10 Желтоқсан 14:59
...

Шәкір Ыбыраев, түрколог-ғалым: «Түркология» журналын әлемдік рейтингтегі басылым қатарына қосу керек

Түркология институты
Фото: ғаламтордан

Түркология – түркі тілінде сөйлейтін халықтардың тілін, этнографиясын, тарихын, ауыз әдебиетін, мәдениетін зерттеу нәтижесінде қалыптасқан шығыстану ғылымының жеке саласы. 

 Елімізде ғылымның бұл саласына еңбегі сіңген ғалым көп. Соның ту биігінде Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, түрколог-ғалым Шәкір Ыбыраев тұр.

Л.Гумилев атындағы Түркология кафедрасында ғалым ретінде қызмет атқарған оның ұзақ жылдар бойы Қорқыт Ата туралы зерттеген еңбегі «Қорқыт және ежелгі түркілердің діни наным-сенімі» атауымен жарық көрді. Бүгінде бұл фольклортануға қадам басқан әр жас ғалымның негізгі сүйенетін еңбегіне айналды.

Білікті ғалымды Қ.Ясауи атындағы қазақ-түрік халықаралық университеті басшылығы Түркология ғылымының деңгейін көтеру үшін аттай қалап, арнайы шақырту ұсынады.

«Түркітану – түркі халқына ортақ ғылым»

 – Түркітану – түркі халықтарының ғана еншілеп алған ғылымы емес. Онымен Еуропа ғалымдары да айналысуда. Әр елде өздерінің қал-қадірінше бұл ғылымды зерттеп жатқандар жетерлік. Түркітануды осыған дейін тіл білімі сияқты қарастырып келсек, қазір ол кешенді ғылым жүйесіне айналды. Өзім ұзақ жылдар бойы Қорқыт бабамыз туралы зерттеп келемін. Қорқыт атаға байланысты, оның кітабы туралы бізге жеткен жазбаша бір ескерткіш бар. Мұны әлем ғалымдары жан-жақты қарастыруда. Осыларды жинақтап, қазіргі ғылымның жеткен деңгейі тұрғысынан пайымдап, оқырманға ұсыну керектігін түсіндім.

Кеңестік дәуірде фольклорды кәсіби әдебиетке дейінгі ауызша айтылған әдеби шығарма ретінде қарастырып келдік. Яғни, сөз өнері ретінде қабылдадық. Ал Еуропа әу бастан басқаша көзқараста болды. Фольк­лорды зерттеудің бір басында әде­биет­танушы ғалымдар, екінші жағында ант­ропологтар тұрды. Өйткені, мұнда сөз­ден басқа түрлі ғұрып, наным-сенім, түрлі ри­туалдар бар. Кеңес өкіметінде фольк­лор­ды сөз өнері ретінде қабылдау 1934 жылы КСРО Жазушылар одағының I съезінде Мак­сим Горькийдің баяндамасында тілге тиек етілген «Ауыз әдебиетінен үйреніңдер...» деген пікірінен басталды. Сол съезден кейін фольк­лор толығымен әдебиеттану ғылы­мы­ның қарамағына көшті.

Шәкір Ыбыраев
ғаламтордан

«Түркология инстиуты – әлем ғалымдарының басын біріктіреді»

– 1992 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанынан профессор М.Мырзахметұлының бастамасымен «Ясауитану» ғылыми-зерттеу лабораториясы ашылған. Аталған лаборатория 1993 жылы ғылыми-зерттеу орталығы, кейін 1995 жылдан Қазақстан халықтарының тарихы мен этнофилология ғылыми-зерттеу институты болып қайта құрылды.

1997-99 жылдары штат санының қысқаруына байланысты коммерциялық негізде «Қазақстан тарихы» бөлімі болып, оны философия ғылымдарының докторы, профессор А.Әбуов басқарды. Ал 2000 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Сенатының Түркология ғылыми-зерттеу институты туралы бұйрығы бойынша «Қазақстан тарихы» бөлімі және «Археология» бөлімі негізінде «Түркология ғылыми-зерттеу институты» ашылды.

Түркология институты түрік халқының тарихын, тілі мен әдебиетін, мәдениетін, түркология ғылымының қалыптасу үдерісін, археология ғылымының қалыптасуын, тілдік байланыстарын, сондай-ақ Түркологияның теориялық-әдіснамалық ғылымы мен зерттеу кезеңдеріне салыстырмалы зерттеу жүргізеді. Түркология ғылымының дамуына үлес қосу, ортағасырлық түрік жазба жәдігерлерін зерттеуді жалғастыру және оларды ғылыми айналымға түсіру, түрік халықтарының тілі мен әдебиетін, тарихы мен дүниетанымын, діні мен фольклорын жүйелі түрде зерттеу жұмыстарын атқарып келеді. Мұнымен қоса ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үрдістеріне басшылық ету, қорытынды нәтижелерін жоғары деңгейге жеткізуге мүмкіндік беретін тиімді әдістемелер енгізу, ғылыми кадрларды даярлауға, жас ғалымдардың ғылыми-шығармашылық жағынан өсіп, жетілуіне тұрақты түрде көңіл бөлеміз.

Түркология институтында 20 жылдан бері түркология бағыты бойынша көптеген жұмыс атқарылды. Мұндағы мақсат – түркітану ғылымының бағыт-бағдары мен болашағын зерделеу, әлемдегі түркология бағытындағы жұмыстармен танысу. Бұдан өзге гранттарды иемденуге байланысты да жұмыстар атқарылып жатыр. Түркі халықтарының әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, киім үлгілеріне қатысты жобамыз байқауға қатысты. Қазір нәтижесін күтіп отырмыз.

2025 жылы қыркүйекте екі жылда бір мәрте өтетін Түркология конгресі ұйымдастырылады. Бұл ауқымды шара осымен 11-ші рет өтпек. Қазір дайындық қызу.

Оған дейін институттың ғалымдары бірлесіп, «Түркі халықтарының үйлену салт-дәстүрі» тақырыбында зерттеу жүргізіп, оны жинақ етіп шығарады. Яғни, қазақ, түрік, өзбек, әзірбайжан, татар халқының үйлену салтын құда түсуден бастап, ең соңында келін түсіріп, беташар рәсімін жасау, одан кейін жаңа елге келгендегі орны қандай болатыны туралы сипаттап, белгілі бір үлгі бойынша жазамыз.

 Оған Әзірбайжан, Түркия, Өзбекстан, Татарстан ғалымдары да атсалысып, ұқсастығы мен айырмашылығын тәптіштеп береді. Түркі халықтарының үйлену салтының шығу тарихынан бастап бүгінгі күнге дейінгі көрінісін талдап топологиялық тұрғыдан жинақтап береміз. Бұл жинақты алдағы жылы өтетін конгресте жан-жақтан келген ғалымдарға ұсынамыз деген жоспар бар.

«Түркология» журналы төрт тілде жарық көреді»

– Түркология институтының мұрындық болуымен төрт тілде (қазақ, орыс, ағылшын, түрік) Түркология» деген журнал жарық көреді. Мұнда жарияланатын мақалалар Түркология ғылымының әртүрлі бағытын қамтиды. Яғни, қоғамдық-гуманитарлық салаға қатысты тіл, тарих, әдебиет, фольклортану ғылымы толықтай қамтылады.

Бүгінде ғылыми жұмыстың нәтижесі Scopus, ВАК журналына мақала жариялаумен көрінеді. Біздің ғалымдар да Түркология бойынша зерттеу дүниелерін шығаруды қолға алды. Әрине, Түркістан қаласында мамандар қалыптасқан деп айта алмаймын. Әлі де кадр тапшылығы байқалады. Басқа жақтан ғалымдарды шақырту қиындау. Мұның шешімі – жергілікті жердегі жас кадрларды іріктеп, дайындау. Институттың басшысы ретінде жас ғалымдарды ғылымға тарту, мамандар даярлауды басты мақсат еттік. Себебі, түркология ғылымының болашағы – жастардың қолында. Алдағы оқу жылынан бастап PhD докторанттарын іріктеп алу, түркология бағытындағы тақырыптарды бекітуді қолға аламыз.

Шәкір Ыбыраев
ғаламтордан

Мәскеудегі түркологиялық мектептің өкілімін. Осы университетте жұмыс істеп жүргенде төрт тілге шығатын «Түркология» журналын және ғылыми-зерттеу институтын құруға атсалыстым. Содан бері 20 жылдан астам уақыт өтті, ал университеттің ашылғанына – 33 жыл. Алайда, осы  уақыт ішінде атқарылған жұмысқа тікелей баға бере алмаймын. Әртүрлі маман басшы болды.

 Егер іс жүзінде нәтижелі жұмыс жүргізілсе, «Түркология» журналы Scopus пен ВАК тізіміне тіркелу керек еді. Сондықтан қазір басшылық қызметке Жанар Амангелдіқызы келгелі осы мәселеге жіті көңіл бөлініп жатыр. Оқу процесімен бірге зерттеу жұмыстарын да қолға алды. Болашақта тек білім беретін ғана емес, зерттеу университеті деңгейіне жеткізуге күш салуда.

Мақсат – әлемдік рейтингтегі журнал қатарына енгізу. Жалпы, зерттеу жұмыстарды Қазақстан көлемінде ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерге танымал ету қажет. Бүгінде түркология ғылыммен түркі, Еуропа ғалымдары, тіпті дүниежүзі ғалымдары айналысады. Дәл қазір нәтижеден гөрі, алдымызға қойған мақсат-міндет үдесінен шыға алсақ, белгіленген межеге жетеміз деген ойдамын. Мұның бәрі ғалымдардың біліктілігіне, әлеуетіне байланысты.

Ертеректе институтты басқарған тұста «Түркі халықтарының тарихи тұлғалары» атты кітап жарық көрді. Түркі дүниесінен шыққан әлемдік деңгейдегі ойшылдары түгел қамтылды. «Түркі халықтарының жалпы тарихы» деген еңбектің өзі бір төбе. Одан бөлек түркі халықтарының әдебиетіне байланысты жинақ шықты. Мәскеуде қызмет атқарған әйгілі түріктанушы ғалым Әмір Нәжіп ортағасырлық жазба ескерткіштерін зерттеді. Оның бірқатар еңбегі жарыққа шықпай қалды. Мұны Ресей де шығара қойған жоқ. Сол қолжазбасын алдырып, Түркология инстиуты екі кітап етіп құрастырды.