12 Шілде 11:07
...

«Не «Қазақфильмді», не Ұлттық киноны қолдау орталығын жабу керек!» – Талғат Теменов

Теменов
Фото: Коллаж NEGE

Қазақ кино және театр өнеріне өлшеусіз үлес қосқан режиссер Талғат Теменов Ұлттық киноны қолдау орталығының бүгінгі әрекетіне НЕГЕ наразы? Ол мұны NEGE тілшісіне берген сұхбатында ашып айтты.

– Талғат Досымғалиұлы, жақында «Қара қыз» фильміңіздің жабық көрсетілімі өтіпті. Көрермен қалай қабылдады? Үлкен экранға қашан жол тартады? 

– Жабық көрсетіліміне біраз азамат келді. Бұл көптен күткен фильм еді. Бұл – менің кино өндірісіне алып келген жаңалығым. Оған жұмсалған қаражат тым аз болды. Бізбен қатар түсірілген «Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмі мен Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының қилы тағдыры мен өмірінің барлық кезеңін қамтыған «Соңғы үкім» көркем фильмі прокатқа шықты. Оны көрермен өзі бағалай жатар. Дей тұрғанмен, фильмді бітіріп, экраннан көрсеттік.

Бір жыл жатқан фильмнің компьютерлік графиканың ақшасына министр Аида Балаева көмектесті. Онысына рахмет. Үлкен экранға қыркүйек айында шығады деп отырмыз. Бірақ прокатқа бір тиын бөлінген жоқ. Мұны министрге де айттым.

Әлгі прокат мамандары «Прокатқа шығу үшін алдын ала 10 млн-нан 30 млн-ға дейін жарнама беру керек» дейді. Ал бюджетке салынбаған ақшаны, яғни жармананы кім төлейді? Демек, жарнама болмаса, экранға шықпайды деген сөз бе? Өткенде бұл мәселені Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның өзі айтты. Қазақ киносын жарнамасына шығындатпай экранға неге шығармасқа?!

Фильм
Фото: ғаламтордан

Білуімше, сіз еңбектеніп жазған екі фильм сценарийі питчингтен өтпей қалыпты. Неге?

– Ұлттық киноны қолдау орталығының кей әрекеті қарын аштырады. Абайдың: «Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да, Алдамаған кім қалды тірі жанда? Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім, Жалғыз-жарым болмаса анда-санда» дейтіні бар ғой. «Самарқанда бір әпкем бар, менен де өткен сорақы» демекші, орталықтың ішкі асханасында масқара жағдай көп.

Мәселен, Н.Оңдасыновтың 120 жылдығына орай түсірілген толықметражды фильм мен Шона Смаханұлының 100 жылдығына арналған фильм өтпей қалды. Қазақ киносының тарихында ешқашан балаларға арналған музыкалық мюзикл түсірілмеген еді. Соны министрдің айтқаны бойынша жазып, өткіздім. Өкінішке қарай, бұл сценарий де өтпеді. Ал кім өтті дейсің бе? Тимур Бекмамбетовтің сценариі өтіпті. Сондай-ақ, Ұлттық киноны қолдау орталығы аты айтып тұрғандай, ұлттық киноға емес, мәскеулік жас режиссер қыздың Ә.Молдағұлова туралы фильміне дауыс берген. Ол қазақтың өмірін, тағдырын қайдан біледі? Сондықтан менде «Қазақ киносының болашағы, ертеңі не болады?» деген алаңдаушылық басым.

Мәселен...

– Ұлттық киноны қолдау орталығы сценарийді қабылдап, кино орталыққа өткізеді. Бұл салада Қазақстан Кинематографияшылар одағы, одан басқа Мәдениет және ақпарат министрлігі, Кино бөлімі, «Қазақфильм» киностудиясы бар. Бұрынғы министрлердің желеуімен редакция алқасын жапты да, Ұлттық киноны қолдау продюсерлік орталығы құрылды. Штатта бірнеше адам жұмыс істейді. Бірақ сарапшы кеңес құрамын басқа жақтан жасақтаған. Олар көркем фильмді, деректі, анимациялық және дебют фильмді қарайды. Бірақ деректі фильмді оқығандар көркем киноның сценарийін ашып оқымайды. Ал дауыс берген кезде оқығаны да, оқымағаны да қол көтереді. Өмірінде бір сценарий жазбаған, бір сценарий оқымаған адамның сараптама мүшесі болғанына таң қаламын.

Шынын айтсам, сол Ұлттық киноны қолдау орталығындағылардың 70-80 пайызы сценарийді оқымайды. Бір сөзбен айтқанда, қазақ руханиятына қазақша оқымағандар дауыс береді. Бұл әділетсіз жасалған дүние.

Бұған дейін М.Әуезовтің «Қарагөз» пьесасы бойынша «Айқаракөз» фильмінің сценарийін жаздым. Сонау қиын кезеңде қазақ еліне алғаш келіп жатқан қарашекпенділерден бастап ұлы тұлғаларға дейінгі өмірді суреттейтін тың дүние болатын. Оның үстіне Мұхтар Әуезов шығармасының экранға шықпағанына 50 жыл болды. Солай бола тұра мұны да сызып тастады. Сосын бізде балаларға арналған фильм жоқтың қасы. Отырдым да, балалар үшін «Илигай» мюзикл фильмінің сценарийін жаздым. Бұған дейін қазақ киносында мұндай болған жоқ. Тіпті, әріптесім Ардақ Әмірқұловтың Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» шығармасына жазған сценарийін, жазушы Смағұл Елубайдың сиясы кеппеген туындысын кесіп тастаған. Шын мәнінде, орталық оқу орнын жаңадан бітіргендердің, драматургияға еш қатысы жоқтардың сценарийін қолдап отыр.

Ұллық кино
Құрманбек Жұмағали, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының төрағасы. Фото: ғаламтордан

Қазақ өнеріне еңбек етіп жүргеннің бірі – өзім. Оның үстіне балалар киносының психологиясын білемін. Ғ.Мүсірепов театрын басқарып тұрғанда бірнеше мюзикл қойдым. «Шығыс сазы», «Мюлен Ружға шақыру», Карменсита», бәрі де мюзикл қойылым. Ал енді балаларға не көрсетеміз? Жалпы, қазақ киносы тарихында музыкалық фильм аз. Шәкен Аймановтың «Тақиялы періштесі» мен «Менің сүйікті дәрігерім», сосын «Қош бол, Медеу», «Дос-Мұқасан» – бәрі музыкалық фильмдер. Ал балаларға арналған мұндай фильм ешқашан болған емес. Оның орнына ұрпаққа берері жоқ мардымсыз дүниелер өтеді. Бүгінгі балалар ертеңгі қазақ елінің тұтқасын ұстайтын азаматтар. М.Әуезов «Ел болам десең бесігіңді түзе» десе, мен «Ел болам десең, экраныңды түзе» дер едім. Қазір экраннан не көрсетіп жатырмыз? Бұл мәселе айтылса да сөзіміз жоғарыға жетпейді. Ұрпаққа керекті дүниенің көрсетілмеуі, руханиятқа осындай шығарманың қосылмауы – үлкен қасірет.

Жақында режиссер Данияр Саламаттың «Талақ» фильмі Шанхай фестивалінің бас жүлдесін еншілеп қайтқанын естіген шығарсыз. Бұл да бір қазақ киносының жетістігі емес пе?

– Әрине. Бұл фильмнің жетістігі туралы естігенім болмаса, көрген жоқпын. Бірақ көрерменнің киноны көрмей жатып, тон пішіп жатқанына қарным тағы ашты. Өйткені, қандай кино болса да Қазақстан атынан қатысты, қазақ елінің абыройын көтерді. Қазақ кино өнерінің биікке шыққанының дәлелі. Алайда, «Қазақты жаман қылып көрсетті. Қазақты масқаралады...» деген байбалам салғандардың пікірін өз басым қабылдамаймын. Мұны түсірген мамандар көшеден келген адам емес. Әрқайсысы өз ісінің кәсіби маманы. Киноның өзінің эстетикасы, мағынасы, идеологиясы болады. Қалай десек те, қазақ киносын әлемге шығарған түсіру тобына алғыстан басқа айтарым жоқ.

Фильм
Фото: ғаламтордан

«Қазақфильмге» Азамат Сатыбалды келгелі ілгерілеушілік байқала ма?

– «Қазақфильм» басшылығы туралы ештеңе айта алмаймын. Бірақ осы питчингте киностудия ұсынған екі сценарий ғана өтті. Бұл –«Қазақфильм» киностудиясының болашағы бұлыңғыр деген сөз. Не «Қазақфильмді», не болмаса Ұлттық киноны қолдау орталығын жабу керек. Сценарий оқитын адам болмаса, құр жалақы алып жүрген сараптама мүшелерінен не пайда? Осындайда Ұлттық киноны қолдау емес, қорлау орталығы деген сөз амалсыздан ауызға келеді екен. Демек, осы кино саласына қатысы бар мекеме, зиялы қауым қазақ фильмінің мәселесін қолға алмасақ болмайды. Өйткені, мәдениеттің дамуы, елдің болашағы – киноға да байланысты. Бұл мәселені жылы жауып қоймай, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстан Кинематографияшылар одағы, «Қазақфильм», жоғары оқу орнындағы кино факультеті оқытушылары бірігіп, қазір шешкен дұрыс.