20 Қаңтар 20:58
...

Қазбек Бейсебаев: Мәселе Назарбаевта емес...

Фото:

Таяуда Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты Конституциялық заңдарына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Соның бірі – «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заң.

Мәжіліс енгізілетін түзетулерді  Сенатқа жіберіп те үлгерді. Онда «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы өзінің тарихи миссиясына байланысты ел үшін маңызды мәселелерді талқылауда Парламент пен оның палаталары алдында, үкімет отырысында сөз сөйлеуге құқылы» делінген.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесі құрамына кіретіні белгілі болды. Саясаттанушы Қазбек Бейсебаев Nege.kz тілшісіне осы мәселе төңірегінде тарқатып айтып берді.

Тұңғыш президентке қатысты түзетілген заңдар нені білдіреді?

– Назарбаевтың тұлғасына қандай көзқараспен қарасақ та, оның Тұңғыш президент екені – факт. Мәселе біреудің маған ұнайтыны немесе ұнамайтынын да емес, ортақ ереже болуы шарт. Кезінде ол сайлауда жеңді. Ұзақ жыл елді басқарды. Тұңғыш президентті біржола шеттету дұрыс нәрсе емес. Мәселе – Назарбаевта да емес, ереже мен тәртіпте.

Айталық Назарбаевтан кейін Тоқаев президент болды. Тоқаевтан кейін басқа бір адам билікке келеді. Сондықтан ортақ ереже болуы тиіс. Қай мемлекетті алып қарасаң да, президент – елдегі бірінші тұлға.

Ата заң бойынша бұрынғы президенттердің Конституциялық кеңесі құрамына кіретін не Сенаттың алдында сөйлейтін құқығы болуы керек. Бұл – бір.

Екіншіден, біздің екінші президентіміз Тоқаев 16 желтоқсанда Тәуелсіздіктің 30 жылына арнаған баяндамасында Елбасы туралы 21 рет сөз қозғады. Сенаторлардың да екі сөзінің бірі Елбасы болды. Тұңғыш президенттен мүлде бас тартатын болса «Елді 30 жыл бойы кім басқарды?» деген сауал туындайды.

– Мұны біреулер «биліктен кеткен Тұңғыш президенттің құқығын бекіту» десе, енді бірі «Назарбаевтың билігін шектеу» деп те қарастырып отыр. Сіздіңше, қайсысы дұрыс? 

– Әрине, билігі шектелді. Оны көзімізбен көріп отырмыз. Биліктегі барлық кадрлар Назарбаевтың адамдары емес пе?

Талдықорғанда Елбасыға қойған ескерткіштің қалай құлағанын бүкіл әлем көрді. Бұл – отыз жылдық кезеңге берілген баға. Депутаттар билігін шектеп, мәңгілік төрағалықтан алып тастады. Өзі де қарапайым зейнеткер екенін айтты.

Бұл түзетулер Назарбаевтың ғана емес, болашақтағы президенттердің де құқығын айқындайды.

– Заңға енгізілген түзетулерде тек қана «Назарбаев» және «Тұңғыш президент» деп көрсетілген. «Елбасы» деген сөз мүлде қолданылмаған. Тұңғыш президент бұл мәртебесінен де бас тартқаны ма?

– Ол жөнінде қазір нақты айту қиын. Бір білетінім – ұлттық мұражайда Елбасы деген сөзді алып тастағаны. Әр жерде біртіндеп алынып жатыр.

Бізде осы уақытқа дейін «Елбасы» деп ардақтап, аяғын жерге тигізбей мақтап келген еді. Жағдай өзгеріп еді, көп адамның ұстанымдары аяқ астынан өзгеріп сала берді. Адам баласының табиғаты сондай. Кешегі бастығын бүгін жамандап шығып жатыр.

Тұңғыш президент кешегі жағымпаздардың бүгін сатқын болып шыққанын өз көзімен көрді. Бұл – билеушілердің трагедиясы. Тарихта ұдайы солай болады.

– Сіздің «бір күннің ішінде тонын теріс айналдырып шыққан адамдар да кешегі күннің қателіктері үшін жауапкершіліктен құтылмайды» деген пікіріңізді көзім шалып қалды. Осы жөнінде тарқатып айтып бере аласыз ба?  

– Кешегі Елбасының «бұлбұлы» Ертісбаевтар бүгін сын айтып жатыр. Ертісбаевты «ішкі саясатқа жауап берген жоқ» деп ақтаушылар да табылды. Меніңше, мұндай адамдар бәріне де жауапты. Солардың арқасында біз осындай жағдайға келдік.

Е.Ертісбаев.

Егер олар азаматтық ұстанымдарын ашық көрсетіп, дер кезінде: «Мынауыңыз дұрыс емес!» деп неге айтпады? «Елбасының саясатымен келіспеймін» деп ешқайсысы да ләм-мим демеді. Өйткені, олардың лауазымы болды. Марапатталды. Жағдайын жасады.

Кеше ғана «Елбасы!» деп ұрандап жүргендер бүгін «Тоқаев!» деп жамырай бастады. Ең жаманы – осындай сатқындар! Ондайларды билікке жақындатпау керек.

Алдымен мемлекеттік жүйені реттеу керек дейсіз бе, сонда?

– Тұңғыш президент құрған мемлекеттік жүйе бір адамның ыңғайына қарай жасалған. Әсіресе, күштік құрылымдар тек қана Елбасын, оның отбасын қорғауға арналды. Дүрбелең туғанда әскер Президентке бағынбай, ҰҚШҰ әскеріне жүгінуге тура келді. Неге? Себебі жүйе күйреді.

Мәселен, бұдан біраз жыл бұрын Польша президентімен бірге ел басшылығы түгелге жуық ұшақ апатынан қаза болды. Бірақ бір-екі күннің ішінде басқа адамдар келіп, елді ың-шыңсыз басқарып кетті. Өйткені, бұл елде жүйе бір адамға тәуелді болмады. Ал бізде бұлғақ кезінде жүйе сыр беріп, құлады. Елбасы құлағанда, мемлекеттік жүйе де құлады.

Сондықтан біздің алдымызда қыруар шаруа тұр. Бірақ соны жүзеге асыратын адамдар бар ма? Басты сауал – осыда.

– Рақмет.

Тегтер: