15 Қыркүйек 18:15

Кирилицадан құтылудың соңғы амалы: Украина латын қарпіне көше ме?

Фото:

Украина мемлекеттік тілін тұғырына қондыру үшін ештеңеден тайынған емес. Қайбір жылдары елді Ющенко басқарған тұста экс-премьер Юлия Тимошенконың өзі талай батыл қадамға барған.

Тіпті, бұрынғы президент Петр Порошенко да Украина мектептерінде бесінші сыныптан бастап, сабақтың тек украин тілінде өтуін талап ететін заң жобасына қол қойған-тұғын. Алайда, Украинада тұратын аз ұлт өкілдері заң жобасына қарсылық танытып, «көпұлтты мемлекетте моноэтникалық тілді күшпен енгізіп отыр» деп сын айтса да, билік райынан қайтқан жоқ.

2019 жылдың сәуір айында Украинада «Украин тілін мемлекеттік тіл ретінде қамтамасыз ету туралы» заң қабылданып, ол бойынша заң нормасын бұзған шенеуніктерге айыппұл салынатын болды. Яғни, мемлекеттік және жергілікті органдар, білім беру және денсаулық сақтау мекемелері қызметті тек қана украин тілінде көрсетуі міндеттелді.

Олар біздің кейбір министр мен депутаттар сияқты намыссыз емес, орыс тілінде сөйлеген депутатты партия қатарынан шығарып тастайды. Оған мысал – көктемде Харьков облыстық кеңесінің депутаты Александр Дорошенко орыс тілінде сөз сөйлегені үшін  партиядағы орнын босатқан. Ол «басқыншы елдің тілінде сөйлегенім үшін әріптестерімнің алдында кешірім сұраймын» деп қателігін түсініп, өкініш білдірді. Бұған дейін Украинада клиентпен орысша сөйлескені үшін пошта қызметкері жұмыстан қуылғаны жұрт есінде.

Украина латын қарпіне көше ме?

Осы аптада орыс тілінен «құтылудың» барлық жолын қарастырған Украинада латын қарпіне көшу туралы ұсыныс айтылды. Украина Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Алексей Данилов кириллицадан бас тартып, латиницаға көшу туралы ойын айттыі.

«Бізге кириллицадан құтылу керек. Екі тіл – украин мен ағылшын тілінің болуын құптаймын. Ағылшын тілі – міндетті түрде бізбен бірге өмір сүреді. Өркениетке қол жеткізгіміз келсе, онда ағылшын тілі – сол өркениеттің тілі. Сондықтан ағылшын тілін балабақшадан бастап оқыту қажет», – деді Данилов.

Десе де, елде білім беру орындарына орыс тілін қайтару мен тілге қатысты заңды бұзғандарға салынатын айыппұлды алып тастау туралы мәселені жеңілдеткісі келетін арнайы топ бар. Жоғарғы рададағы «Слуга народа» партиясынан сайланған депутаттар жоғары оқу орындары мен мектептерде орыс тілінде білім алу құқын қайтару, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлерге украин тілінен тапсыратын сынақты жеңілдету жөнінде  ұсыныс айтты.

Орыс тілін қызғыштай қорғаған депутаттардың шырылдауына 2019 жылы қабылданған заңнан бөлек, қазіргі президент Владимир Зеленский қол қойған «Жалпы орта білім беру туралы» заң түрткі болыпты.

Бұл заң 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап елдегі орыс тіліндегі мектептерді жоюға бағытталып, орыстілді отбасындағы баланың 5 сыныптан бастап пәндердің кем дегенде 80 пайызын украин тілінде оқуды міндеттейді. Нәтижесінде орыс тілінде білім беру бағдарламасы түбегейлі жойылады делінген.

Алайда, әлеуметтік сауалнама қорытындысы басқа көрсеткішті көрсетіп отыр. Украина халқының жартысына жуығы әлі де орыс тілінде сөйлеуді құп көреді екен. Дәлірегінде, халықтың 35 пайызы орыс тілін – туған тілі санайды. Бұл нені көрсетеді? Сонда биліктің іс-әрекеті әлі жемісін бермегені ме?

