21 Қаңтар 13:35

Сапар Рахменшеев: «Баланы өбектеген сайын стреске қарсы тұруын әлсіретіп жатырмыз»

Алматы психикалық сауықтыру орталығы
Фото: ғаламтордан

Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығында былтыр 11 мың 283 адам бақылауда тұрса, қазір бұл 11 мың 784-ке жеткен. Психикалық дерттің белгісін қалай байқауға болады? Әйелдерге қарағанда ерлер неге әлсіз? Жастар мен жасөспірімдер маман көмегіне жүгіне ме? NEGE тілшісі бұл туралы Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры Сапар Рахменшеевтен сұрап көрді.

  – Сапар Құттыбайұлы, соңғы кезде психикалық ауруы бар науқас саны артты ма? Жалпы, статистика бойынша бұл дертке ерлер көп шалдыға ма, әлде әйелдер ме?

 – Орталық 360 орынға арналған. Қазіргі таңда көрсеткіш бір қалыпты деуге болады. 2022 жыл мен 2023 жылды салыстырсақ, ересек адамдардың психикалық дертке шалдығуы 4 пайызға өссе, балалар арасында 9 пайызға, ал жасөспірімдерде 10 пайызға көбейді. Мұны айтарлықтай көп дей алмаймыз. Ал негізінен қазір ерлер психикалық ауру түрлерімен жиі түседі. Егер бұрын бірінші орында шизофрения дерті тұрса, кейінгі кезде ақыл-есінің кемдігі (слабоумия) алдыңғы орынға шықты. Біздің орталықта науқастар стационарда жатып емделеді, сондай-ақ амбулаторлық негізде келіп-кетіп тұрады. Диспансерлік бақылауда тұрған аурулардың бәрі тегін ем алады. Олар «Бұл жазыла ма, жоқ па?» деген сауалды жиі қояды. Егер біздің диспансерлік бақылауда тұрған науқастар амбулаториялық деңгейде берілетін дәрі-дәрмекті уақытында ішіп жүрсе, оларда өршу кезеңі болмайды. Өршу кезеңінде ұйқысы бұзылады, әртүрлі дауыстарды естіп, көзіне әлденелер көрінуі мүмкін. Әр науқастың өз диагнозына байланысты әркімге әртүрлі доза тағайындалады. Орташа алғанда бір айға жуық жатады. Одан кейін айына бір, екі айда бір мәрте келіп әрі қарай емін тегін алып тұрады.

   – Ақыл-есінің кемдігі ауруы ер азаматтар арасында көп тіркелетінін айтып қалдыңыз. Бұған не себеп?

  – Бұл аурулардың ерекшелігі, біріншіден – тұқым қуалайды. Екіншіден, ерлер бала кезде көп жарақат алуы мүмкін. Спортпен шұғылданған кезде бастан соққы алады. Бұл да психикалық ауытқуға алып келетін бір себеп. Сондай-ақ, ер азаматтар әйелдерге қарағанда эмоцияналды тұрғыдан әлсіз келеді, көтере алмайды. Өмірінде болып жатқан өзгерістерге айтарлықтай реакция беруі мүмкін. Бұл жағынан салыстырмалы түрде әйелдерді «қырық жанды» деп бекер айтпайды. Тұрмыстың тауқыметіне қыз-ке­лін­шектер төзімдірек. Стресті әркім әрқалай қабылдайды. Кейбір еркектер ішімдікке салынса, енді бірі есірткі қолданып кетеді. Тағы біреуі лудоманияға, яғни құмар ойындарына шамадан тыс әуестенеді. Сондықтан ер азаматтардың стресті шығару әдісі әртүрлі. Өздерінше күресуге тырысады осылай.

психикалық ауытқу
ғаламтордан

   – Ал орталықтың көмегіне жүгінетін жастар мен жасөспірімдерді мұндай күйге түсіретін факторлар қандай? Негізінен оларға қандай диагноз қойылады? Жалпы, ата-ана мен бала арасындағы өзара түсініспеушілік пен кикілжің психикалық ауруға әкеле ме?

 – Жастар арасында шизофрения, аутизм, ақыл-ой кемістігі ауруы жиі тіркеледі. Біріншіден, мұның ішінде тұқым қуалайтын аурулар бар. Екіншіден, егер тұқымында болмаса, ата-ана мен бала арасындағы конфликт психикалық дертке шалдықтырмайды. Бұл баланы күйзеліске, әке-шешесін тыңдамайтын жағдайға, ақырында үйден қашып кетуге әкелуі мүмкін. Ал генетикасында болса, ұрыс-керіссіз-ақ белгілері анық байқалады. Дегенмен, жастар мен жасөспірімдердің мұндай әрекетіне қарап психикалық ауытқуы бар немесе жоқ деп айта алмаймыз. Себебі, бұл әрқайсымымен жеке сөйлесіп, зерттеу жасағанда ғана анықталады. Мәселен, кей бала шантаж жасайды. Отбасында оған деген көңіл бөлу аз болса, демонстративті түрде «Айтқанымды істемесең, қолымды кесемін, өзіме қол жұмсаймын» деп бопсалауға дейін барады. Бұл әр баланың мінез ерекшелігінен де туындауы мүмкін. Меніңше, қазір балаға деген қамқорлық, өбектеу қалыпты жағдайдан да жоғары, тіпті шамадан тыс болып кеткен. Біз баланың айтқанын істеген сайын олардың өмірдегі стреске қарсы тұруын әлсіретіп жатырмыз. Бұған дейін дегенін істетіп келіп, есейе келе басқа ортаға түскенде оған «Жоқ, болмайды» деп қолдай кетпесе, ол стресті көтере алмай қалады, қарсы тұра алмайды.

– Былтыр жасөспірімдер арасындағы суицид 30 пайызға артып, кәмелетке толмаған 169 жас ғұмыр үзілген. Олардың 27,8 пайызы 5 пен 14 жас аралығындағы балалар, 72,2 пайызы 15 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер. Орталықта емделіп жатқан жасөспірімдер арасында өзіне қол жұмсап, өмірімен қош айтысқысы келетіндер кездесе ме?

 – Әрине, мұндай жағдай жастар мен жасөспірімдер арасында кездеседі. Бізге ата-аналар әлгіндей бопсалайтын балаларды алып келеді. Арнайы балалар психиатры сөйлесіп, жан-жақты зерттеп, диагнозын қойып, ем алуға жатқызады. Қазір ересектердің арасында да суицид жасағысы келетіндер баршылық. Құмар ойынына басымен кіріп, қарызы көбейіп кетіп, оны төлей алмаған соң өмірін қиғысы келеді.

  – Қоғамда психиатр маманға баруды әлі ұят санайды немесе өмірбақи есепке қояды деп үрейленеді. Дегенмен, қазір дамыған елдердегідей маманнан кеңес алу, емделу қалыпты жағдайға айналды ма? Емделушілер қатарының тым көбеюі – қоғамның өзгергенін білдіре ме?

  – Әсіресе, ересек адамдар арасында ұялып, жасырып, намыстанатындар бар. «Пәленше бауырын, туысқанын жындыханаға жатқызып тастапты» деп айтады» дейтіндер жетеді әлі. Бірақ жасөспірімдер маманға келіп, кеңес алуға арланбайды. Өзімнің алдыма 15-16 жастағы бірнеше жасөспірім ата-анасын ертіп келіп, тікелей сұрағын қойып, жауап алуға тырысты. Бірақ бірге келген анасының өзі кіруге намыстанып тұрады. Демек, жастар бұл мәселені жылы жауып қойғысы келмейді. Өйткені, олар ата-анасы жауап бере алмаған сауалға жауапты мамандардан алып жүр. «Психотерапевтпен сөйлескім келеді» деп бірден айтады. Мысалы, бір жасөспірім «Ағай, 6 айдан кейін мектеп бітіремін. Жанымдағылардың бәрі болашақта кім болатынын біледі. Ал мен білмеймін. Демек, аурумын ба?» деп сұрады. Оған «Бұған дейін бұл туралы ойланып көріп пе едің?» десем, «Жоқ, мүлдем ойланған емеспін» деді. «Міне, өз сұрағыңа өзің жауап беріп тұрсың ғой. Енді қазір ойланатын уақыт келді», – десем, ойға шомып қалды. Тағы бір анасын ертіп келген бала «Мен неге ата-анамның айтқанын істей беруім керек? Бауырларыма неге қарауым керек? Оларға мен бала күтушімін бе? Осы сұраққа жауап беріңізші» деп тұр. Ең бастысы, олар өздерінің психикасы дұрыс па, жоқ па, соны білгісі келеді. Біріншіден, бізде басқаға еліктеу басым. Екіншіден, жастар мен жасөспірімдер қолындағы гаджеттен әртүрлі ақпаратты, мәліметті көреді. Батыс елдеріндегідей болғысы келеді. «Өз құқымды қорғаймын» деп шығады.

психикалық ауытқу
Фото: из открытых источников

  – Қазір кез келген адамнан «депрессия, стресс болып жүрмін» дегенді жиі естиміз. Осы екеуін психикалық аурудың алғашқы белгісіне жатқызуға бола ма?

  – Бұрын аз еді, қазір көбейіп кетті дей алмаймын. Бұл барлық кезде болған. Тек ертеректе оған аса маңызды көңіл бөлінбеген сияқты. Соңғы кезде ақпарат ағыны мен әлеуметтік желінің дамуына орай мәлімет жиі айтылады, жеңіл жеткізіледі. Десек те, депрессияның түрі көп қой. Оның негізгі белгілері – қоршаған ортадағы жағдайды қабылдауы күрт азайып, күйзелісін ішке жинақтайды. Сондай-ақ, адамдармен араласудан қашқақтайды, ешкіммен сөйлескісі келмейді, үнемі бөлмесінен шықпай, жата береді. Кейбіреулер жанындағы жақынымен ақылдасып, өзінше күрессе, енді бірі тек мамандарға ғана ақтарылады. Сондықтан депрессияның алғашқы белгісі байқалса, алдымен психотерапевтке келу керек. Маманнан қашудың керегі жоқ. Біздің тәулік бойы жұмыс істейтін 376-56-60 сенім телефонын ашып қойған себебіміз де сол. Сіздің атыңызды да сұрамайды. Білікті мамандар мазалап жүрген факторға ғана жауап береді. Соңғы кезде сенім телефонына өте көп қоңырау түсіп жатыр. Бір жылда 500 қоңырау қабылданды. Бұл қарапайым халықтың психолог көмегіне жүгінуді қалыпты жағдайға айналдырғанын көрсетеді.

   – Психотерапевт мамандар жын деген нәрсені жоққа шығарып жатады. Бірақ өзінің әрекетіне жауап бере алмай қалған психикалық ауытқуы бар талай адамның білікті молданың алдынан өткен соң қалыпты адам қатарына қосылып жатқанын естіп жатамыз. Осы турасында не айтасыз?

   – Құранның «Зәрият» сүресінің 56-аятында: «Мен жындар мен адамзатты тек Өзіме құлшылық етулері үшін ғана жараттым», – деген. Сіз «адамға жын кіру рас па, жоқ па?» дегенді сұрап отырсыз ғой. Ол – рас. Бірақ бұл психикалық ауытқуы бар адамның бәріне жын кіріп кетеді деген сөз емес. Кейбіреулер ауырған туысын молдаларға апарып жатады. Тіпті, нәтиже болмай асқынып кетіп, қайтадан бізге әкелетін кездері жоқ емес. Енді біріне шын мәнісінде жын кіріп кететін жағдай да болды. Сондай кезде бізден ем алып, сосын молдаға барып денсаулығы түзеліп кеткен адамдар бар. Медицина мен Ислам діні бір-біріне қайшы келмейді. Екеуінің де міндеті адамға кө­мектесу десек те, әр істің өз маманы бо­лады. Қандай жағдайда да әр дерттің өз дә­рігері бар. Себебі, жүйке ауруларына ұшыраған науқастар алдымен өзіне қауіпті.

психикалық ауытқу
ғаламтордан

   – Жалпы, психикалық дерттің асқынған түрімен ауырған науқас қанша уақытта сауығады?

   – Мысалы, қант диабеті жазылып кете ме? Егер үнемі дәрісін уақытылы ішіп отырса, олардың қанты көбеймей, бірқалыпты жүреді. Бұл жерде де дәл солай. Тағайындалған дәріні уақытылы ішсе, өршу кезеңдері болмайды. Тұқым қуалайтын және созылмалы ауру ретінде балаларында да кездесуі мүмкін.

  – Маман ретінде қарапайым көңілсіздікті, стрессті жеңу үшін, оны асқындырып алмас үшін қандай кеңес айтасыз?

 – Біріншіден, бөлісу керек. Ішке сақтаудың керегі жоқ. Екіншіден, балалық шақтағы әдемі естеліктерді еске түсіру қажет. Өзіне ұна йтын жанрдағы кітаптарды парақтап шықса, артықтық етпейді. Егер бұл да көмектеспесе мамандарға келу керек. Сосын өздері анықтап, бағытын береді. Кейде адам күйзеліске түскенде қарапайым сұрақтың шешімін таппай келеді. Дәрігер кеңесін тыңдаған соң «Соны осы уақытқа дейін білмей келіппін ғой» деп жатады.