13 Қаңтар 18:23

Самал Омарова: Мен филиппиндік емес, қазақтың қызымын!

Фото:
«Былтырғы жылдың ең танымал фотосуреті қайсы?» десе, әрине, карантин шараларын сақтауға шақырған жарнамадағы бетін маскамен тұмшалаған жұмбақ қызды айтуға әбден болады. 

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Жаңашар ауылында тұратын Самал Омарова Nege.kz тілшісіне «жарнамадағы қыз мен болуым мүмкін» деген.

Расында да, көше билбордтарында да, автобус ішінде де, терезелерінде де осы қызды жиі көресіз. «Бұл кім болды екен?» деп журналистер әкімдіктен сұрағанда, олар бұл суретті интернеттен алғанын айтқан. Кейбіреулер интернетті ақтарып, «филиппиндік ару екен» деп тапқан. «Өзіміздің қазақтың қыз-келіншектері жетпей қалды ма?» деп ашу шақырғандар да болды.

Көшедегі жарнама.

«Мен – ешқандай да филиппиндік емеспін, қазақтың қызымын», – дейді Самал Омарова.

Ол Космос ауылында сүт өнімдерін өндіретін «Адал Сүт» ЖСШ-да жұмыс істейді. Ең алдымен оған таныстары хабарласып: «Неге сенің суретіңді қалада барлық жерге іліп тастаған», – деп сұрапты.

Самал Омарова.

 

С.Омарованың жарнамамен айналысатын компаниямен жазысқан хаты.

Самал Омарова суреттегі қыздан ешқандай айырмашылық таппаған. Бұл суреттегі қыздың өзі екеніне еш күмәнданбайды. Бет-әлпеті, шашы, киімі, тіпті, қолына таққан сақиналарына дейін бірдей. Бір қызығы, ол бұл суретті кімнің, қашан түсіріп алғанын есіне түсіре алмай отыр.

«Алматы қаласында Сбербанкке барған едім. Сол жерде түсіріп алған болуы мүмкін. Бәлкім, басқа жерде түсірген шығар. Мәселен, жұмыста. Жұмыста біз ұдайы маска тағып жүреміз. Әлеуметтік желілерге жүктеген суретімнен де алуы ғажап емес», – дейді Самал Омарова.

Мәселенің анық-қанығына жету үшін біраз жерге хабарласқан. Өкінішке қарай, жарнама агенттігімен, әкімдікпен жазысқан жазбаларының көбі өшіп кеткен.

«Гуглден іздеп, Алматы жарнамасы деген мекемені тауып алдым. Алдымен қоңырау соқтым. Сосын ватсабына жазып жібердім. Бастапқыда бір-екі жерде ғана ілініп тұрды. Сосын әр аялдамаға іліп қойды», – дейді Жаңашар тұрғыны.

Фото: ғаламтордан

Бірақ оған ешқандай ақша төлемеген. Оны сұрауға да қысылған жайы бар. Себебі, «Бәлкім мен болмай шықсам ше?» деген күдігі де болыпты. Өйткені, Самал Омарова «Баян Мақсатқызы біреуді үйретіп жүр екен. Сол қызды жарнамаға түсіріпті» деген сыбысты құлағы шалып қалған. Бірақ оны танитын адамдардың бәрі жарнамадағы суретте Самал Омарова екенін нық сеніммен айтқан. «Сәл-пәл фотошоппен әрлеген» депті таныстары бірауыздан.

«Журналистер «суреттегі қыз филиппиндік екен» деп жариялаған еді. Бұдан алты ай бұрын шаш үлгім дәл сол суреттегідей болатын. Қазір біраз өсірдім. Әкімшілік менің суретімді алғанмен, «филиппинка» деп өтірік айтуы мүмкін деп ойлаймын. Менің суретімді алып, әрлеп қойған шығар», – дейді Самал Омарова.

Тілшіміз Алматы қалалық әкімдігіне хабарласқан. Алайда бұл тақырып әкімдіктегілерді әбден мезі етсе керек, біріне-бірі сілтеп, әбігерге түсті. Тіпті әкімдіктегі жүйкесі тозған қызметкерлердің бірі дүрсе қоя бергенін қайтерсіз. Қысқасы, жөні түзу жауап алу мүмкін болмады.  

Естеріңізге салайық, жарнамадағы маска таққан қыздың фотосы жарияланған тұста желі қолданушылары бұл фотоны әкімдік ақша үнемдеу үшін тегін фотолардың дүниежүзілік банкі freepick.com. сайтынан алынғанын жазған. Кейіннен Алматы қалалық әкімдігінің жобалау және урбанистика басқармасы фотоның ғаламтордан алынғанын және ол үшін бюджеттен шығын шықпағанын мәлімдеді.

Тегтер: