Серік Тұрсын, Швейцариядағы қазақ дәрігері: Қазақстанға алпыс шақты МӘМС керек!
Қаңтар оқиғасынан кейін елден кетуге ниеттеніп жатқандардың қарасы басым екенін естіп жүрміз. Оған мемлекеттің болашағына деген күмән себеп болғаны айтпаса да түсінікті. Ал кезінде кейбір себептермен шетелге қоныс аударған жерлестер ше? Олардың елдегі саяси жағдайға берер бағасы қандай?
Nege.kz тілшісіне Швейцарияда тұратын қазақ дәрігері Серік Тұрсын сұхбат берді.
Германиядан Швейцарияға көшу
– Серік, өзіңіз қай жақтың тумасы боласыз? Әуелі Германияда, сосын Швейцарияда 1996 жылдан бері тұрып келеді екенсіз. Ол жақта тұрақтап қалуға не себеп? Жерсініп кету қиын болған жоқ па?
– Екібастұз ауданының Көксиыр ауылында тудым. 1995 жылдың аяғында Германияға көшіп кеттім. Себеп – сол жақта неміс туыстарым болды. Онда барғаннан кейін 3-4 жыл медицина саласында жұмыс істеп, ауылға қайтамыз деп ойладым. Оған біздің диплом жарамай қалды. Қайта сынақ тапсырып білім деңгейімді көтеруім керек болды. Жарты жыл неміс тілін оқыдым. Сосын бір клиникада жұмыс істеп, Германияның дипломын алдым. 6 жыл мамандық бойынша қайта даярлаудан өту керек.
Мысалы, мен сияқты терапевт болу үшін Германияда 6 жыл жұмыс істеу керек. Арнайы жоспар береді, сол бойынша өтесіз. Сосын оны дәлелдеген соң емтиханға рұқсат береді. Сол сынақты 2000 жылдың соңында тапсырып, маман атандым.
Оған дейін Ұлыбританияға да барып келдім. Бәлкім, сонда көшіп кетеміз бе деп те ойладық. Бірақ маған енді өз алдыма жұмыс істеуге болатынын айтты. Сөйтіп, Германияда жекеменшік емхана ашып, тұрақтап қалдым. 10 жылдай істедім. Сосын Швейцарияға көшіп кеттік. Оның экономикалық жағдайға байланысты өз себебі бар. Өйткені, Германия кезінде Еуропа елдерінде болған дағдарыста Испания, Грекия сияқты көптеген елдерге көмектесті. Сол кезде дәрігерлерге салықты арттырды. Ал Германия ақшаны қайдан алады? Ол жекеменшік жұмыс иелерінен алады. Сол кезде Германиядан көптеген дәрігер жан-жаққа көшіп кетті. Кейін салықтың тағы да артатынын естіген соң, алты айдың ішінде Швейцарияға көшуге шешім қабылдадық.
– Білуімше, Швейцария қымбат мемлекеттің қатарына кіреді. Онда өмір сүру қымбат па? Халқы бай ма?
– Швейцарияға келгенімізге 10 жыл болды. Бұл жақтан да шағын жекеменшік клиника аштық. Германияға қарағанда айырмашылық көп. Егер нағыз маман болсаңыз, жұмыс ашуға, істеуге мүмкіндік көп.
Біз ЭКГ, УЗИ-ге түсіріп, зертханалық жұмыс жүргіземіз. Үлкенді-кішілі ота жасаймыз. Дәрі беру құқығы бар дәріхана аштық. Алғаш рет қаралғандарға дәріні өзіміз береміз. Қалғанын біз арқылы орталық дәріханадан алады. Яғни, Швейцарияда жекеменшік клиникалар толық дәріханалы, жартылай дәріханалы және дәріханасыз болып бөлінеді. Біздің клиника – жартылай дәріханалы. Келген пациенттерімізді тексеріп, қан талдауларының нәтижесін шығарып, дәрілерін береміз. Яғни, барлық қызмет бір жерде көрсетіледі. Ал күрделі зерттеу талдамалары орталыққа жіберіледі.
Екінші айырмашылығы – әрбір қызметкердің өз алдына жұмыс істеуі. Қаралуға келген науқасты бір сағат ішінде тексеріп, рентгенге түсіріп, талдама алып, дәрісін тағайындап, қолына ұстатып жібереді. Мұндай ерекшелік көп елдерде, тіпті Германияның өзінде жоқ.
Одан бөлек, медбикелерді дайындайтын орталық бар. Бернь университетінде отбасы дәрігерлерін дайындайтын кафедрада оқитын студенттер бізге келіп тәжірибеден өтеді, сосын жұмысқа тұрады. Яғни, мұнда мен тәжірибе беретін мұғалім-дәрігермін. Қарттар үйінде дәрігер болып істеймін. 40 шақты қарияның денсаулығын қадағалаймын. Жалпы, Швейцария – Израильден кейінгі үйінде қару ұстауға рұқсат берген мемлекет. Жұмасына бір рет оқ атады. Сондай орталықта тегін дәрігерлік қызмет атқарамын. Арасында өзім де хобби ретінде автоматтан оқ атып тұрамын.
Швейцарияда өмір сүру қымбат па дегенге келсем, шетел болған соң бәрі қымбат. Қазақ етті жақсы көреді ғой. Орта есеппен алсақ, бір келі еттің бағасы – 50 доллар. Ал жақсы ет сатып алғыңыз келсе, келісі – 76 доллар. Жалпы, Швейцарияның адамдары бай тұрады. Тұрмыс деңгейі өте жоғары. Медицина жағынан алғашқы бестікке кіреді. Жекеменшік клиникада жұмыс істейтін дәрігерлердің жалақысы өте жоғары. Бүкіл Еуропада, АҚШ-та да дәрігерлер жоғары жалақы алады.
– Дәрігер ретінде айтыңызшы, жергілікті халық денсаулығына қаншалықты көңіл бөледі? Екпе алуға көзқарасы қалай?
– Мұндағы халық орта есеппен 85 жыл өмір сүреді. Өмір сүру жасы ұзақтау болған соң 70-тен асқан адамдар өз денсаулығын жоғары құндылық санайды. Сондықтан дәрігерге жылына екі рет тексеріледі. Негізі терапевт дәрігерлер халықтың 80 пайызын емдей алады. Былайша айтқанда, сақтандырудың шығынын үнемдейміз. Мысалы, қант диабетін Қазақстанда эндокринолог емдейді ғой. Ал бізде эндокринолог емес, терапевт емдейді. Өзіміз диагноз қойып, қажет болса тиісті басқа мамандарды қосамыз.
Ал ковидке келсек, мұнда 8,4 млн халық тұрады. 60-тан асқандардың 80 пайызы екпе алды. Жасы ұлғайған сайын адам өмірін ұзартқысы келеді ғой. Әрине, біз екпе туралы түсіндіреміз, айтамыз. Көбінесе содан кейін кеп, екпе алып жатады. Айталық, Ұлыбританияда 50-ден асқан ақ нәсілді адамдардың 93 пайызы екпе алды. Сондағы үндістердің 70 пайызы, Қытайдың 50 пайызы алды. Бұл да мәдениетке және орта жасқа байланысты.
«Балаларым бес тіл біледі»
– Балаларыңыз қазақша біле ме? Ұлттық мерекелерді атап өтесіздер ме?
– 4 баламыз бар. Үлкен балаларым қазақшаға судай. Ең кенжем – 14-те. Германияда өмірге келді, осында өсті. Баратын балабақша, мектебі неміс тілінде. Қазір 5 тілде сөйлейді. Қазақша түсінеді. Бірақ көбінесе өзіне жеңіл тілде жауап береді. Ағылшын, француз, неміс тілінде жақсы сөйлейді. Бәрі 5 тіл біледі. Өзім отбасында қазақша сөйлесемін.
– Қазақстаннан кеткендердің көбі елге оралғысы келмейтінін айтады. Ал сіздің елге біржола келетін ойыңыз бар ма?
– Қазақта «Есің бар да, еліңді тап» дейді ғой. Осыдан екі жыл бұрын Біртанов Денсаулық сақтау министрі боп тұрған кезде көмекшісі Фейсбукке: «Бізде жаңа құрал-жабдықтар тұр. Оның тілін білетін мамандар жоқ» деп жазды. Соны оқыған соң хат жазып, бизнес жоспар жібердім. УЗИ түсіруді үйрететін мектеп ашқым келген. Рұқсат берсе, Қазақстанға көшем бе деп ойладым. Содан бері 2 жыл өтті. Жауап жоқ. Біртанов та, көмекшісі де кетті. Осы мәселені «Отандастар» қоры арқылы да көтердім. Олар да шеше алмады. Сол күйі қалып қойды. Менің бизнес жоспарымдағы оқыту тәсілі немістікі еді. Неміс тәсілі мен қазақтікі екітүрлі. Мүмкін, түсінбеді ме, білмедім. Сол тәсілді енгізсем деп ойладым. Осы жағдайдан кейін құлшынысым басылып қалғандай болды. Бірақ елге оралу ойымда бар. Бұған дейін 3-4 күнге тәжірибе алмасуға, дәріс беруге келіп-кетіп жүрдім.
– Шетелде бірнеше жылдан бері тұрып келесіз. Сырт көзбен қарағанда, біздің ел қай жағынан қалып қойған немесе нені қолға алу керек?
– Бірінші, Қазақстанда барлық салада монополия. Белгілі бір адамдар ойына келгенін істеп отыр. Бәсеке деген жоқ. Қай салада да бәсеке болмаса дамымайды.
Мысалы, МӘМС-ті алайық. Бүкіл Қазақстан бойынша бір ғана монополия. Қазақстанда 19 млн халық тұрады. Швейцариямен салыстырсақ, екі есе көп. Мұндағы 8,4 млн халық үшін 64 медициналық сақтандыру бар. Олар бір-бірімен бәсеке. Олар халыққа қалай көмектесуді, шығынын төлеуді ойлайды. Сапалы қызмет көрсетіп, шығынын төлеген сайын оларға баратын адам да көп болады. Яғни, Швейцарияда медицинаға кеткен шығынды сақтандыру төлейді. Сіз қалтаңыздан бір тиын шығармайсыз.
Германиямен салыстырсақ, оларда да солай. Бірақ екі елдікі екі түрлі. Айталық, Германияда отағасы ғана жұмыс істеп, әйелі үш баламен үйде жұмыссыз отырса, отағасының тапқан еңбегінің белгілі бір пайызы медициналық сақтандыруға кетеді. Сол бойынша медициналық мекемеге өзі, әйелі мен үш баласы тегін қаралады. Ал күйеуі мен әйелі де жұмыс істесе, балаларын аттарына бөліп тіркейді. Швейцарияға келсек, әр адам жалақы көлеміне қарамай бір соманы төлейді.
Қазақстанда мұндай жоқ. Отбасы мүшелері бас басына бөлек тіркеледі. Қазақстан әлгінде мен айтқан екі елдің тәжірибесін қосып жіберді. Бұл халықтан ақшаны көбірек алу әдісі. Кәдімгі монополияға айналдырып алды да, ешкімнің шығынын төлеп жатқан жоқ. 50 пайызға жуық халық ауылда тұрады. Ауылда дәрігерлер жетіспейді. Әркім өз қалтасынан төлеуге тырысады. Бірақ министрлік қалада тұратын 50 пайыз халықтың ғана қамын ойлайды. Негізі әр адамға бюджеттен ақша бөлініп отыр.
Сондықтан Қазақстанға да 60 шақты МӘМС керек. Бәсекеде жұмыс істеу керек. МӘМС деген – халықтың көмегі. Негізгі ақша бюджеттен түседі. Бюджетсіз медицина жүрмейді. Бар жерде солай.
2018 жылы Қарағанды облысы бойынша осындай бір жобамен жұмыс істеп едім. Олар МӘМС-тің қалай жұмыс істейтінін көрсетейік деді. Кейін бәрі де қалды. Одан ештеңе шықпайды. Болашағы жоқ. Бұл бойынша жоба жасап, енгізуге болады, халықты сапалы медицинамен, бүкіл ауылды дәрігерлермен қалай қамтамасыз етуге болатынын жаздым, айттым. Ол үшін бюджеттен ақша шығарудың қажеті жоқ. Сол кезде вице-министр болған Нәдіров пікірімді көңіліне алып қалды.
Тағы бір мәселе, МӘМС-те басшылық қызметте отырған адамдар дәрігер жұмысының сапасын тексереміз дейді. МӘМС бастығы бірінші агроном болды, одан кейін инженер келді. Менеджерлері біреуі – есепші, екіншісі – экономист. Олар бидай өсірмей, жол салмай, ракета ұшырмай, яғни өз жұмысын білмей тұрып, дәрігер жұмысының сапасын қалай тексеретіні түсініксіз. Сондықтан әркім өз міндетін жіті анықтап алу керек.
Еуропа елдерінің барлығында алдымен мемлекеттік саясат үстем. Мемлекет десе – ұлт, ұлт десе – мемлекет көз алдыңызда тұрады. Қай елді алсаңыз да ұлттық болашағы маңызды. Ал Қазақстанда бір ғана ұлт бар, ол – қазақ. Қалғаны – диаспора. Қазақты басқа диаспора алдында жығып беріп жатқандай көрінеді. Қазақстан халқы ассамблеясын жабу керек. Басқа диаспораны қазақтан жоғары қылудың пайдасы шамалы. Есесіне, орыстар «Путин кеп бұзақы халықты басып тастады, енді бәрін өз қолымызға алайық» деген жымысқы ой-пікірін жазып жатыр. Әрине, бұл – қателік.
Қазақстанда ұлттық идеология жоқ. Идеология болмаса мемлекет жоқ деген сөз. Конституциядағы 7-баптың екінші тармағын алға тартатындар көп. Орыс тілін – «халықаралық тіл» дейді. Қазақстанда «халықаралық» деген халық жоқ қой. Сондықтан Конституциядан орыс тілінің мәртебесін алып тастаса деп ойлаймын. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Әр азамат қазақ тілін білуі керек. Осыны билік қолға алса, елдегі шиеленіскен жағдайлар өзінен-өзі шешілер еді. Қазақ тілін қорғап жүргендерді қудаламау керек. Олар Конституцияны қорғап жүр, ал мемлекеттің өзі Конституцияны бұзып жатыр.
– Өміріңізді шетелде өткізіп жатқаныңыз үшін өкінесіз бе?
– Шетелде адам өседі, көжиегі кеңейеді. Ел-жерді көресің, білім аласың. Оқып, миға тоқисың. Өмірімнің осылай өрілгеніне ризамын. Осы алған білім-тәжірбиенің арқасында екі жыл бұрын Еуропадағы қазақ дәрігерлерінің қауымдастығын аштық. Бәрі – қазақ дәрігерлері. «Қазақтың қолынан ештеңе келмейді» деген түсінікті жойғымыз келді.
Оңтүстік Корея, АҚШ, Германия, Чехия, Швеция, Франция, Швейцарияда жұмыс істейтін қазақ дәрігерлерінің басын қосып, жоспар жасап, алған білім-ілімді Қазақстанға әкелсек деген ой болды. Бірақ Қазақстанда бізді қолдап жатқан ешкім жоқ. Министрлікке де айттық. «Отандастар» қорына да ойымызды жеткіздік. Ешкім назар аудармады. Елдегі 4 жекеменшік емханамен меморандумға қол қойдық. Ал мемлекеттік емханалардан қызығушылық болмады.
Өзге елдің әскерін кіргізу – саяси қателік
– Қаңтарда Қазақстанда болған қырғын жайында естіп, біліп отырсыздар ғой. Елден жырақ жүрген қандас ретінде пікіріңізді білсек...
– Қаңтар қырғыны туралы айту өте қиын. Қанымыз басқа шапты десем, ол жай ғана сөз болып қалар еді. Жағдай өте қиын. ҰҚШҰ-ға мүше бір елде халық наразылық митингіге шықса, басқа ел әскерін кіргізіп, басып тастауға құқы бар ма? Жалпы, ҰҚШҰ ережесін көтеріп, осыны анықтап алу керек. Егер ережеде мұндай жоқ болса, қазақ билігі келіссөзді бұзды, өз халқына оқ атты деген сөз.
Мысалы, Гамбургте жылда 1 мамырда жастар митингіге шығады. Бірнеше қалада қатар көтеріледі. Қиратады, сындырады. Полицей өкілдерімен қақтығысады. Сол кезде француздарды кіргізіп, немістерді атқызып тастаса не болады?!
6 қаңтар күні Швейцариядағы Қазақстан елшісі Бақаевпен телефон арқылы сөйлестім. Өзге елдің әскерін кіргізудің «саяси қателік» екенін айттым. Келесі күні Еуропадағы қазақ қоғамдарын жинап, үндеу жасадық. «Бейбіт басталған шерудің аяғы мынандай өкінішті жағдаймен аяқталуы, Қазақстанның күйреуін күтіп отырған жат жұрттық дұшпандарға үлкен олжа. Сондықтан халықтың талабына сай, дұрыс шешім шығарып тез арада елімізге тыныштық орнатуыңызды сұраймыз!
Екіншіден, Еуропадағы қазақ дәрігерлері қауымдастығымен бірігіп, атамекеннің керекті жерлеріне көмекке баруға дайынбыз. Бұл біздің жапа шеккен халыққа рухани демеу, ал әріптестерге мамандық көмегіміз болмақ», – дедік. Бірақ еш жауап болмады.
Қазақстан бұрын қандай болды, солай қала ма деп алаңдаймыз. Ештеңе өзгермейтін сияқты. Шетте жүріп, сырттан қарағанда солай көрінеді. Әрине, Қазақстанның өзгергенін, дамығанын қолдаймыз. Егер нақтылы өзгеріс енгіземіз десе, шынайы реформалар жасау керек. Мұның ішінде медицина саласының реформасы да бар.
– Сұхбатыңызға рахмет!