Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойы туған жерінде тойланды
Қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатыр. Жазушының 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның (Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы) есте қаларлық даталар күнтізбесіне енгізілген.
Алматы, NEGE. Жазушының балалар әдебиетіне қосқан үлесі зор. «Өлгендер қайтып келмейді», «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа» шығармалары балалар мен жасөспірімдердің жастана жатып оқитын сүйікті туындыларына айналған. Ол өзінің шығармаларында балалық шағын боямасыз суреттеу арқылы сол замандағы балалардың басынан өткен шынайы өмірді көрсетті. Әр шығармасында ақиқат, өзіндік стилі бар. Бұл ерекшелік жазушының шығармаларын танымал етті. Бердібек Соқпақбаевтың қаламынан туындаған туындылары да кез келген жастағы адамға түсінікті тілмен жазылған. Сол үшін де балалық шақтың көріністері бейнеленген жазушының шығармалары бірнеше ұрпақты тәрбиеледі. «Менің атым Қожа» повесі бойынша түсірілген осы аттас фильм де өз биігінде. Ол 1967 жылы түсіріліп, қалың көрерменге жол тартты. Көркем фильм көпшіліктң көңілінен шығып, Канн кинофестивалінде жүлделі тұғырдан көрінді.
Соқпақбаевтың туған жері Алматы облысының Нарынқол ауылында түрлі шара өтіп жатыр. Сонымен қатар жазушының мерейтойына орай туған жерінде ескерткіш орнатылып, салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Аталмыш жиынға президенттің атынан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, халыққа ізгі ниетін жеткізді. Сонымен қатар ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау хатын көпшілік алдында оқыды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзінде Бердібек Соқпақбаевтың балалар әдебиетінің дамуына қосқан ешкімге ұқсамайтын ерен еңбегі айтылған. Оның «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа», «Жекпе-жек» сияқты құнды шығармалары отандық әдебиеттің асыл мұрасына енді.
«Бердібек Соқпақбаев қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Ардақты азаматтың есімін ұлықтап, еңбегін ел жадында жаңғырту – бәрімізге ортақ парыз. Осы орайда, жазушының 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндері тізбесіне енгізілуі және туған жерінде сәулетті ескерткішінің бой көтеруі – әйгілі сөз зергеріне деген қадір-құрметтің белгісі. Қаламгердің өзіне ғана емес, оның кейіпкеріне ескерткіш орнату – өте сирек кездесетін оқиға. Астана төрінде тұрған Қожаның мүсіні Соқпақбаев шығармашылығының ұлт руханиятында ерекше орын алатынын көрсетеді», – делінген Президенттің құттықтауында.
Жазушының жүзжылдығы тойланатыны айтылған күннен бастап оның еңбегін дәріптеу жұмыстары жүргізілуде. Соқпақбаевтың жүзжылдығына арналған әдеби-музыкалық кештер өтті. Мерекеге орай облыста айтыс, бәйге жарыстары ұйымдастырылды. Эстрадада жұлдыздары да атаулы датаға өз үлесін қосты.
Нарынқолдағы шара театрландырылған қойылыммен ашылды. Ол «Бердібек әлеміне саяхат» деп аталды. Қойылымның режиссері Сержан Молдасан. Оған Бауыржан Қаптағаев, Ерлан Біләл, Еркебұлан Дайыров сынды танымал актерлар өз үлесін қосты. Жазушының рөлін Ербақ Құрманжанұлы ойнады. Ол Соқпақбаевтың рөлін жоғары деңгейде орындап, көрермендердің зор ықыласына бөленді.
Кездесу барысында Бердібек Соқпақбаевтың 4 томнан тұратын жинағының тұсаукесері өтті. Жиында жазушының қызы Самал Соқпақбаева сөз сөйлеп, әкесінің әдебиетке қосқан үлесін атап, көпшілікке ризашылығын білдірді.
Жазушының мерейтойына арналған шаралар легі мұнымен таусылмады. Б.Мұқай атындағы аудандық мәдениет үйінде «Болмысы Бөлек Бердібек» атты салтанатты жиынмен жалғасты. Шақырылған қонақтар жазушының өмірбаяны мен еңбегіне арналған көрмемен танысты.
Қазақтың көрнекті жазушысының 100 жылдығын тойлау еліміздің түкпір-түкпірінде жыл бойы өткізіледі. Оның шығармалары жылдар бойы балаларды шабыттандырып, бүгінгі күнге дейін өзекті болып қала береді. Ал мұндай оқиғалар оның қазақ әдебиетіне қосқан өлшеусіз үлесі үшін алғыстың белгісіне айналды.