«Анам – мұғалім, әкем – сантехник» – Әлемге әйгілі Андреа Бочеллимен бірге шырқаған қазақ қызы кім?

Күні кеше қазақ қызы әлемге әйгілі итальяндық тенормен селбесе шырқап, әйгілі Ла Скала театрына шақырту алғанын естігенде, төбеміз көкке жетті. Операның батыстық өнер екенін ескергендер «Әйгерім Алтынбек қайдан шыққан өнерпаз?» десті.
Осы ретте тілшіміз Қазақстанның атын аспандатқан аруды іздеп тапты. Телефон тұтқасын Италиядан көтерген отандасымыз қазақша аман-саулығын сұрағанымызда қуаныштан көз жасына ерік берді. Ендеше, еліміздің атын алты құрлыққа аспандатқан өнер иесімен жақын таныс болыңыз – Әйгерім Алтынбек!
– Әйгерім, тыңдарман қазақ опера өнерінде тағы бір әншінің жұлдызы жанғанын айтып, қуанып жатыр. Алайда сізге бұл жетістік бір күнде келген жоқ болар...
– Ән айтуды бес жасымнан бастадым. Алғашқы ұстазым – анам. Қызылорда қаласы, Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылының қызымын. Жастайымнан анамның ықпалымен Байқоңыр қаласындағы музыкалық мектепке оқуға қабылдандым. Одан алған білімімді Қазанғап атындағы музыкалық колледжде Феруза Амангелдіқызының сыныбында жалғастырдым. Классикалық бағытым да осы ұстазымнан басталды.
Ол кісі мені опера жанрындағы түрлі конкурстарға қатыстырып, талантымды шыңдады. Бұдан соң өнерімді байқаса керек, Астана қаласындағы «Шабыт» университетіне шақырту алдым. Онда Татьяна Руднева атты ұстазым баптады. Ол жердегі төрт жыдық оқумен қатар екі жылдық магистратураны меңгердім. Кейін білімімді жетілдіру мақсатында Италияның Парма қаласындағы Арриго Бойто атындағы консерваторияға түстім, қазір соңғы курста оқып жатырмын. Осылайша бала жастан музыкалық білімімді ұштап келе жатқан жайым бар.
– Сонда әншілік өнер анаңыздан дарыған болып тұр ғой?
– Иә, анам Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің музыка кафедрасын бітірген. Мамандығы – мұғалім, ал – әкем сантехник. Қарапайым отбасында өскендіктен, үйге қонақ келсе, алдында ән айтатынбыз. Сол кезде ән-жырға қабілетімді байқаған анам талантымды шыңдау мақсатында кішкентайымнан «Бозторғай», «Ақ көгершін» сынды түрлі байқауларға қатыстыра бастады.

– Жуырда Неапольда Андреа Бочеллимен бірге шырқадыңыз. Бұған қалай қол жеткіздіңіз?
– Бочелли әлемге танымал әртіс қой. Ол кісімен бірге ән айту бала кезден арманым еді. Сондықтан оның барлық репертуарын жатқа білемін. Мен Италияда оқи жүріп, бірнеше конкурсқа қатыстым. Сол кезде өнерімді байқаса керек, даңқты әншімен бірге шырқауға концерт ұйымдастырушылар шақырту жіберді. Концерт соңында жиылған жұрт «Қазақстаннан шыққан тамаша сопрано дауыс иесі» деп мадақтағанда, еріксіз көзіме жас үйірілді. Менің осы жетістікке жетуіме тілекші болған ата-анама, ағайын-туыс баруырларым мен елдегі Мәдениет және ақпарат министрлігіне алғысым ұшан-теңіз!
– Әлемдік 400 конкурсанттың ішінде Ла Скала театрына тағылымдамадан өту сіздің еншіңізге бұйырды. Енді аталған академияны меңгеретін боларсыз?
– Шынымды айтсам, Италияға барудағы түпкі мақсатым әлемге әйгілі Ла Скалада ән салу еді. Онда репертуарың мен қатысқан конкурстарыңның саны маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ итальян тілін жоғары деңгейде білуің керек. Осы талаптарға сай болмасаң, жанды дауыста ән шырқап та тағылымдамадан өте алмайсың.
Өткен жылы желтоқсан айында Сан-Марино қаласында Рената Тебальди атындағы 700-ге жуық конкурсант қатысқан үлкен конкурста бағымды сынап, екінші орынды қанжығаладым. Сонда Ла Скала театрына тыңдалымға қатысуға шақырту алдым. Тағылымдамадан өтуге сол конкурсқа қатысқанымның ықпалы тиді. Енді аталған театрдың академиясында екі жыл тағылымдамадан өтемін. Бұйырса, қазан айында оқу басталады. Осы консерваториядан кейінгі білімімді енді сол өнер ордасында жалғастырамын. Бұл – мен үшін әлемге ашылған есіктің бірі.

