27 Маусым 08:47
...

«Жасанды интеллект жазатын сценарий де, сен де бірдейсің» – Питчингтен өтпей қалған режиссерлер НЕГЕ өкпелі?

Ұлттық киноны қолдау орталығы
Фото: Коллаж NEGE

Бұған дейін Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы 2025 жылғы киножобалар питчингі басталғанын, ашық қорғау 9-12 маусым аралығында Алматы қаласында өтетінін хабарлаған. Оған байқаудың екі кезеңінен сәтті өткен 99 жоба қатысқаны мәлім. 

Сол кезде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали: «Сараптама кеңесі ұлттық киноға сүбелі үлес қосатын жобаларды іріктеу үшін бар күшін салады деген сенімдеміз. Ұлттық кино – ұлттың рухани келбеті. Сондықтан мемлекет қаржысына түсірілетін фильмдердің мазмұны мен сапасы жоғары деңгейде болуы тиіс. Киногерлер бұл жауапкершілікті терең түсінеді деп ойлаймыз. Біз ашық конкурс өткізуге мүдделіміз», – деген.

Ал сараптама кеңесінің төрағасы Бауыржан Шөкенов кәсіби және әділ бағалаудың маңызына тоқталып: «Әрбір жобаны мұқият қарап, оның идеялық мазмұны мен драматургиялық сапасын бағалаймыз. Мемлекеттік қолдауға лайық, мазмұны бай әрі болашағы зор жұмыстар іріктеледі деп үміттенеміз. Барлық бағалау кезеңдері бекітілген талаптарға сай әділ өтеді», – деген болатын.

Кино
Б.Шөкенов. Фото: ғаламтордан

13 наурызға дейін көркем, деректі және анимациялық фильм секцияларына барлығы 444 өтінім түсіп, оның ішінде 357 жоба Сараптама кеңесінің қарауына жіберілген. Нәтижесінде 128 сценарий мен сценарий жоспары екінші кезеңге өтіп, 99 жоба питчингке жолдама алыпты. Ал дауыс беруден кейін ұлттық фильм мәртебесіне үміткер 33 киножоба оң қорытынды алды.

Алайда, бұл жолы да питчинг қорытындысы дау туғызды. NEGE тілшісі наразылық танытқан режиссерлердің пікірін ортаға салды.

Талғат ТЕМЕНОВ, режиссер, Қазақстанның халық әртісі:

Комиссияда кино өнеріне түк қатысы жоқ адамдар отыр

Режиссер
Т.Теменов. Фото: ғаламтордан

– Ұлттық киноны қолдау орталығы Мәдениет министрі болған Арыстанбек Мұхамедиұлы тұсында өмірге келген. Жалпы идеясы жақсы, алайда іс жүзінде құмырсқаның илеуіндей, түсініп болмайтын кванттық ғылымнан да қиын. Комиссия мүшелерін Мәдениет министрлігі бекітеді. Алайда, бұл тізімді кім ұсынғаны белгісіз. Оған мүше болуда қандай принциптерге сүйенген? Себебі, ол кеңесте мультипликатор да, кинотанушы да, бір сценарий жазбаған жазушы, журналист, депутат, каскадер, актер, музыкант та бар. Тек логика жоқ. Себебі, анимациялық, документтік, дебюттік, көркем фильм сценарийлерін комиссия мүшелері бөлек-бөлек оқиды да, дауыс бергенде бәрі бірігіп кетеді. Есептегенде дауысыңыз жетпейді. Нағыз ұрлық осы жерде... Комиссия мүшелерін естісеңіз, атынан ат үркеді. Бірақ көбінің кино өнеріне түк қатысы жоқ. Мысалы, Нұржан Жалауқызының кинодраматургияға не қатысы бар? Орыстілді музыкант Бауыржан Шүкенов қашан, қандай сценарий жазыпты? Қандай фильм түсірген екен?! Қалайша ол төраға болды?

Басқа басқа, депутаттарды комиссияға қосу – нонсенс. Заң жобасын оқуға уақыты жоқ азаматтар 400 сценарийді қашан, қалай оқысын?! Комиссия құрамындағылардың қайсынан сұрасаңыз да дауыс бергенін айтады. Бірақ жетпей қалған көрінеді. Бұл – қитұрқы әдіс. «Мосадтан» да асып түсетін өрмекшінің торы. Кезінде осы пичингті өзгертуге атсаласқан Құрманбек Жұмағалидың еңбегі.

«Тәп-тәуір-ақ ән еді пұшық айтып қор қылды» демекші, жақсы идея бақсының бал ашқанынан да қиын. Қияметтің қыл көпірінен бетер азап. Комиссия мүшелері Мүңкір-Нәңкүрден де қорқынышты. Оларға сенің еңбегің де, тәжірибең де, тақырыбың да, атың да, затың да керек емес. Жасанды интеллект жазатын сценарий да, сен де бірдейсің. Абай айтқан «Соқыр-мылқау танымас тірі жанды» пенделер. Сценарий немесе автор ұнамаса, болды. Басқалары бас шұлғып отыра береді.

Мемлекеттік сыйлықтың иегері әйгілі режиссер Ардақ Әмірқұлов Шыңғыстың «Ғасырдан да ұзақ күн» шығармасын ұсынған. Өкінішке қарай, Айтматовты әлгі комиссия «атып» түсірді. «Диалогтары нашар» дейді. «Байқоңырдан қорыққан болар», – дейді Ардақ Әмірқұлов. Сонда, мұндай комиссия кімге және не үшін керек? Миллиондаған жүрекке нұр сепкен Айтматов пен Әуезовтерді неге біреулер қоқысқа тастауы тиіс?.. Және бұған кім жауап береді?

Питчинг
Қ.Жұмағали, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» басқарма төрағасы.Фото: ғаламтордан

Өзім осы жолы Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» пьесасының желісімен жазылған сценарийді ұсынғам. Қазақ классигінің түсірілмегеніне жарты ғасыр өтіпті. Сценарийді мемлекеттік тілде жаздым. Комиссия мүшелерінің көпшілігі қазақша оқымайды, білмейді.

Сонымен қатар, питчинг кезінде сценарийді талқылау, пікір алмасу емес, ә дегеннен аяқтан шалу, өш алу, суреткерді сүріндіру, қалайда құлату, құлдырату, кері тарту көзге ұрып тұр.

Мысалы, Роза Мұқановаға бұл мүшелік өте «тиімді» көрінген сияқты. «Өз повесіне өзі сценарий жазбаған жанның» саған драматургиядан дәріс оқып, Әуезовтің «әкесін танытқанын» көргенде жер басып жүргеніңізге кінәлі боласыз. Алайда, болашақ фильмнің тағдыры шешіліп, ертеңгі көрерменге «Не көрсетеміз?» деп тұрған сәтте Ұлттық киноны қолдау орталығын жеке басына пайдалану, өш алу, тізе батыру, менің дарын-қабілетіме шүбә келтіру – өнерге деген қиянат.

Қазіргі біздің елге өш алу, тізе батыру, құрту, жою емес – адамды құрметтеу, сыйлау, қадірлеу принциптері ауадай керек! Біз «өркениетті қоғам құрамыз» десек, ол өнерден басталуы тиіс. Абай айтпақшы, «Саф өнер бықсық ойдан тумайды...» дегенді кім-кім болса да естерінде сақтағаны дұрыс. Бұл менің жанайқайым екенін көзі ашық қазақ көрермені түсінеді деп ойлаймын. Сондықтан бұл былықты тек Мәдениет министрлігі емес, Үкімет болып тазартпаса болмайды. Бұл «Авгийдің ат қорасынан да лас» болып тұр. Өйткені, біз көрермен үшін яғни ұрпақ үшін алаңдаймыз. Солардың саналы азамат болуы үшін жанымды шүберекке түйіп жүргенімді комиссия мүшелері ұмытпаса деймін.

Демек, Ұлттық киноны қолдау орталығының басшысы Құрманбек Жұмағали комиссия мүшелерін түгел жариялау керек. Олардың кино өнеріне қатысын жаза кеткені дұрыс. Екіншіден, неге дауыс беру жасырын өтеді? Оны кімдер санайды? Олардың да аты-жөнін білгеніміз дұрыс. Себебі, қаржы халықтыкі екені есте болсын!

Данияр САЛАМАТ, режиссер:

«Қазіргі режиссерлер кафедегі даяшылар секілді, не сұраса соны әкеліп береді»

Режиссер
Д.Саламат. Фото: ғаламтордан

– Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы сарапшылар алқасы шығарған питчингтің қорытынды тізімінде жоқ екенбіз, яғни, құлатыпты. Әуелде Кенжебек екеуіміз «Көресі», «Чина күйеуге шықты», «Күміс қоңырау» атты фильмді ұлы аламанға қосқанбыз. «Көресі» мен «Чина күйеуге шықты» әлеуметтік драма болатын. Олар алғашқы іріктеуден-ақ омақаса құлаған. Бар қайыр мен үміт «Күміс қоңырауда» еді, оны питчингтен сұлатыпты. Не үшін? Көркемдігі төмен болғаны үшін бе? Олай болса, питчингте айтылар еді ғой? Ештеңе айтпаған эксперттік кеңес мүшелері, жақауратқан бір-екі сұрақ қойды да, шығарып салған. «Күміс қоңырау» былтыр да қатысып, питчингтен өткен еді. Одан әрі министрлік сүзгісінде іркіп қалған. Биыл «министрліктің басын қатырмай, жұмысын жеңілдетейік» десе керек, питчингтен ары оздырмапты.

Өкініштісі, шын киноны, ұлттық киноны түсінеді-ау деген, қорғайды-ау деген өзім сыйласып жүрген Сараптама кеңесінің төрағасы Б.Шүкеновтің, орынбасары, киносыншы Н.Рахманқызының, жазушы Р.Мұқанованың, кинорежиссер Е.Нұрмұханбетовтің, киносыншы И.Смаилованың жүрегінің дір етпеуі еді. Қазақ киносының қарабайырланып бара жатқаны өкінішті. Өнер мен көркемдіктің шыңы – авторлық киноның, ащы әлеуметтік киноның питчингтен аты өшкені өкінішті. Қазақ киносының маңызы мен міндетін ұғады деген сараптама кеңесінде отырған адамдардың ағыстың жетегінде кеткені өкінішті.

Қазақ киносының қарабайырланып бара жатқанын питчингтен өткен фильмдердің тақырыбын қарасаңыз сезесіз. Осы аламанда аты озған бір жақсы інімнің «Кейінгі кезде қазақ киносы жылап-сықтау болып кетті ғой, (кедейлерді жырлап кетті дегені шығар), қазақта да алпауыттар болған», – деп «кедейлердің режиссері» – біздің бақшамызға бір-екі тасты лақтырып-лақтырып жібергенін де таратып айтпай-ақ қояйын. Тек айтарым, иә, жиырмасыншы жылдары кекірігі азған алпауыттар болған, бірақ оның ар жағында зар жылаған халық жатқан. Фонсыз картина болмайды. Ол алпауыттарыңды да жиырмасыншы жылдың соңы, отыздың басында тоз-тоз қылған. Олар не, жыламады ма? Жылағанда қалай, ар жағындағы соры қалың халқымен қосыла солқылдаған...

Хайыр, қазақ жылағысы келмейді екен. Той керек екен қазаққа. Оларға той керек екен деп, той жасап бере береміз бе? Құндылығын тойға айналдырып, бұрын аштықтан қырсақ, енді рухани тоздырамыз ба? Сатыбалды Нарымбетов ағайым: «Қазіргі режиссерлер кафедегі даяшылар секілді, не сұраса соны әкеліп береді», – деп еді. Иә, біз даяшыға айналып барамыз.

Шын режиссердің мақсаты не? Режиссер жұртын рухани сау болса дейді! Той тойлап, арзан күлкі мен сентиментализмді қорек етіп, рухани кембағал болмаса екен дейді. Өз қасіретін жете түсінсе екен дейді! Жанына үңілсе екен дейді, қасіретін ұғынса екен дейді. Бірақ оны көпшілік қорыта алмайды. Мұрынын шүйіреді «кедей-кепшік» дейді, «жылап-сықтау» дейді... Сөйтеді де кешкісін бала шаға комедияларға кетеді, әке-шешесі кезекті тойларына дайындала бастайды.

Ардақ ӘМІРҚҰЛОВ, режиссер:

Сарапшылар кеңесінде кәсіби мамандар отыру керек

Режиссер
А.Әмірқұлов. Фото: ғаламтордан

– Осымен төртінші жыл қатарынан Ұлттық киноны қолдау орталығы ұйымдастырған питчингке қатысып, көңілім қалды. Өз басым халтурамен айналыспаймын. Оның үстіне Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» шығармасы өте танымал. Ол мұны қазақ өмірімен, тарихымен байланыстырып жазды. Мұндай жобалар көңілден шықпаса, не үшін ұйымдастырады?

Біріншіден, сарапшылар кеңесінде кәсіби мамандар отыру керек. Олар киноның не екенін, жіті түсінетін адамдар болуы тиіс. Сараптамалық кеңестегі кез келген сарапшы сценарийден хабары бар маман болса дейсің. Неге екені белгісіз, комиссияда бұл салаға тікелей қатысы жоқ адамдар бар. Бұған дейін де кеңес құрамындағы ақын, жазушы, сыншы, депутат сарапшы ретінде не айта алатынын айттым.

Екіншіден, комиссия шешімі ашық, шынайы болуы керек. Сосын келесі жолы бізге сабақ болатындай не үшін тізімнен сызып тастағанын түсіндіруі тиіс.

Ескерту: NEGE редакциясы жобаларға сарапшылық жасап, іріктеуден өткізетін комиссияға жауапты Ұлттық киноны қолдау орталығы мен комиссия мүшелерінің де пікірін жариялауға дайын екенін қаперге салады.