10 Желтоқсан 13:44
...

Жанар Темірбекова: Ғылыми жобамен айналысқысы келетін ғалымдарға мүмкіндік мол

Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті
Фото: ХҚТУ

Орталық Азиядағы үздік он университеттің бірі әрі бірегейі Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ғылым көкжиегінде қандай жетістіктерді бағындырды? 

Соңғы жылдары оқу орнына басшылық қызметке келген ректор Жанар Темірбекова нендей шараларды қолға алды? NEGE тілшісі бұл жөнінде кеңірек Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіректорының өзінен сұрады.

 – Жанар Амангелдіқызы, Ахмет Ясауи университетіне басшылық қызметке келгелі ғылым саласында неге басымдық бердіңіз?

– Бұл оқу орнына 2021 жылдың көктемінде келдім. Әне-міне дегенше үш жарым жыл өте шықты. Өздеріңіз білетіндей, халықаралық дәрежеде қызмет атқаратын кез-келген алып компания жұмысын бастамас бұрын алдына стратегиялық мақсат-міндет қояды. Сондықтан біз де стратегиялық жоспарға айрықша назар аударып, жұмысты осыдан бастап, университетіміздің миссиясы мен стратегиялық мұратын белгілеп, нақты міндеттер мен индикаторларды айқындап алдық. Яғни, 2021 жылы осы жоспарды жасап, оны енгізіп, 2022 мен 2023 жылдары өзгерістерге талдау жасау арқылы қажетті жерлерін өзгертіп, енді стратегиялық дамудың екінші этапына өттік десек болады.

 – Бұл миссия, стратегиялық жоспар неге сүйеніп өзгерді?

 – Осыдан екі жыл бұрын Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылған кезде жаңарған министрліктің 2024-2029 жылдарға арналған даму бағдарламасы мен Қазақстан Республикасындағы жоғары білім мен ғылымды дамытудың тұжырымдамасы аясында барлық университеттер даму бағдарламаларын қайта қолға алды. Сондықтан біз де бүкіл ұжым болып атсалысып, талқыладық. «Қай жері дұрыс, қай жері бұрыс? Қандай мәселелер ескерілмей қалды?» деген пікірталастың нәтижесінде 2024 жылдың басында оқу орнымыздың Өкілетті Кеңесінің мәжілісінде осы стратегиялық даму бағдарламасы қайта бекітілді. Бір айта кетерлігі, әр оқу орнының стратегиялық жоспары әртүрлі болады. Оны дайындау барысында да әртүрлі жағдайлар кездеседі. Бірақ биыл Халықаралық академиялық аудит бойынша келген әріптестеріміз бүкіл ұжымның стратегиялық даму жоспарын әзірлеуге белсене қатысқанына жоғары баға берді.

Жанар Темірбекова
ғаламтордан

 – Стратегиялық жоспар қандай бағыттар бойынша жұмыс істейді?

 – Негізінен төрт бағытты қамтыды. Әр бағыт бойынша қойылған мақсат пен міндет нақтыланған. «Соларды қаншалықты орындай алдық?» деген сұраққа жауап беретін индикаторларды белгіледік. Мұның бәрі талқылаудан өтті. Жыл сайын оперативті жоспар құрамыз.

Жоғары оқу орны үшін академиялық білім беру процесі маңызды. Стратегиялық жоспарға арнайы қадам ретінде бекіткен мақсаттар және академиялық басымдылыққа қол жеткізу аясында жұмыстар атқарылуда. Біз негізінен білім алушыларға назар аударамыз. Әрине, оқытушылардың да жағдайы тыс қалмайды. Профессор-оқытушы құрамының біліктілігін арттыру, олардың сапалы білім беру бағдарламасын жаңартып, қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар бір төбе болса, ал студенттердің үздіксіз дамып, білім алуына жағдай жасау үшін инфрақұрылым – студенттік клуб, жатақхана, тағысын тағы, бәрі қарастырылған.

Академиялық аудит бойынша келген әріптестер студенттердің белсенділігі мен университетке деген сүйіспеншілігін ерекше атап өтті. Академиялық процестегі негізгі қадамдар – ПОҚ біліктілігін арттыру, білім беру бағдарламаларын жаңарту, өзін-өзі үздіксіз дамыту, сапалы білімгерлерді тарту, инфрақұрылымды дамыту.

 – Білім беру бағдарламасының сапасы қалай анықталады?

 – Білім беру бағдарламасының сапасын анықтау барысындағы халықаралық деңгейдегі оқу орны үшін ең маңызды процестің бірі – білім беру бағдарламаларының аккредитациясы. Бізде де бұл процесс үздіксіз жүргізіледі. 2023-2024 оқу жылының 20-23 ақпан аралығында білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша IQAA тәуелсіз агенттігі арқылы 42 білім беру бағдарламалары аккредиттеу процедурасынан өтіп, 5 жыл мерзімге аккредиттелді. Сондай-ақ, 2023-2024 оқу жылының қазан айында жоспарланған 22 білім беру бағдарламалары білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша IQAA тәуелсіз агенттігі арқылы постмониторингтік аккредиттеу жұмыстары ұйымдастырылып, толық нәтижелі аяқталды.

Жанар Темірбекова
ғаламтордан

Әрине, білім беру сапасын арттыру бағдарламасы өте маңызды. Аккредиттеу бір бөлігі ғана. Олар келіп бағалап, мониторинг жасайды. Ал мониторинг жасау үшін білім беру бағдарламасының саны мен сапасы студенттердің тағылымына сай, жұмыс берушілердің талабына сәйкес болу керек. Соның нәтижесінде реестрге енгізілген жаңа білім беру бағдарламалары бар. Мәселен, бакалаврда – 21, магистратурада – 1, резидентурада – 2 жаңа білім беру бағдарламасы енгізілді. Ал 7 педагогикалық даярлау бағыты бойынша 6 айлық «Педагогтік қайта даярлау» курсы ашылды.

«Орта білім беруді жаңғырту» жобасының аясында университетте инновациялық 18 білім беру бағдарламасы енгізілді. Мұнымен қоса 3 білім беру бағдарламасының мазмұны жаңартылды. 2024-2025 оқу жылына барлық инновациялық білім бағдарламаларына студенттер қабылданатын болады.

 – Университеттің оқытушылар құрамы біліктілігін қалай арттырады?

– Әрине, талантты студенттерге білім беру үшін оқытушы да сол талапқа сай болғаны абзал. Олар әртүрлі бағдарлама бойынша кәсіби біліктілігі дағдысын арттыруға ден қояды. Былтыр педагогикалық білім моделін енгізу және оның мазмұнын нығайту жобасы аясында университет оқытушыларының төрттен бірі, яғни 187 оқытушы-профессор 160 сағаттық кәсіби біліктілігін арттыру курсын аяқтады.

Назарбаев университетінің Хяме қолданбалы ғылымдар университетімен бірігіп өткізген «Білім саласындағы көшбасшылар» біліктілікті арттыру бағдарламасына университеттің белсенді оқытушылары қатысты.

Олар әлемнің озық университеттерінің профессорларынан дәріс алып, заманауи әдістермен танысты. ПОҚ біліктілігін арттыру мақсатында оқытушы-профессорлық құрам үшін BMG Upskill компаниясымен келісім-шарт жасап, Coursera платформасындағы дәрістерге 152 лицензия сатып алған едік. Бұл бойынша курсты 300 ұстаз бастап, 103 оқытушы сәтті аяқтады. Бір мезетте бірнеше курстан өтіп, 229 сертификатқа ие болды.

Биыл Coursera платформасын сәтті қолданғанымыз үшін арнайы министрлік тарапынан 670 лицензия қаржыландырылды. Енді мұны мұғалімдер ғана емес, студенттер де пайдаланып, озық курстарға тіркеліп әртүрлі дағды бойынша біліктілігін арттыра алады. Қазір студенттер әлемнің айтулы жоғары оқу орындары оқытушыларының дәрісін қазақ тілінде тыңдап, үздіксіз жан-жақты дамуына барынша жағдай жасалды. Еске сала кетсек, наурыз айында Ғылым және жоғары білім министрі келіп, зертхананың тұсауын кескен еді.

Ал университеттегі академиялық, ғылым, медицина, әлеуметтік, шаруашылық бағытында атқарған жұмыстар туралы айтып өтсеңіз...

– Сапалы білім беру үшін талантты студенттерді жинадық, оқытушылардың біліктілігін арттырдық. Енді олардың дәрістері мен зертханасын да реттеп, заманауи деңгейге жеткізу маңызды. Осы орайда, зертханаларды жаңарту бойынша жаңа құрал-жабдықпен қамтамасыз етуде министрліктің атқарып жатқан жұмысы орасан.

Қожа Ахмет Ясауи университеті
ғаламтордан

Сондай-ақ, Түркия Республикасындағы TIKA ұйымының біздің университетке деген көзқарасы жақсы. Осы ұйым тарапынан Жаратылыстану факультетіне нанотехнология және энергетикаға арналған жаңа материалдар зертханасы, микробиология, биотехнологиясы зертханасы, мектептегі оқытудың инновациялық әдістері: химия, биология, физика пәндері бойынша зертханалар ашылды.

Ал Медицина факультетіне – микробиология, вирусология зертханасы жасақталды. Сондай-ақ, жалпы университеттің қолдануы үшін интерактивті видео студия, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Лесбек Ташимов атындағы дәрісхана, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, п.ғ.д, профессор Серік Жайлауұлы Пірәлиевтің атындағы конференция залы демеушілер тарапынан жасақталды.

ХҚТУ
ғаламтордан

– Қандай ғылыми жобалар жүзеге асуда және қаржыландыру деңгейі өсті ме?

– Университеттегі негізгі бағыт – ғылыми-зерттеу жұмысы мен оны ұйымдастыру. Бұрын Кеңес одағы кезінде білім беру ұйымдары көбінесе институт деңгейінде қалып қоятын. Ал университет деңгейіне жету үшін онда ғылыми жұмыстар да дамып, арнайы зертханалар жұмыс істеп тұруы керек.

Әрине, біз де бұл бағыттағы жұмыстарға айрықша мән береміз. Соңғы 3 жылда едәуір жақсы нәтижелерге қол жеткіздік дей аламыз. Атап айтсақ, 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда оқу орнымыздың ғылыми әлеуеті артып, ғылыми жобалар саны 5 есеге дейін, қаржыландыру 6 есе өсті. Дәл қазір университетімізде 34 жоба жүзеге асып жатыр, оның ішінде 1 жобамыз мегагрант иеленді.

Мұның артында үлкен жұмыс жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде ғылыми жобамен айналысқысы келетін ғалымдарға жағдай жасау мүмкіндігіне қол жеткіздік. Бұған дейін үлкен дайындық жүргізіп, жыл сайын «Қысқы мектеп» жобасын ұйымдастырып, талантты, ғылымға бет бұрамын деген жас ғалымдарға тренингтер өткіздік. Қазақстанның, Түркияның, өз оқу орнымыздың алдыңғы қатарлы ғалымдары жастарға ғылыми жоба жүргізудің жолын көрсетті. Мұның нәтижесін көріп те отырмыз. Мәселен, халықаралық рейтингтерде жақсы позицияларға ие болып жатырмыз. Университет тынысымен таныс көпшілік те сөзімізді растайды деп сенеміз.

Қ.Ясауи атындағы қазақ-түрік халықаралық университеті
Қ.Ясауи атындағы қазақ-түрік халықаралық университеті

Кез келген елдің болашағы сол мемлекеттегі жоғары білім деңгейі мен ғылыми-инновациялық зерттеулердің дамуымен тығыз байланысты. Түркі Әлеміндегі іргелі оқу орны және Тәуелсіз Қазақстанның төл құрдасы болып құрылған алғашқы халықаралық университет ретінде мемлекетіміздің кемел келешегі жолындағы қарқынды жұмысымызды жалғастырамыз.