– Жалпы мансаптағы болашағыңызды қайда елестетесіз?
– Әрине, Қазақстан – менің үйім, Отаным. Алда түрлі елде келісімшарт бойынша жұмыс істесем деген жоспарлар бар, сол мақсатта жұмыс атқарамын. Бірақ басыбайлы елімнен жырақтап ешқайда кетпеймін. Бәрі уақыттың еншісінде.
– Опера мен балет өнеріндегі біраз таланттар шетелде өнер көрсету арқылы жұлдызын жағып жатыр. Ал өз ішімізде бұл өнер бағаланбай ма, қалай?
– Ән мен жыр, күй, терме, айтыс қазақтың қанында бар өнер болса, опера – итальян халқына тән дүние. Сондықтан халқымызды сырттан келген опера өнерін жоғары дәрежеде қабылдай алмайды деп кінәлай алмаймыз. Бірақ кейінгі кезде еліміздегі опера мен балет театрына келетін көрермен мен репертуар санының артқаны қуантады. Сондықтан бұл жолда айтарлықтай жұмыс атқарылып жатыр, тек уақыт керек. Егемендік алған отыз жыл ішінде көп жаңашылдық келуде, бірақ халық бәрін бірдей қабылдап үлгермей жатыр. Бұл жас мемлекет үшін қалыпты процесс. Сондықтан операны меңгерген үлкенді-кішілі өнерпаздар бастыстың өнерін өзімізге, ал өзіміздегі өнерді әлемге таныту жолында жұмыс істеп жатыр. Неге өз елімде емес, шетел сахнасы арқылы танылдым деген ренішім жоқ. Керісінше, шетелге Қазақстан деген елдің барын танытқаным үшін мақтанамын.
– Қазақ операсындағы қандай туындылары әлем сахнасында таныстырғыңыз келеді?
– Осы жерде айта кеткім келетіні, қазақ композиторларының опералық шығармалары әлемдік композиторлардың туындыларымен тең түседі, ешқандай кемшілігі жоқ. Мәселен, «Қыз Жібек» пен «Біржан Сара» операсы – тұнып тұрған тәрбиенің көзі. Жалпы адамзат баласына айтары көп шығарма. Осы шығармаларды неге әлемдік сахнаға таныстырмасқа?! Осы оймен белгілі бір адамдармен келіссөз жүргізіп жатырмын. Оның нәтиесі болашақтың еншісінде.
– Жуырда қазақтың атын әлемге паш еткен Майра Мұхамедқызы «Операға от болып келген жастар театрдан кетіп жатыр» деп дабыл қақты. Бізде классикалық өнерге деген көзқарас қасаң көріне ме?
– Майра апамды өте қатты құрметтеймін. Өткенде Астанада өткен саммит кезінде концертте көрістік. Кездескен жерде өнер мен мәдениетке қатысты өзекті мәселелерді талқылауға тырысамыз. Бізде талантты жастар өте көп. Елімізде театрлар мен қатар колледждер де бар. Сондай-ақ түрлі конкурстар өтіп тұрады. Астана операның жанынан ашылған вокалдық академия да біраз таланттарды қанаттандырып жатыр. Мұның бәрі жастарды қолдауға бағытталған жоба. Майра апаймыздың өзі де көптеген жастарды үлкен сахнаға қанаттандырып, байқауларда бағын сынатып, Шымкенттегі өзі тізгіндеген Опера және балет театрына шетелден түрлі мамандар шақыртып, шеберлік-сыныптарын өткізіп жүр. Сондықтан Қазақстанда Майра апайымыз сияқты өнер десе ішкен асын жерге қоятын басшылар көбейсе екен деген тілегім бар. Болашақты жасаймын деп жалындап тұрған жас болса, қолдаушы қашанда табылады.

– Таланттарға тұсау аз болған емес. Жолыңызды кес-кестейтіндер бар ма?
– Өнерге келгелі вокалдық тұрғыда қиындықтар болды, ал адам баласынан қиянат көрмедім. Қасымда үнемі қолдаушы адамдар болды, ұстаз атаулыда жолым болды. Табиғатымда біреумен кикілжіңге түскен жағдай болған емес. Қандай жағдайда болсын адамға ренжімеймін және біреуден біреңе күтпеймін. Эстрадағы аға-әпкелерім де әрдайым бағыт-бағдар беріп, керек кезде қолұшын созады. Кейіреулер «үйтпеді-бүйтпеді» мемлекетке реніш білдіріп жатады ғой. Меніңше, бұл дұрыс емес. Еңбегің адал болса, жейтін наның да адал болады.
– Неше тілде еркін ән саласыз?
– Операда «мына әнді айт» десе, тосылмай шырқауға тиіссің, шектеу жоқ. Ал әзірге туған тіліммен қатар орыс, ағылшын, итальян тілінде еркін сөйлеймін. Қазіргі таңда француз, неміс тілдерін үйренуді бастадым.
– «Бравоссимо!» әлде «Жарайсың!»? Қайсысы құлағыңа жағымды естіледі?
– Шетелде жүрген соң өз елімді сағынамын. Мен тұрып жатқан қалада араласатын бірде-бір қазақ болмады. Күні кеше Бочеллимен бірне ән шырқағанда жүзі жат елдің арасынан қазақша «Жарайсың!» деп жарқ еткен дауысты аңсадым. Себебі төл тілімде айтылған сөз маған жігер беріп, шабыт сыйлайды. Аш болсаң да, Астанада бір бөлмелі пәтерде тұрғанның өзі жаныңа рахат береді ғой. Себебі, көшеде еркін жүріп, еркін сөйлейсің. Ал мұнда білім алып, қызу жұмыс істеуге келген соң әрдайым өзіңді қамшылауға тура келеді. Мұнда бәсекесіз өмір жоқ. Сондай байрақты байқаулардың бірінде бір қазақ: «Әйгерім, жарайсың! Саған сенеміз, тек алға!» дейтін болса, ол сөздің құдіретін айтып жеткізе алмаймын...