6 Ақпан 18:05
...

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын: БЕКБОЛАТ, МҰХАМЕДЖАН, АЙНҰРЛАР – қазақ көшінің арбасынан түсіп қалатындар

Фото:

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА – қазақ поэзиясына өзіндік нәзік үнімен, өр мінезімен, ерек қолтаңбасымен келген ақын. Қай кезде де әділдік пен шынайылықты сүйетін «Ақжайықтың ақ шағаласы» өзін сағындырып тұратын Алматысына жиі ат басын бұрады.

Үнемі ұлт, ана, қыз болашағы туралы, қоғамдағы түрлі келеңсіздіктер жайында айтудан жалықпайтын ақынмен NEGE тілшісі кездесіп, сұхбаттасқан еді.

«Орал өңіріндегі жоғары оқу орындарына оранған қыздарды қабылдатпауға күш салдым»

– Ара-тұра Алматы шаһарына жолыңыз түсіп тұрады. Жастық шағыңыздың сәулелі сәттері өткен сұлу қаланы, әдеби ортаны сағынасыз ба?

– Студенттік шағым да, алғаш еңбекке араласқан кездерім де осы қалада өтті. Лирикаға толы сырлы өлеңдерімді де осында жаздым. Мына біз екеуміз отырған Жазушылар одағы да ыстық. Осы ғимаратта талай жақсы мен жайсаңды көрдік, шығармашылығымен таныстық. Алматыға жолым түссе қуанамын. Белгілі жазушы Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВТІҢ өмірден өткеніне жыл болуына орай ас берілді. Бір жағы соған да келген жайым бар.

Сіз анау батыс өңірге жай кеткен жоқсыз. Қыз бала тәрбиесі, ананы құрметтеу мәселесін жастардың құлағына құйып, бойына сіңіріп жүрсіз. Уинстон ЧЕРЧИЛДІҢ «Ұлтты жою үшін соғыс ашудың қажеті жоқ, ұлт әйелі жолынан тайса болғаны, ұлттың өзі-ақ құриды» деген пікірін жиі айтасыз. Бүгін қызды әлпештеу, анаға құрмет көрсету неге әлсіреп кетті?

– Әйел – адамзаттың анасы, тіршілік те әйелмен байланысты. Қалам ұстағалы жазып жүргенім – ана, әйел, қыз тақырыбы. Негізгі бағытым осы екенін кейін аңғардым. Мені ақын қылған бұл тақырып емес шығар. Бірақ табиғат ананы сыйлауды әуелден санама құйса керек. Себебі, менің жүрегімді осы мәселе толғантады екен. Ана сыйламаған адамнан ештеңе күтуге болмайды.

Ана – үлкен тақырып. Ал, ұлт мықты болу үшін, оның әйелі мықты болу керек екен. Осы жасыма келгенше әйелі жаман еркектің бағы жанғанын көрмеппін. Әйелі жақсы жігіттің далада қалғанын көрмеппін. Ал халықтың өзі «Кісінеген айғырдың үйірін көр, шіренген жігіттің үйін көр» дейді.

Жанашырлық әрі аналық сезімімді жетелеп, аяғым жеткен жерге барып дәріс оқимын. «Қазақ қызының ұлттық тәрбиесі» тақырыбында оқу орындарында тәрбие сағатын өткізіп жүрмін. Қадамын қате басып, жүкті болып қалған қыздармен жеке сөйлесіп, күйеуі тастап кеткен келіншектерге кеңесімді айтамын. Соның ішінде қара жамылып, салафиттік жолмен жүрген қыздар қатты қателесіп жүр.

Соңғы жылдары Орал өңіріндегі жоғары оқу орындарына оранған қыздарды қабылдатпауға күш салдым. Кейін індет кезінде қашықтан оқуға түсіп кеткендер бар. Енді олар мектепті бүлдіруге көшті.

Тарихтың қай ғасырынан қара жамылған қазақ қызын көрдіңдер? Бес рет байға тиіп, алтыншы күйеуден бала туу деген ешқашан болған емес. Өте жиіркенішті нәрсе. Айдың-күннің аманында қазақ қызына талақ болатындай не күн туды? Бұл – ұлт басына төнген үлкен қауіп. Ертең солардың ішінен ақша үшін террорист шықпайтынына кепіл бар ма? Бұған қатаң заң керек. Обалы ел арасына іріткі салып, арандатып жүргендерге келеді. Пәлен қатын алып, өздері шетте жүр ғой.

Бірде Мұхамеджан ТАЗАБЕКТІ көріп қалғанда: «Балам-ай, қайтсайшы, әбден адасып болдың ғой!», – деп едім, миығынан күлді де қойды. Мойындамаса да, кінәлі солар. Солар ақша үшін бәрін бұзып кетті.

«Еркекті әлсіз еткен – саясат!»

– Дегенмен, бүгінгі қыздарымыздың тәрбиесіне көлеңке түсіріп жатқан нәрсе не? Кәдімгі бұзақы жігіттерше төбелесіп, аузы былапыт сөзге толы қыздарды көргенде ойға не келеді?

– Біздің негізімізді бұзған – кешегі кеңестік дәуір. «Қазақ әйеліне теңдік береміз» деген сылтаумен атқарып отырған миссиясынан тайдырып жіберді. Бірақ қазақ қызының еркіндігін жойып, орандырып, қара жамылдыруға алып келу оларды адастырумен тең. Бүгінгі таңға сәйкес, сауаты, білімі болса, ұлттық қасиетін жоғалтпаса, біздің ұлт барлық ұлттың алдына шығады.

Мәселен, жапон әйелі ұлтының тәрбиесін сақтап отыр. Сенімен иіліп сәлемдеседі, сыпайы сөйлеседі. Сосын оларда «Мен өзім үшін өмір сүремін. Мына күйеуім ұнамайды, басқаға тиемін» деген ой атымен жоқ. Олар «Мен отбасымның, баламның алдында жауаптымын» дейді екен. Сондықтан да бұл ел әлемде бәрінің алдында тұр. Ең ақыры құбырына кір кетпеу үшін, тамақ пісірген табасының майын қағазбен сүртеді, содан кейін ғана жуады. Бұл – туған еліне, халқына деген құрмет. Бұдан шығатын қорытынды: жапон халқы әйелі мықты ұлттан шығып отыр.

Ал бізді бұзып тұрған – Еуропадан келген «Өзің үшін өмір сүр, карьераны сен жаса» деген үрдіс. Жарайды, мансабыңды жаса, бірақ ошағыңды бұзба, болмысыңды жоғалтпа. Депутат болсын, министр болсын, бірінші ана болу миссиясын орындасын.

Байтал шауып бәйге алады, егер құлындамаса. Баласын, отбасын қатар алып жүрсе, құба-құп.

Бірақ жалғыз шапқылағанмен ештеңе шықпайды. Қазір бізде әкесіз ұл мен қыз, жесір әйел көп. Бұл – бізге келген ұлтты аздыру саясатының кесірі. Сондықтан ұлт боламыз десек, қызды құрметтеп, әлпештеп, төрге отырғызу керек. «Қызым – қонағым» деп өсіріп, еркін білім беріп, ұлттың анасы деп беделін көтеру қажет. Ал еркек қауымы «Сүйген жарым – үйімнің шырақшысы» десе, міне қазақ ұлтының тәрбиесі осыдан басталады.

Қазіргі ер азаматтар ұсақталып кеткен жоқ па? Отбасын асырау, бала тәрбиесімен айналысу әйелдің мойнына артылған сияқты...

– Мен айтар едім, жалпы адамзатты о бастан әйел асырады. Алғашқы ақ сүтімен, одан кейін әйелдің еңбегі мен ұйымдастыруымен болды бар дүние. Кезінде ер азамат атқа мініп, ел қорғап, мал баққан дедік. Оларды еңбекке баулыған анасы мен әйелі ғой. Бірақ саясатқа байланысты мұның бәрін түрлі кезең бұзды. Есесіне, отбасын ұйыстырып отырған әйелге «сен тең құқылысың» деп еркекпен арпаластырып қойды. Бұдан кейін еркектің беделі түспей ме? Соның салдарынан қазақ әйелі «Менің азаматым не ойлайды?» демеді, керісінше, «Өзім білем» деді де, бар бейнетті өзіне аударып алды. Қазір бала тәрбиелейтін, оқытатын, нан табатын, көлік айдайтын да – әйел. Иә, бұған дейін де қазақ қызы мен әйелі мықты екенін дәлелдеді. Аумалы-төкпелі уақытта ала дорба арқаласа да, азаматын, баласын, бүтін ағайынын жоқтықтан алып шықты. Соғыста да әйелдер егін салып, мал бағып, қиындықтан әупірімдеп құтқарды. Демек, еркекті әлсіз жасаған – саясат.

– Қазақ отбасында өмірге ұл келсе, ерекше қуанып, еркелетеді де, ал қызға тура солай қуанбайтыны несі?

– Осыған байланысты намыстанып өлең жазғам. Әншейін солпиып жүрген ұлды әлдеқандай қылып көтеріп, қыздарға кем қарағаны біздің қазақтың қателігі дедім. Өйткені, сол ұлға айырбастамайтын қыздар бар. Ақылды, өнерлі, пысық, жұмысын да істеп, әке-шешесін де бағады. Бүгінгі қыздар ұлдан артық қызмет істейді.

Қазір бөле бермейді, бұл түсініктен біртіндеп арылып жатырмыз. Рас, өмірге ұл келсе, атаның ізі қалады, ұрпақ өрбиді деген ғой. Соғыстан көз ашпаған елге қорғаушы керек. Ұл – өжет, қалқан, қамқор. Жауға шабатын да – ұл. Әйелдің де, баланың да сүйеніші. Ал тәрбие жағына келгенде, ұл баланы тым еркелетіп, міндетін ауыстырып жібердік. Түптеп келгенде, ер азаматтың өзі әйелсіз өмір сүре алмайды. Бәрібір оның ұрпағын көбейтетін, шаңырағын ұстайтын – әйел. Бизнесте, билікте жүрген ғажайып әйелге бәрібір сүйген жардың «айналайын» деген сөзі мен құшағы жетіспейді. Өсіріп отырған ұл-қызыңа әкенің жылы қабағы жетіспейді. Ұл әкеден мінез көрмесе, қыз әкеден мейірім көрмесе не болады? Шын мәнінде әркім өз орнында болғанға не жетсін?!

«Дикий Арманның» досына АЙНҰРДЫҢ байға тигені қазақ ұлтының мақсаты ма?»

– Қазір әлеуметтік желі дамыған заман. Ақыл-кеңес айтатын психологтар, коучтар қаптап кетті. «Өзің жұмыс істеп, ақша тапсаң, күйеудің керегі не?» дегенді қазақ әйелінің санасына сыналап кіргізіп жатыр. Оған соңғы жылдары ажырасу көрсеткішінің көбеюі де дәлел емес пе?

– Бұл – қате түсінік. «Ондай күйеу не керек? Өз күніңді өзің көре аласың» деп айтқаннан гөрі, «Баланы жетім қалдырмау үшін ақылға салып, табиғи теңдікті сақта» деп үйрету керек. Өйткені, табиғаттың заңын бұзбау керек. Табиғат заңы бұзылған жерде бәрі бұзылады.

Қазір салафит ағымындағы еркектер әйелді ұстаған осы екен деп тұмшалап тастады. Исламда әйелді төменсіту деген жоқ. Ертеде тарихта әйелдер ру мен елді де басқарды. Сонау ауыз әдебиетіндегі Құртқаны қарасаң, Қобыландының атына дейін баптап берді. Ол «Баратын-бармайтынымды Құртқадан сұрайын» дегенде «Құртқаны тыңдама!» дегенді тыңдап еді, қаншама қорлық көрді. Сондықтан әйелдің даналығы мен мейірімін қайта жандандыруымыз керек.

Әлгіндей қыз-келіншектерді адастырып жүргендерге айтатын уәжіңіз бар ма?

– Бұлар ақша үшін ардан аттап жүр. Табиғатқа, Құдайға, өздерінің ұятына қарсы нәрсе айтып жүр. Бұларға да тәртіп пен заң керек. Кімге не айтып жүр, бәрін тексеру қажет.

Мысалы, алданып қалып, от басқан аңғал, аңқау қыздарды жинап алып, «Сен ішіңдегі баланы құрт. Туып қайтесің? Не өлтір, не сатып жібер» дейтіндер бар. Ал мұны Құдайдың бұйрығы, сыйы деп қарау керек. Мысалы, осы жасыма дейін қаншама студент қыздардың тағдырын естіп, көріп келемін. Сондай ақыл айтқыштарға еріп, баласын далаға тастап кеткен бір ғана мысал айтайын.

Студент кезінде аяғы ауыр боп қалып, туып, тастап кеткен әйел қартайғанда жынданып кетті. Ол баласын тастаған жерге айналып соға береді. Қалай болғанда да, оны саған Алла сыйлады ғой. Қателессең де, жаныңда сол балаң болғанда жынданбас едің, өміріңде сүйеніш болар еді.

Ол жоғалтып ала салған сақина емес, құрсағыңнан шыққан балаң ғой. Әрі күнәға батты, әрі бүкіл өмірін бүлдірді. Баланың обалына қалып, тағдырын құртты. Сондықтан тренинг өткізіп, тура жолдан тайдырып жүргендерді жөнге келтіру керек. «Сен басыңдағы жағдайды анаңа айтпа, «Сенім» телефонына қоңырау шал. Біз сені құтқарамыз» дейтіндер көбейді. Міне, бұлар – үлкен күнә арқалағандар. Қазір ит пен мысықты қорғап жатырмыз ғой, негізі қатыгездік адамның өзінен басталды. Ертеде де осындай түрлі жағдай болған. Оларға да «Құдайберген, Тәңірберген, Олжабай, Молдаберген» деп ат қойып, сыйғызды ғой. Бұл қоғамды ойландыратын мәселе. Айналып келгенде, қызға үйде дұрыс тәрбие беру керек. Егер тәрбие дұрыс болса, осының бірі де болмайды. Қазақ қызын тәрбиелеуге әке-шеше, ата-әже, үкімет, бәрі жауапты болуы керек.

– Демек, жастарды ата-ана емес, қоғам тәрбиелеп жатыр дейсіз ғой...

– Бүгін жастарды интернет пен телефон, әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр. Оны шешесі де қарап үлгермейді. Ақпарат құралдары түрлі зомбылықты насихаттайды. Оған да заң тыйым салса деймін. Осының бәрі ұлтты аздырады.

Мысалы, әлгінде айтқан Жапония азып тұрған жоқ, АҚШ-тың өзі көп нәрсеге тыйым салады. Ал бізде заң жоқ. Телеарнадан тәрбиеге жат, пәтуасыз, көргенсіз хабарлар көрсетеді. Болмашы әншінің күйеуге тигені кімге керек? Бүтін ұлттың мазасын алатын шаруа емес қой. Мейлі тисін, ол оның жеке шаруасы. Айнұр ТҰРСЫНБАЕВАНЫҢ «Дикий Арманның» досына тиіп, Түркияда той өткізіп, бриллиант таратқаны қазақ ұлтының мақсаты ма? Айтпау керек, көрсетпеу керек, мән бермеу керек. Қазақ ұлты үлкен жолда кетіп бара жатқан көш емес пе? Оның арбасынан түсіп қалатын нәрсе көп.

Олар – туған жерін, намысты сатқандар, шетелдік азаматқа тиген қыздар, БЕКБОЛАТ пен МҰХАМЕДЖАНДАР, АЙНҰРЛАР, ақша қуғандар, тағысын тағы. Бұлардың қазақтың ұлы көшіне қажеті жоқ, тіпті кірістірмеу керек. Сондықтан қоғам, үкімет ұлттық рухты қайтсем көтеремін, қазақты қайтсем алыс ғасырға апарамын деген дүниені ойлау керек.

Қайта құру ақша дегенді алып келді. Бәрін бұзған – ақша. Ақша жүрген жерде ар мен абырой сөйлемейді. Бірақ ақшадан да қымбат нәрселер бар.

– Шетелдіктерге тұрмысқа шығып жатқан қыздар туралы айтып қалдыңыз ғой. Осы тұрғыда пікіріңіз қандай?

– Бұл жаппай емес, ілуде біреу ғана. Арасындағы жарылған жұмыртқалар, арбадан түсіп қалатындар ғой. Олардың бұл шешімі азғантай уақыттағы күнкөрістен ғана туған. Ешқандай болашағы жоқ тірлік. Бірақ ол қартайғанда не болатынын білмейді. Сол кезде өз еліңе кет десе ше, қарттар үйіне апарып тастаса не болады? Шетелге кетті ме, оларды қайта үйірге қоса алмайсың. Олар қазақ болмайды. Түбінде жоғалады.

Ел басына күн туған төңкеріс кезінде кеткендердің ұрпағы туған топырағына жете алмай, зар болып жүр. Олар да байлығын алып қашты ғой. Енді ұрпағы қайтып келіп жатыр. Ал шетелдікке тұрмысқа шыққандар – біржола жоғалуға кеткендер. Олар туған жерін, ата-анасын, ата-баба әруағын бір күндік қызыққа сатып кетіп жатыр.

– Ал қартайған ата-анасын қарттар үйіне өткізіп жатқандар сізді ойландыра ма?

– Бұл тақырыпты сонау 1970 жылы газетте жүргенде жаздым. Сол кезде Тараз, Атырау, Орал, Ақтаудағы қарттар үйінде қазақ болған жоқ. Қазір бірнеше қабаттан тұратын үйдің іші түгел қазақ. Қарап тұрсам, бәрібір қазақы тәрбиесі бар өңірлер – Тараз, Шымкент, Маңғыстауда аз екен. Мысалы, Атырау мен Ақтауда қарттар үйінде 90-100 қария болса, орысы басым Көкшетау, Петропавлда 300-ге жуықтайды. Яғни, біздегі үлкенді сыйлау деген ұлттық тәрбие дұрыс еді. Бағып-қағып өсірген ата-ананы сыйламаған адам ешқашан бақыт таппайды. Ондай ұл-қыздан ештеңе шықпайды. Бәрібір кейін өз басына келеді. Себебі, біз бата ал деп өсірген ұлтпыз. Ал бата мен қарғыс бәрібір қайтып оралады. Бата алғандар ғана бақытты болады. Ата-анасынан қарғыс алған оңбайды.

«КОММУНИСТ болудан бас тарттым»

Кезінде «Жұлдыз» журналының редакторы Шерхан МҰРТАЗА «Күзде партияға өтесің, дайындал» деп бөлім бастығы қылғанда сіз: «Ақын болып шаршап жүр едім, қатын болуға рұқсат етіңіз» деп арыз жазып кетіп қалыпсыз. Сол рас па?

– Ол кезде қалам ұстаған қыздар аз. Маған «Партияға өтесің!» деді. «Жұлдыз» журналына бөлім меңгерушісі, жалпы қызметте көтерілу үшін міндетті түрде коммунист болуың керек. Бірақ кішкентайымнан әжем коммунистердің біздің ата-бабамызға жасаған зәбірін айтып, әбден құлағыма сіңіргендіктен бе, жүрегім қалаған жоқ. Сосын әзіл-шыны араластырып арызымды жазып, Атырауға күйеуге тиіп кеттім.

Міне, партияға кірмеген соң мансап та қуа алмадым. Өзім қатарлы Фариза ОҢҒАРСЫНОВА, Алтыншаш ЖАҒАНОВАЛАР коммунист атанып, кейін депутат болды. Бірақ оған өкінген кезім жоқ.

Егер өкінсем, сонау ЖенПИ-де оқып жүргенде белсенді студент ретінде коммунист болатын едім. Өзім басынан бас тарттым.

– Әдебиеттің дәуірлеген заманының қарлығашы ретінде мемлекеттен алған сый-құрметке разысыз ба? Жалпы, өзіңіз әдеби сыйлық төңірегіндегі даудан алыс жүресіз бе?

– Әу баста сыйлық бар ма, жоқ па, оған мән бермейтінмін. Абай «Арсыз болмай атақ жоқ» деген ғой. Мұның айналасында небір құйтырқы болады. Кейде лайықты, кейде лайықсыз адам өтеді. Әркімнің өз жолы бар. Мақсаты, мүмкіндігі бар. Менің жолым басқа.

«Арқалап туған жердің сағынышын,

Жүргем жоқ атақ пен даңқ алу үшін

Бастық та, депутат та болған жоқпын,

Халқыма ақын қыз боп қалу үшін», – дегем. Сол үшін Фариза маған жатып кеп өкпеледі. «Сен депутат болмасаң, мен депутат болсам немене, сонда мен ақын емеспін бе?» деген еді. Содан кейін атақсыз жүре бердім. Қаламды тастап, қайта қолға алған кездерім болды. Отбасы, ошақ қасынан шықпадым. Балаларымды тәрбиеледім. Сол кезде шет қалғандай сезіндім. Кейін 2005 жылы «Құрмет» орденін берді. Содан бері 15-16 жылда ештеңе алмаппын. Қолына қалам ұстаған қазақтың бір қызы деген шығар, бәлкім еңбек еткен жылдарымның өтемі болар, алдыңғы жылы «Отан» орденімен марапаттады.

Атақ пен даңқ деген қызық қой, кейде соқыр құс сияқты керек емес адамға қонады, кейде тауып қонады. Қазақ поэзиясының бір ғасырындағы қалам ұстаған санаулы тірі қыздардың бірімін ғой. Фариза, Күләш, Ханбибі, Ханипа және мен ХХ ғасырдағы қыздар поэзиясының алғашқы қарлығаштарымыз.

Біз қазақ қызы қалам ұстай алатынын, поэзияны алып жүре алады дегенді дәлелдеуге қызмет еттік. Берсе, сені бағалағандай көңілің көтеріледі екен. Бірақ осыны алайыншы деп жүгіретін әдетім жоқ. «Ақжайықта ақ шағала бір қыз болыпты» дегеннің өзі жетеді деп ойлайтынмын. Мемлекеттік сыйлыққа да өзім ұсынылған жоқпын. Мұхиттың арғы жағында жатқан жазушы Мұхтар МАҒАУИН «Қазақ поэзиясында Фариза, Ақұштап деген қос қыз бар. Орыстың ЦВЕТАЕВА мен АХМАТОВАСЫ сияқты. Бұл екі қызға құрмет қатар көрсетілуі керек» деп жазған соң берді. Былтыр түрік тілінде жарық көрген «Ана сыры» кітабым үшін Руми атындағы халықаралық сыйлыққа ие болдым.

– Ақын Фариза Оңғарсынова екеуіңіз араларыңыздан қыл өтпеген тату болдыңыздар. Бірақ әдеби ортада екеуіңізді жиі салыстырады ғой... 

– Фаризамен жас күнімнен, тіпті өлгенше дос болдым. Мен Алматыда ЖенПИ-дің, ол Гурьев университетінің студенті. Ақын боп жарқ етіп шыққан кезім. «Сен әдеби ортада жүрсің, бақыттысың ғой. Мен де өлең жазатын едім...» деп маған жазған хаты арқылы таныстық. Кейін Шерхан Мұртаза Фаризаны Алматыға шақырды. Қол ұстасып, бес жыл бірге жүрдік. Мақаланы да бірге ақылдасып жазамыз. Өлеңді бір-бірімізге оқытамыз. Ол депутат болды, мен елге кетіп қазан-ошаққа иелік еттім. Бұрынғыдай бірге жүру мүмкін болған жоқ.

Фариза 75-ке толғанда да мені іздеп, «Атырауға келіп, мерейтойымда сен сөйлеші» деді. Мені қатты сағынса, телефон шалып «Сені көргім келеді» дейтін. Атырауға, Оралға келгенде кездесіп, құшақтасып, сырласамыз. Бірақ екеуміздің өмір жолымыз да, тағдырымыз да, өлеңіміз де өзгеше.

«Бәрінен шет қалсам да, бала сүйіп, немеремнің жөргегіне өлең жазып отырмын»

– Жағымпаздыққа жаныңыз қас, бетке тура айтатын мінезіңізден жапа шеккен кезіңіз болған жоқ па?

– Мені талай қызметке шақырды. Мінезім ұнай ма, жоқ па, қайдан білейін. Бұрын «Шынның жүзі» деген хабарға барып ойымдағының бәрін айтып, түгел сойып салғанмын. Жасыратын не бар, сені тәртіпке шақыратын орындар бар екен ғой. Ешкімге жағымпаз болып көрген емеспін. Ештеңеде шаруам жоқ. Шені барға жағынып, жол іздеген емеспін. Өмірімнің бәрі өлеңімде жатыр. Бәрінен шет қағылсам да, бала сүйіп, немеремнің жөргегіне өлең жазып отырмын. Бұл – менің тағдырым. Сосын тапсырыспен өлең жазып көрген жоқпын. Өте қиналамын. Кезінде жинақтарым шықпай қалды. Себебі, ішінде коммунистік партияны жырлаған өлең жоқ деген сынға ұшырадым. Қайтейін, жүрегіме жақпаған нәрсені жаза алмадым. 

«Әділет жолы қиын анық жастан

Жайықтың бір бағытқа ағатыны

Бойыма мінез болып қалыптасқан.

Айналмай шені бардың ермегіне,

Жыр арнап туған дала көлдеріне,

Мен бүгін өлең жазып жүрмін, аға.

Өзімнің немеремнің жөргегіне», – деп жазып едім.  

Қазіргі өлеңдеріңіздің көбі Ақ Ж

айыққа арналған сияқты...   

– Ақын Қадыр Мырза ӘЛІ: «Ол өзін әрі ана, әрі ақын сезінеді. Өйткені, осынау екі қасиетті құдірет Бақтыгерееваның басында біртұтас дүниеге айналған», – деген еді.  

«Шалдығып, шаршап тозғасын

Анық қой сенен озбасым

Таусылып жатқан арнаңа

Тамып тұр менің көз жасым, Ақ жайық», – деп жазамын. Арнасы таусылып жатқан өзеннің жағасына барып жылап аламын. Мұны басқаша қалай жеткіземін? Бір кезде қандай еді бұл өзен? Өлеңімнің бәрінде Жайықтың жағасындағы суреттер бар.

«Жарқабақ мынау құлайды-ау,

Суың да қазір ылайлау.

Анау бір соқыр кемпірден,

Сұрасам қалін жылайды-ау...»

«Тұрсам да жанға жайлы баспанада

Тұрсам да гүл көмкерген астанада

Парлатып көздің жасын Жайыққа ұшқан

Апа, мен секілдімін ақ шағала»...

Сағынышымды солай жеткіземін, содан да «Ақ шағала» атанып кеттім. Өмірге ғашық болмасақ, күресе алмаймыз ғой. Сол ғашықтықтан бұйырған жерге барып, бұйырған жүкті көтереміз. Қазақ қызы бәрінен өтеді.

Сұқбатыңызға рақмет!

Тегтер: