24 Қаңтар 14:44

«Клоун», «маймыл»... Есен ЕЛЕУКЕН сайлауға түсуден НЕГЕ айнып қалды?

Фото:

Мәжіліс пен мәслихат сайлауы жайлы әңгіме басталғалы әлеуметтік желідегі жұрттың дені көңіліндегі кандидаттарды ұсынып жатыр. Осы тізімнің арасынан «Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен ЕЛЕУКЕНДІ көріп қалдық.

NEGE тілшісі Есен ЕЛЕУКЕННІҢ өзіне хабарласып, мән-жайды сұрады.

– Сізді Мәжіліс депутаты ретінде көргісі келетіндер бар екен. Бұдан құлағдарсыз ба?

– Негізі мұндай әңгіме алдыңғы сайлаударда да айтылған. Былтыр бірді-екілі партиядан «біздің атымыздан праймеризге түссеңші» деген ұсыныстар да болған. Бірақ мен қабылдамаған едім. Қазір де командадағы балалар да «барыңыз» дегенді айтып жатыр.

– Сайлауға түсесіз бе енді?

– Бұрын «бағымды сынап көрсем бе?» деген ойым болған. Ал қазір ондай желпініс жоқ.

– Неге?

– Себебі, қазіргі таңда «Маусымашардың» қамымен жүрген жайым бар. Соған демеуші іздеп жүрмін. Сондықтан артық дүниеге қарайлауға мұршам жоқ. Алдымен сол жұмыстарымды бір жүйеге келтіріп алуым керек. Арғысын көре жатармын.

Бір шетінен, меселім қайтып қалғанын да жасырмаймын. Өйткені, күні кеше мені Мәжілістен көргісі келетін жазбаларға қатысты жұрттың пікіріне көз жүгіртіп көрген едім. Бірі «клоун», бірі «маймыл» деп, соңымнан неше түрлі ат қойып, айдар тағыпты.

Бірақ, мені солай атағанмен, төртаяқты бола қалмаймын. Ол айтқан адамның өзінің ішкі мәдениеті мен парасатын білдіреді. Бір жаныма бататыны – халықтың сенім артқан адамдарының кейін сан соқтырып кететіні.

Қазір популистер көп, халық кімге сенерін білмей, абдырап қалды. Әйтеуір елдің шыншыл адамдарды мінберден көргісі келетіні рас. Ал сырт көзге турасын айтқанымен, былайғы тірлігі көңіл көншітпейтіні қынжылтады.

– Конституция мен сайлау туралы заңның талаптарына сәйкес келесіз бе, осы жағын бағамдап көрдіңіз бе?

– Жоқ, ол жағын саралап көрген емеспін. Бірақ, осы мәселе төңірегінде талдау жасап жүрген жігіттер менің барлық талаптарға сәйкес келетінімді алға тартады. Дегенмен, өз басым әр нәрсеге аяқ басарда жақсылап ой елегінен өткізіп аламын. Байқасаңыз, соңғы жылдары ұсынған орден атаулыдан да бас тартып жүрмін.

– Мұның себебі неде?

– Бұл жеке басқа қажет болғанымен, «осы көп үшін керек пе? деген ой болады. Осындай салмақты жасқа келген соң соның ара-жігін ажыратып алу жөн бе деймін. Сондықтан сайлауға түсем бе, жоқ па, ол жағын әзірге жақсылап саралап алуым керек.

– Егер түсіп жатсаңыз, қандай да бір партияның атынан түсесіз бе, әлде бір мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша қатысасыз ба?

– Әуелі бір шешімге келіп алайын, одан кейінгісін көре жатармыз...

Тегтер: