28 Ақпан 11:54
...

Досым Сәтбаев: Мәскеудің Қазақстанда шаруасы қанша?!

Фото:

«Орталық Азия алып империялардың көзқұртына айналды» деген пікір бұрыннан бар. Әсіресе, Қазақстан мен Өзбекстанға АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео келіп кеткелі бері жағдай шиеленісе түскендей.

Nege.kz тілшісі саясаттанушы Досым Сәтбаевтан осы мәселеге қатысты сұхбат алды. 

– Майк Помпеоның Ресейден Орталық Азияны қорғаймыз деп мәлімдегені, Еуроодақтың Орталық Азияға ұсынған серіктестік бағдарламасына қатысты Лавровтың теріс көзқарас білдіруі нені білдіреді? Мұны Жаңа Үлкен ойын басқа деңгейге көтерілді деуге бола ма?

– Үлкен ойын 90-жылдардың басынан бері өзгеріске түсті. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін бастапқыда АҚШ геосаяси ойыншы ретінде белсенді әрекетке көшкен. Түркияда Орталық Азия елдерінің басты серіктесі ретінде өзін көрсетуге ұмтылды. Соңғы отыз жылдың ішінде геосаяси жағдай өзгерді. Қазіргі кезде Орталық Азияда басымдыққа ие екі ойыншы ғана қалды. Олар – Ресей мен Қытай. Ресей әскери-саяси салада басымдыққа ие. Орталық Азияның үш елі Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан ҰҚШҰ-ға мүше. Ал Қазақстан мен Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа кіреді. Қытайға келсек, осы аймақтағы басты инвестор және кредитор ретінде негізгі экономикалық серіктес болып отыр.

Kevin Lamarque / Reuters

– Аймақтағы АҚШ-тың рөлі қандай?

– Шын мәнінде, осы уақыт ішінде АҚШ өңірдегі өз орнын жоғалтып алды. 90-жылдары қолдау көріп келген либералдық құндылықтар да артта қалды. АҚШ-тың инвестициясы тек Қазақстанға, соның ішінде өндіруші салаға ғана құйылған. Шығыны көп болғандықтан, оны арттырмайтыны белгілі. АҚШ-ты қызықтыратыны – Орталық Азиядағы Ауған бағыты. Өйткені, АҚШ үшін Ауғанстан өте маңызды.

АҚШ-тың осы өңірде Ресей мен Қытайға қарсы қоятындай құралдары жоқтың қасы.

– Бұл өзгерістің салдары жайында не айтар едіңіз?

– Ресейдің Қазақстанға орасан зор ықпалы (әсіресе, әскери-саяси тұрғыдан) онша жақсы нәрсе емес. Әсіресе, Қырым түбегін тартып алған 2014 жылдан бастап Ресейдің сыртқы саясаты агрессиялық сипатқа ие болды. Болжау қиындай түсті. Путин өзінің «Үлкен орыс әлемі» тұжырымдамасын белсенді түрде жүзеге асыруға ұмтылып жатыр. Бұған бұрынғы Кеңес одағының көп бөлігі кіреді. Орталық Азия елдерінің біразы Ресей ықпалында қалады деп есептеп отыр. Бұл – Қазақстан үшін үлкен қатер.

– Қауіп Ресейден бе?

– Ресей Қазақстан үшін сенімді серіктес болмай тұр. Өйткені, Мәскеу Еуразиялық экономикалық одақ секілді аймақтық жобаларға кіретін елдерді тең құқылы серіктес емес, өзінің саттелиттері ретінде қарастырады. Бұл бізге қауіпті. Қытайдың Орталық Азиядағы экономикалық тұрғыдан ұзақ мерзім бойы басымдыққа ие болуы қауіп тудырады. Қытай үшін шикізатқа қол жеткізу, өнімдерін өткізетін нарық, Батысқа тауарларын жеткізетін транзит ретінде Орталық Азияда іргесін қалау аса маңызды. Қытайға да Қазақстанның демократиялық бағытта дамығаны, яғни, инновациялық, шикізатты емес ойыншылар тиімсіз. Автократиялық режимдер мен шикізатқа негізделген экономикасы бар елдер қолайлы. Ресеймен және Қытаймен көрші болу Қазақстан үшін үлкен проблема екені түсінікті жайт. Әсіресе, қазіргі экономикалық тұрғыдан артта қалушылықтан құтылу үшін.

– Ол үшін не істеу керек?

Рамиль Ситдиков / РИА Новости

– Әлемдік экономика тұрғысынан алсақ, біз жанармай бекетіне айналдық. Сондықтан Еуропалық одақпен теңгерім сақтау біздің мүддемізге сай келеді. Еуропалық одақ инновациялық, экономикалық даму тұрғысынан әлемдік көшбасшы. Олардан үйренетін нәрсеміз көп. Аларымыз мол. Өкінішке қарай, соңғы кездері Ресей мен Қытайға қарай бағыт алып келеміз. Бұл жағдай көпвекторлық саясатымызды, мүдделер теңгерімін бұза бастады.

Мәскеу Орталық Азия елдеріне тек қана Ресеймен ынтымақтастық орнату тиімді дегенді алға тартып жүр. «АҚШ қауіп төндіреді, Еуропалық одақ – әлсіз ойыншы» дейді. Біз, керісінше, АҚШ, Түркия, Еуроодақ, Иран және басқа да елдермен экономикалық ынтымақтастықты арттыруымыз керек деп ойлаймын.

– Ресей сарапшылары кеше Мәскеуде КСРО құрамында болған елдерді «аралық елдер» деп атап, бейтараптық танытуды, аймақтағы қауіпсіздікті АҚШ, Еуроодақ және Ресей үшеуі талқылап шешетін кеңес құруды ұсынып отыр. Бұған не айтар едіңіз?

– Сонда біз бейтарап болуымыз керек пе?

– Иә, Беларусь, Әзірбайжан, Армения, Украина және тағысын тағылар...

– Бейтараптық Ресейге де қатысты болуы тиіс. Мәскеудің өзге елдерді басқа ойыншыларға қатысты бейтараптық ұстанып, өзіне адалдық, берілгендікті талап етуі – қос стандарт. Егер Беларусь немесе Қазақстан АҚШ-пен, Еуроодақпен немесе басқа да белсенді өңірлік ойыншылармен серіктестік орнатса, бұл Мәскеудің шамына тиеді. Помпеоның Орталық Азия елдеріне келуін барынша жағымсыз суреттеп жатыр. «АҚШ Орталық Азияны Ресейден бөліп алмақ, Ресейге қарсы саясатты енгізбек» дегендей. Әрі-беріден соң, Мәскеудің онда шаруасы қанша?

– Орталық Азия елдері сыртқы саясатта қандай ұстанымда болуы тиіс?

– Орталық Азия елдері өздеріне ыңғайына қарай саясат жүргізуі керек. Ресей бізге қолайлы серіктес болып тұрған жоқ. Өйткені, оқшаулану саясатын жүргізіп отыр. Өзін Кіші Кеңес Одағы секілді көрсетіп келеді. Кеңес одағының осы саясаты соңында неге алып келді? Идеологиялық, экономикалық және басқа тұрғыдан соғыс жүргізді.

Орталық Азия елдері өздерінің сыртқы саясат үлгісін өздері анықтауы керек. Қазақстан осы үлгіні 90-жылдары анықтаған, оны берік ұстануы тиіс. Барлық ойыншылармен тең серіктестік орнатқан кезде ғана біз теңгерімділікті ұстап тұра аламыз. Біз Мәскеудің қалауына қарай емес, өзіміздің ұлттық мүддемізге сай саясат ұстануымыз керек.

Тегтер: