4 Шілде 19:05
...

«Қазақстанда орыс тілінде қате сөйлеу ұят емес» – Владислав Тен

Полиглот
Фото: әлеуметтік желіден

Ұлты кәріс болса да, ана тілін білмейтін қазақтың өздеріне қазақ тілін оқытып жүрген полиглот Владислав Тенді әлеуметтік желі арқылы таныдық. 2010 жылы Өзбекстаннан көшіп келіп, мемлекетттік тілді бір жылда меңгеріп алған ол бүгінде орталық ашып, оқу құралын да шығарып үлгерді.

NEGE тілшісі күні ертең «Мәміле Тен» қазақ тілді клубының тұсауын кесуге асық маманмен әңгіме өрбіткен еді.

– Владислав, жақында «Формула казахского языка» атты кітап жазып, сатылымға шығарған екенсіз. Бұл еңбекті жазуға сұраныс болды ма?

– Бұл кітапта өзім қазақ тілін қалай үйренгенімді, тілді тез меңгеру жолын баяндадым. Ешкімнің көмегі мен кеңесіне жүгінбей, бір жарым жылда жазып шықтым. Негізінен кітап орыстілділерге, қазақ тілін нөлден бастап үйренгісі келетін басқа ұлт өкілдеріне арналған. Яғни, бұл қазақ тілін біле тұра сөйлемейтіндерге емес, мүлдем білмейтіндер үшін таптырмас құрал. Былайша айтқанда, өзімнің басымнан өткен тіл үйрену әдісін қарапайым тілмен жеткіздім.

Әзірге бірінші томын шығардым. Бұйырса, екінші, үшінші кітапты жазатын ниетім бар. Себебі, сұраныс болды. Қазірдің өзінде 2 мың данамен шыққан кітаптың 500 данасы сатылып кетті. Егер алушылар қатары артса, қосымша тапсырыспен шығаруға болады. Кітапқа өз қаржымды жұмсаумен қоса Kaspi.kz қолдау білдірді.

Қазақ тілі
Фото: 24.kz

– 2010 жылы Қазақстанға келгенде қазақ тілін білмеген екенсіз. Қазақ тілін үйренуге қажеттілік туды ма?

– 2010 жылы келсем де, жеті жыл уақытымды босқа өткізіппін деп ойлаймын. Себебі, қазақ тілін үйренуді кеш қолға алдым. Бәлкім, сұраныс та, қажеттілік те болмаған шығар. Ол кезде қазіргідей емес, Астана қаласының тұрғындары орыс тілінде сөйлейтін еді. Қазақтардың өздері бір-бірімен орысша тілдесетін.

Өз басым қай елде тұрасың, сол мемлекеттің тілін білу керек деген оймен меңгеруге тырыстым. Бір-ақ жылда қазақша үйреніп алдым. Адамға керегі – ынта мен ниет қана.

– Өзбекстаннан көшіп келгенде мұндағы қазақ тілінің жағдайын көріп, «мәдени шок алдым» деген едіңіз. Сіздіңше, қазір жағдай өзгерді ме?

– Иә, мен үшін мәдени шок болды. Ташкент қаласында туып-өскен азамат екенімді білесіз ғой. Өзбектер бір-бірімен тек өз ана тілінде сөйлесетініне құлағым да, көзім де үйренген. Ал Қазақстанға келгенде қазақтардың қарым-қатынас тілі көбінде орыс тілі екенін көріп, таңқалғаным бар. Бұрын дәл сол өзбектер сияқты қазақтар да ана тілінде ғана сөйлеседі деп ойлайтынмын. Қазір енді қазақ тілінде сөйлейтіндер қатары артты ғой.

– Демек, қазақтарға қазақ тілін үйрету нишасы бос екенін біле қойып, Lingva Ten тіл үйрету орталығын аштыңыз ба? Ал ертең тұсауын кесетін «Мәміле Тен» қазақ тілі клубы кімдерге арналған?

– Lingva Ten тіл үйрету орталығын 2017 жылы аштым. Тен – менің тегім. Бұл ағылшын тілінде 10 санын білдіреді. Сол кезде он тілден сабақ беруге ниеттеніп, орталықтың атын солай қойдым. Бізге 90 пайызы орыстілді қазақтар келді. Кейбір ата-ана қазақ тілінде сөйлесе де, балалары орыстанып кеткен. Қалада туған соң араласатын ортасы сондай шығар. Оған тағы бір себеп – интернеттен тек орыстілді контент қарайды. Әрине, ғаламторда салыстырмалы түрде қазақтілді контент аз. Аз болған соң, интернетте алдынан шыға бермей ме, бәлкім, балаларға қызық емес пе, білмеймін. Оның үстіне жұмысбасты ата-ана баласының не қарайтынын қадағалап жатқан жоқ. Уақыт бөлмеген соң балалар да өз қалағанын көреді. Сол сияқты ата-анамның кәріс замандастарының балалары да орыстанып кетті.

«Мәміле Тен» клубының мақсаты – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, қазақтілді Қазақстан құру. Астаналықтар қазақшаны тереңірек білсін деген ниет. Клубтың жұмысы Қанат Тасыбеков екеуміздің бірлескен әдістеме негізінде жүргізіледі. Аптаның сенбі, жексенбі күндері есігіміз ашық. Бәрі тегін. Қазақ тілінде еркін пікір алмасып, сөйлеп кетуді мақсат етіп жүргендерге құшағымыз ашық.

Қазақ тілі
Қ.Тасыбеков пен В.Тен. Фото: әлеуметтік желіден

– Фейсбук әлеуметтік желісінде қазақтың кейбір сөз, тұрақты тіркесінің мағынасын сұрап жатасыз. Қазақ тілінің сөздік қорына бай оқырманыңыз көп пе, әлде қазір архаизм сөздерді білетіндер азайған ба?

– Иә, көнерген сөздерді білетіндер азайып барады. Бірақ ескірген сөздерді жастар білуі керек пе? Көпшілік тілдік қорды байытқан бұл сөздерді білу керек дейді. Онымен келісемін. Алайда, менің пікірім басқаша. Себебі, біз қазақ тілін ортағасырлық деңгейден алып шығуымыз керек. Неге десеңіз, барлық тіл технология тіліне айналып жатыр. Ал қазақ тілі неге орта ғасырда қалуы керек? Біз тілді халықаралық тіл деңгейіне көтеруіміз қажет. Заманауи қоғам үшін жылқының жүздеген атауын білу не үшін керек? Бұл қоғамға пайда келтіре ме?

Мысалы, ағылшын тілінде де, орыс тілінде де өте көп архаизм сөз болды. Бірақ қазір біртіндеп қолданыстан шығып жатыр. Ал біз не үшін сақтауымыз керек? Бүгінгі жастар бәрібір бұл сөздерді қолданып сөйлемейді. Олардың өз тілі бар. Қазақтар әлі көшпелі өмір сүріп жатқан жоқ. Бізге экономиканы, технологияны өрістетуді қолға алу керек. Соның ішінде тілді архаизммен бе, әлде жаңа сөздерді енгізіп дамытамыз ба? Әрине, көнерген сөзді қолданыстан шығарып тастау керек дегеннен аулақпын. Мүмкін, мен қателесетін шығармын. Мұны оқығандардың біразы қарсы шығатын болар. Бірақ ойым осы. Менің миымда қалыптасқан тіл – орыс тілі. Көбінесе орысша ойлаймын, десе де ағылшын тілін де білем. Қазір орыс тіліндегі сөз жетіспейтінін біліп, кей сөз орнына ағылшын тілін қолданамын. Яғни, орыс тілінде бар сөз тапшылығы қазақ тілінде де бар.

«Формула казахского языка» кітабын жазған автор ретінде айтарым, біз қазақ тілін екінші тіл, яғни шет тілі ретінде әлі күнге дейін қалыпты түрде үйрете алмай жүргенімізге 33 жылдан асты. Бірақ білгісі, сөйлегісі келеді. Алайда, сол қазақтардың өзі орысша ойлайды. Миында да бірінші тіл – орыс тілі. Содан ұққаным, қазақша үйрету – қиын, қазақ тілінде сөйлеу – оңай. Ал мендегі патриотизм – орыстілді қоғамды табиғи түрде қазақтілді қоғамға айналдыру. Кәріс ұлтының өкілі ретінде мынаны айтқым келеді. 1937 жылы кәрістер депортацияға ұшырап, Қазақстанға келгенде қазақтар бізге нанын бөліп берді, үйінен бір қуыс орын берді. Сол үшін қазақ тілін өзім меңгеріп қана қоймай, оны басқаға үйрету арқылы алғыс білдіргім келді.

– Негізгі кәсібіңіз – гастроэнтеролог екен. Бірақ миссияңыз – қазақ тілін үйретуге ойысып кетті. «Қазақ тілін білмейтін қазақты дәрігердің тілімен айтқанда, «науқас» деп қарастырамын» депсіз. Қалай ойлайсыз, бізде «науқас» көп пе?

– Иә, мамандығым – дәрігер. Әзір бұл салада жұмыс істеп жүрген жоқпын. Бірақ денсаулық орталығын ашу жоспарымда бар. Қазақ тілін өзім меңгеріп алған соң сөйлегісі келетіндердің қиналып жүргеніне жаным ашып, осы іске кірісіп кеттім ғой. Алдағы бес жылда қазақ тілінің көсегесі көгереді деп сенемін. Меніңше, әлі де ана тіліне менсінбей қарайтындар бар. Қазағы көп Шымкент, Ақтау, Атырау қаласынан кітабымызды сатып алып жатқандарды байқадым. Қазақы қаймағы бұзылмаған оңтүстікте де қазақ тілі мәселесі бар екенін білдім. Бұған дейін бұл өңірдің халқы түгелдей қазақша біледі деп ойлағанмын. Бұрын бізге ата-әжелеріміз «Кәріс тілін ұмытпаңдар» дейтін. Бірақ кәрісше білмейтіндер де бар. Себебі, кәріс тіліне деген қажеттілік болмады. Демек, қазақ тілін дамыту жөнінде нақты сауалды үкіметтен сұрап, талап ету керек. Менің жұмысым – қазақ тілін үйренуге көмектесу.

Қазақ тілі
В.Тен. Фото: ғаламтордан

– Әлеуметтік желіде Оқу-ағарту министрінің орыс тілінде қате сөйлегенін сынаған қазақ қызының бейнежазбасы тарады. Ұлты, тілі қазақ азаматтың басқа тілде қате сөйлеуі ұят па?

– Қазақстанда орыс тілінде қате сөйлеу ұят емес. Себебі, біз Ресей емеспіз. Ал қазақтарға қазақша қатемен сөйлеуге мүлдем болмайды. Әрине, қазақ тілін енді үйреніп жүргендер қателессе, кешірім бар. Бірақ қазақ болсаң, қатемен сөйлемек түгілі, қателесуге болмайды. Қазақ та, басқа да орыс тілінде таза сөйлеуге міндетті емес. Одан да ағылшынша білу – заман талабы.