14 Қаңтар 14:59

Қаңтар қырғыны: «Үшінші күш», «Дикий Арман» және «мемлекеттік төңкеріс» туралы

Фото:

Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін

Қырық күн қырғын, мың күн сүргін болса да, мойымаған қазақпыз! Қаңтар қырғынын да бастан өткердік. Ол туралы көп айтылып жатыр. Әлі де айтыла бермек. Өз басым оны XXI ғасырдағы жалпыұлттық апат деп қабылдаймын.

Меніңше, нақты фактілер мен деректер жарияланған соң ғана оның не болғанын – тұтас мемлекеттік жүйені төңкеріп тастау әрекеті ме, Назарбаев не Тоқаевқа қарсы күштердің астыртын операциясы ма, Қазақстанға жаны қас сыртқы күштердің акциясы ма, гибридтік сипаттағы соғыс па, әлде жаңа заманның бізге мүлдем беймәлім әрекеті ме  – айта жатармыз.

Мен бүгін осы оқиғаның бір ғана, көпшілік назарынан тыс, көлеңкелі астарына тоқталмақпын.

Адам айтқысыз айуандықтар бейбіт шеруге шыққан адамдардың қолынан келмейтіні айтпаса да түсінікті. Митингілердің қарулы қырғынға ұласып кетуінің артында қасқырдай анталаған «үшінші күш» тұрғаны анық («осының бәрін ұйымдастырған биліктің өзі» деген жаны бар жорамалдың өзі осы тұжырымның ішіне сыйып кетеді).

Яғни, бұған дейін саяси алаңда билік және ресми (тіркелсе де, тіркелмесе де жария түрде өз наразылығын айтып, қимыл-әрекет жасайтын) оппозиция бар деп келдік. Осы екеуінің текетіресі, бір-біріне деген қарсылығы бізге саяси күрестің классикалық үлгісіндей көрініп келді. Оған көз де, кұлақ та үйреніп қалды.

Сөйтсек, екеуінен де тыс, екеуіне де қарсы, екеуінің стратегиялық және тактикалық қателіктерін реті келгенде тиімді пайдаланып кете алатын дүлей күш бар екен.

«Дикий Арман». Фото: видеодан скиншот

Ол күш бұрын да болған.

Мәселен, 2005 жылы біз «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысын құрғанда, Шымкентте өткен жиналысымызға баса көктеп кіріп, қоқан-лоққы көрсетіп, тұтқиылдан шабуыл жасап, жиынымыздың астаң-кестеңін шығарған да осы күш еді. Иә, оларды жіберген билік болатын. Бірақ олар формальды түрде өкіметке қатысы жоқ деп саналды, тіпті сол бассыздықтың басында жүрген «Дикий Арманды» билік өз қолымен ұстатып, сотқа тартқан. Сол сотта біз куәгер болғанбыз.

Кеше «үшінші күш» тағы да бас көтерді. Әсем Алматының быт-шытын шығарды. Қолын қанға бояды. Иә, оларды да ұйымдастырған биліктің өкілдері екені анық. Өйткені, биліктен тыс жүріп, соншалықты қомақты қаржы тауып, бір орталықтан басқарған штаб құрып, бірнеше облыста бір кезде, бір жоспар бойынша шабуыл жасау биліктің қатысуынсыз жүзеге асуы мүмкін де емес!

Өртке оранған әкімдік. Фото: ТАСС

«Үшінші күштердің» өздеріне ғана тән белгілері бар. Олар көзге көрінбейді, біз секілді эфирге шығып, жұртшылыққа танылмайды. Олардың қимыл-әрекеті конспирацияның барлық ережелеріне сай құпия, астыртын. Олардың теориялық дайындығы да сұмдық. Олар охлократия (тобыр билігі) әдіс-тәсілдеріне әбден жетік. Олар адам психологиясын бүге-шүгесіне дейін меңгерген. Олар қара жаяу емес, олардың қаржылық және материалдық жағдайы мұздай. Олардың биліктің барлық үш тармағында, қоғамдық құрылымдар мен БАҚ-та өз эмиссарлары бар. Керек десеңіз, олардың бес қаруы сай!

Бір сөзбен айтқанда, бір күнде бір ту астында бас қосып, бір елдің билігін ауыстыра салуға қауқарлы, ықпалды да қуатты күш!

Аксиома сол – мемлекет неғұрлым әлсіз болса, «үшінші күштер» соғұрлым күшейе түседі.

«Үшінші күшті» идеялық түп негізі биліктің ұзақ мерзім бойына ауыспауында және келесі ұрпаққа жол бермеуінде. Мен мұны «кланаралық наразылық» деп атар едім.

Билік үшін заң аясында күресу мүмкін болмағандықтан, басқа амалы жоқ «үшінші күш» осындай, жасырын әдіс-тәсілдерге көшеді. Нәтижесінде «сарай төңкерісін» «мемлекеттік төңкеріске» айналдырып жібереді.

«Үшінші күш» өз тактикасында халыққа жағатын демократиялық ұрандарды да пайдалануы мүмкін. Тіпті сол алаңда жүрген кейбір ұйымдар мен тұлғалар да солардың санатына қалай кіріп кеткенін байқамай қалуы мүмкін.

Президенттің Алматыдағы резиденциясы. Фото: ғаламтордан

Өзі о бастан заңсыз құбылыс болғандықтан, «үшінші күш» қылмыстық құрылымдарға да арқа сүйеп, керек кезінде оларды да жалдап ала алады. Кейін бар жауапкершілікті соларға арта салуы да ғажап емес.

«Үшінші күш» тек қана авторитарлық жүйелерде ғана емес, жан-жақты дамыған демократиялық қоғамда да болады. Бірақ, ашық қоғам жағдайында олардың жұрт назарынан тыс болуы өте-мөте қиын.

Сондықтан да мәселе оларды мүлдем жоқ қылуда емес, мәселе – мемлекетке зиян келтіре алмайтындай қатал қоғамдық бақылауда ұстауда.

Бізде оның механизмі атымен жоқ!

«Үшінші күштерді» әлсірету мен қоғам бақылауында болуының бірден-бір шарты – саяси реформа. Қоғам неғұрлым ашық әрі бәсекелі болса, «үшінші күштердің» келтірер залалына ол соғұрлым лайықты төтеп береді.

Саяси реформа біз әдетте түсініп жүргендей тек қана демократияға не сөз бостандығына, партияалуандығына ғана қатысты емес. Ол қоғам өмірінің барлық саласына қатысты. Мәселен, экономикадағы монополизм саяси монополизмге әкеп соқтырады. Саяси реформа, соның ішінде, ішкі және сыртқы қауіптердің алдын-алу секілді аса маңызды бағытқа тікелей тиесілі. Мәселен, «бесінші колонна» секілді сепаратистік әрі сатқындық негізі бар құбылысты «үшінші күштер» өз мүддесіне пайдалануы – үйреншікті жайт. Ұлтаралық және мемлекетаралық қатынастар да тұнып тұрған саясат емес пе?

Ақорда. Фото: tengrinews.kz

Сөз соңында айтарым мынау.

«Үшінші күштер» секілді Конституция мен заңнан тыс, қоғамға зиянды құбылысты кім және не жеңе алады?

Кім дегенге келсек, ол – мемлекет пен ұлт мүддесін бәрінен де биік қоятын нақты тұлғалар.

Не дегенге келсек, ол – бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алтын, біріккен де бірегей бірінші (атқарушы) билік, елдің өзі сайлаған әрі елдің сөзін екі етпейтін екінші (заң шығарушы) билік және әділеттік үстемдігін үкілеген үшінші билік (сот). Және де тәуелсіз де тегеурінді төртінші билік, яғни баспасөз.

Басқа жол жоқ!

Тегтер: