«РАУЗАНЫҢ» қос жұлдызы қайта қосылды ма? – Айдар АСҚАРБЕКТІҢ өзі жауап берді
Көпшіліктің көңілінен шыққан телехикая арқылы танылған Айдар АСҚАРБЕК пен Жарқынай ХАНАЙЫМНЫҢ махаббатына жұрт куә. Бірақ, бұл жұптың жұлдызы жарасып кете алмағаны көрермен көңіліне қаяу түсірді. Десе де желіде бірге түскен суреттерін көрген көпшілік екеуін «қайта табысыпты» деп қуанған.
Сонымен, Жарқынай мен Айдар қазір бірге ме? Көптің көңілін күпті еткен сауалға актердің өзі жауап берді.
– Көпшілік сізді «Рауза. Сакураның гүлдеуі» телехикаясы арқылы таныды. Ал оған дейін қайда және кім болып қызмет атқардыңыз?
– Одан бұрын жеті жыл ІІМ-де учаскелік полиция инспекторы, жедел уәкіл және соңғы рет Алматы қаласы Медеу ауданының полиция бөлімінде тергеуші болып қызмет істедім. Бірақ жеке кәсіпкерлікке бет бұрған соң, ол жерден өз еркіммен кетуіме тура келді. Сөйтіп жүргенде киноға түсуге ұсыныс түсіп, өнер саласына келдім.
– Тергеуші болып қызмет атқарсаңыз, онда соңғы түскен «Үміт пен үрей» телехикаясындағы рөліңізді алып шығу қиын болмаған шығар?
– Дәл солай. Өйткені мен ол кинода Алматы қаласы полиция департаментінің аға тергеушісі Еркін ӘБДІРАХМАНОВ деген кейіпкерді сомдадым. Оның бейнесі, табиғаты өзіме өте жақын. Сондықтан өз образымды ойнадым десем болады. Өзім істеген сала болғандықтан, режиссердің еркіндік бергені де септігін тигізген шығар.
Жобада кеңесші аз болғандықтан, түсірілім барысында сценаридегі кейбір заңға қайшы әрекеттерді өзгертіп, кем-кетігін толықтырып отыруыма тура келді.
– Актерлікке келуде бабыңыз емес, бағыңыз шапты десек болатын шығар?
– «Батырдың басын алсаң да, бағын ала аламайсың» дейді ғой. Сондықтан бағымның басым болғанын жоққа шығармаймын.
– Дегенмен нағашы әпкеңіз Баян Мақсатқызының септігі тигенін де жасырмайтын боларсыз?
– Әлбетте. Оны жоққа шығармаймын. Бірақ ол кісі туыстыққа салмай, алдымен іріктеуден өтуге жіберді. Арнайы кеңестің сүзгісінен өткен соң барып, киноға түсу бақыты бұйырды.
– Жуырда көрсетілген «Мәншүк» телехикаясында 100-атқыштар бригадасының командирі Нұркен ҚҰСАЙЫНОВТЫҢ рөлін ойнадыңыз. «Мәншүктің өмірбаяны бұрмаланған» деген пікірлер айтылды. Бұған не дейсіз?
– Көркем туынды болған соң шығарылымның көркем сюжетке негізделетіні анық. Бірақ, «тарих бұрмаланды» дегенмен келіспеймін. Себебі, «Мәншүк» – сценарист пен режиссердің терең ізденісінен туындаған фильм.
– Жалпы осы жобаға түсуге ниет білдірген біраз жігіт болған екен...
– Осы жағы өзіме де қызық. Бірақ ұйымдастырушылар кастингке келген жігіттердің санын құпия ұстады.
– Білуімше, мергендік өнердің қыр-сырына қанық көрінесіз. Бұл даңқты пулеметшіні сомдауға септігін тигізген болар?
– Мылтық ату – менің бұрыннан келе жатқан сүйікті хоббиім. Іріктеу барысында бұл өнеріме де басымдық берді. Ал Мәншүк апамызды ойнаған Зухра САЙПИ қыз бала болған соң, ондай дүниеден алшақ екені белгілі. Сондықтан Беларуське түсірілімге аттанбай тұрып, екі ай бойы оны арнайы ату алаңына апарып, мылтық атуды үйреттім. Ал түсірілім барысында пулемет ауыр қару болғандықтан, оны қалай игеру керектігін нұсқап отырдым. Сондай-ақ әскери жарғы мен жүріп-тұрудың да өзіндік талабы бар. Кезінде ол жолдан өткендіктен, таспалау кезінде өзімді еркін сезіндім.
– «Жігітке жеті өнер де аз» деген ғой. Мергендіктен өзге тағы қандай өнеріңіз бар?
– Аттың құлағында ойнамасам да, жүйрікті бір кісідей тізгіндеймін. Жылқы жануарын өте жақсы көремін. Енді арнайы каскадерлік курстардан өтіп, түрлі әдіс-тәсілдерді меңгерсем деген ойым бар.
Негізі мені көпшілік қаланың баласы деп ойлайды. Алайда әкемнің қызметіне байланысты он бірінші сыныпқа дейін ауылда тұрдық. Содан кейін Атырауға көшіп барып біраз аялдап, тек кейінгі жылдары Алматы қаласына қоныс тептік.
– Көрермен көзіне біраз түскеніңізді ескеріп, киноға түсуге шақырып жатқан режиссерлер бар ма?
– Әрине бар. Бірақ оларды жасырын қалдырғаным жөн болар. Жарыққа шыққан соң көре жатарсыздар.
– Танылған біраз актер Мәскеуге кетті. Сізде ондай ой жоқ па?
– Оқу жағын айта алмаймын, бірақ жақсы туындыларға түсуге ұсыныс болып жатса, ойланып көремін. Өйткені мынадай жағдайдан соң әлем Ресейдің киноөнімдерін тұтынып, білімін мойындай қоя ма деген күдігім басым.
– Жалпы, Ресей мен Украинаның арасындағы жағдайға қатысты көзқарасыңыз қандай?
– Мен саясаткер емеспін, сондықтан білмейтін нәрсем көп. Ал өз басым қыр-сырын білмейтін дүниені бұрмалап, ақылгөйсігенді ұнатпаймын.
Адами тұрғыдан айтар болсам, Украин халқы үшін өте қатты алаңдаймын.
– Былтыр қыздарыңыздың туған күнінде Жарқынай Ханайым екеуіңіз бірге түскен фотоны желіден көрген жұрт «қайта қосылған екен» деп қуанды. Шынымен солай ма?
– Жоқ. Өкінішке қарай, қосылған жоқпыз. Тағдырдың жазуы солай болар. Дегенмен, жақсы араласып тұрамыз. Арада қызымыз болғандықан, бір-бірімізден алшақтап кете алмаймыз. Жақсы қарым-қатынастамыз.
– Қызыңызбен жиі кездесіп тұрасыз ба?
– Алматы қаласында тұрғанда қызымды жиі көріп тұратын едім. Бірақ Жарқынайдың отбасы Астанаға көшіп кетті. Қызымды күнде көре алмайтын болғандықтан, маған қиын болды. Бірақ осыдан бір апта бұрын арнайы барып, тәтті қызымды көріп қайттым.
Қыздың орны әке үшін бөлек қой. Енді сағынышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес...
– Сол қыздарыңыз үшін қайта қосылатын мүмкіндік бар ма?
– Өкінішке қарай, ол мүмкін емес. Бірақ бір айтарым, айырылысқан отбасында қателік екі жақтан да болады. Бір адамды кінәлау дұрыс емес.
– Ал оларға көмектесіп тұрасыз ба?
– Әлбетте, көмектесемін.
– «Танысайық» деп мазалайтын арулар көп пе?
– Көп деп айта алмаймын. Бірақ бар.
– «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген ғой. Болашақ жарыңызды өнердің ортасынан таңдайсыз ба?
– Айта кетейін, Жарқынай екеуміздің айырылысуымызға өнердің еш қатысы жоқ. Керісінше, біз бір-бірімізге қолдаушы болдық. Болашақ жарым өнерлі, дарынды болса, оның несі жаман? Қайта оны мақтан тұтып, қолдауға тырысамын. Жаратқан өзі жолықтырады деп үміттенемін. Ең бастысы – адалынан берсе деймін.