31 Наурыз 14:43
...

«Қытай темірдей тәртіптің арқасында аман қалды»

Фото:
Қытай қауіпті індеттің бетін қалай қайтарды? Қазақстан билігіне не істемек керек? Nege.kz тілшісі Бейжіңдегі Қытай коммуникация университетінде кино және телевидение факультетінде оқып жатқан отандасымыз Құралай Әбеновамен сұхбаттасты.

 

– Коронавирус қай кезден бастап Қытайда басты жаңалыққа айналды? Өзің тұратын ел астанасының билігі бірінші кезекте қандай шара қолданды?

– Коронавирустың бел алған тұсы Қытайдың Жаңа жыл фестивалінің дәл алдында еді. Уханьда тараған жаңа індет туралы хабарларға қарамастан, Жаңа жылды қытайлар әдеттегідей отбасымен, туыстарымен бірге қарсы алды. Бейжіңде көпшілікке арналған концерттер, мерекелік іс-шара өтті. Үлкен отшашу болды. Сол күндері Бейжің көшелерінде адам аяғы ығы-жығы көп болды. Бірақ вирус туралы жаңалықтарда айтыла бастаған соң, қалада адамдар метроға, автобусқа маскамен ғана кіретін. Шамамен 26 қаңтарда, жаңа жыл мерекесі басталған тұста, Бейжіңде өлі тыныштық орнағандай әсерде қалдым.  Жаңа жылда бүкіл Қытай елі демалады, басқа өңірден келіп жұмыс істейтіндер үйлеріне, ауылдарына қайтты. Еш мекеме жұмыс істемеді. Қала билігі осы сәтті тиімді пайдаланды деп ойлаймын. Сол кезден бастап, 2-3 күнде Бейжіңді түрлі аудан, сектор, тіпті аулаға бөліп, әрқайсына кіріп-шығатын бекеттер қойды. Бекетте қызметте тұрған полиция және партия қызметкерлері кірген-шыққан адамның бәрін тексерді. Міндетті түрде төлқұжатының нөмірін, телефон нөмірін, аты-жөнін жазып алып, дене қызуын өлшеді. Жалпы, дүкен, ойын-сауық орталықтары, дәріхана, метро, автобус секілді кез келген қоғамдық жерлерде дене қызуын өлшеп жатты. Ал бізге, студенттерге бетпердесіз далаға аттап шығуымызға тыйым салды. Күнделікті көшені, жаяулар жолын, жалпы даланы арнайы көліктермен зарарсыздандыра бастады. Біздің жатақхананы әлі күнге күнделікті хлормен жуып-шайып отыр.

Қ.Әбенова

– Науқастар тұратын үйлерді толық оқшаулады ма?

– Науқастарды оқшаулау жағын айта алмаймын. Оның үстіне қытайлар сырқаттанғандар туралы, емделгендер жайлы бөтендерге жариялауға аса құлықсыз. Бір білетінім, Бейжіңде тұрғын үйдің бәрін оқшаулады. Мысалы өз басым әлі күнге ешкімнің үйіне бара алмаймын. Себебі тұрғын үйлер қоршауда, әр есіктің алдында полиция қызметкері тұрады. Барлық тұрғын тізімделген. Әр пәтерде қанша адам тұратынын жақсы біледі. Тұрғындар үйіне арнайы картамен ғана кіреді. Картаңыз жоқ болса, біреудің үйі түгілі, ауласына да кіргізбейді.

– Індет өршіп тұрған кезде жатақханадан шығармаған кездер болды ма?

– Жүріп-тұруға шектеу қойылған кезде біз жатақханадан 3 сағатқа ғана шығып жүрдік. Әрқайсымызға мойнымызға бейдж іліп берді. Онда аты-жөніміз, телефон нөміріміз, қайда оқитынымыз, тіпті қай бөлмеде тұратынымызға дейін жазылған. Оқыс жағдай болып қалса, осы бейдж көмектеседі деп түсіндірді.

  Бетперде, қолғап, антисептик секілді заттарды өздерің сатып алдыңдар ма? Олардың бағасы қымбаттады ма?

– Иә, басында өзіміз сатып алдық. Кейін ақпаннан бастап, бетпердені өздері беретін болды. Одан бөлек күнделікті тегін жеміс-жидек таратады. Жатақханамыздың төменгі қабатында антисептик құйылған үлкен ыдыс тұрады. Оны шөлмекке құйып алуыңа да болады. Ал бетперденің бағасына келсек, соншалық қымбаттады деп айта алмаймын.

– Бетперде  тапшылығы болды ма?

– Бейжіңде маска тапшы болды дегенді естідім. Бірақ өз басым қаңтардың аяғында бәрін сатып алып қойған едім. Ол кезде ешқандай тапшылық болған жоқ. Кейін ақпанның ортасына таман дүкенге барып тағы сатып алдым. Өз басым маска тапшылығын көрмедім. Бірақ жергілікті тұрғындардан кей жерде масканың қат болғанын естідім. Тапшы болғанда, маска табу үшін, бірнеше дүкенді аралап шығу керек. Олар «тапшы» деп осы жағдайды айтады. 

– Азық-түлік, тауар қымбаттады ма? 

– Жоқ. Өз басым тауардың, азық-түліктің қымбаттағанын да, олардың дүкен сөрелерінен жоғалып кеткенін де байқамадым. Сұраныстың көптігінен немесе басқа бір себеппен кейбір зат 1 -2 юаньға (қазіргі бағаммен – 63-126 теңге) өскен шығар, бірақ Қазақстандағыдай бағасы шарықтап кеткен тауар жоқ.

– Үкіметтің, халықтың дәрігерлерге деген қарым-қатынасы қандай болды? Оны қандай жайттардан байқадың?

– Жалпы Қытайда қай кезде болсын мұғалімдер мен дәрігерлерді өте сыйлайды, құрметтейді. Өзім осы уақытқа дейін мұнда дәрігердің алдына бармағандықтан, оларға қандай жағдай жасалғанын айта алмаймын.  Бірақ халық дәрігерлерді төбесіне көтереді. Олар да халық үшін күндіз-түні жұмыс істегенін білемін. Телеарнаның бәрі дәрігерлердің жанқиярлық еңбектері туралы репортаждар көрсетіп жатты.

– Қазақстандағы карантин, науқас шыққан үйді оқшаулау секілді шараларды өзің көріп отырсың. Қытай мен біздегі осы жағдайды салыстырғанда, қандай айырмашылықты байқадың?

– Өз басым вирус кезінде үйлерді толық оқшаулау, карантин деген  шараларды өте дұрыс деп бағалаймын. Қытай дәл солай жасады. Ухань қаласын былай қойып, Хубэй секілді бүтін провинциясын жауып тастағанын білесіздер. Тірі жан сыртқа шыға алмады және кіре де алмады. Сол кезде өз басым мына жағдайға ерекше назар аудардым: Оқшауланған үйдің тұрғындары азық-түлік, дәрі-дәрмекке интернет немесе сондағы еріктілер арқылы тапсырыс береді, төлейді, сосын есіктің алдынан өз дорбасын алып кетіп отырды. Сондықтан оқшаулаудың алдында түрлі интернет қызметтерін, онлайн операцияларды дайындап, оларды халықтың қолдануына ыңғайлы етіп әзірлеу керек деп ойлаймын. Немесе арнайы қызмет болуы керек.  Қазір Қытай шетелден келгендерді оқшаулауды қатаң бақылауға алды. 10 наурыздан бастап, мен оқитын университеттің өзім секілді шетелдік студенттерін оқу орнының аумағынан шығармайды. Неге деген сұрағымызға: «Қытайда індеттің беті қайтқанымен, сырттан келген адам көп. Олар енді ауруды Қытайға қайта әкелуі мүмкін. Ал сендер, шетелдік ретінде сырттан келген адамдармен байланыста болуларың ықтимал» деп  жауап берді. Сондықтан біз қазір университет ауласынан шыға алмаймыз. Барлық қажет затымызды жатақхана қызметкерлері сатып әкеп береді.

– Сенің ойыңша, Қытай коронавирусқа қалай тосқауыл қоя алды? Бұл істе билік пен жеке адамдардың әрекетін қалай бағалайсың?

– Меніңше, Қытай коронавирустың бетін тек темірдей тәртіппен қайтарды. Індет өрши бастағанда, арнайы жоспар жасап, содан ауытқымай, тек сол жоспармен әрекет еткені анық байқалады. Бір-екі күнде-ақ, барлық мекемеде, барлық қызметкердің қолында термометр, алғашқы көмек құралдары болды, бәрінде бір үлгідегі тіркеу журналы, бэйдж болды. Көшені, ауланы, үйдің кіре берісін жаппай хлормен зарарсыздандыруға көшті. Қысқа уақытта жаппай онлайн төлем жасау, онлайн құжат беру, интернет арқылы қызмет көрсетуге көшті. Қаншама дүкен, үлкен базарларды, кәсіпорындарды жабу, 1,5 млрдтан астам адамның бәріне маска таққызу оңай емес. Бірақ Қытай тәртіптің арқасында осының бәрін істеді. Жалпы қытайлар үкіметіне сөзсіз бағынады. Олай істеме дегенге өлсе жоламайды. Өйткені заң қатал және ол мүлтіксіз орындалады. Мұнда біздегідей университет, жатақхана қызметкерімен немесе тәртіп сақшысымен, тіпті күзетте тұрған еріктімен «келісу», «бармақ басты, көз қысты» қылу деген мүмкін емес дерлік жағдай. Тіпті полицейдің ең жақын досы болсаң да ереже, тәртіп бәріне бірдей. Бізде де осындай тәртіпке бағынып, заңды бәріміз орындасақ, бұл індетті жеңетінімізге сенімдімін.

Тегтер: