Президенттер портреті. Бердімұхамедов. «Түркіменстанға еңбегі сіңген итбегі»
Түркіменстан – жеке басқа табынудың шегін адам ақылы жетпейтін деңгейге дейін арттырған мемлекет. Қазіргі президенті Сердар Бердімұхамедовтің толып жатқан лауазымдарының ішінде «Түркіменстанға еңбегі сіңген итбегі» деген мәртебесі де бар. Бірақ Сердардың жеке басына жеткенше біраз жер шолып шығуымызға тура келеді. Сонымен...
Ниязовтан Бердімұхамедовке дейін
Түркіменстанның жоғары билігі туралы сөз қозғағанда, елдің тұңғыш президенті Сапармұрат Ниязовты айналып өту мүмкін емес. Өйткені бұл кісі – жеке басқа табынудың іргетасын алтыннан құйған адам. Әрі Ниязов болмаса, әкелі-балалы Бердімұхамедовтердің де билікке келуі екіталай еді. Сондықтан мақаламыздың әлқиссасын Ниязовтан бастаймыз.
Сапармұрат Атайұлы Ниязов Ашхабад облысын Қыпшақ ауылында 1940 жылы өмірге келген. Балалық шағында көрмегені жоқ, тағдыры талқанын шығарған. Бір деректер бойынша әкесі соғыста бөлімше командирі болып, 1942 жылы қаза тапқан. Енді бір деректерде жау тұтқынында болып, кейін атылған. Ал анасы мен Мұхаметмұрат және Ниязмұрат деген екі ағасы 1948 жылы Ашхабадта болған жер сілкінісі кезінде көз жұмған. Яғни, тұл жетім сәби Балалар үйінде тәрбиеленген. Бірақ сабақты кілең беске оқып, мектепті үздік бітірген. Бар болғаны 22 жасында коммунистік партияның мүшелігіне өткен.
Сапармұрат Ниязов Түркіменстанды сонау 1985 жылдан өмірінің соңына дейін биледі. Алғаш Түркіменстан коммунистік партиясының хатшысы болған ол 1991 жылы бүкілхалықтық сайлауда 98,3 пайыз дауыс жинап, елдің тұңғыш президенті атанды.
Түркіменбашының тұсында ел басшысын «құдай емес, не құдайдан былай емес» деп қабылдайтын көзқарас қалыптасты. Күні кешеге дейін Қазақстан көгінде жаңғырған «Мәңгілік ел» идеясы, «Мәңгілік ел» мұраты сынды көпірме тіркестер тамырын сол түркімен жерінен алып жатқандай көрінеді. Себебі марқұм Сапармұрат Ниязов «Мәңгілік президент» болып сайланған еді. Президент мәңгілік болған соң оның атқарған ісі, жасаған жұмысы, тіпті айтқан сөзі де өлмейтіндей көрінді. Алтынмен жалатылған ескерткіштері тұрғызылды. Бір қала мен жүздеген ауыл, кәсіпорындар Ниязовтың есімімен аталды. «Рухнама» кітабы білім беру орындарында жеке пән ретінде енгізілді. 2002 жылы президенттің шешімімен, ай, күн және апта атаулары өзгерді. Қаңтар айы «Түркіменбашы» аталды. Сәуір – «Гурбонсолтан» (Сапармұраттың анасының есімі – ред.). Сенбі – «Рухгюн», яғни, түркімен халқының «Рухнама» кітабын оқитын күні. Бүкіл ел аумағы бойынша тұрғызылған Түркіменбашы ескерткіштерінің саны 1400-ден асты.
- Оқи отырыңыз: Президенттер портреті. Мирзиёев. «Шавкат акя»
Сөйткен «мәңгілік президент» 2006 жылы мәңгілікке көз жұмды. Бейресми деректерге қарағанда, Сапармұрат Ниязов өмірінің соңғы жылдарында жиі сырқаттанып жүрген. Жүрек дерті мен қант диабеті мазасын қашырған. Тіпті оның бала күнінен жабысқан эпилепсиясы туралы ақпарат та тек өлгеннен кейін ғана айтыла бастады.
Қызығы, Ниязовтың қайтыс болғаны жайлы мәлімет алғашында Батыс БАҚ-тарында пайда болды. Ал ресми билік 2006 жылдың 21 желтоқсаны күні ғана қаралы хабарды жариялады. Оппозияция өкілдерінің пікірінше, президент бұдан әлдеқайда бұрын көз жұмған. Нақтысы, 24-і күні жерленді, Қыпшақ ауылындағы екі бауырының қасына қойылды. Жерлеу рәсімін бүкіл Тәжікстан телеарнасы көрсетті. 21-інен бастап жетісі өткенше қаралы күн жарияланды. Ел астанасымен қоса барлық қалаларда комменданттық сағат енгізілді. Түнде тыныштықты әскерилер бақылады.
Ал «мәңгілік президентті» мәңгілік сапарға жөнелту жөніндегі мемлекеттік комиссияның басшысы – премьер-министрдің орынбасары Гурбангулы Бердімұхамедов еді.
Атаевтың ақыры
Негізі ел басшысы әлдеқандай жағдайға ұшырай қалса, Конституция бойынша оның орнын Парламент төрағасы басуы тиіс. Яғни, Ниязовты жөнелтуден бастап президенттік сайлау өткенше ел билігі Овезгелді Атаевтың қолында болуы керек-тін. Алайда Ашхабадта ешкім біле бермейтін ішкі күрес жүріп жатты.
Ниязовтың қайтыс болғаны туралы хабар тараған күннің ертесінде Овезгелді Атаев қамауға алынды. Оған «қызмет бабын асыра пайдаланды», «рулық араздықты қоздырды» деген айып тағылды. Ал президенттік сайлау өтіп, Гурбангулы Бердімұхамедов билікке жайғасқаннан кейін Атаев бес жылға сотталды. Тіпті оның әйелі Гүзел Атаеваны да «келінін өз-өзіне қол салуға итермеледі» деген айыппен 5 жылға соттап жіберді.
Бірақ ерлі-зайыптылар 5 жылдан кейін де түрмеден шыққан жоқ. Тек 2012 жылы наурыз айында (ақпанда президенттік сайлау өткен) Атаев пен оның әйелінің бостандыққа шығатыны туралы мәліметті Түркіменстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Вепа Хаджиев айтты. Ол мұндай сөзді Нью-Йоркте өткен БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитет тыңдауында мәлімдеген. Дегенмен бұрынғы Парламент төрағасының бостандыққа шыққаны, өкінгені немесе ақталғаны, билікті сынағаны туралы ешқандай дерек жоқ. Овезгелді Атаев сол күйі саясат әлемінен мүлде жоғалып кетті.
«Арқадағқа»тізе бүкпеген арғымақ
Негізгі кейіпкеріміз Түркіменстанның қазіргі президенті Сердар Бердімұхамедов болғанымен, тізгіннің бір ұшын ұстап отырған әкесі туралы айтпай кету әбестік болар еді. Әйтсе де, оның өмір жолына терең үңілмей, маңызды деген тұстарына ғана тоқталамыз.
Рас, Гурбангулы Бердімұхамедов – бесаспап адам. Кітап жазады, ән шығарады, оны өзі орындайды, бәйге болса – шабандоз, енді бірде әскерилерге мылтықты қалай атып, қанжарды қалай қадау керектігін үйретіп жатады. Кез-келген салаға именбей кіреді, үлгі көрсетуден жалықпайды. Үлкен Бердімұхамедовтің мұндай әрекеттері әлем жұртының күлкісін келтіріп, кекесін тудырғаны рас. «Шабандоз», «музыкант», «терминатор» деген теңеулер – сегіз қырлы экс-президенттің әр-әр жердегі «көрсеткен өнеріне» берілген баға.
Бірақ бір мәселені ашық айтуымыз керек, Гурбангулы Бердімұхамедов жас кезінде спортпен шұғылданған. Жәй ғана шұғылданып қоймай, өзінің мықтылығын дәлелдеген. Мәселен 1972 жылы классикалық күрестен (грек-рим күресі) Ашхабадтың чемпионы атанған. Ал 1973 жылы мылтық атудан Түркіменстан бойынша алдына жан салмаған. Сондықтан экс-президенттің кейінгі «өнерлерін» – талантты адамның президент болған соң ашылған жаңа қырлары деуге болатын шығар.
Енді осындай адам тұңғыш президент Түркіменбашыдан қалай төмен болады? Төмен болмаудың алғышарттарын Гурбангулы 4-5 жылдың ішінде-ақ жасады. Ниязовтың ескерткіштері орнынан алынды. Оның атына берілген қала, ауыл атаулары өзгерді. Бүкіл халық елдегі бірінші адамға бас иді. Соның өзінде әлдене жетпей тұрғандай көрінетін. Сол «әлдене» ақыры табылды.
2010 жылы Түркіменстан тәуелсіздігінің 19 жылдығына орай өткізілген әскери парадта Гурбангулы Бердімұхамедовке «Арқадағ», яғни «Асқар тау» деген қосымша есім берілді. Бұл шараның сән-салтанаты өз алдына бөлек әңгіме. Алдымен сап түзеп шерулетіп бара жатқан әскери жасақ кілт бұрылып, «Асқар таудың» алдына тізерлеп тұра қалады. Дәл осындай ерекше «ізетті» енді түркіменнің ақалтекесі жасауы керек еді. Бірақ арғымақ тым текті болған ба, әлде үйретуші дұрыс ұқтыра алмаған ба, сылаң қағып «билегені» болмаса, арғымақ тізесін бүкпей қойған көрінеді. «Гөрклі» деген ақалтекенің бұлай қитығуын көргендер ғана есінде сақтамаса, былайғы жұрт білмейді. «Себебі сол күні-ақ мемлекеттік БАҚ «мінбердің қасына келген көркем жылқы ұлт көсемінің алдында бүкіл сымбатын паш етіп, тізесін бүкті» деп жазды, – дейді «Живой журнал» сайты.
Бердімұхамедовтен Бердімұхамедовке дейін
Түркіменбашының жеке тіс дәрігері болып жүріп жоғары билікке жеткен Гурбангулы Бердімұхамедов енді өзін дәріптеуге көшті. Ниязовтың ескерткіштерін жаңа президенттің ескерткіштері алмастырды. Бердімұхамедов әкесі мен атасына да ескерткіш қойдыртты. «Арқадағ» деген қонақ үй, тіпті жаңа қала пайда болды. Анасына ән арналды, ауылдың аты және «Еңбек сіңірген кілем тоқу шебері» деген атақ берілді.
2021 жылы Мәликгулы Бердімұхамедов 88 жасында қайтыс болды. Әкесінің қазасына сол кездегі президент Гурбангулы Бердімұхамедов шашын алдырып, түркімен тақиясын киіп барған. Сол сол-ақ екен, Лебап уәләятындағы шенеуніктер мен жекеменшік мекеме басшыларына шашын тықырлап, түркімен тақиясын киіп жүру міндеттелді. Мұндай құрмет президент әкесінің қазасына қырық күн толғанша жалғасатыны, талапты орындамағандар жұмыстан кететіні ескертілген.
Былай қарасаңыз, адамның күлкісін ғана емес, құсқысын да келтіретін дүние. Осындай сорақылықтардан кейін Гурбангулы Бердімұхамедовті шексіз биліктің шуағына масайған, өзін құдай дәрежесінде сезініп, адами қалпынан айрыла бастаған президент ретінде санайтындар көбейді. Оны не аттан құлап өледі, не тақта отырып көз жұмады деп сәуегейлік жасағандар да болған. Бірақ бұлай ойлағандар қателесті. Арқадағ ақымақ емес екен. Тіпті Орталық Азиядағы ел басшыларының талайынан ақылды болып шықты. Ілгерідегі бір сөзінде «Пайғамбар жасына келдік, енді жастарға орын беруіміз керек» деп еді. Сөзінде тұрды, орынын қырыққа жаңа толған баласына беріп, өзі сырттан бақылауға көшті.
Сердар Бердімұхамедов кім?
Сердар – Гурбангулы Бердімұхамедовтің жалғыз (екі әпкесі бар) ұлы. 1981 жылы өмірге келген. Түркіменстан ауылшаруашылығы университетін инженер-технолог мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын тамақ өнеркәсібі саласында бастаған. Бұл кезде әкесі қатардағы тіс дәрігері еді. Сондықтан шығар, Сердар Бердімұхамедовтің 2006 жылға дейін не бітіргені бұлыңғыр. Ал әкесі билікке келгенде технолог баласы сыра, шарап және алькоголсыз сусындар өндірісін бақылады делінеді. Кейбір деректер бойынша, Тәжікстандағы сусындар өндірісіне сол тұста Бердімұхамедовтер әулеті иелік еткен.
Кейін Сердар Бердімұхамедовтің карьерасы тығыны ашылған аққайнардай атқылады. 2008 жылы Ресейдегі Тәжікстан елшісінің кеңесшісі болды. Мәскеуде бекер жүрмей, Халықаралық қатынастар саласы бойынша білім алды. Швейцарияда екі жыл тұрып, Женева қауіпсіздік саясаты орталығында курстардан өтті. Елге келген соң Сыртқы істер министрлігі мен Көмірсутек ресурстарын басқару және пайдалану агенттігінде басшылық қызметтер атқарды, кейін парламентте депутат болды.
Бір қызығы, әкесінің жетегіндегі жалғыз ұлдың саяси қадамдары Түркіменстан заңдарына қайшы келіп жатты. Мәселен болашақ президент 2018 жылы Сыртқы министрінің орынбасары, ал 2019 жылы Ашхабад облысының губернаторы болған. Бірақ қалтасында депутаттық мандаты жүрді. Ел заңы бойынша Парламент депутаты мұндай қызметтерді атқара алмайды. Оны айтасыз, Гурбангулы Бердімұхамедов Сердарды 2019 жылы Индустрия министрі етіп тағайындап, іле-шала премьер-министрдің орынбасары деген қызмет берген. Ал Түркіменстанда орынбасары тұрмақ, премьер-министр деген лауазым болмаған. Үкіметті президенттің өзі басқаратын.
Осы кезден-ақ Гурбангулы Бердімұхамедовтің ойында не бар екені беп-белгілі болды. Көп ұзамай мерзімінен бұрын президенттік сайлау өтті. Тоғыз үміткер қатысқанымен, олардың дені сайлауға 18-20 күн қалғанда ғана тіркелген. Шынайы бәсекелестік жоқ, әншейін көзалдау үшін өткізілген сайлаудың қорытындысы белгілі ғой, Сердар Бердімұхамедов 72,97% дауыспен жеңіске жетті. Ал орнын баласына берген экс-президент Парламент төрағалығына жылжи салды.
Мемлекеті бай, халқы кедей
Түркіменстанда оппозициялық басылым атымен жоқ. Халықаралық БАҚ-қа да жол жабық. Сондықтан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Түркіменстан түрмелеріне қамалған адамдардың жоғалып кетуіне алаңдаушылық білдіріп, Ашхабатты бұл мәселені шешуге жиі үндейді. Түркіменстанды Солтүстік Кореяның Орталық Азиядағы «көлеңкесі» дейтіндер де бар. Расында, сөз бостандығы бойынша түзілген рейтингте Түркіменстан Солтүстік Кореяның ғана алдында тұр.
Міне, мұндай елдің саяси-экономикалық ахуалы туралы да дерек тым тапшы. Барының өзі – Ашхабадтың көпірме ресми мәліметі.
Түркіменстанда бюджет кірісінің негізгі бөлігі мұнай-газ экспорты мен мақта-мата өндірісінен түседі. Ел аумағының 80 пайызында мұнай мен газ бар. Тәжікстан – газ қоры бойынша әлемде алғашқы төрттікке кіреді. 144 мұнай-газ кен орны барланса, оның жартысы да игерілмеген.
С.Ниязовтың тұсында экономика саласында әжептәуір жетістіктер байқалған екен. Жаңа технологияларға негізделген өндірістер іске қосылған, мұнай мен газ өңдеу ісі алға жылжып, мақта-мата фабрикалары бой көтерген. Экспорттық құбырлар тартылып, ауыл шаруашылығы саласы ілгерілеген.
Осының арқасында Түркіменстан әлеуметтік қамсыздандыру бойынша ТМД-да болмаған табыстарға жетті делінеді. Оның дәлелі сол, 1993 жылдан бастап газ, ауыз су, электр қуаты, аз тұзы тегін болды. Әрине, адам басына шаққандағы мөлшер белгіленді. Қоғамдық көлікте жүру тегін. Жеңіл көлігі бар адамдарға айына 120 литр, жүк көлігі мен автобус иелеріне 200 литр бензин тегін үлестірілген. Тұрғын үй алуға берілетін несиенің жылдық үстемесі 1 пайызды құраған.
2019 жылы Гурбангулы Бердімұхамедов «Түркіменстан халқын электр қуаты, газ, ауызсу және ас тұзымен қамтамасыз етуді ретке келтіру туралы» қаулы қабылдады. Бұл құжат бойынша тегін дүние тоқтады, енді жұрт жоғарыда аталған қажеттіліктерді жеңілдетілген бағамен сатып алатын болды. Мұның себебін сарапшылар бюджет кірісінің төмендеуімен, шикізатқа байланған экономиканың әлсіреуімен түсіндіреді. «Азаттық» радиосының дерегінше, қаржы дағдарысы туындаған соңғы 4-5 жылдың көлемінде Түркіменстанда тұрмыстық тауарлар қымбаттаған, азық-түлік тапшылығы жиі байқалады.
Дегенмен жоғарыда айтқанымыздай, Түркіменстан қоғамында туындаған ахуалды дәл суреттеу мүмкін емес. Өйткені ақпарат жоқтың қасы. Ресми биліктің мәліметі күмәнді. Басқасын айтпағанда, халық санына қатысты деректің өзі екіұшты. Ресми билік 6,2 миллион халық бар десе, бейресми деректер бойынша, кедейшілік пен жексұрын жүйеден шаршаған жұрттың үштен бір бөлігі шетелге қоныс аударған.
Тақтың айналасын «тазалау»
Сердар Бердімұхамедовтің жалпақ жұртқа аз да болса, жаққан жері осы шығар. 2022 жылы ол жиені Ахмет Гельдымурадовты «Түркіменгаз» мемлекеттік концерні төрағасының орынбасары қызметінен босатты. Себебі «Ашхабадтағы элиталық мекемелердің бірінде қатты масайған Ахмет Гельдымурадов төбелес шығарып, жоғары лауазымды прокурордың басына бөтелке шаққан» дейді, turkmen.news. Оқиға бір ай бұрын болып, мекеменің ішіндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған төбелестің жазбасы Сердар Бердімұхамедов пен оның әкесіне де көрсетілсе керек. Нәтижесінде президент оны қызметінен босатып, нағашысына өкпелеген Гельдымурадов бала-шағасын алып, Дубайға кетіп қалған-мыс.
Ал Ахмет Гельдымурадов деген кім? Гурбангулы Бердімұхамедовтың әпкесі Мяхри Бердімұхамедованың ұлы. Дәл осы оқиға жас президент әкесіне қарағанда, туыстарына салқынқанды қарайды деген ой қалыптастыра бастады. Себебі Сердардың туыстарына азу көрсетуі алғаш рет емес. Таққа міне сала әкесінің туған қарындасы Гүлнабад Довлетованы Түрікменстан Ұлттық Қызыл Жарты Ай қоғамының басшысы қызметінен кетірген.
Ал күзде Довлетованың күйеу балаларының бірі Ибабекир Бекдурдыевке тиесілі «Джорджия» мейрамханалар желісін бұздыртты. Бұған мейрамхананың ботаникалық бақ аумағында заңсыз салынғаны себеп болған көрінеді. Жаңа президент мұнымен де тоқтаған жоқ. Қазан айының соңында Довлетованың тағы бір күйеу баласы Рахымберді Ишангулыевты «Түркіменстан әуе жолдары» АҚ бас директорының орынбасары қызметінен босатты. Қызметтен қуудың себебі айтылмаған. Бірақ turkmen.news сайтының хабарынша, бұл шешім «президент кеңсесінің бұйрығымен қабылданған».
Бұдан не түсінуге болады? Сердар Бердімұхамедов шынымен де әділдікті жақтайтын адам ба? Ботаникалық бақтың қамына бола туысының мейрамханасын бұздыруы мүмкін бе? Біздіңше, себеп басқада сияқты. Түркіменбашы тұқыртып, Арқадағ аяусыз жаншыған елде президентке сырттан келетін жау жоқ. Жау шықса, іштен шығуы мүмкін. Сондықтан Сердар Бердімұхамедовтің бұл ісі – туған-туыстарды тәртіпке салып, айналасын «тазалап», ықтимал қауіпті сейлтіп отырудың амалына ұқсайды. Ең дұрысы, мұны президент емес, жыланның аяғын көрген әкесі баласының қолымен тақтың төңірегін «аластап» жатыр десек, жарасатын секілді.
Шетел көрген бала...
Қырыққа кеп қамал алған Сердар Бердімұхамедовтен жұрт көп нәрсе күтпегені анық. Өйткені алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арбаның солай жүретіні түркімен халқына да белгілі еді. Алайда шетел көріп, Еуропа асқан жігіттің таным-түйсігі өзгерді ме екен деген үміт әркімнің де көңілінде болған шығар дейміз.
Өкінішке қарай, әйелдер құқығын шектейтін біртүрлі ережелер Сердар Бердімұхамедовтің кезінде пайда болды. Түркіменстан билігі әйелдерге тырнақ жабыстырып, кірпігін ұзартуға тыйым салды. Сондай-ақ, әйелдерге омырауын және ернін үлкейтуге, қасына татуаж жасату секілді косметикалық операция жасауға да шектеу енгізді. Оны айтасыз, жаңа ереже бойынша әйелдерге көліктің алдына отыруға болмайды. Бөтен еркектің көлігінен табылса – айыппұл. Бұл ереженің қазір қаншалықты күші бар екені белгісіз, сол тұста полиция арнайы рейд жүргізіп, көше-көшеде медициналық бетперде таққан әйелдердің аузын аштырып, «тісін түгендеп» жүрді.
Басқасы басқа, дәл осы ереже бұл елдің Түркіменбашының кезеңінен түк өзгермегенін көрсетті. Басқадай айтсақ, тәуелсіздік кезінде тәрбие алған, шетел асып, әлем көрген Сердарды да Түркіменстанның саяси жүйесі өзіне сіңіріп алды. Немесе жаңа президент «ағашынан алыс түспейтін жемістің» дәл өзі болып шықты.
Әкесі секілді Сердар Бердімұхамедовтің де атағынан ат үркеді. Ақалтеке жылқысын өсіру және алабай итін өсіру қауымдастықтарын басқарады. «Түркіменстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы», «Түркіменстанға еңбегі сіңген ит өсіруші» деген атақтары бар. Түркіменстанның олимпиадалық комитетінің төрағасы. Былтыр «Түркіменстанның батыры» атағын алды. Соңғысы, «республиканың ұлттық Тәуелсіздігінің негіздерін нығайтуға қосқан зор үлесі» үшін берілген көрінеді. Әкесінің жетектеуімен екі жыл бұрын ғана ел басшылығына келген президенттің «Тәуелсіздіктің негіздерін нығайтуға» қандай үлес қосқанын бір құдай білсін!
- Оқи отырыңыз: Президенттер портреті. Рахмон. Даңғарадан шыққан матрос
Қысқасы, Сердар Бердімұхамедов алғашында Түркіменбашы сүрлеу салып, кейін Арқадағ сара жолға айналдырған даңғылға түсті.
Түйін
Бердімұхамедовтер әулетінің шежіресінде ер балалар жалғыз-жалғыздан жалғасып келе жатыр. Гурбангулының өзі әкеден жалғыз болса, Сердар – Гурбангулының жалғыз ұлы. Сердардан Керімгулы деген жалғыз ұл бар. Көзі үйрене берсін дей ме, Гурбангулы Бердімұхамедов немересін 14-15 жасынан көптің алдына шығарды. Қазір оның жасы 23-те. Тізгінді баласына бергенімен, биліктің жай-күйін Парламенттің төбесінен бақылап отырған Арқадағ немересі тұрмақ, шөбере-шөпшегінің де ел билегенін қалайды. Себебі ол тақты өзінің меншігіндей көреді, атадан балаға жалғасатын мұра ретінде санайды.
Арқадағтың бұл жоспары қашан бұзылады? Мұны ешкім де тап басып айта алмайды. Сыртқы әлемнен оқшауланып, тас бүркенген Түркіменстанға Орталық Азия халықтары күткен демократияның демі ең соңынан жетеді. Бұл енді екі жердегі екінің төрт болатынындай ақиқат.