31 Мамыр 19:42

Бөріхан Нұрмұхамед: Мұндай зұлматты сырттан келген басқа халықтар жасаған жоқ

Фото:

Бүгін – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Сонау 30-жылдар жазықсыз оққа ұшып, аштан қырылған жақын-жұрағаттарымыз бен ұлтқа тұтқа болған азаматтарымызды ардақтап, жадымызда ұстауға бір күнді белгілеп те қойдық. Десе де, осы зұлмат заманға әлі күнге дейін саяси баға берілмей келеді. Оның түрлі себебі де бар. Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамед сұхбат барысында мән-жайды тарқатып айтып берді.

Тарих дегеніміздің өзі – кешегі саясат. Қуғын-сүргін, ашаршылық жылдарға саяси баға бере алдық па?

– Менің атам да, әкем де кулак ретінде қуғын көрген. Бүкіл дүние-мүлкін алып қойған. Жерін, бау-бақшасын, малын тәркілеп, колхоз, совхоз құрған. Алпысыншы жылдары әкем барлық құжаттарын жинап, сотқа жүгінген болатын. Шетелде өтемақыға дұрыс көзқарас қалыптасқан. Бізде әлі бұл жоқ.

Менің ойымша, сол жылдары не болғаны, себептері толық айтылмады деп есептеймін. Саяси деңгейінде айтылса, сезіну басқаша болар еді.

Тарихшылар, қоғамның ғана еншісінде қалып тұр ма, бұл?

– Қазақ қоғамы – әлі бұқара, қауымдық қоғам. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін нацизм мен тоталитаризмге баға беріліп, жеке адам құқығын қорғауға да ұмтылыс айқын көрінді. Сондықтан біз қауымдастықтың да, жеке адамдардың құқығын да ойлануымыз керек. Батыстың көзқарастары, әдіс-тәсілдері бізге келе бермейді. Сондықтан өзіміздің құндылықтарды ескере отырып, саяси баға беруіміз қажет еді. Саяси баға берілсе, Балтық бойы елдері секілді коммунистік идеологияға жол бермей, декоммунизация үдерісі басталуы қажет еді. Ол болмады. Материалдық төлемдер мен өтемақылар толық төленген жоқ.

Бұл саяси режимнің саясаты болғандықтан саяси баға берілуі керек.

Неге әлі саяси баға берілмей келеді, сонда?

– Мұрағаттарды толық  ашатын болсақ, келеңсіз жайттар ашылады. Мұндай зұлматты сырттан келіп басқа халықтар жасаған жоқ. Өзіміздің қазақтардың қолымен жасалған. Келешекте қайталанбасы үшін осындай қадамдар жасалуы қажет.

Шындығында, Қазақстанда революциялық жағдай болмаған-ды. Бұл – тек күшпен жасалған нәрсе. Ресейде большевиктер қандай жолмен жүрсе, бізде де сол жолды таңдады. Бірақ бізде оның салдары өте ауыр болды.

– Мәскеуде Ресей мен Қазақстан тарихшылары жиі бас қосып, екі елдің тарихын бірігіп, бірыңғай етіп жазамыз деген пікірді айтып жүр. Сонда, осы тарихи ақтаңдақтарға екі елдің көзқарасы екі түрлі екені анық. Бұл қалай болмақ?

– Мүлде дұрыс емес. Біз – ұлттық мемлекетпіз. Ұлттық мемлекеттің ұлттық саясаты, ұлттық рухы, ұлттық тарихы, ұлттық көзқарасы болуы шарт. Екі елдің бірігіп тарих жазуы – далбаса. Оның үстіне, Ресейдің саясаты қазір мүлде басқаша. Жириновскийдің, басқа да саясаткерлерінің көздегені – баяғы империялық көзқарасты күшейту. Олай болса, біздің тарихқа ол жерде орын жоқ.

– Солтүстік көршімізде Кеңес Одағын әспеттеу, Сталинді ақтау белең алып барады. Тіпті, «Қызыл империя құрамына кірген халықтардың элитасын 37 жылы қырып салғаны жақсы болған. Әйтпесе, немістер басып кіргенде, КСРО-нің ту талақайы шығар еді. Бұл – апаттың алдын алу үшін жасалған дұрыс шара», – деген пікірлерді ресейлік жас тарихшылардың аузынан естіп жүрміз. Бұл туралы не айтар едіңіз?

– Мемлекеттің қуаты халықтың санына байланысты. Соңғы отыз жыл ішінде Ресей халқының саны азайып барады. Сондықтан болашағы жоқ ел деуге болады. Тарихи жолынан таймас үшін тарихты өзгертіп, рухын көтеруге әрекет жасамақшы. Бірақ уақыты өтіп кетті. Мұны олар түсінбей отыр. «Әр ұлттың еркіндік алуына құқығы бар» дегені үшін Ленинді де күстәналап жүр.

 

ХІХ-ХХ ғасырларда көп Еуропа мемлекеттері отар иемденіп, империя құрды. Бірақ отар елдер бағынбай қойған соң, «қалу үшін кету» деген саясат жүргізді. Яғни, бұл елден кеткендерімен, білім, тіл, дін жағынан ықпалын сақтап қалуды көздеді. Сондықтан бұрынғы отар мемлекеттер кейін метрополиясына жақын болып қалды. Ал Ресей болса, жерді бақылауға алу ниетімен жүр.

Ортақ тарихымыздың ақтаңдақ беттерін мойындамау саясаты осыдан шыға ма?

– Сол кездегі Кремльде отырған басшылықтың кінәсіне, репресияға, ашаршылыққа саяси баға бергізбеу амалдарын ұстанып келеді. Меніңше, шекаралас елдердің ешқайсысында Ресейге оң көзқарас жоқ. Қағаз жүзінде тек Қазақстанда ғана көрінеді. Бірақ қоғамда теріс көзқарас басым.

Десе де, Қазақстанда сол зұлматты мойындамау мүмкін емес. Сол кездегі статистиканың өзі бәрін анық көрсетіп беріп отыр. Бір ғана малдың саны он есе азайып кеткен. Мәселен, он миллион жылқыдан бір миллион ғана жылқы қалған. Қаншама халық босып, шетелдерге кетуге мәжбүр болды. Қанша адам қырылды? Мұның бәрін мойындамау мүмкін емес.

Тарих пен саясат екі бөлек дүние емес пе? Тарихты қазіргі саясаттың құралы етуге болмайтын шығар. Бұған көзқарасыңыз қалай?

– Тарихтың өзі саясатпен тығыз байланыста. Бәрі саяси конъюнктураға байланысты. Мемлекет қарыштап дамып, әлеуметтік-экономикалық ахуалы жақсарса, тарих саясаттың құралы болмайды. Керісінше болса, тарих саясатқа ұрынады.

Әңгімеңізге рахмет!

Тегтер: