Саиров: Жаңа Конституция Қазақстанның саяси архитектурасын толық өзгертеді
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров жаңа Конституция халық және ел экономикасы үшін қандай өзгерістер әкелетінін түсіндірді.
Астана, NEGE. Оның айтуынша, жаңа Конституция Қазақстанның саяси архитектурасын толық өзгертеді.
«Қазір бізге бес конституциялық заң келеді. Осы бес конституциялық заң қабылданғаннан кейін – Құрылтай, Халық кеңесі, аймақтық даму және президентке қатысты заң келгеннен кейін елімізде саяси жүйе де өзгереді», – деді Саиров.
Депутат атап өткендей, жаңа Конституцияның шамамен 80 пайызы өзгерген. Күзде Құрылтайға жаңа депутаттар келген кезде еліміздегі әлеуметтік-экономикалық заңнаманың 60 пайызы жаңармақ.
«Яғни, біздің елімізде әлеуметтік әділеттілік, заң мен тәртіп принциптері және ең негізгісі - плюрализм принциптері жаңа тұрпатта қалыптасады», – дейді Мәжіліс депутаты.
Саиров өз сөзінде Конституциялық өзгерістердің тек саяси жүйеге ғана емес, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да тікелей әсер ететінін ерекше атап өтті.
Оның айтуынша, бұл реформалар еліміздің тұрақты дамуына, халықтың өмір сүру сапасының жақсаруына және құқықтық тәртіптің нығаюына бағытталған. Сондықтан жаңа Конституцияның енгізу барысы стратегиялық маңызды әрі еліміздің болашағына тікелей әсер ететін кезең болмақ.