Алматы, Шымкент, Түркістан және Ұлытау ЭКСЖ ұлттық жобасы бойынша артта қалды
Павлодарда «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша Жобалық кеңсенің көшпелі отырысы өтті. Жиынды премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев өткізді.
Астана, NEGE. Отырыста өңірлердің алдағы жылыту маусымына дайындығы, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларының орындалуы, жергілікті атқарушы органдардың белсенділігі және бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалуы талқыланды.
Жиын барысында ЭКСЖ ұлттық жобасының қазіргі қарқыны, конкурстық рәсімдер, жобаларды қаржыландыру және өңірлердің жөндеу науқанына дайындығы қаралды.

Биыл еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына шамамен 1,3 трлн теңге инвестиция тартылған. Оның 767 млрд теңгесі ЭКСЖ ұлттық жобасы аясында бағытталған. Бұл жалпы құны 164,8 млрд теңге болатын 37 пилоттық жобаны бастауға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар 459 млрд теңгеге бағаланған 242 жоба конкурстық рәсімдер сатысында тұр. 175 нысан бойынша мердігер ұйымдар анықталған. Қаржыландыру халықаралық қаржы ұйымдары, екінші деңгейлі банктер, «Бәйтерек» холдингінің құралдары және мемлекеттік қолдау шаралары арқылы қамтамасыз етіледі.
Отырыста өңірлердің ұлттық жобаға қатысу рейтингі де қаралды. Мониторинг деректеріне сәйкес, бірқатар өңір конкурстық рәсімдерді өткізу және шарт жасасу бойынша артта қалып отыр. Ең төмен көрсеткіштер Алматы мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ Түркістан және Ұлытау облыстарында тіркелген.

Қанат Бозымбаев мемлекет тарапынан барлық қажетті қаржыландыру тетіктері мен қолдау шаралары қабылданғанын айтты. Оның сөзінше, енді өңірлердің басты міндеті – құрылыс-монтаждау жұмыстарын уақытында бастап, жобаларды сапалы іске асыру.
Павлодар облысы ұлттық жобаны белсенді іске асырып жатқан өңірлердің бірі ретінде аталды. Мәліметке сүйенсек, өңірде соңғы 30 жылда алғаш рет инженерлік инфрақұрылымның тозуын тоқтатуға қол жеткізілген.
2025-2027 жылдары облыста жалпы құны 131,6 млрд теңге болатын 55 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Қазір жалпы ұзындығы 92,4 шақырым болатын жылу және электрмен жабдықтау бойынша 16 нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жобалардың жалпы құны 21,7 млрд теңгені құрайды.
Бұған қоса, Павлодар облысы 2027 жылға арналған жобалар саны бойынша республикада екінші орынға шықты. Өңір жалпы құны 109,9 млрд теңге болатын 39 жобаны қамтитын өтінім базасын дайындаған. Іске асырылып жатқан жобалардағы отандық өнімдер мен мамандардың үлесі 100 пайызды құрап отыр.

«Ұлттық жобаны іске асыру үшін барлық қажетті шешімдер мен қаржыландыру тетіктері мемлекет тарапынан қабылданды. Бүгінде өңірлердің негізгі міндеті – жұмысты сапалы үйлестіруді қамтамасыз ету, конкурстық рәсімдерді уақтылы өткізу және құрылыс-монтаждау жұмыстарына кірісу. Павлодар облысының тәжірибесі көрсетіп отырғандай, жинақталған инфрақұрылымдық проблемалардың басым бөлігін жүйелі түрде және белгіленген мерзімде шешуге болады», – деді Қанат Бозымбаев.
Жиында отандық өнімнің үлесін арттыру мәселесі де талқыланды. Қатысушылар ұлттық жоба аясында қазақстандық тауарлар мен қызметтерді көбірек пайдалану және коммуналдық жүйелерді жаңарту жұмыстарына отандық өндірушілерді белсенді тарту жолдарын қарастырды.
Отырыс қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев жұмысы кешігіп жатқан жобаларды тез арада ретке келтіруді және барлық конкурсты қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 1 шілдеге дейін отандық тауар өндірушілердің тізілімін жаңарту және Электрондық платформаның толыққанды жұмыс істеуіне кедергі болып тұрған кемшіліктерді жою міндеті жүктелді.
Сондай-ақ тауарларды Электрондық платформадан тыс және ұлттық жобаның бекітілген ережелерін айналып өтіп сатып алуға болмайтыны ескертілді. Жауапты мемлекеттік органдар келесі жиынға дейін барлық тапсырманың орындалуын қамтамасыз етуі керек. Орындалмаған әрбір тапсырма бойынша мемлекеттік органдар мен жобаға қатысушылардың жұмысына жеке баға беріледі.