Расул Жұмалы: Олигархтардың ақшасы халықтың игілігіне жұмсалуы керек
Сарапшылар Президенттің сөзінен көп жайтты аңғарып отыр. Алдымызда үлкен өзгерістер күтіп тұр. Енді өзімбілемділікпен бағаны шарықтатып, ел наразылығын тудырып отырған олигархтардың аяғына тұсау салынбақ. Бұған Президент саяси ерік-жігері бар екенін анық байқатқан. Саясаттанушы Расул Жұмалы осындай тұжырым жасап отыр.
Қ.Тоқаев. Фото: akorda.kz
– Президент мәлімдемесінде көп жайт қамтылды. Саясат пен экономиканы бөліп жарып қарау өте қиын. Өйткені, біте қайнасып жатқан салалар. Елімізде болған бүлікке сыртқы және ішкі арандатушылар айыпталып жатыр. Оның бәрі түсінікті жайт. Бірақ осы жағдайға алып келген – елдегі ішкі былық. Алыпсатарлық, қымбатшылық және жемқорлық. Олигархиясы тағы бар. Олар саясатқа әсер етіп, ойларына келгенін жасап келді. Соның кесірінен туындаған қоғамдағы наразылық соңғы оқиғаларға түрткі болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көлеңкелі экономика, олигархия, олигополия туралы айтып кетті. Біздің үкіметтің, жалпы басшылықтың жүргізіп отырған саясатына, істеріне олигархтардың ықпалы зор. Олигархтарға деген тәуелділік бар. Солардың шешімдері үстем болып келді. Бұл экономиканың талан-таражға түсіп, қаржының бет-албаты жұмсалуына, әлдебіреулердің қалталарында кетуіне әкеліп соғып жатыр. Мұның арты осындай әлеуметтік дүрбелеңге ұрындырды.
Президент осы мәселелер бойынша біраз әңгіме айтып өтті. Олигархияға тойтарыс беріп, көлеңкелі экономиканы халықтың игілігіне бағыттауымыз керек екенін айтты. Алыпсатар орталарды, соларға дем беріп отырған топтардың, бірқатар банктердің, Қытаймен шекарадағы кедендік қызметтің де атын атап өтті. Бір ғана Қорғастың өзінен миллиардтаған қаржыдан қағылып отырмыз. Бұл – талайдан бері халықтың ойында жүрген мәселе. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін сөз жүзінде ғана айтылып келді. «Күресеміз, сабасына түсіреміз» дегендей. Бірақ, жеме-жемге келгенде тісі батпай келген.
Ақорда. Фото: tengrinews.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев толыққанды президент ретінде биліктің бар тармағын өз қолына шоғырландырып отыр. Мүмкіндігімен қоса, саяси ерік-жігері де бар. Мұны кеше Президенттің өз аузынан естідік. Елдің де күтіп отырғаны сөз емес, нәтиже. Жемқорларды тыйып, олигархтардың ақшасын қара басы үшін емес, халықтың игілігіне жұмсауы керек. Еш келісімсіз, бағаны көтеруді доғару қажет. Қалғанын уақыт көрсетер.
Үкіметтің жаңа басшысы тағайындалды. «Ескі кадрлар қала ма, жаңа тұлғалар келе ме?» деген әлі де көкейде сұрақтар бар. Бәрі кадрларға келіп тіреледі. Жаңа бастамалар, жақсы ұмтылыстар болуы мүмкін. Бірақ оны жүзеге асыратын – нақты тұлғалар, әкімдер мен министрлер.