12 Қаңтар 19:09
...

Айдос Сарым Дариға Назарбаева мен «мемлекеттік төңкеріс» туралы айтты

Фото:

Еліміздегі дүрбелеңдердің тасасында үлкен ойын болып жатқаны анық. Күдіктілердің Ақорданың төңірегінен табылуы – осының айғағы.

«Мемлекеттік төңкеріс», «террорист», «содыр» деген тіркестер жиі айтылатын болды. Тоқаевтың барлық билікті қолына шоғырландырып, едел-жедел жаңа үкімет құруы да көп нәрседен хабар береді. Жаңа Қазақстан құру туралы сөз қозғалып жатыр. Осының бәрі дүмпумен қатар жүріп жатыр.

Nege.kz тілшісі еліміздегі болып жатқан саяси оқиғалардың астарына үңіліп, Мәжіліс депутаты Айдос Сарымға ел көкейіндегі сұрақтарды қойып, сұхбаттасып көрді.

– Тоқаевтың аяқ астынан Қауіпсіздік кеңесіне төраға болуын жұрт сан-саққа жүгіртіп жатыр. Мұны «мемлекеттік төңкеріс» деп бағалап жатқандар да бар. ­Президент кешегі әңгімесінде Елбасы туралы тек бір мәрте ғана сөз қозғады. Мұның сыры неде?

– Меніңше, бұл сұрақты Президенттің спичрайтерлеріне қою керек.

– Сонда, ешқандай мемлекеттік төңкеріс болмағаны ма? Елбасы елде жүр ме?

– Менің естуімше, солай.

– Парламенттегі әріптесіңіз Дариға Назарбаеваны көзіңіз шалды ма? Жиынға қатысқан жоқ қой. Соңғы күндері көрдіңіз бе?

Д.Назарбаева

– Оны көрген жоқпын. Естуімше, ковид дейді.

Ковид жұқтырған ба?

– Иә, қазір депутаттарымыз үйлерінде, кейбірі ауруханада емделіп жатыр. Өйткені, індетке байланысты Парламентте де, оның баспасөз қызметіне де шектеу бар.

­Еліміздің түкпір-түкпірін де болған оқиғаларға депутат ретінде қандай баға берер едіңіз?

– Азаматтардың бейбіт наразылығын белгілі бір топтар – оның ішінде күштік құрылымдардың жақтаушылары, өз мүддесі үшін, мемлекеттік билікті басып алу үшін, мемлекеттік төңкеріс жасау үшін пайдалануға тырысты.

Осы күндері мемлекеттен айырылып қала жаздадық. Бұл еш әсірелеу емес.

– «Билік үшін қырқыс басталды» деушілер бар. Сарапшы ретінде не айтар едіңіз, бұған?

– Ешқандай талас жүріп жатқан жоқ. Билік Президенттің қолында.  Бұған ешкімнің күмәні болмасын. Кімнің шешім шығарып жатқанын, Қауіпсіздік кеңесін кім басқарып отырғанын жағдайдың өзі нақты көрсетіп берді.

­Телеарналар арқылы: «Енді талай погон жұлынады, талай лауазымды адамдардың басы жұлынады» деп мәлімдедіңіз. Осы пікіріңізді тарқатып айтып берсеңіз...

– Өздеріңіз көріп отырсыздар, қазір біраз адам тұтқындалды. Біраз адам өздеріне қол салып жатыр. Дәл осылай болады деп өзім де күтпеген едім. Президент сөзінде жақсы айтты. Біраз адамдар қызметін, қару-жарағын тастап кеткен. Мәселен, әуежайға тікелей тапсырма берілген дейді. Тапсырма берген кім? Ол жағы әлі анықтала жатар.

Алматы әуежайы

Алаңға жиналғандар тек қана экстремистер мен қылмыскерлер емес еді. Қымбатшылыққа қарсы шыққан ел азаматтары да көп болды. Билік осының ара-жігін ажырата алатын болар? Бұған парасат-пайымы жететін шығар? 

– Парасаты жетеді. Ешкім ешкімді нақақтан жазаламайды. Оларды экстремистердің қатарына қосуға ешкім мүдделі емес. Тоналған, өртенген мүлік бойынша қылмыстық іс қозғалып, қылмысқа қатысы барлар ұсталып, тергеледі. Алдағы күндері прокуратура осы жайында дұрыс түсініктеме беруі тиіс деп ойлаймын.

Президенттің мәлімдемелеріне қайта оралсақ, Президент көп түйткілдің бетін ашты. Олигархтар, әлеуметтік әділдік туралы қатқыл сөз айтты. Осы жайттарды іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндігі, саяси ерік-жігері жеткілікті ме?

– Президент саяси ерік-жігерінің бар екені осы күндері әбден дәлелдеген сияқты. Күші де, пәрмені де, өкілеттілігі де бар. Мұның екінші қыры да бар. Болған оқиғалар, төгілген қан бізді мүлде жаңа елде оятты. Қазір жаңа елде өмір сүріп жатырмыз. Бұл кешегі ел емес. Отыз жылдық жол емес.

Кейбіреулердің еліміздегі үлкен саяси, экономикалық өзгерістерді жиырма адамның төбелесіне айналдырып жатқанына кейде таң қаламын. Мұның еш қисыны жоқ. Билікте түрлі адам бар, бірақ ақымақтар жоқ. Биліктегілер жаңа қоғамда өмір сүріп жатқанын жақсы түсініп отыр. Жаңа Қазақстанда бұрынғыша өмір сүру мүмкін емес.

Батыл қадамдарға бармаса, Президенттің айтқандары істелмесе, кешегі жағдай бұдан он есеге үдеуі ғажап емес. Мұны бәрі айқын түсініп отыр.

Сондықтан өте батыл әңгіме айтылып, сыншыл талдау жасалып жатыр.

Кеше үкімет ауысты. Жаңа құрамы жарияланды. Осы үкіметке көңіліңіз тола ма?

– Әзірге толады. Әлеуметтік комитеті бар, басқасы бар, Үкімет мүшелерінің жартысы өз қолымыздан өтті. Бұл жерде бірнеше қисын бар.

Біріншіден, қыз мезгілі. Екіншіден, төтенше жағдай. Басқару жүйесі абдырап қалса, не болатынын Алматыда көрдік. Президент қабылдаған шешімдерде «180 күн» деп көрсетілген. Демек, осы мерзім ішінде өзгерістің жаңа жолын ұсынасың, не сол бойы қалады. Қазіргі шешімдердің көбі саяси жігермен қабылданып отыр. Нарықтық экономикада бағаны ұстап тұра алмайсың. Қазіргі үкіметтің басты міндеті – басқару жүйесінде әлсіздікке жол бермеу.

Батыс бір саясаткерінің: «Сайлауда кім келсе де, билікке қаржы министрі келеді», – деген сөзі бар. Әлихан Смайлов ­– жақсы қаржыгер. Өз ісін жақсы біледі. Жақсы команда. Көбісі жастар. Істеп көрсін.

Бұл өзгерістерге байланысты әкімдер ауыса ма? Парламент ше? Қайта сайлау өте ме?

– Әрине, әкімдер ауысады. Біраз адамдар жайлы пікір қалыптасты. Осы күндер кімнің кім екенін көрсетіп қалды. Шалбар киіп жүрген әкімдеріміздің Гүлшара апайымызға жете алмай қалғанын жұрттың бәрі көріп отыр. Шешімдер қабылданады. 

Қазір парламент туралы заңды, регламенттерді өзгерткелі жатырмыз. Депутаттық сауалға қағазға қарап жауап бермеуі керек деген қағидатты қоямыз. Сонда депутаттардың алдында өтірік айтып көрсін! Сонда басқаша мәдениет қалыптасады. Халықаралық қағидат бойынша, төтенше жағдайдан кейін алты айға дейін сайлау өткізуге болмайды. Сондықтан артық әңгімелерден гөрі шынайы, нақты мәселелерге назар аударған жөн.

Әңгімеңізге рахмет! 

Тегтер: