3 Желтоқсан 14:31
...

«Атабаевтың «Ақсарайы» әлі өлген жоқ» – Актер Рүстем Жаныаманов

Жаныаманов
Фото: Р.Жаныамановтың жеке парақшасынан

Мансабын қуыршақ театрынан бастаған Рүстем Жаныамановты көрермен Қылышбек кейіпкері ретінде кеңінен таныды. Бірақ ол образдаған кейіпкерлер мұнымен бітпейді. Актердің жеке туындысын жарыққа шығарғалы жатқанын естіп, өзіне бірқатар сауал жолдадық.

                                            Мұрат Әбділдамен НЕГЕ тандем құрды?

 Рүстем, төл туындыңыз жарыққа шығады екен. Бұл жаппай кино түсіріп кеткен әріптестеріңізден қалмаудың амалы ма?

Осы уақытқа дейін бірнеше фильмде ойнағанымды көзі қырағы көрермен жақсы біледі. Жылдар бойы жинаған тәжірибемді ескере отырып, қазақ киноөндірісінде өзіндік қолтаңбамды қалдырсам деген ой болды. Осы ниетте жеке жобамды таспалауды қолға алдым. Қазіргі таңда қазақ киносына жаңа жанрлар енуде. Сол сияқты мен экрандайтын «Сен маған керексің» туындысы фантастикалық экшн-комедия болмақ. Мұнда көрермен күле отырып, көзіне жас та алады. Ал фантастикалық тұсына келгенде, таңданатыны тағы бар.

Айтпақшы, атышулы блогер Мұрат Әбділдамен бірлесіп ән жазған екенсіз. Ол каллобарация киноның саундтрегі бола ма?

Жоқ, бұл – көрермен жүрегіне жол табу үшін жасалған шығармашылық тандем. Осы ретте шағын сериалдар түсіріп жатқан жайымыз бар. Мұны шығарылым алдындағы жарнама дегеніміз жөн болар.

Жанвманов
Р.Жаныамановтың инстаграм парақшасынан

Кейбір әріптестеріңіз Мұрат секілді өнерге жолай келген блогерлерді сахнадан алыстату керегін айтып жатқанда, сіздің бірлесе дуэт шырқағаныңыз қызық екен...

Мұны әркім әрқалай түсінеді. Дегенмен, мен Мұратпен баяғыдан араласамын. Ол алғаш тікелей эфирге шығып жүргенде оған артық кеткен жерінде тоқтау айтып, арақтың абырой әпермейтінін ескертіп, ақылымды да айттым. Менікі достық, бауырластық көңіл болатын. Сол кезде оның бірігіп дуэт жазсақ дегенді айтқан бар. Мен «ішкенді тоқтатсаң, тілегіңді орындаймын» деп уәде бердім. Сол арманын арқау етіп, бірлесе ән жазуға бекіндік. Бұйырса, алда тағы дуэт айтып шығамыз. Ол трекке бейнебаян түсірсек деген ойымыз да бар. Сондықтан Мұратпен бірлесе ән шырқағанымды хайп емес, қолдау деп түсінгендеріңіз жөн болар.

Жаныаманов
Р.Жаныамановтың инстаграм парақшасынан

                                        «Театрдың тізгінін ұстауға дайынмын»

Қылышбек пен Айсара образы жарасымды шықса да, Бадықова сізді төл туынысына түсуге шақырмапты. Реніш болған жоқ па? 

Осы сәтті пайдаланып, мені «Келінжандағы» Қылышбектің образы арқылы танып, көрген жерде суретке түсіп, қолтаңба алып жататын тілекші көрермендеріме алғыс айтамын. Ал сұрағыңызға келсем, Дариғаға авторлық туындысына шақырмады деп еш ренжімеймін. Өйткені ол күнібұрын маған кино түсіріп, продюсерлікті қолға алғысы келетінін айтқан. Мен оның тәжірибесі мен қабілет-қарымына сене отырып, «Тек қана алға!» деп тілектестік білдірдім. Сондықтан әріптесім үшін әр кез қуанамын.

Дариға екеуіңіздің ұстазыңыз Болат Атабаев қазақтың маңдайына симай кеткендей көрінбей ме?

Ол рас. Атабаевтың әлі де талай айтары, атқарар жұмысы бар еді. Театр қайраткерлерін тәрбиелеуде өзіндік методикасы бар білікті ұстаз болды. Сол негізде кітап жазсам дегенін естіген едік. Бүгінде Атабаев атындағы театр ашылу керек еді. Кезінде үкіметтегі біреулер ауызбастырық есебінде бір театрды өзіңіз тізгіндеңіз дегенде, «маған ондай садақаларың керек емес, сендерсіз-ақ «Ақсарайымды» дамытам» деген.

Сол «Ақсарайдың» жұмысы тұралап тұр ғой. Атабаевтың тәлімін алған көп шәкірттің бірі неге сол театрды тірілтпеске?

Өз басым талай талантты тәрбиелеп шығарған «Ақсарай» әлі өлген жоқ деп сенемін. Себебі өнерде Атабаевтың тәлімін алған кіл мықтылар көп. Сондықтан бүгін болмаса да, ертең қарашаңырақтың көрерменін қайта құшақ жая қарсы аларына үміттімін. Ұстазымның сара жолын жалғастыру менің де ойымда бар. Бірақ оған қыруар қаражат керек екені белгілі. Егер қазақтың Атабаевы ашқан театрды жандандырам деп жомарттық танытатын азаматтар болса, театрдың тізгінін ұстауға дайынмын. Бұл бір жағынан талантты жастарға жұмыс табуға септігін тигізер еді.

Атабаев
ғаламтордан

Дегенмен, театрдан алшақтап кеттіңіз ғой...

Мен театрды сағынамын. Бірақ қазіргі таңда жағдайымызды жасап алудың қамымен жүрмін. Егер театрда қызмет істепп жүрсем, қазіргі тұрып жатқан үйім мен мініп жүрген көлігіме жете алмас па едім. Алда киномен ғана айналыссам деймін. Балалар тақырыбында түрлі туынды түсірсем деген ойым бар. Бұйырса, жеке өнер мектебімді ашсам деген жоспарым да жоқ емес. Үш жыл актерліктің, бес жыл режиссерліктің қыр-сырын меңгердім. Бұған жылдар бойы жиған-терген тәжірибемді қоса отырып, білгенімді өскелең ұрпаққа үйретсем деген ниет қой.

Шетелдік киноларды дубляждауға бөлінген біраз ақша игерілмегендіктен, биыл бюджетке қайта қайтарылыпты. Мәдениет пен өнерді дамытуға қаражат бөлінгенмен, оны атқаруда шикілік көп сияқты. Қалай ойлайсыз?

Әрине, мемлекет тарапынан өнер мен мәдениетті дамытуға барынша қолдау көрсетіліп-ақ жатыр. Бір әттең-айы – жас кадрларға орын жоқ. Мәселен, жылына қаншама қыз-жігіттер Өнер академиясының актерлік бөлімінен түлеп ұшады. Солардың бірді-екілісі танымал болып жаста, қуанамыз. Неге десеңіз, дені өнер мекемелерінен жұмыс таппаған соң, асаба болып той жағалап кетеді. Не болмаса, мүлде басқа салаға мойын бұрады. Сондықтан өнер ошақтарының көбейгені артық етпейді. Бұл біраз жанды жұмыспен қамтамасыз етуге септігін тигізер еді.

Мысалы, Бәйтен Омаров атындағы «Жас сахна» театры балаларының арқасында есігін айқара ашып тұр. Осылардың бәрі мемлекет тарапынан атқарылуға тиіс әрекет  еді. Мәселен, Еркебұлан Дайыров пен Берік Айтжанов әлі театрдан аса алмай жүр. Бұлардың әрқайсының айтар ойы, азаматтық амбициясы бар жігіттер. Неге осындай білікті жігіттерге Мәдениеттің бір-бір тетігін тізгіндетіп, потенциалын мемлекет дамуы жолында пайдаланбасқа.

Сол сияқты kaz.production-ның негізін қалаушы Елжан Жармұхамед те жас ұрпаққа арналған тәрбиелік мәні бар тамаша туындылар жасап жатыр. Болашағынан үлкен үміт күттіретін осындай жігіттерге қолдау көрсетсе, қазақ киносы біршама оңалар еді. Ал бізде керісінше, жауапты мекемелерде көлденең көк аттылар отырады. Сенсеңіз, шықпа жаным, шықпамен күн көріп жүрген талай актерді білемін. Қара халық әрең жүргенде өнер адамдарының ғана жағдайын жасап берсін демеймін, жоқ дегенде баспасын алып берсін. Неге актерлер қаңғып жүру керек?! Осыған зығырданым қайнайды. Актер өнерді емес, кредитін төйлеймін деп жүрсе, қазақ киносы қайдан оңалады?!

                                          «Қазақфильмді» жастарға берсе...

– «Қазақфильмді» қалай қалпына келтіруге болады? 

Қазақстан бойынша қаншама ғимараттар қаңырап тұр. Себебі, барлық жерде бұрынғы беделін пайдаланып, басшылыққа үлкен кісілер отырып алған. Небір жаңашылдық жоқ, не жастарға орын беру жоқ. Театрда да сол, Кеңестік кезеңнің тәрбиесін көрген кейбір ағаларымыз тамыры терең тақырыптарды қозғауда тартыншақтап, «билікке тиме» деп азар да безер болып жатады. Ал шын мәнісінде театр деген сананы сілкіндіріп, үлкен ой салатын қозғаушы күш қой. Кез келген драматургияда сол уақыттағы қояғамның саяси келбеті көрініс береді. Одан қалай айналып өтеміз?!

Жаныаманов
Р.Жаныамановтың инстаграм парақшасынан

Біздің театрлар әлі көп нәрседен жасқанады. Билік асырап отыр деген түсініктен арыла қоймаған. Кино саласында да осы жағдай қылаң береді. Көңдей қатып қалған бір жүйе бар. Салдарынан небір мықты режиссерлер қолын бір сілтеп, өнерден алыстап кетті. Осы түсініктен арылмайынша, «Қазақфильм» қаңырап тұра береді.

«Қазақфильм» қазір жаппай авторлық кинолар мен деректі фильмдерді ғана түсіре береді. Егер басшылықты жаңашылдық әкелетін жастарға берсе, тарихы тереңде жатқан қарашаңырақтың жұмысы жанданар еді.

Айтпақшы, бір ұлыңыздың аты Арон екен. Бұл Шаңырақ оқиғасының батыры Арон Атабектің құрметіне лайықтап қойған есім емес пе?

Бала күнімде пәтерден-пәтерге көшіп жүрген кезімізде тай құлындай тебісіп ойнаған Арон атты досым болған еді. Сол баланың есімінің ұнағаны сол, кейін ұлым болса Арон деп атаймын деп өзіме серт берген едім. Бір жағынан қазақтың Арондарының осалы бар ма, арғысы Сүйінбай Аронұлы, бергісі өзіңіз айтып отырған Арон Атабек те қазақтың бағына біткен тұлғалар ғой.

Әкеңіз бала кезіңізде отбасынан кетіп қалса да оның тегін сақтап қалған екенсіз...

Бұған дейін бұл тақырып біздің отбасымызда қозғалмапты. Егер анам осы мәселені көтерген күннің өзінде әкемнің тегін сақтап қалатынымды айтқан болар едім. Өйткені қанның аты – қан. Қанша жерден анам екеуі екі жаққа кетіп қалса да, ол кісі менің әкем болып қала береді.