3 Қыркүйек 17:38

Тағы да Жолдау: Президент «Nur Otan» туралы айтпады. НЕГЕ?

Фото:

Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін

Биылғы Жолдауды қоғам екі жарыла қабылдады. Бір жағы әдеттегідей қос қолын көтере қолдап, екінші жағы «үмітіміз ақталмады» деп сынап жатыр. Өз басым мұндай, бір-біріне кереғар қоғамдық көзқарастардың болуын заңды деп санаймын.

Бір ғұлама: «Адамның ең үлкен қателігі – барша жұртқа бірдей ұнауға тырысуы» деп айтқан екен. Плюралистік қоғамда әртүрлі топтар бар, оның бәрінің көңілінен шығу мүмкін емес.

Өзім биылғы Жолдаудың төрт ерекшелігін атар едім.

Біріншіден, сөз жоқ, бұл жолғы Жолдауда қоғам назарына ілігіп, өзекті саналып жатқан біраз тақырып қамтылған (оның бәрін бұл жерде тізбелемей-ақ қояйын). Бұл, мойындау керек, құжаттың оң тұсы. Тоқаев жариялаған «еститін мемлекеттің» құлағы ашылып келе жатыр ма деп ойлап қаласың тіпті. Оған қоса, президент әлеуметтік желідегі трендтер мен хайптарды тікелей бақылап отыра ма деген ой да келеді.

Бірақ бұл «естудің» де өз ерекшеліктері бар секілді: билік өзіне ыңғайлы, оның саяси іргетасына, монополиялық жайлы жағдайына нұқсан келтірмейтін сыни пікірлерді елеген болады да, өзіне тиіп кететін, жүйелік маңызы мен саяси сипаты бар сынды естімейтін сияқты. Сондықтан да Жолдауда саяси реформа тақырыбы тереңге бармай, сонау 2024 жылдан бастап аудан әкімдерін «пилоттық режимде» сайлау мүмкіндігі туралы уәдемен ғана шектеліп қалды.

Қоғам тарапынан елдегі саяси ахуалға, сайлау, сөз бен митинг бостандығы, азаматтық белсенділерді қудалауға қатысты айтылып жатқан ащы сын да Жолдаудан өз көрінісін табар еді ғой. Өкінішке қарай, бұл жолы олай болмады. Ондай «қауіпті» тақырыптар қозғалмады.

Керісінше, президент биліктің ежелден қолданып келе жатқан антиоппозициялық тезисін тағы да қайталғандай болды: «Біз пікіралуандығын қолдай отырып, радикализмнің кез-келген көрінісінің жолын кесеміз, мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз».

Қазақстандағы митингі. Фото: ғаламтордан.

Осы жерде бір терминдік жағынан анықтап алатын мәселе бар. Президент «радикализм» дегенді біздің жағдайға қатысты қалай түсінеді екен? Иә, бізге билікті төңкеріп тастап, бүлікке, қантөгіске шақыратындар керек емес. Бірақ азаматтар билікке қатысты өткір сын айтса, қалыптасқан құбыжық жүйені өзгерту керектігін, шынайы демократиялық дәстүрлерді орнатып, сөз, жиналыс және митинг бостандықтарын талап етсе, ол да радикализм боп кете ме?! Неліктен билікке қатты сөйлеп, түбегейлі талап қойғандардың бәрі «мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғатындар» болуы керек?!

Бәлкім, созылмалы дағдарыс пен пандемияның шектеу шаралары әбден титықтап, шаршаған, қалтасы тесілген көпшіліктің ауыр жағдайын сезді ме, бұл жолға Жолдауда президент жалақыны көтеру мәселесін басты тренд еткен сыңайлы. Оған тіпті кешенді сипат берілді. Мен ең төменгі айлық есептеу көрсеткішін 42 500 теңгеден бірден 60 000-ға көтеру туралы ұсынысты айтып отырмын. Әдетте мұндай «шығыншыл» шаралар сайлау алдында қолға алынатын еді. Әлде, президент Тоқаев шынымен де елді бір жарылқап, тарихта қалғысы келді ме, кім білген.

Екінші мәселе «осы және басқа да, қомақты қаржыны қажет ететін іс-шараларды орындауды биліктің қалтасы көтере ме?» деген сауалға кеп тіреледі. Президенттің өзі: «Соңғы кезде бюджеттің шығыс бөлігіндегі міндеттемелерді орындау үшін бюджет тапшылығы ұлғайып, Ұлттық қордан алынатын трансферттер көбеюде. Үнемі осылай «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүре алмаймыз», – деп, мемлекеттің қаржы жағдайына алаңдаушылығын білдіріп отыр. Қалта тесіліп қалды деген – осы.

Әлемдік дағдарыс өршіп, біздің басты жарылқаушымыз – мұнайдың бағасы төмен болып тұрғанда бюджетке қосымша қаржы жинаудың бір жолы – салық және басқа төлемдерді көбейту емес пе? Оған онсыз да қиналып жатқан жұрт пен ұлттық бизнес шыдай ма? Гәп сонда!

Бір классик айтқандай, «сананы тұрмыс билейді», яғни экономикалық жетістіктерсіз ешбір мемлекет қарыштап дами алмайды, ешбір президент ел ілтипатына бөлене алмайды. Бірақ та, соңғы кезде байқағаным, президент Тоқаевтың командасының экономикалық штабы – президент әкімшілігі, үкімет, Ұлттық банк, экономикалық саясатты анықтайтын басқа да институттар – шабан ат секілді шаршаған сыңайлы, идея һәм креатив бәйгесінде дәрменсіз көрінеді.

Фото: tengrinews.kz

Олар өз қауқарсыздығын, тығырықтан шығар тапқырлығын таныта алмай жатқаны осы Жолдаудан көрініп отыр.  «Ана бағдарламаны дайындаңдар, мына тұжырымдаманы әзірлеңдер» деп президент тапсырады, бірақ әлі де өз тиімділігін көрсетіп, экономика тасын өрге домалата алатын, қоғамның, әсіресе, тәуелсіз сарашылардың көңілінен шығып жатқан бір де бір құжат дүниеге келген жоқ! Оның есесіне, биліктен тыс экономикалық орталықтар мен жеке тұлғалар орынды ұсыныстар айтып-ақ жүр. Бірақ та ол ойлар билік тарапынан қолдау тауып жатқан жоқ.

Үшіншіден, «қоғамда бүгінде әбден ушығып тұрған тіл мәселесіне қатысты президент не айтар екен?» деген сауалдың жауабын естігендей болдық. Президент қазақша сөйлегенде – қазақ тілін, яғни қазақтарды, орысша – орыс тілін, яғни Ресей мен еліміздегі орыс диаспорасын қолдады. Мұндай ұстаным, бәлкім, осыдан көп уақыт бұрын орынды болар ма еді. Бірақ бүгінгі, демография мен демократияның басқаша тұсында, ұлттық сана-сезім нағыз Ренессанс кезеңін бастап өткеріп жатқанда – мүлдем орынсыз екенін, тіпті, ұлт дамуында кертартпа рөл атқарып отырғанын мойындау керек.

Иә, Ресеймен, оның орыс әлемі мен тілін постсоветтік кеңістікте сақтап қалу саясатымен, ол факторды дипломатиялық қоқан-лоқыда пайдалана алатынын естен шығармағанымыз жөн. Украинадағы Қырым прецедентінен де тиісті сабақ алуымыз қажет болар. Бірақ, екі ел арасындағы достық пен көршілестік принциптеріне нұқсан келтірмей-ақ, ол жақтың ығына жығылмай-ақ, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге болар еді. Өкінішке қарай, бұл жолы олай болмады.

Төртінші мәселенің транзиттік сипаты бар. Бұл жолғы Жолдаудың биліктегі кланаралық тартыстан сыр беретін, әрқилы, соның ішінде, конспирологиялық ойларға жетелейтін, нағыз саяси интриганың классикалық үлгісі ретінде есте қалатын бір тұсы болды.

Өз сөзінде президент залда отырған барша шенеуніктерге қарата былай деді: «Меніңше, Мемлекет басшысының бағдарына күмән келтіретіндер, жұмыс істеу қолынан келмейтіндер, ебін тауып орнында отыра беруді қалайтындар, Президенттің тапсырмаларын орындаудан жалтаратындар қызметтен кетуге тиіс».

Бұл не? Өз жарлығымен бір сәтте қызметтен кетіруге мүмкіндігі бола тұра кетіре алмай, шарасыздық таныту ма? Әлде бұл астарлы сөздерінің басқа, біз білмейтін құпиясы бар ма?

Президент – публицист не блогер емес, ол дегеніңіз, мемлекеттік саясатты анықтайтын әрі жүзеге асыратын ең биік институт! Оның әрбір сынының артында кінәлі шендінің не олигархтың аты тұруы керек! Билік иесі сонысымен мықты, орнықты әрі сыйлы болмақ!

Фото: ғаламтордан.

Осылайша «бүйтпесеңдер, сөйтемін» деп сес көрсетіп, нақты лауазым иелерінің атын атап, түсін түстемей, мінез көрсеткендей болу мемлекет басышысына жараспайды-ақ. Осы әдетіне салып, президент тағы да: «Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені, мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр», – деп елдің аузында жүрген ащы шындықты жайып салды.

Бірақ ол нақты кімдер? Тағы да атамады.

Естеріңізде болса, осыдан тура екі жыл бұрын мыңдаған гектар жерді иеленіп алған латифунтистер туралы айтқанда да президент олардың аты-жөнін атамап еді. Осылайша, нақтыламай, жалпылама сын айтып жүргенде президенттік мерзім де аяқталып қалуы мүмкін ғой.

Бір қызығы, осы Жолдауында президент елбасын екі рет атаса да, «Нұр Отан» туралы, оның көшбасшылық рөлі туралы мүлдем сөз қозғамады.

Бәлкім, біз білмейтін құпияның бір кілті осында болар?

Тегтер: