13 Қаңтар 15:48
...

Дос КӨШІМ: НАЗАРБАЕВ сенатор болып отыра беруі керек еді...

Фото:

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Онда депутаттар «Елбасы туралы» ҚР Конституциялық заңының күшін жоюға бірауыздан қолдап дауыс берді.

Кеше ғана Сенат төрағасы Мәулен ӘШІМБАЕВ экс-президентті «Құрметті сенатор» мәртебесінен айырғанын мәлімдеген болатын. Соған қарамастан Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ өзі мен отбасы мүшелерін мемлекет тарапынан асырау, жеке күзет пен ел ішінде тегін жүріп-тұрумен қамтамасыз ету, тағы басқа да бірқатар қызметтер сақталады.

Саясаттанушы Дос КӨШІМ осы саяси өзгерістерге қатысты өз пікірін айтып, NEGE-ге сұхбат берді.

– Елбасы туралы заң күшін жойды, оны «Құрметті сенатор» атағынан айырды. Бұл биіктің референдумды желеу етіп, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» образын жасауға тырысқан әрекеті ме? Әлде расында да «Жаңа Қазақстанға» бет бұрдық па?

– Ойда жүрген сұрақты қойып отырсың. Біріншіден, Елбасы туралы заңды жою, сенаторлықтан алып тастау ештеңені де өзгертпейді. Мен мұны үнемі айтып келемін.

Экс-президент 2019 жылы сәуірде кетті. Одан кейін мен Назарбаевқа көңіл аудармаймын. Бірақ билік: «Бәрін бүлдірген осы тажал, осы мыстан!» деген сияқты позиция ұстанып, бар күшті тек сонымен күресуге жұмсап отыр. Меніңше ол сенатор болып отыра беруі керек еді. Сол сенаторлардың өзі туралы айтқан сөзін, оны қалай бар құқығынан айырып жатқанын тыңдап отырса, тіптен жақсы болар еді. Ол кеткеннен кейін артынан тас лақтыру, бар мүмкіндігін алып тастау біздің қоғамды өзгертеді деп айта алмаймын.

Бір Парламент келеді де сондай заң қабылдайды, екінші Парламент келеді де оны алып тастайды. Ол мәңгілік мәселе емес, ол құран сөзі емес. Сондықтан оған көңіл бөлудің қажеті жоқ.

Иә, бұның бәрін халықтың көңілін басқа жаққа аудару үшін жасалып жатқан алдамшы, саяси тәсілдің бірі деп есептеймін. Халық деп айтпаймын, бейшара тобыр соған мәз болып, «міне, саяси өзгеріс болып жатыр» деп ауыздарын толтырып айтады. Бірақ бұл – өзгеріс емес. Ол өткен-кеткен мәселенің аяқ жағын сұйылтып, халыққа арнайылап қойылған көрініс қана.

Н.Назарбаев. Фото: Асқар Ахметуллин.

– Демек, «мұнымен ештеңе өзгермейді» демексіз бе?

– Иә, ешқандай да өзгеріс алып келмейді. Бұл – декорация. Яғни, билік халыққа «Авторитарлық жүйенің негізгі өзегін құртып жатырмыз» деген образ жасап отыр.

– Ендеше, ескі авторитарлық жүйені өзгертудің амалы қандай?

– Менің ойымша, бірінші нақты демократиялық институттарды орнату керек. Бізде әлі көп партиялық жүйе, тәуелсіз баспасөз, жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары дұрыс қалыптаспады. Әділ сайлау жүйесі де жоқ. Осылардың барлығы керек. Сондықтан әділетті қоғам жасайтын демократиялық құрылымдарды орнату керек.

Әлемдік тәжірибе бар ғой. Біз оған жеткен жоқпыз. Біз кеткен адамның артын қазып, сол арқылы ұпай жинағымыз келіп отыр. Зейнетке кеткен Назарбаевтың артынан бұрынғы Парламент шығарған заңдарды алып тастаудың қажеті жоқ. Естеріңізде болсын, сол заңды жасап, қол көтерген адамдардың көбі қазіргі заңды алып тастауға да қол көтереді. Болды. Осындай ойынды халық көрмей отыр дейсіз бе? Көріп отыр.

Фото: ғаламтордан.

– Демек, экс-президентпен күрес «Жаңа Қазақстанды» алға сүйрейтін фактор емес қой?

– Экс-президент пен оның отбасымен күрес – халықты алдаудың жолы ғана. 162 олигархтың ішінде ары кетсе 3-4 адамның фамилиясы «Назарбаев» шығар. Олармен күрес – қалған 155, 158 адаммен күрес емес. Ең бастысы, сол жүйе қалды. Жүйенің негізі, өзегі қалды.

Назарбаев деген фамилиясы бар немесе соған жақын адамдарды алып тастау арқылы «Жаңа Қазақстан» жасаймыз десек, ол – ұят.

Сол үшін де қазір экс-президентке жасалып жатқан шаралар маған өлген адамды моладан шығарып алып, асып қойған сияқты әсер береді. Оның қажеті жоқ. Қазақтар ондайға еш уақытта бармаған.

Біз Ресей емеспіз, мәдениетті халықпыз. Біз ұйықтап жатқан жаудың батырын оятып алып, жекпе-жекке шақыратын ұлтпыз. Мен биліктің халықты алдап жатқанын ғана көріп отырмын. «Жаңа Қазақстан» мен «Әділетті Қазақстанды» құру үшін жүйені өзгертуіміз керек. Егер жүйені өзгертпесек, бұрынғы қалпымызға қайта келеміз.

Тегтер: