«Шын мықтылар ешқашан жеңілмеуі керек» – Әнші Мархаба Сәбидің саяси қысымға ұшырағаны рас па?

Мархаба Сәби – тыңнан түрен салған әнші. Әндерінен еркіндіктің лебі есетін өнер иесінің елге елеулі тректері аз емес. «Құлағымда қазақша үн» деп әнге салған өнер иесі «Қазақша», «Қыз-Бозбала», «Қой, күрсінбе», «Демалам», «Ұнайды маған», «Өмір сенен жеңілмеспін», «Мына мұңлы ғасырда» сынды көптеген әнімен тыңдарман жүрегін жаулады. Алда Алматы қаласында жеке концертін бермек талант иесімен тілшіміз сыр тарқатып көрді.
– Мархаба, алдағы мамыр айында концерт бергелі жатыр екенсіз. Бірді-екілі ғана әні бар әріптестеріңіздің өзі Республика сарайында кеш беріп жатқанда, тыңдарманы көп өнерпаздың шағын залда концерт бергенін қалай түсінуге болады?
– Концертті Республика сарайы сияқты үлкен залда өткізуге де болар еді. Бірақ мен өзім шағын форматтағы кештерді жақсы көремін. Кішігірім зал болғандықтан тыңдарманыммен тығыз, шынайы энергия алмасамын. Бұйырса, менің өнерімнің нағыз жанкүйерлері жиналатын концерт болмақ.
– Айтпақшы, Дженнифер Лопестің алда өтер концертіне билеттер бір демде сатылып кеткен екен. Батыстық өнерпаз қазақ тілінде ән салатындай, жұрттың сонша алашапқын болғанын қалай түсінуге болады?
– Дженнифер Лопес әлемдік жұлдыз болғандықтан, ондай қызығушылық туындауы заңды деп ойлаймын. Онсыз да Ресей сияқты алыс-жақын көрші елдерден келіп көп әншілер аншлагпен концерттер жасап жүр ғой. Ал оның қасында әлемдік деңгейдегі Джей Лоның елімізде концерт бергені орынды.
Енді ішкі өнімді, өзіміздің әншілерді қолдау жағына келсек, сол баяғы «өзгені зор, өзіңді қор санау» деген синдром да жоқ емес. Бірақ мұндай көзқарасты өзгерту үшін елімізден әлемдік деңгейде бәсекелесе алатын әншілер көп шығуы керек деп ойлаймын. Ол күн де алыс емес деген сенім бар.

– Мархаба жеңіл ән жазып, сахнада жартылай жалаңаштанбай-ақ тыңдарман жүрегін жаулап алды. Бұл өнердің құдіреті ме, әлде өнерге деген өлермендіктің жемісі ме?
– Өнер мен өмірімді бөліп қарай алмаймын. Барлық әндерімнің идеясы басымнан өтіп жатқан жағдайлар, оқиғалар немесе соларға кері реакция, тебіреніс, толғаныс ретінде туындайды. Жоқтан бар ойлап тауып, жаны жоқ, жалған әндер жазғым келмейді. Өмірдің өзі мен үшін тұнып тұрған тақырып. Бәлкім, тыңдарман жасандылық пен жылтырақ жайлаған біздің ғасырда менің өнерімді боямасыз шынайылығы үшін жақсы көретін шығар.
– Махаббат жайлы әндеріңізде «күйем, сүйемнен» гөрі саф сезім басым. Бұл отбасыда алған тәрбиенің жемісі болар?
– Махаббат деген ұғым өмірдің ең маңызды бөлшегі дер едім. Мен махаббат жайлы әндерімде тек сезімнің өзін ғана емес, оның астарын жырлағым келеді. Қоғамда болып жатқан процесстермен махаббатты тығыз байланыста көремін. Ешкім тұмшалауда өмір сүріп жатпағандықтан, бәрі бір-біріне әсер етеді.
– Ал хит болып жатқан «Қыз-Бозбала» атты әніңізді ер мен әйел арасында құндылық жойылып бара жатқан қоғамда сыйластықты арттыру мақсатында жазылған туынды деп түсінуге бола ма?
– Өте дұрыс айттыңыз, сіз айтқан болжамға алып-қосарым жоқ.
– Әнді жазу мен ән салу стиліңізде еркіндік бар. Өмірлік қағидаңыз да сондай болар?
– Шынайы еркіндік сананың, ой-өрістің шектелмеуінен, білім-танымның кең болуынан туындайды деп ойлаймын. Менің пайымдауымша, нағыз еркіндік ойға келгенді жасау емес. Керісінше, жауапкершіліктен қорықпау, өз ар-намысыңды жықпай, принциптеріңді қорғай алу, ішкі тәртіпке бағыну, өмірде кездесетін үлкенді-кішілі қиындықтарды саналы еңсере алу деп есептеймін.

– «Өзгеру керек, өзгерту» керек деген жолдардан тұратын «Жүйе» атты әніңізде саяси астар бар сияқты. Әсіресілтеушілер жұмысыңызға кедергі келтірген жоқ па?
– «Жүйе» өз уақытында ауадай қажет болған, батылдықты талап ететін бірегей туындым деп есептеймін. Боямасыз, шынайы азаматтық көзқарасымнан туындаған ән. Ол ән үшін кезінде кішігірім шектеулер болмаса, үлкен қысым көргем жоқ. Өзім де ақырын жүріп, анық басуға тырыстым. «Айтпаса сөздің атасы өледі» дегендей, ашық көзқарасты әндер қоғамға пайдалы.
– Бізде бейәдеп сөздерден тұратын әндерден гөрі қоғамға ой салып, сананы сілкінтетін әндерге цензура басым. Тәуелсіз елде тәуменді болып өмір сүру шығармашылық адамы үшін қаншалықты қиын?
– Жеке бір адамның өсіп, өзгеруі қанша уақыт алатынын ескерсек, тұтас қоғамның өзгеруі оңай шаруа емес екені белгілі. Елімізде нағыз шығармашылық адамы үшін оңай емес шығар, бірақ өзімді тәумендімін деп есептемеймін. Жоспар көп, шығармашылығымды тоқтатпай шыңдап жатырмын. Ана тіліммен қатар ағылшын тілінде де әндер жазу ойда бар. Шын мықтылар ешқашан жеңілмеуі керек. Бұған «Жақсы адам» деген әнімдегі «Жақсылар жеңілмеген әлемде, Мейірім орнайды түбінде...» деген жолдармен жауап бергім келеді.
– Ақын-сазгерлер орындаушылар тарапынан авторға деген құрметтің жоғын жиі айтып жатады. Мәселен, өзіңізде ағайынды Жүнісовтермен осындай жағдайға байланысты дау туындады. Бұл авторларға қатысты заңның осалдығын аңғартпай ма?
– Қазір авторлық құқық жағынан аз да болсын алға бетбұрыс бар деп айтуға болады. Авторлар да қарап қалмай, өз құқығын заңмен қорғауға мүдделі болса, жағдай біртіндеп оңала түседі. Ал менің жеке басымнан өткен жағдайға қатысты бұлқынысым орындаушы-әншілерге авторлардың еңбегін бағалатуға жақсы сілкініс болды деп есептеймін.