Қазақстан латынға көшуді 2023 жылы бастайды

Ал Қазақстанда қазақ тілін латын графикасына көшіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Бұл бастама көтерілгелі бірнеше нұсқа ұсынылды. Латын графикасына толық көшу уақыты да өзгерді.  

2006 жылы елдің сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілін латын қарпіне көшіру туралы ойын айтты. 2017 жылы Назарбаев үкіметке латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиін дайындауды тапсырды. Тіпті, сол кезде «латынға 2025 жылы көшеміз» деген жоспар болды. Бірақ үкімет кейінге шегеріп, бұл процесс 2023-2031 жылдары жүреді деді.

Бір қызығы, осы уақытқа дейін ұсынылған нұсқаның ешқайсысы ресми түрде бекітілмесе де, елімізде көптеген мекеме, БАҚ, қоғамдық орындардың атауы латынша жазыла бастады. Әрине, бұл – биліктен берілген тапсырма. Жауап біреу – «халықтың көзі үйрене берсін».

Бұған дейінгі қоғамда талқыға салынған төрт нұсқа да сынға ұшырап, бекітілген жоқ. Жоба жасаушылардың ішінде тіл саласына үш қайнаса сорпасы қосылмайтындар да болған. Ал соңғы талқыланған нұсқада 31 әріп бар. Оның өзі – шикі. Соған қарағанда латынға көшу процесі әлі кешеуілдей беретіні айтпаса да түсінікті. Үкіметтің жоспары бойынша, латын графикасына тек қазақ мектептері көшеді. Мемлекеттік тілдегі құжаттар ғана латын қарпімен жазылады. Латынмен қоса, кириллица да қолданыла береді.

Nege.kz тілшісі А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтындағы бірнеше ғалымға хабарласты. Тақырыптың Украинаға қатысы барын білген соң, ондағылар ұлты украин ғалым Александр Гаркавецпен тілдесуді ұсынды. 

«Сен сұрап отырған жайтты білемін. «Украина латын қарпіне көшуі керек» деген пікірді айтқан адам ешкім емес. Оның мәлімдемесі ешқандай мәнге ие болмайды. Оған Украин тілі институтының директоры да лайықты жауабын берді.

«Кириллица бізбен мың жылдан астам уақыт бірге келеді», – деді институт директоры. Украина билігінде де кездейсоқ адам көп. Олар да еш дайындықсыз сөйлей салады. Бізді бір-бірімізбен қырылысып жатсын дейтін шығар. Не болмаса, көшеге шықпасын дейді. Бұл тақырыпты қозғаудың керегі жоқ. Еш пайдасы да жоқ. Одан да өмірлік мәселені қаузау керек қой. Халықтың жұмысы жоқ, жалақысы аз. Зейнетақысы да мардымсыз.

Жалпы, латынға көшу оңай шаруа емес. Бұл уақытты қажет етеді. Жазушылар да өздерінің оқылмай қалуын қаламайды», – дейді ғалым.

Сондай-ақ, ол: «Қазір қазақ тілі мен орыс тілінің қолданыс аясы тарылып жатыр» деген сөз бекер. Бізде де, басқа елде де. Бір кезде болды, қазір жоқ. Бүгінде телеарнаны қоссаңыз, 140 каналдың 120-сы орыс тілінде», – деді бүкпесіз.

«Украина латынға көшу керек» деген Украина Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Алексей Даниловтың ұсынысына Украина тілі институтының директоры Павел Гриценко «бұл – нонсенс» деп жауап берсе, Мәдениет және ақпараттық саясат министрі Александр Ткаченко: «Бұл бастаманы көтеруге әлі ерте. Бәріміз алдымен украин тілін меңгеріп алуымыз керек. Латынға көшу туралы содан кейін айтуға болады», – деді.

Ал біз ше? Біз латынға көшуге дайынбыз ба? 

Тегтер: