18 Наурыз 13:31
...

Сұлтан Оздоев: Қазақстанда үйімді, отбасымды және өзімді таптым

ингуш
Фото: ғаламтордан

Қиын-қыстау заманда еліміз қаншама этнос өкіліне пана болғаны белгілі. Бүгінде Қазақстанды отаны санайтын олар қазақ халқының қонақжайлығы мен бауырмалдығына алғыс айтудан шаршаған емес. 

Сондай аумалы-төкпелі уақытта, яғни 1944 жылдың ақпанында аға-әпкелерімен бірге Кавказ жерін тастап Қазақстанды бетке алған Сұлтан Оздоев сол жылдарды еске алу қиын екенін айтады.

«1938 жылы 7 қарашада Пригородный ауданы, Чермен ауылында дүниеге келдім. Ата-анамнан бала кезде айырылдым. Әрине, жер аударғандар туралы естелік айту қиын. Себебі, бізді кейбіреулер туған Отанын сатқан сатқындарға теңеді. Бұл кезде қоныс аударғандардың жақындары майдан даласында кеңес әскері құрамында соғысып жатқан кез еді.

Бізге кетуге екі сағаттай уақыт берді. Қайда бағыт алатынымыздан да бейхабармыз. Тіпті, әскерилер «Сендерді суық жерлерге апара жатыр. Жылы киім алғандарың дұрыс» деп ескертті. Вагонға отырғанда жанымыздағы ересектер өлімнен қорғау үшін қарындасым екеуміздің үстімізді сабан шөппен жауып тастағаны есімде. Арасында жарма береді. Өлген адамдарды көз алдымызда вагоннан далаға лақтыра салғанын да көрдік.

 Бізді қазіргі астанадан 60 шақырымдай жердегі Ключи ауылынан түсірді. Қазақстанға қоныс аударып, табаным тигенде небәрі 4 жастамын. Сол кезден бастап әпкелерім, анамның бауыры қамқор болды. Ал аман қалуымызға бірден-бір жергілікті тұрғындар көмектесіп, мейірімі мен жанашырлығын аямады», – деді Қазақстан халқы ассамблея кеңесінің мүшесі Сұлтан Оздоев өткенге шолу жасап.

Сұлтан Оздоев
ғаламтордан

Оздоев отбасының естеліктеріне қарағанда, олар алдымен орыс диірменшінің үйіне қоныстанып, кейінірек Ақмоладағы жергілікті тұрғын Тұяқбай деген кісінің үйінде тұрады. Үйдің иесі майдангер екен. Соғыс кезінде аяғынан айырылған. Баласы болмағандықтан, жетім балаларды бауырына басады.

Тарихтан белгілі, 1944 жылы 23 ақпанда шешендер мен ингуштарды Орталық Азияға жаппай депортациялау басталды. Ішкі істер халық комиссары Лаврентий Берияның басшылығымен жасымық операциясы кезінде жарты миллионға жуық адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Бұл жарлықтың артында мыңдаған сынған тағдыр иесі жатқанын сол кезде ешкім білген жоқ. Туған жері – Кавказдан жазықсыз адамдарды бір айға жуық жүк вагондарымен Орта Азияға жеткізген. Ресми дерек бойынша, Қазақстанға 90 мыңдай шешен мен ингуш жер аударылған екен. 2019 жылы ингуш этносы Қазақстан мен Орталық Азияға жер аударылғанына – 75 жыл толғанын атаусыз қалдырмады. Одан бері, міне 80 жылдығы да келді.

Жүк тиеушіден академикке дейін

Сегізінші сыныптан кейін жер аударылып, жүк тиеуші болып жұмыс істеуге мәжбүр болған ингуштың жетім баласы қалай атақты ғалым, қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді? Бала кезінен тағдырдың сынағын көрген Сұлтан Оздоев бұған тек білімге деген құштарлығы мен еңбекке деген адалдығының арқасында жеткені мәлім. Мұның сыры білімге деген керемет шөлдеуде және үлкен еңбекте жатыр.

1961 жылы Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының геологиялық барлау факультетіне оқуға түсіп, тәмамдаған соң Қ.И. Сәтпаев атындағы Геология ғылымдары институтында инженер болып жұмыс істейді. 1975 жылы Сұлтан Мәжитұлы «Солтүстік Үстірттің мезозой және кайнозойдағы тектоникалық дамуының газ потенциалының болашағына байланысты» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Ал оның кәсіби дамуының келесі кезеңі 1986 жылы «Үстірт және төңкерілген үстірт тәрізді рельефті басқа шөгінді бассейндердің геологиясы мен мұнайлылығы» атты докторлық диссертациясын қорғау болды. Осылайша, Сұлтан Оздоев Қазақстандағы мұнай және газ геологиясы саласындағы екінші ғылым докторы атанды.

ингуш
ғаламтордан

1994 жылы Қазақстанда инженерлік және ғылыми кадрларды дайындағаны үшін профессор атағы берілді. Мұнай және газды барлау саласындағы ғылыми еңбектері үшін корреспондент-мүше болып сайланды. 2003 жылы Сұлтан Оздоев Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, ал 2009 жылы Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі болды. Ғалымның геология бойынша «Солтүстік Үстірттің тектоникасы мен мұнай-газ әлеуеті», «Үстірттің құрылымдық геоморфологиясы», «Каспий маңы ойпаты мен оған іргелес аумақтардың іргетасы және мұнай-газ әлеуеті», тағы басқа ғылыми еңбектері жарық көрді. Ол жас ғалымдардың бір емес, бірнеше буынын тәрбиеледі.

Академик Сұлтан Оздоевтың еңбегі көптеген мемлекеттік наградалармен, 2-дәрежелі «Достық» орденімен, «Жастармен жұмыс» аталымы бойынша шетелдегі отандастар жөніндегі үкіметтік комиссияның құрмет белгісімен, алғыс хаттармен атап өтілді.

Қазақстан бойынша 15 мың ингуш бар

Сұлтан Мәжитұлы Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудың бастауында жүріп, оның міндеттері мен жобаларын жүзеге асыруға белсене араласты. 1995 жылы негізі қаланған «Вашил бауырластық» ингуш мәдени орталығын басқарып келеді.

«Вашил» ингуш тілінде «бауырластық» деген мағынаны білдіреді. Бұл атау кездейсоқ емес. Өйткені, Қазақстанда біз өз үйімізді, отбасымызды таптық. Дәл осылай бірлік пен ынтымақ орнап, әрқашан мызғымас бейбітшілік пен келісімнің болғанын қалаймын», – дейді Сұлтан Оздоев.

ғаламтордан

Ингуштарды жер аударғанда негізінен солтүстік өңірге – Қостанай, Атбасар, Көкшетау, Ақмола, Павлодар, Қарағандыға әкелген. Алматыда 5 мың ингуш тұрса, Қазақстан бойынша 15 мың ингуш бар. Олар әу баста көбінесе ауылшаруашылығы саласында жұмыс істеді. Кейін тәуелсіздік алған жылдары жоғары білім алып, әр салада еңбек етіп жүр.

Ингуш ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы да қазақ халқына ұқсас. Олар шығыс халықтары сияқты көктем келгенде өздеріне тән «Жердің оянуы» мерекесін атап өтеді. Себебі, бұл кезде табиғат анаға жан бітіп, тіршілік иелерінің оянатын шағы.

«Ал еліміздегі ұлт пен ұлыс өкілдерінің басын бір шаңырақтың астына жинап, бірлік пен татулықты дәріптеген Қазақстан халқы ассамблеяның атқарып отырған қызметі зор. Биліктен Назарбаев кеткеннен кейін әртүрлі пікір айтылады. Бірақ ол еліміздегі барлық ұлт өкілдерінің басын қосып, арнайы институт құрды. Басқа ұлт өкілдері арасында өзара келісім мен сұхбат, достық қарым-қатынас орнатты. Қазақ халқының менталитетін басқа ешбір ұлтпен салыстыруға келмейді. Елдегі этнос өкілдерінің тату тұрып жатқаны да қазақ халқының мейірімінің арқасы», – деп топшылайды «Вашил бауырластық» ингуш мәдени орталығының директоры С.Оздоев.

Этно-мәдени бірлестік Алматыдағы мәдени шараларға белсене атсалысады. Әсіресе, Алғыс айту күнінде, Наурыз мейрамы кезінде басқа да этнос ұйымдарымен бірге ән салып, би билеп мерекенің сәнін келтіреді. Бағдарлама бойынша көрме, концерт ұйымдастырып, мән-мағынаға толы салтанатты шараның ортасынан табылады.

ингуш этносы
ғаламтордан

Ингуштардың аға буын өкілі қазақ тілін жетік білсе, қалада тұратындары көбінесе орыс тілінде сөйлейді. Тіпті, ана тілі – ингуш тілін де білмейтіндері кездеседі. Сол себептен жексенбілік мектепте ингуш тілін оқытуға көңіл бөлінген. Мұнда балаларының ана тілін білгенін құптайтын ата-аналардың ықыласы жатса керек.

Біздің кейіпкер – Сұлтан Оздоев Ақмола облысына қоныс аударылып келсе де, қазақ тілін тәп-тәуір біледі. «Жергілікті ұлт өкілі алдымнан шықса, қазақша амандасып, амандық сұраймын. Жоғары оқу орнында білім алып жүргенде жанымдағы студенттің көбі – қазақ болды. Солармен араласып, қазақ тілін де үйреніп алдым. Сондықтан ниет болса, тіл меңгерудің қиындығы жоқ. Қазақстан азаматы ретінде осы елдің ұлттық дәстүрін құрметтеп, тілін білуге тиіспіз», – деп түйіндеді пікірін «Вашил бауырластық» ингуш мәдени орталығының директоры.