23 Ақпан 17:57
...

«Утильсбор»: Скляр халықты алдады ма? Сарапшы пікірі

Фото:

Қарапайым халықтың жаңа көлікке қолы жетпей жүр. Себебі, елімізде автокөліктерге утиль алымын салу ставкасы тым жоғары болып келді. Соңғы бірер жыл көлемінде еліміздің түкпір-түкпірінде утиль алымына қарсылық жиі бой көрсетті. Азаматтардың айтуынша, дәл осы алымның енгізілуі және оның тым қымбат болуы елдегі көлік бағасын есе өсіріп жіберді. 

Жүйе 2016 жылдан бастап жұмыс істеді. Бастапқыда автомобиль және оның компоненттеріне утиль алымы енгізілді. 2020 жылдан бастап қораптауға утиль алымының ставкасы бекітілді. «Оператор РОП» жұмысын бастағалы автокөлік бағасы екі есе өсті, теңгемен – 90, доллармен 40 пайызға.

РОП сайтында көрсетілгендей, қозғалтқыш көлемі 1,6 текше метр болатын автомобильге салынатын утиль алымы – 1 020 950 теңге. Шыққанына 5 жылдан асып кеткен жеңіл көлікті бастапқы тіркеу құны 5 млн теңгеден асады. Яғни, «Оператор РОП» 2016 жылдан 2021 жылдың қыркүйегі аралығында 614,5 млрд теңге жинаған екен. Өзіміздің нөмірдегі көліктерге қолы жетпеген азаматтар Ресей, Армения, Қырғызстан елдерінен жаппай көлік тасымалдай бастады. Дәл осындай шетелдік нөмір таққан 200 мыңнан астам көлік жүр. 

Әлемдік практикада утиль алым мөлшері ондаған есе аз. Мысалы, Германияда – 100, Нидерландыда – 30 еуро. Жапониядағы алым біздегіден 80 есе төмен. Посткеңестік елдер ішінде бізде ғана көлік бағасы тым қымбат.

Тіпті, утиль алымын жоюға қатысты петицияға қол жиналды. Бұл мәселе президентке де жеткен. Ол «Оператор РОП» қызметін тоқтатып, мемлекет меншігіне өткізуге тапсырма жүктеді. Бұдан кейін утиль алымын жинау міндеті халықтың наразылығынан кейін «Оператор РОП» ЖШС-нан «Жасыл дамуға» берілді.

100 млрд теңгелік кредиттің жыры

Бүгін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр утиль алымы проблемасы, жаңа көлік тапшылығы, жеңілдікпен несиеге көлік алу мәселесіне қатысты берген сұхбатында жұртты жарылқайтын ақпаратты жеткізгендей болған.

«Бұдан былай көлік сатып алу үшін алғашқы жарна төлемей, 7 жылға 4 пайызбен несие беріледі. Осы мақсатқа «Жасыл даму» компаниясы 100 миллиард теңге бөледі», – деді ол. Мұнымен қоса: «Автомобиль мен өндірілетін ауыл шаруашылығы техникасының барлық түрі бойынша утилизациялық алым мөлшерлемесі 50 процентке төмендетіледі», – деді Скляр.

Айта кету керек, 4 пайыздық автонесиелендіру бағдарламасына 100 млрд теңге бөлініп отыр.

«Жеңілдетілген несиенің шарттары келесідегідей болады: несие жылына 4%-бен беріледі, бірақ алғашқы салымды төлеудің қажеті жоқ. Қазір де автокөлік несиесі жылына 4%-бен берілсе де, жүргізуші алғашқы жарна ретінде көлік бағасының 20 пайызын төлейтін еді. Ал жалпы несие жеті жылға берілетін. Осылайша біздің 71 мың азаматымыз жаңа көлікті тиімді бағада сатып ала алады», – деді Скляр. 

Нұраддин Садықов, «Утильсборға жол жоқ» қоғамдық қозғалысының өкілі:

 Мұның бәрі көзбояушылық әрекет

– Бүгін утиль алым 50 пайызға түседі деді. Бұл қуанарлық жаңалық па?

– Бұл ешқандай мәселенің шешімі емес.

– Неге?

– Бізде үш түрлі алым бар десек, соның бір алымын ғана 50 пайызға азайтып отыр. Бірақ бұл көлік бағасына ешқандай да әсер етпейді.

Біз талап еткен үш алым: бірінші – сертификат техникалық регламентін алып тастау, екінші – алғашқы тіркеуді 100 мың теңгеге түсіру, үшінші – утиль алымды 100 мың теңгеден асырмау.

Алдыңғы екеуі сол күйі қалды. Орындалған жоқ. Ал утиль алымына қатысты 50 пайызға ғана түсіріп отыр. Былайша айтқанда, 1,5 млн төлеп отырған адам 750 мың теңге төлейтін болды. Қарапайым халық мініп жүрген кей көліктің өзі 750 мың теңге тұрады. Сондықтан бұл ешқандай көңіл қуантарлық шешім емес. Мұның бәрі көзбояушылық әрекет.

 – Сонда халық ерте қуанып жатыр ма? Утиль алымына қатысты жинаған петиция да ескерілмеді ме?

– Әрине, ерте қуанып жатыр. Ештеңе ескерілмеді. Біз Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың қабылдауында болған кезде де айттық. Ол екі орынбасарына тапсырды. Оларға да барынша түсіндірдік. Екі күн, екі түн айттық. Бірақ ештеңе ұқпаған сияқты. Бұл жерде есептеу жағы ғана емес, саяси астарын да ескеру керек еді. Біздің аргументтің бәрін жоққа шығарып, қоқысқа лақтырып отыр. Яғни, өздерінің шешімінде – 50 мың теңге деген шешімінде қалды. Былайша айтқанда, мәселеге байыппен қарап, мән бермегенінің көрінісі.

Қ.Өскенбаев.

 Жеңілдетілген авто несиелендіру бағдарламасы бойынша алғашқы жарна төленбейтіні де айтылды. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Бұл да халықтың көңілін басқа жаққа бұру ғана. Басқа түк те емес. Яғни, бүкіл халық алғашқы жарнасыз көлік ала алмайды. Бұл жерде бөлініп отырған қаржы шектеулі. 2022 жылға бөлінген қаражат 30 млрд теңге.

Есептесеңіз, бұл ақшаға 7 мың ғана автокөлік келеді. Ал қазір 4 пайыздық жеңілдік бағдарламасы бойынша 150 мың адам кезекте тұр. Бұл бағдарлама қабылданғанша көліктің бағасын қолдан қымбаттатып жіберді.

Роман Скляр «біздің автокөліктерде утиль алымы жоқ» дейді. Нақты солай болса, көліктің не үшін қымбаттап жатқанына неге түсініктеме бермейді? Түсіндіріп бере алмайды. Себебі, бұл автокөлік құрастырушылардың маржасы ғана.

– «Бізде автокөліктің 60 пайызы құрастырылады» деп мақтанамыз ғой. Шын мәнінде, солай ма?

– 60 пайыз дегені ауылшаруашылығы техникасына қатысты. Мұның бәрі – ресейлік автокөлік. Склярдың утиль алым енгізгеннен кейін инвесторлар келді деп мақтанып айтып отырғаны да жай сөз. Тракторды оған дейін де Павлодарда құрастырып келді. Кейін Лаврентьев өзіне алып, біріктірілген корпорацияға айналды. Бәрінің де инфрақұрылымын мемлекет жасап берді. Яғни, қолдан жасалған компания. Былтыр ғана 80 трактор сатты да, жабылды.

 Таяуда ғана Қостанайға бір топ блогер, журналистер барып, отандық өндіріс дамып отырғанын жапа-тармағай жазды ғой...

– Біздің «елімізде өндіріс жоқ» деп қайта-қайта айтып жатқанымызға жауап беруге тырысты. Осы тұрғыда Роман Склярдан «Сарапшы деп отырғаныңыз блогерлер ме?» деп сұрағым келген. Соны сіздер арқылы сұрайын.

«Бізде локализация 23-24 пайыз екен» деп жүр. Өздері «локализация» деген терминнің не екенін білмейді. Сонда олар қалай сарапшы болады?

Бұл жерде 25 пайыздық локализация жергілікті жерден болу керек. Бұл бізде жоқ. Яғни, елімізде бірде-бір бөлшек құрастырылмайды. 25 пайыз деген – жұмыс күші ғана. Жұмыс күшін 25 пайызға кіргізіп отыр деген сөз. Қалғаны бәрі сырттан.

Бізде өндірісті жүргізуге арналған «Құрастыру туралы келісім» құжаты бар. Бір қызығы, сол бойынша 7 жыл бойы Индустрия және сауда министрлігінің автоқұрастырушыларды тергеуге құқысы жоқ болып келген. Яғни, 2020 жылы ғана тергеуге құқығы бар болып белгіленді. Оны тарихи сәт ретінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі алғаш рет блогерлермен барып бірге тексерді. Бұл не деген сөз? Өмір-бақи құрдымға кеткен жобаларға миллиардтап ақша құямыз, бірақ оны тексеруге қақымыз жоқ. Бұл салада қандай абсурд дүниелер болып жатқанын көпшілік білмейді. Сондықтан осының бәрін ашып айту керек.

P.S. Бұл – бір ғана сарапшының пікірі. Қоғамда басқа да ой-пікірдегі сарапшылар бар екенін ескеріп, Nege.kz порталы оларға да мінбер ұсынады.          

Тегтер: