Дубай EXPO-2020: Сұлтановтан жауапты әзер сұрап алдық
13 қаңтарда Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың атына биыл Дубайда өтетін халықаралық көрмеге қатысты ресми сауал жолдағанбыз. Тұп-тура бір ай, бір күн дегенде (хат 13 қаңтарда жолданған, жауап 14 ақпанда келді) министрліктің жауапты хатшысы Ж.Нөпіровтің жауабы келді. Оның өзін қайта-қайта хабарласып, әзер сұрап алдық. ҚР БАҚ туралы заңы бойынша екі апта ішінде жауап берілуі тиіс еді. Соған қарағанда, Сауда және интеграция министрлігі БАҚ туралы заңды заң деп есептемейтін сияқты...
Министр Бақыт Сұлтановқа мынадай сауалдар жолдағанбыз:
«Көрмеге қатысу үшін Қазақстан 9 млрд теңге жұмсайтыны айтылды. Бұл қаржы көлемі өсуі мүмкін бе? Қазақстаннан көрмеге қанша адам барады? Олардың шығыны (тәуліктік төлем, қонақ үй, т.б.) 9 млрд теңгенің ішінде ме, әлде бөлек төлене ме? Көрме аяқталған соң қазақстандық павильонды елге әкелудің шығыны қанша?».
Сұрақтар анау айтқандай ауыр емес, тақұл-тұқыл әрі нақты жауап бере салуға болатындай-ақ. Бірақ, бір кілтипан бар сияқты...
Жауапты хатшы Ж.Нөпіровтің жауабы мынадай болды: «2019 жылғы 13 сәуірдегі «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР заңына және 2019 жылғы 22 қазандағы «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР заңына сәйкес Дүниежүзілік ЭКСПО-2020 Дубай көрмесіне Қазақстан Республикасының Ұлттық павильонының құрылыс-монтаж жұмыстарына бюджеттен 8.9 млрд теңге бөлінді.
Құрылыс-монтаж жұмыстарына павильонның конструкцияларын, инженерлік-техникалық желілерін, ішкі контенттік толтыру, демонтаж және павильонды Қазақстанға жеткізу, сондай-ақ павильонға техникалық қызмет көрсету және пайдалану құны кіреді».
Қандай заңға қандай өзгерістер енгізілгенін және қандай негізде қаржы бөлінгенін жауапты хатшының өзі түсінгеніне күмәніміз жоқ, бірақ өзінің түсінгенін өзгеге дұрыс түсіндіру де – өнер. Өкінішке қарай, бұл жөнінен Нөпіровті «өнерлі» деп айту қиын.
Біздің түсінгеніміз, биыл Дубайда өтетін халықаралық көрмеге бюджеттен 8.9 млрд теңге бөлінген және павильонды құру, толтыру, кейіннен бұзып әкелу шығыны әлгі 8,9 млрд теңгенің ішінде.
Көрмеге қанша адам баратыны әзірге белгісіз. Өйткені ЭКСПО-2020 Дубай ұйымдастыру комитеті мен министрлік Қазақстан Республикасының ұлттық павильонының контенттік толтыру тұжырымдамасын наурыздың ортасында аяқтайды екен.
«Аталған тұжырымдамаға сәйкес операциялық қызметті жүзеге асыру үшін павильон стендистері мен қызметкерлерінің қажетті саны айқындалады. Қазіргі уақытта қызметкерлерді іріктеу бойынша талаптар мен критерийлерді әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте павильон қызметкерлеріне кететін шығын бекітілген бюджет шеңберінде қарастырылған» дейді Нөпіров.
Яғни, Қазақстаннан баратын делегацияның (стендистер, қызметкерлер, VIP қонақтар) шығыны 8,9 млрд теңгенің ішінде. Мұны тықақтап сұрауымыздың себебі бар. Кім біледі, қарапайым халықтың есебінен Дубайдағы «Бурдж әл-Араб» қонақ үйінің түндігі 28 мың долларлық аппартаментінде шалқайып жатқысы келетін «шейхтар» біздің делегация ішінен шығуы да мүмкін ғой.
Нөпіров ұйымдастыру комитеті тұжырымдаманы наурыздың ортасында аяқтайтыны, көрмеге қанша адам баратыны сол кезде белгілі болатынын айтты. Наурызға да көп қалған жоқ, уақыты келгенде Сұлтановтың атына тағы бір сауал жолдаймыз, министрдің БАҚ туралы заңды қаншалықты құрметтейтіні сол кезде белгілі болмақ.