3 Қаңтар 16:10

Жаңаөзен-2022: «Қаршығалар» мен «кептерлер» қақтығысы

Фото:

Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін

2 қаңтарда Жаңаөзен халқы көшеге шықты. Негізгі талаптары – сұйытылған газ бағасын төмендету. Халқы да, тұрмысы да, көлігі де газға қарап қалған өңірде бұл өте-мөте өзекті мәселе.

Президент Тоқаев Твиттерде тіл қатып, өз ойын жеткізіпті.

Меніңше, Жаңаөзеннің тағы да мінез танытуының бірнеше себебі бар. Дәлірек айтсақ, сол себептер мен факторлардың өзара қақтығыстары бар.

Бірінші қақтығыс таза экономикалық сипатта: «Нарыққа көштік, енді бәрін, соның ішінде бағаны, сол шешеді» деген либералды көзқарас пен «мұнай мен газға кенелген мемлекетпіз, соның рахатын көруге тиіспіз» деген патерналистік астары бар әлеуметшіл көзқарас.

Шынын айту керек, бізде әлі де осы екі әрі бір-біріне кереғар ұстанымның өзара тепе-теңдігі қалыптаса қойған жоқ. Кей кезде популистік бастамаларды жария етіп, биліктің өзі осы идеялық қақтығысты өз қолымен ушықтырып жібереді.

Мәселен, үкімет «азық-түлік бағасын реттейміз» деп, әкімшілік шараларды қолға алғысы келеді, шенділерге тиісті тапсырма беріп жатады. Олай болса, қарапайым халық «газдың да бағасын неге солай реттемейді?» деген заңды сауал қоюға әбден қақылы.

Оның үстіне, қазаққа жерасты байлығын Құдайдың өзі бере салған емес пе? Сондықтан әрбір азамат сол байлықтан өз үлесін және нарыққа түскен оның өнімдерінің бағасы қолжетімді болуын талап етуі де заңды: Конституцияда солай жазылған!

Фото: А.Сәрсенбаев

Екінші қақтығыстың экономикалық әрі саяси сипаты бар. Ол – өз халқына лайықты өмір сүру жағдайын жасауға міндетті мемлекет пен жерасты байлығын сатып, миллиардер атанып, байып жатқан ат төбеліндей топтың арасындағы мүдделер мен пайдалар қақтығысы.

Шындығын айту керек, осы күнге дейін билік басындағылар «бармақ басты, көз қысты» саясат жүргізіп, олигархтардың айтқанынан шыға алмай келеді. Газ бағасының жоғары болуына, сөйтіп, өз қаржыларын одан сайын еселеуге мүдделі топтардың сөзі өтіп тұр. Және де пайдалы қазба ресурстарына қатысты барша салаларда осындай жағдай болған, өйткені әр саланың өз монополистері мен нақты қожайындары бар, олар болса, байыған сайын байи бергісі келеді. Жалғанды жалпағынан басқан олар бағаны төмендетуге материалдық тұрғыдан тіпті мүдделі емес!

Осындай жағдайда мемлекет кімнің жағына шығады: бағаны төмендетуді талап еткен қарапайым халықтың ба, әлде өз пайдасын күйттеп, тәбеттері әбден ашылып, тойымсыз боп кеткен олигархтардың ба? Осыған бар нәрсе байланысты!

Ал ол үшін сол ашқарақ кландардан тәуелсіз, дүниеге бойын алдырмаған тұлғалар керек-ақ. Бірақ та, біздің жағдайда ондайды армандаудың өзі біртүрлі ыңғайсыз екен...

Оның үстіне Жаңаөзендегі Жаңа жылдағы мына жағдай – мұзтаудың шыңы ғана, мәселенің түп себебі тереңде: халық жаппай қымбаттауға наразы боп жатыр. Сондықтан да елдің кез келген жері бұрқ ете қалуы әбден мүмкін. Президент әр елді мекеннің жеке проблемасын шешуге тиіс үкіметтік комиссиялар құрып шаршап қалуы да ықтимал.

Үшінші қақтығыстың кадрлық және адами ресурстық астары бар. Ол – білімді де білікті болса да, әртүрлі себептермен өкіметтік қызметтен шеттетілген кәсіпқой, мемлекетшіл, патриотшыл мамандар мен белгілі бір кланның өкілі болғандықтан ғана карьера жасап жүрген әкімдер мен министрлердің, квазимемлекеттік сектор компания басшыларының арасындағы қақтығыс.

Бір нәрсе анық: жұрт «әрекеті көп, берекеті жоқ» үкіметтен әбден шаршады. Мәселен, энергетика саласын білгір мамандар басқарып, газ бағасына әсер ететін ішкі және сыртқы факторларды ескеріп, алдын-ала болжау жасап, уақытында тиісті экономикалық тетіктерді іске қосқанда, жағдай дәл осылай ушықпас па еді, кім білсін?

Төртінші қақтығыстың жөні тіпті бөлек. Бұл қақтығыс 2022 жылы 2011 жылғы Жаңаөзендегі қанды қырғынның қайталанбауы не қайталануына тікелей әсер етпек!

Ол – биліктегі «қаршығалар» мен «кептерлердің» ұзақ жылдар бойғы ымырасыз қақтығысы.

Бірі – «бар мәселені күштеу амалдарымен шешу керек, мемлекет жұмсақтық танытса болды, ол оның әлсіздігі болмақ, бәрі басқа шығып кетеді!» деген ұстанымдағы «бір ұрты – май, бір ұрты – қан» зорлықшыл топ болса, екіншілері – «халық деген киелі ұғым, әр адамның өз пікірін білдіруге қақы бар, халыққа қарсы күш қолдануға болмайды, бар мәселені келіссөз арқылы шешуге болады» деген көзқарастағы бейбітшіл тұлғалар.

Назарбаевтың тұсында қылышынан қан тамған «қаршығалар» үстемдік етіп келді. Сондықтан да 2011 жылы Жаңаөзенде оқ атылды, билікке сын айтқандарға қарсы небір қоқан-лоққылар ұйымдастырылды, талай адам сотталды, түрмеге жабылды.

Тоқаевтың тұсында саяси сипаттағы атауды иеленген бұл екі топтың қайсысы жеңбек – гәп сонда!

Оған алаңдайтын себеп те жоқ емес.

Кешегі Твиттердегі сөзінде президент бір жағынан мәселені шешуді үкіметке тапсырса, екінші жағынан «азаматтардың жергілікті және орталық билік органдарына талабын ашық айтуға құқығы бар, бірақ, бұл заңға, нақтырақ айтқанда, бейбіт шерулер туралы заңға сәйкес жүзеге асырылуы керек» дегенді айтыпты. Бұл өзі екіұштылау тезис деп санаймын. Өйткені, егер де тиісті әкімдік азаматтарға бейбіт митингке рұхсат бермесе, олардың бәрі заң бұзушы боп шыға келмей ме?!

Айтпақшы, дәл осы күндері Жаңаөзенде, Алматыда Интернет байланысы өшірілген. Олай болса, Твиттердегі президенттің маңызды пікірі халқына қалай жетпекші?!

Иә, «ақсақ қой түстен кейін маңырайды» деп, ағаш атқа мінгізіп, әжуалап, сынасақ та, билік мәселені шешуге кірісіп-ақ жатқан сыңайлы.

Ел азаматы ретінде, сол қимыл-әрекет оң нәтиже беруін қалаймын.

Сонымен бірге, билік те халық мүддесімен санасатын кез келгенін түсінуі керек сияқты. Шыдамның да шегі бар! Жоғарыда мен айтқан жеке тайталастарды жоймасақ, оның арты ең үлкен, ең басты қақтығысқа – халық пен билік арасындағы қақтығысқа – яғни, қан төгілуге ұласып кетуі мүмкін! Және де осы жағдайды әртүрлі – ішкі және сыртқы – күштер пайдаланып, өз шаруасын шешуге ұмтылуы ғажап емес. Оны да естен шығармайық!

Не болса да, бас жарылмасын, қан төгілмесін!

Тегтер: