2 Наурыз 19:53
...

Ресей мен Түркия соғыс алдында тұр

Фото:
Сыртқы күштердің сан түрлі мүддесі тоғысып, көкпардың серкесіне айналған Сирия тағы үлкен соғысқа түрткі болуы ғажап емес. Түркия мен Ресей ә

скерилері қазір майданда бет-бет келіп қалды. Бір ғана қаңғыған оқтың кесірінен Еуропаның екі қуатты әскері қан-жоса ұрысқа қойып кетуі бек мүмкін. Таяуда ғана Ресей саяси, әскери тұрғыдан қолдап отырған Башар Асадтың әуеден шабуыл жасап, Түркияның Идлибтегі 33 жауынгерін опат еткені мәлім. Бұған қатуланған Ережеп Тайып Ердоған әскерін үйіп-төгіп, қарсыластарын оқ пен оттың астына алып, осы аймақтан қуып шықпақ.

Түркияның қорғаныс министрі Хулуси Акар «Түркия Ресеймен ұрыс жүргізгісі келмейді. Бірақ Идлиб аймағындағы әскерлеріне жасалған кез келген шабуылға қатаң жауап қайтарады» деп мәлімдеді. Ресей сарапшылары Эрдоғанның айналасында соғысты қалайтын қырғилардың бар екенін, Анкарада бәз біреулердің Мәскеуге қарсы гибридті соғыс жоспарын жасап жатуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Мәселен, Түркия президентінің кеңесшісі, сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі парламент комитетінің мүшесі Месуд Хаккы «Түркия кек алады, Мәскеу үшін оның салдары қорқынышты болады» деп қатуланды. Ол Ресейді іштен іріту керек екенін, онда 25 миллион мұсылман тұратынын алға тартқан.

Ресейдің де үнсіз қалмасы анық. Сирия үстімен ұшатын Түркияның бейбіт ұшақтарының қауіпсіздігіне кепілдік бере алмаймыз дегенді айтты. Қазіргі Кремль қожайының гибридті соғыс жоспарын жасаудың, оны жүргізудің майталманы екеніне ТМД елдеріндегі қақтығыстар куә.

Путин де, Ердоған да жарыса «бейбітшілік сүйгіш елміз» деп мәлімдегенімен, Сирия мәселесінде райларынан қайтар түрлері көрінбейді. Бар гәп Сирияның Идлиб аймағында болып отыр. Түркия осы аймақтан әскеріңді шығар деп ультиматум қойғанымен, Мәскеуге арқа сүйеген Дамаск одан үзілді-кесілді бас тартты. Десе де, 29 ақпанда Сирия жауынгерлері Түркияның әскери қысымымен 20 елдімекенді тастап кетуге мәжбүр болды.

Түркия мен Ресей арасында Сириядағы жанжалға қатысты көзқарасы екі түрлі екені кәдік. Түркия Башар Асадқа қарсы күрес жүргізіп отырған оппозицияны қолдаса, Ресей оларды «террорлық құрылымдар» деп атап, орыстың жойғыш, бомбалағыш ұшақтары Асад әскерінің ұрыс қимылдарына әуеден қолдау көрсетіп келеді. «Біз Сирия халқы қанша қаласа, біз сонша уақыт боламыз» деп мәлімдеген Ердоған Путинге Түрік әскері мен Сирия әскері арасындағы ұрыстарға араласпауға шақырады.

Ресейдің Сириядағы әскери полициясы

Дейтұрғанмен, Ердоған қол қусырып отырған жоқ. Соңғы күндері Сирия оппозициясына қару-жарақты үйіп-төккен көрінеді. Олар түрік танкілеріне, бронды техникаларға, беспилотниктерге қол жеткізген. Анкара Сирия-Ресей әскерлерінің әуе шабуылдарына қарсы әскери-дипломатиялық шаралар жасап келеді. Қарулы Сирия оппозициясын американдық Stinger-лермен жабдықтап, АҚШ-ты Сирия шекарасында әуе шабуылынан қорғаныс құралдарын орнатуға үгіттеп жатыр. Путиннің де жауабы дайын. Башар Асадты қолдауға жіберген орыстың әскери кемелері Стамбұл бұғазынан түріктерге қол бұлғап жүзіп өтуде.

Соғыс дипломатиялық майданда әлдеқашан басталып кеткен. Мәскеу осы аймақтағы Оман, БАЭ, Қатар  және басқа да Түркияға қырын қарайтын елдерді жиі жағалап жүр. Түркия болса, НАТО-лық серіктестеріне «маған болыс» дейді. АҚШ пен Еуроодақ Түркияға көмек қолын созуға асығып отырған жоқ. Өйткені, жүген-құрығын түрген Ердоған байырғы одақтастарымен дүрдараз. Десе де, жанжалға қазір тікелей араласпай, бейтарап болып көрінсе де, Ердоғанға қанша жерден өкпесі болса да, АҚШ пен Еуроодақтың жеме-жемге келгенде кімнің сөзін сөйлейтіні белгілі жайт. Түрік сарапшыларының сөзіне сенсек, АҚШ түрік сарбаздарының қазасынан кейін Түркияның жағына шыққан көрінеді.

Мүдде қайшылығы әкеп тіреген орасан зор апаттың алдын алу үшін, 5 наурызда Ердоған Ресейге келіп, Путинмен кездеспек. Бірі Осман Империясының, бірі Ресей империясының рухын қайтарғысы келіп жүрген қос диктатордың да айтқандарынан қайтпайтын ымырасыз екенін ескерсек, ортақ мәмілеге келе алуы екіталай секілді. Десе де, соғыстың екі елді де оңдырмай тығырыққа тірейтінін Путин де, Ердоған да жақсы біледі. Сондықтан оқшаулана бастаған екі серке бір үстелдің басында мәжіліс құруға мәжбүр.

Расул Жұмалы: Бұл соғыста ешкім жеңіске жетпейді

inform.kz

– Ресей қолдап отырған Асад режимі Сирияның 70-80 пайызын ғана бақылап отыр. Қалған аймақты бағындыруда аса қаталдыққа баруда. Қалаларды, елдімекендерді бейбіт тұрғындарымен қоса, қырып-жойып жүр. Түркияның көздегені – күрд мәселесі. Осыны уысынан жіберіп алмауды қалайды.

Ресейден өзгешелігі, Түркия Сириямен шекаралас. Тоғыз жылғы соғыстың зардабын тікелей тартып отыр. Қауіпсіздік, тұрақсыздық, лаңкестік мәселесі, қылмыстық, контрабандалық топтар кері әсерін тигізіп жатыр. Сириядан қашқан 6 миллион босқынның тең жартысы Түркиядан тұрақ тапты. Анкара босқындардың шығынын өз мойнына алған. Экономикалық, қауіпсіздік тұрғысынан үлкен салмақ салып отыр. Мәселелер қордалана келе соғыс жағдайына алып келді.

Путин де, Ердоған да ашық текетіреске мүдделі емес. Кешегі одақтастардың бітіспес дұшпанға айналуы Путинге ауыр имидждік соққы болады. «Батысқа қыр көрсетем деп Сирияға кіріп едің, енді өз одақтасыңмен соғысып жатырсың» деген сауал қойылады. АҚШ, Еуроодақ секілді одақтастарымен қарым-қатынасын бұзып алған Ердоған үшін де бұл қиын жағдай. Путиннің де, Ердоғанның да халықаралық позициялары әлсіз. Мұндай соғыста ешқандай тарап жеңіске жетпейді.

Тегтер: