24 Қараша 12:39

Наталья Дементьева, депутат: Қазақ тілінде өлең жаттап, көркем шығармалар оқимын

Фото:

Қазақстан халқы ассамблеясының өкілі Наталья Дементьева – Парламент мәжілісінің жаңа құрамына енген депутат. Ол жоғары оқу орнын қазақ тілі фиологиясы бойынша тәмамдап, еңбек жолын мектепте мұғалімдік қызметтен бастаған. Мемлекеттік тілде таза әрі тұнық сөйлейтін депутат ассамблея және қазақ тілін меңгеруге қатысты пікірін білдірді.

– Наталья, қазақ тілін қалай үйрендіңіз? Отбасының немесе ортаның ықпалы болды ма?

– Ақмола облысы, Көкшетау қаласында дүниеге келдім. Орыс тілді ортада өстім, орыс мектебінде оқыдым. Сол кезде қазақ тілінен әртүрлі білім сайыстарына, олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Жалпы, қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылығым мектепте арта түсті. Мектепті бітіргеннен кейін анам марқұм: «Қазақ тілін білесің ғой. Неге қазақ филологиясына түспеске?», – деп кеңес берді. Біраз қарсыласып едім, анам: «Болашағың зор болады. Өйткені, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», – деді. Осы сөзді анам 1998 жылы айтқан еді. Анамның көрегенділігіне кейін көзім жетті.

Сөйтіп, сол жылы Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік педагогика институтының қазақ филологиясы факультетіне оқуға түстім. Кілең қазақ студенттерінің арасында жалғыз орыс қызы болып жүретінмін. Әрине, басында қиындық тудырды. Сабақтың бәрі қазақ тілінде және әдеби тілде болды. Әуелгіде ештеңе түсінбей, талай рет жылағаным есімде. Алайда, төрт жылдың ішінде ақырын-ақырын тілді жете үйрендім. Одан кейін Көкшетаудағы техникалық лицейге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде жұмысқа орналастым. Он тоғыз жылдай білім беру саласында еңбек етттім. Қарапайым мұғалімнен бастап, директордың орынбасары, кейін директор қызметін атқардым. Парламент мәжілісі депутатына дейін алты жыл директор болдым. Бірақ директормын деп жүрмей, 10-11 сынып оқушыларына қазақ тілінен сабақ беруді үзген жоқпын.

Шәкірттерім: «Мұғалім, сізге ұқсағымыз келеді», – дейтін. Әсіресе, олар қазақ тілінде өлең оқысам, сүйсініп тыңдайтын. Осылайша, еңбек жолымды да мемлекеттік тілді насихаттаумен бастадым. Қазақ тіліндегі түрлі жаңа терминдермен танысып, жаттап жүремін.

Тіл – қоғамдық құбылыс. Қоғаммен бірге жасап, бірге дамиды. Яғни, тілді үйренгенде «болдым-толдым, әрі қарай меңгерудің қажеті жоқ» деуге болмайды. Менің өмірім мемлекеттік тілмен тығыз байланысты өтіп жатыр.

– Сіз Қазақстан халқы ассамблеясымен де тығыз қарым-қатынаста болдыңыз. Ассамблеяның қоғамдағы рөліне қандай баға бересіз?

– Қазақстан халқы ассамблеясы 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылды. Бұл қоғамдық институт еліміздің саяси жүйесінің маңызды бөлшегі. Ассамблея барлық азаматтың мүддесін бір арнаға топтастырып, этностарға бөліп-жармай, олардың құқығы мен бостандығының мінсіз сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған ұйым. Елбасы Қазақстан халқы ассамблеясын құру идеясын алғаш рет Тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған, яғни 1992 жылы Қазақстан халықтарының форумында айтқан. Бұл ұйымның ерекшелігі – бұрын Қазақстан халықтары ассамблеясы деп аталса, 2007 жылы Қазақстан халқы ассамблеясы болып өзгертілді. Ондағы мақсат – елімізді бір халық, бір отан, бір идеяға топтастыру еді. Бүгінде ұйым осы мақсат жолында жұмыс істеп келеді. Қазақ халқы – мемлекет құраушы ұлт. Ассамблея мемлекет құраушы ұлттың төңірегіне барлық этностарды топтастыра отырып, қоғамдық келісіммен қамтамасыз етеді.

– Ұйымның болашағына сенесіз бе?

– Әрине. Ұйымның болашағына нық сеніммен қараймын. Егер тарихқа үңілетін болсақ, сонау қиын-қыстау заманда қазақ елі, қазақ халқы әртүрлі этнос өкілдерін өз панасына алды. Қаншама ұлт саяси қысым арқылы, депортациямен осында қоныстануға мәжбүр болды. Сол кезден бері олар да қазақ жерін өз елім, өз отаным, өз атамекенім деп қабылдайды. Қазақстан барлық ұлт пен ұлыс өкілінің туған тілін дамытуға деген ұмтылысына шек қоймайды.

Біз көп конфессиялы қоғамда өмір сүреміз. Елімізде 40-тан астам конфессия бар. Сондықтан қоғамда ұлтаралық және конфессияаралық толеранттылық дәстүрі қалыптасқан. Оның тамыры тереңде жатыр. Мұндай қасиет ең алдымен қазақ халқының менталитетіне тән. Ал толеранттылық дәстүрді Қазақстандағы барлық этнос өкілі ортақ құндылық ретінде қабылдайды. Нәтижесінде Қазақстан халқы ассамблеясы еліміздегі этносаралық келісімді нығайтуда теңдесі жоқ маңыздылыққа ие болды.

Ассамблеяның атқаратын қызметі мен міндетіне қандай да бір тың өзгеріс енгізу керек пе?

– Меніңше, ассамблея дұрыс бағытта жұмыс істеп келеді. Бәрімізге белгілі, Елбасы бұл ұйымды құру идеясын еліміз үшін қиын уақытта ұсынған еді. Бұл – оның жарқын болашаққа деген сенімімен жасалған тарихи шешім. Бірақ педагог ретінде айтсам, ассамблея құрамына мейлінше жастарды көбірек тарту керек. Жастар қауымы Қазақстанның болашағы екенін дұрыс түсіну керек деп ойлаймын. Және оларды еліміздегі этносаралық келісімге, бірлік пен бейбітшіліктің одан әрі сақталуына тікелей қатысы бар өкіл ретінде мойындауымыз керек.

– Өзіңіз сияқты өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген құрметі қандай?

– «Тілге құрмет – елге құрмет» демей ме?! Елімізде 130-дай этнос өкілі  тұрып жатыр. Биыл Тәуелсіздігімізге – 30 жыл. Сол отыз жылдың ішінде өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген көзқарасы өзгерді деп нақты айта аламын. Әрине, кез келген тілді үйрену – оңай жұмыс емес. Өз тәжірибем бойынша айтсам, қазақ тілі – өте бай және күрделі түркітілдес тілдердің бірі. Бірақ уақыт өзгерген сайын халықтың да сана-сезімі өзгеріске ұшырайды. Бұл – уақыт талабы. Отыз жылды емес, соңғы он, он бес жылды алсақ, өзге тілді жастардың  мемлекеттік тіл – қазақ тілін үйреніп, сөйлеуге деген қызығушылығы артқан. Оған өзім де куә болып жүрмін. Қазір кез келген аймаққа барсаңыз, қазақ тілінде сөйлейтін басқа этнос жастарын кездестіруге болады. Бұл олардың мемлекетке, оның тіліне деген құрметін білдіреді.

– Қазіргі жастар үшін қазақ тілін үйренудің қандай да бір жаңа әдісін ұсына аласыз ба?

– Өз тәжірибемді алсам, кез келген тілде сөйлеу үшін, ең алдымен дыбыстан бастау керек. Мәселен, жастар, әсіресе мектеп оқушылары ағылшын тілін тез-ақ үйреніп алады. Неге? Өйткені, ағылшын тілі мұғалімдері оқушылардың грамматикалық қатесіне, сөйлем құраған кезде сөздердің орын тәртібіне онша мән бермейді.

Біріншіден, балаларды тілдік кедергіден айыру керек. Бұл қай уақытта пайда болады? Егер балаға «Мына жерде қате кетті? Сен дұрыс сөйлемедің!» деп айта берсек, «Одан да сөйлемей-ақ қояйын» деп меселі қайтып қалады. Олай істемеу керек. Қазақша сөйлеу үшін қарапайым сөздерді, күнделікті өмірде қолданатын тіркестерді айтып, дамытып отыру керек. Содан кейін тілдік орта қалыптастыру қажет. Мұғалім ретінде қазақ тіліндегі өлеңдерді көп жаттау керек деген кеңес айтар едім. Поэзия жадыны жақсартады,  тілімізді жаттықтырады. Өзім көп ақынның өлеңін жатқа білемін, оқимын, қайталап жүремін. Қазір де тілді ұмытпас үшін өлең оқып, көркем шығармаларға көз жүгіртіп отырамын. Сондықтан тілдік ортаны мүмкіндігінше өзіміз қалыптастыруымыз керек.  

Шын мәнінде, ешқандай да методика жоқ. Кез келген тіл үйренгісі келетін адамда қызығушылық, мақсатқа жетуге деген ұмтылыс және ерік-жігер керек. Бәрі адамның өзіне байланысты. Ең бастысы, тілді жетік меңгеріп, сөйлеу үшін сол тілде ойлауың керек. Яғни, күнделікті іс жүзінде сөйлеп жүрсең, тіл дами береді. Ал сәл қолданыстан алып тастасаң, ұмытылады. Сондықтан еш қысылмастан қате болса да, сөйлей беру керек.

– Мектепте мемлекеттік тілді дұрыс оқытылмайтыны жөнінде Білім және ғылым министріне депутаттық сауал жолдап едіңіз. Осы мәселеге кеңірек тоқталып өтсеңіз.

 Елімізде қазақ тіліне қатысты қанша бағдарлама қабылданып, түрлі шара өткізілсе де, тілдің ахуалы көңіл көншітер емес. Мектептерде мемлекеттік тілді оқыту деңгейі төмен. Оқулықтың сапасы да сын көтермейді. Балаларға арналған оқу құралдарындағы жаттығулар да тым күрделі. Керісінше, бағдарламада ауызша орындалатын тапсырмаларды арттыру қажет. Осы бойынша ассамблеядан сайланған депутаттар өз ұсынысымызды жолдадық. Түптің түбінде қазақ тілінің қазақстандықтардың ортақ тіліне, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыты келеді. Қазірше оны қолдан жылдамдатудың, осы мәселені оңайлатудың қажеті жоқ. Бірақ сол мақсатқа бастайтын қадамдарды осы бастан қолға алу қажет. 

Парламент мәжілісінде министрлер есеп беріп жатады. Көбі орыс тілінде. Оларға депутаттар қазақша сұрақ қойып, орысша жауап алады. Тіпті болмаса, «келесіде қазақ тілінде сөйлеймін» деп құтылады. Сондай кезде қандай күйде боласыз?

– Көбі орысша сөйлейтіні жасырын емес. Қазақ тілінде қинала жауап береді. Әрине, алаңдататын жайт. Кезінде Елбасы «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп еді. Орыс ұлтының өкілі ретінде мынаны айтқым келеді. Ең алдымен, қазақтар өздерінен бастауы керек. Олар өзге этнос өкілдеріне ана тіліне деген құрметі мен сүйіспеншілігін үлгі ретінде көрсетпеспе, басқалар қазақ тілін қалай жақсы көреді? Министерлерді жамандамаймын, бірақ үкіметте лауазымды қызметте жұмыс істейтін беделді тұлғалар қазақ тілін білмесе, әрине ұят. Халық алдына шығатын азаматтар мінсіз, еркін сөйлеуі керек.

– Әңгімеңізге рахмет!    

Тегтер: