екенін ескерсек, бұған жол бермейді деген сенім бар.

Бұл – «Вагнер» ЖӘК басшысы Пригожин мен Ресейдің қорғаныс министрі Шойгу арасында көптеп бері келе жатқан текетірестің ашық деңгейге шығуы. Меніңше, элиталықаралық қақтығысқа ұласуы мүмкін. Ресей элитасы әліптің бағып отыр. Халық арасынан қолдау тапса, тіпті қиын болмақ.

«Вагнер» әскері Воронежге кірген кезде, оларды жергілікті тұрғындардың оң қабақпен қарсы алғанын байқауға болады. Бұл ресейліктердің Путиннің режимінен, соғыстан шаршағанын көрсетеді. Пригожин қазір бұған қарсы тұлға ретінде қабылдануы ғажап емес.

Екі тарап арасында қарулы қақтығыстан құтылу қиын секілді. Осы уақытқа дейін Пригожин әскері ресейлік үш тікұшақты атып құлатқан. Пригожинді өлтірмесе, кікілжің бұқаралық деңгейге де таралады. Ресей билігі бұдан қатты қорқып отыр. Ал 25 мыңдық әскер Пригожинді барынша қорғауға әзір.

Батыс Пригожинге қолдау білдіруі де мүмкін. Ленинді қолдағандай қаржылай көмек берсе, геосаяси картаның өзгеруі де ғажап емес. Ресейдің қазіргі билігі толық құлауы әбден мүмкін. Бұл НАТО-ның шекарасы Қазақстанның шекарасына дейін жетуіне мүмкіндік ашып береді. Жалпы, Украина мен Ресейдің соғысына нүкте қояды.

Тегтер: