Тоқаев Путинге: Өзіңізбен талқылағым келетін біраз пікір-пайымым бар
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин Кремльде бейресми кездесу өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге жеткелі көрсетілген ерекше сый-құрмет үшін ризашылығын білдіріп, екі ел арасында бүгінде ешқандай түйткіл жоқ екенін алға тартты.
«Ресей астанасындағы ыстық ықылас мені қатты таңғалдырды әрі қуантты. Екіжақты ынтымақтастық стратегиялық серіктестік, одақтастық қатынастар сипатына ие. Барлық бағытта бірлесе жұмыс атқарып келеміз. Мемлекеттеріміз арасында ешқандай түйткіл жоқ. Мәселе туындаған күннің өзінде президенттер мен үкіметтер басшыларының күш-жігері арқасында оң шешімін табады. Сіздің шақыруыңызды зор ықыласпен қабыл алдым. Расында, бүгін бейресми жағдайда пікір алмасамыз. Менің өзіңізбен талқылағым келетін біраз пікір-пайымым бар», – деді Қазақстан президенті.
Ал Путин уақыт тауып, мемлекеттік сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді. Және екі елдің ұдайы байланыста екенін атап өтті.
«Бүгін бейресми жағдайда кездесіп, барлық өзекті мәселе бойынша әңгімелесеміз. Ал ертең әріптестермен бірге екіжақты қарым-қатынастың күн тәртібін қарастырамыз және перспективті бағыттарға назар аударамыз. Жалпы алғанда, біз осы жылды өте жақсы нәтижелермен аяқтаймыз, сондай-ақ таяу келешекке арналған жоспарды орындаймыз деп ойлаймын», – деді Ресей президенті.

БОРТ N1 Telegram-арнасы екі президенттің бейресми кездесуінен бейнежазба жариялады. Онда Путин Тоқаевты «отырып, шай не кофе ішуге» шақырған.
Ал Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мемлекет басшыларының бейресми кешкі асынан түсірілген суретті әлеуметтік желіде бөлісті.