Президенттер портреті. Рахмон. Даңғарадан шыққан матрос
Байқасаңыз, посткеңестік кеңістікте ширек ғасырдан бері орнын босатпай келе жатқан екі-ақ президент қалды. Оның бірі – Александр Лукашенко, екіншісі – Эмомали Рахмон. Тәжікстан басшысының таққа мінгеніне, міне, 16 қарашада 30 жыл толады.
Халықты жалықтырды демесеңіз, билікте көп отырғаны – президенттің өзі үшін жақсы. Ал қара басын халықтың қамынан жоғары қойған ел басшыларының саяси бейнесін салу – біз үшін де жеңілірек. Өйткені басы қайсы, құлағы қайсы деп отырмайсың, қолға қалам алсаң болды, саяи сұлбасы менмұндалап шыға келеді.
Электрик
Эмомали Шәріпұлы Рахмон 1952 жылы Тәжікстанның Хатлон облысына қарасты Даңғара елді-мекенінде туған. Әкесі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, 2-дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған екен. Ал анасы Майрам Рахмонова асарын асап, жасарын жасап, 2004 жылы 94 жасында өмірден өтті.
Эмомалидың балалық шағына қатысты мәліметтер тым жұтаң. Тіпті оның өмір белестерінің өзін үш-ақ кезеңге бөлуге болатындай. Біріншісі – мектеп оқушысынан электрик болғанына дейін, екіншісі – қарапайым электриктен совхоз директорлығына дейін, үшіншісі – совхоз басшысынан президенттікке дейін. Бұл бөлімге президенттің алғашқы екі кезеңін сығымдап сыйдыруға тырысайық.
Налыған жұрттың Назарбаевты «птушник» деп атайтынын естіген шығарсыз. Екінші «птушнигіңіз» – осы Рахмон. Училищені бітіре салып, Қорған-төбе ауылындағы май зауытында электрик болған. 1971 жылы әскер қатарына алынады. Сөйтіп аядай ауылда туған болашақ президент Тынық мұхитынан бір-ақ шықты. Үш жылдық әскери борышын өтегеннен кейін баяғы кәсібіне қайта оралды. Яғни, теңізшінің көк жолақты тельняшкасы май зауытының трәпкісіне айналды. Бірақ осы кезеңдерде ол Тәжік мемлекеттік университетінің экономика факультетін сырттай оқып, диплом алған көрінеді.
1982 жылы совхоздың басқарма хатшысы қызметін атқарды, кейін кәсіподақ комитетіне төрағалық етті. Одан кейінгі алты жылда партия жұмысымен айналысты: совхоздың партия комитетінің хатшысы, аудандық комитеттің нұсқаушысы болды. 1988-1992 жылдары аралығында Ленин совхозының директоры қызметін атқарды.
Аспаннан түскендей...
1992 жылға дейін совхозға басшылық жасаған адам дәл сол жылы билік басына қалай келді? Бірден ескертейік, Тәжікстанның тәуелсіздіктен кейінгі саяси жағдайы ешбір республикаға ұқсамайды. Қарапайым халық бес жыл бойы оқ пен оттың астында өмір сүрді. Эмомали Рахмон бір совхоздың тізгінін ұстағанымен, 1990 жылдан бастап Тәжікстан Жоғары кеңесінің депутаты еді. Одақ тарағаннан кейін Тәжікстан коммунистік партиясының бірінші хатшысы Рахмон Нәбиев билігін сақтап, президент болды. Алайда сайлаудың әділдігіне күмән келтірген оппозициялық күштер шеруге шығып, соңы азаматтық соғысқа ұласты.
Тәжікстанның ресми билігі мен исламдық-демократиялық оппозиция арасындағы 1992 жылы мамырда басталған текетірестің нәтижесінде қыркүйек айында мемлекет басшысы Рахмон Набиев отставкаға кетті. Себебі Душанбе әуежайына бара жатқанда оппозициялық күштердің шабуылына ұшыраған президент пен оның жақтастары тығырыққа тірелді. Р.Нәбиев отставка туралы ресми құжатқа терминалда тұрып қол қоюға мәжбүр болды.
Тәжікстанда исламшылдарға қарсы «Халық майданы» қозғалысы құрылды. 1992 жылдың қараша айында осы қозғалыстың қолдауымен Эмомали Рахмон Куляб облыстық атқару комитетінің төрағалығына сайланды.
Бірнеше күннен кейін Худжандта Тәжікстан Жоғарғы кеңесінің көшпелі сессиясы өтіп, Набиевтің отставкасы қабылданды, республика президенті лауазымы жойылды. Мемлекет басшысының өкілеттігі Жоғарғы кеңес төрағасына берілді. 1992 жылы 19 қарашада Эмомали Рахмон Тәжікстанның жаңа басшысы – республика Жоғарғы кеңесінің төрағасы болып сайланды. Оның кандидатурасына 186 депутаттың тек 11-і ғана қарсы болған.
Бірақ Тәжікстандағы азаматтық соғыс билікке жаңа басшы келгеннен кейін де тоқтаған жоқ. Үкіметке ресейлік шекарашылар мен КСРО құлаған кезде Тәжікстанда қалып қойған Ресейдің 201-дивизиясы көмектесті. Кейіннен Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан да әскер жіберді. Олар «ТМД бітімгерлік күштері» деп аталды.
Дегенмен халықты қақ жарып, жартысына жуығынан қолдау тапқан исламдық күштер үкіметтің әскері мен бітімгер жауынгерлердің аражігін ажыратып жатпады. Қолына қару ұстағанның бәрін жау деп санады. Кез-келген уақытта шабуылдап, көзін жоюды мақсат тұтты. Осындай бір қақтығыстың өзінде Қазақстанның 17 жауынгері опат болды. Жалпы, 1993-2001 жылдардың аралығында 10 300 қазақстандық сарбаз Тәжікстанда әскери борышын өтеді.
1997 жылы Мәскеуде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен оппозиция жетекшісі Саид Абдулло Нури бейбітшілік келісіміне қол қойды. Бұл кездесуге Ресей президенті Борис Ельцин де қатысты. Осыдан кейін ғана Тәжікстандағы тарсыл-гүрсіл тыншыды. Өкініштісі, осы келісімге жеткенше 80 мың, кей деректерде тіпті 150 мыңдай адам опат болып, республика халқының 10 пайызы шетелге бас сауғалап кеткен еді.
Лукашенконың бағасы
Осыдан екі жыл бұрын Душанбеге ресми сапармен барған Беларусь басшысы Александр Лукашенко әріптесіне қатысты әдемі бір лебіз білдірген. Эмомали Рахмонды «Отанына қызмет етудің үлгісі» деп атап, «егемендік пен тұрақтылықты сақтау үшін қолына қару алудан тайынбайтын жанқияр тұлға» деп суреттеген.
Билікте ұзақ отырып, көзге шыққан сүйелдей болған ел басшыларының бірін-бірі осылай көтермелеп, мақтап-жақтап отыратыны белгілі. Дегенмен Лукашенконың дәл осы сөзінде әжептәуір шындық бар. Өйткені посткеңестік елдердің ешбір президенті Эмомали Рахмон құсап қару ұстап көрген жоқ. Күнде атыс-шабыс болып жатқан елде билікке бекер адамның келмейтіні анық. Міне, сондықтан да болса керек, Тәжікстан басшысының «электрик», «матрос» деген жанама аттарымен бірге «командир» деген тағы бір лақап есімі бар.
Енді мына қызыққа қараңыз, Э.Рахмонға алты мәрте қастандық жасалған. Бұл туралы президенттің өзі 2019 жылы елдің оңтүстік өңіріне жұмыс сапарымен барғанда айтқан. Бірақ қай қастандықтың қашан және қалай жасалғаны туралы дерек жоқтың қасы. Тек 1997 жылы болған бір оқыс оқиғаның бейнекадрлары 2020 жылы пайда болды.
Тәжікстандық журналист Нилуфар Азиздің 12 минуттық «Дурбини ҳақиқат» атты деректі фильмінен Худжанд қаласындағы жарылыс пен дүрліккен адамдарды, оққағарының сүйемелдеуімен аяғын сілтіп басып бара жатқан президентті көруге болады. Кейін қастандық жасаушылардың гранаттар мен жарылғыш заттарды пайдаланғаны белгілі болды.
Бірақ президент бір қауіптен құтылғанымен, жездесін қастандықтан құтқара алмады. Э.Рахмон 2012 жылы Соғды облысында жұмыс сапарымен жүргенде, жездесі Холмуъмин Сафаровты Душанбеде атып кетті. Марқұм 2009 жылдан бері Қоршаған ортаны қорғау комитетінің орман және аң шаруашылығы басқармасын басқарған. Қастандық мешіттен үйіне келе жатқанда жасалған. Осы оқиға бойынша кейін Диловаршо Косимов ұсталып, 26 жылға сотталды.
Міне, мұндай оқиағалар – Орталық Азия ел басшыларының ешбірінің басына түспеген кеп. Э.Рахмонның түксиген қабағы тынышсыз өмірдің белгісіндей болып көрінетіні сондықтан шығар.
Рахмонның Каримовпен «төбелесі»
Тәжік басшысы Өзбекстанның тұңғыш президентін жек көрді. Тіпті екеуін ит пен мысықтай болды десек, артық емес. Оның себебі екі ел арасында бітпейтін су дауы мен қайта қаралу мүмкіндігі жоққа тән жер дауы бар. Тәжік тарабы тәжік ұлтының өкілдері көбірек шоғырланған Бұхара мен Самарқан қалаларын «біздің жер» деп санайды. Өздерінің мәдени мұралары есебінде көреді. Большевиктер билеп тұрған кезеңде Өзбекстанға әділетсіз түрде берілген деп есептейді.
Бұдан да маңыздысы, полковник Махмуд Худойбердиевтің салған лаңы екі ел президентінің арасын тіпті суытып жіберді. Махмуд Худойбердиев деген кім? Ол – Тәжікстанның Қорған-төбесінде туған этникалық өзбек. Алматының әскери училищесін бітірген. Кеңес әскерінің сапында Ауғанстанда борышын өтеген. Барлау ротасының командирі болған. Кейін ол Тәжікстан президенті гвардиясының шұғыл қимылдауға арналған жеке мотоатқыштар бригадасының командирі, «Тәжікстандағы жаппай бейбітшілік үшін» қоғамдық-саяси қозғалысының жетекшісі болды. Азаматтық соғыс тұсында Рахмонның ең сенімді әскер басшыларының бірі болған ол кейін үкіметке қарсы бүлік шығарды. Тіпті 1996 жылы Қорған-төбені басып алып, премьер-министрдің орынбасары, президент аппаратының басшысы, Қорғаныс министрі секілді бірнеше лауазымды басшының жұмыстан кетуін талап етті. Үкімет әскері мен Махмуд Худойбердиев жауынгерлерінің арасындағы майданда танк пен тікұшақты былай қойғанда, «Град» артилериялық қондырғысына дейін қолданылды. Тәжікстан президенті дала командирімен бірнеше рет телефон арқылы сөйлесіп, оның талаптарын ішінара орындауға мәжбүр болды.
- Оқи отырыңыз: Президенттер портреті. Мирзиёев. «Шавкат акя»
Кейін Махмуд Худойбердиев жеңіліс тауып, Өзбекстанға қашты. Ал Рахмон Каримовты Худойбердиевтің қолымен от көсеп отыр деп айыптады. Ресми Ташкент мұны жала деп атады.
2009 жылы Душанбеде БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Э.Рахмон журналистерге ғана емес, бүкіл жұртқа қызықты бір мәлімет айтты. Өзбек басшысымен бірнеше мәрте сөзге келіп, тіпті төбелесуге дейін барғанын былай жеткізді: «Мен онымен талай мәрте пікір таластырдым, тіпті екі рет төбелесіп те қалдық. Бір жолы бізді Назарбаев, ал екінші жолы Кучма ажыратты. Содан соң мен оған: «Самарқан мен Бұхараны бәрібір біз аламыз!» деп айтып салдым».
Жасыратын несі бар, былайғы жұртқа олардың бір-біріне не дегені емес, төбелескені қызығырақ. Бірақ оның бейнекдрлары жоқ немесе әлі жарияланбай келеді. Ал ажыратушылар болмаса қайсысы жеңер еді, деген пендәуи сұрақ туындаса, Рахмонның жеңісіне бәс тіге берсеңіз, жаңылмайсыз. Мемлекеттердің мықтылығы басқамен емес, президенттерінің білек күшімен өлшенсе, Эмомали Рахмон бір сәтте АҚШ-ты аяғына жығып, бүкіл әлемді жаулап алар еді. Бұған айғақ ретінде Рахмон мен Трамптың қол алысып, қауқар сынасқан сәтін бір қарап алсаңыз, жеткілікті. Талай ел басшыларының қолын бір сілкіп, өзіне тартып алатын, Путинді бала құрлы көрмей қаңғалаң қақтырған Трамптың қауқары Рахмонға жетпеді. Қаққан қазықтай қақшиған тәжік басшысын орнынан қозғалта алмаған ол еріксіз жымиып, қасына өзі барып тұрды...
Мақтанатын нәрсе емес шығар, бірақ президенттердің де пенде екенін ескерсеңіз, мұны Рахмонның тағы бір артықшылығы деуге болатын сияқты.
Тәжікстандағы «Ұлт көшбасшысы»
Билікке алғаш келгенде қыран секілді көрінетін президенттер отыра-отыра құзғынға ұқсап кететін сияқты. Кезінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан жұртын қалай мезі қылса, тәжік елі де Эмомали Рахмоннан солай жалықты. Өйткені екеуі де шексіз билікке ие болу үшін адам ойына кіріп-шықпайтын әлденелерді тауып алып, заңдастырды, құзыретін кеңейтті.
Мәселен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 2013 жылғы президент сайлауында кезекті мәрте жеңіске жеткеннен кейін осы мәселеге шындап кірісті. Алғашында бейресми түрде «ұлт басшысы» атала бастаған президент 2016 жылғы конституциялық реформа нәтижесінде «Ұлт көшбасшысы – бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы» деген айрықша мәртебеге ие болды. Бұл Рахмонға не береді? Өзге президенттер екі мерзімнен артық билікте отыра алмаса, «Ұлт көшбасшысы» сайлауға қанша рет түсем десе де, өзі біледі.
Оны айтасыз, бұл заң бойынша Э.Рахмон бұрын атқарған қызметі үшін жауапқа тартылмайды, оның өзіне және отбасына тиесілі меншікке қол сұғылмайды. Ұлт көшбасшысын қамауға, тұтқындауға және тінтуге болмайды. Ол өмір бойы мемлекеттік күзетпен қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік күзет қызметі оның отбасы мүшелерін де қорғайды...
Есіңізге түсті ме, тәжіктің «Ұлт көшбасшысы – бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы туралы» заңы 2010 жылы толықтырылған қазақтың «Тұңғыш президент – Елбасы туралы» заңына қатты ұқсайды. Тіпті Рахмон Назарбаевтан көшіріп алды десе де, жарасатындай. Өйткені мұндай заң Орталық Азияда осы екі елде ғана қабылданған. Бастаған – Назарбаев, ілескен – Рахмон.
Бірақ бұған қарап, Рахмон тек Назарбаевтың ізімен жүре береді екен деп ойлауға болмайды. Себебі Қ.Тоқаевтың қол қоюымен «Елбасы туралы заң» күшін жойды. Тек экс-президенттің өзі тергеуге алынып, тінтілмей жатыр демесеңіз, қолдан жасалған мәртебе күресінге кетті. Ал мұны Тәжікстан басшысы көрмей отыр деп қалай айта аласыз?!
Көп балалы президент
Билік – тұрақсыз, ақша – қолдың кірі. Бірақ Тәжікстан президентінен ешкім ешқашан тартып ала алмайтын бір байлығы бар. Ол – балалары. Эмомали Рахмон 7 қыз бен 2 ұлдың әкесі. Бірақ баласы көп екен деп олардың бәрін тізбелей беру шарт емес. Сондықтан ізбасарлыққа ыңғайы бар-ау дегендерін ғана бір сүзіп шығайық. Үлкен қызы Озода Рахмон қазір Тәжікстан президенті аппаратының басшысы қызметін атқарады. Бұл орынға ол 2016 жылы келген. 27 жасында Тәжікстанның АҚШ-тағы елшілігінде сосын Сыртқы минстрлігінде түрлі қызметтер атқарған. Сосын біздің Дариға секілді Сенатта да отырды. Соңғы тұрақтаған орыны – президент аппаратының басшысы.
Рухшона Рахмон – Ұлыбритания және Солтүстік Ирландиядағы Тәжікстанның елшісі. Бұл қыз да әпкесі секілді Сыртқы істер министрлігі мен дипломатиялық сүрлеуді шиырлап жүріп осында тоқтады. Айырмашылығы – қалам ұстайды. «Дипломатиялық қызмет негіздері» деген кітап жазған.
Үшіншісі – Рустам Эмомали. Байқап тұрған шығарсыз, президенттің өзге балалары секілді «Рахмон» деген тегін «сүйретіп» жүрген жоқ. Өзгешелеу, жып-жинақы. Соған қарағанда, президент «Рахмоннан кейін Рахмон келді» дейтін бір заманда айтылып қалуы мүмкін әңгімеден бойын аулақ салғысы келетін секілді. Неге өйтетінін Рустам Эмомалидың жүріп өткен жолына қарасаңыз, анық түсінесіз. Тәжікстанның қайта-қайта өзгеріске ұшырай берген Конституциясы осы жігіттің жас мөлшеріне қарай құбылды дейді білетіндер. Оған бір мысал ретінде президенттікке үміткерлер жасының 35-тен 30-ға дейін төмендеуін айтсақ, жеткілікті болатын шығар. Себебі Рустам Эмомали отызға дейін-ақ «орда бұзып» тастаған. 24 жасында Кеден қызметіндегі құқық бұзушылықпен күресті ұйымдастыру департаментінің жетекшісі, екі жылдан кейін Кеден қызметінің басшысы, бір жылдан соң Мемлекеттік қаржылық бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің директоры болды. Ал отыз жасында ел астанасы – Душанбенің мэрі болып тағайындалды.
Міне, осы кезден бастап-ақ Рустам Эмомали президенттік сайлауға түсуге дайын еді. Бірақ әкесі оны қажет деп таппаған сияқты. Есесіне 32 жасында парламенттің жоғарғы палатасының (Мелли мәжіліс) төрағасы болды. Демек Рустам Эмомали – президенттен кейінгі екінші адам. Әкесі қисая қалса, орнына отыра қалуға даяр, оған Конституция ешқандай шек қоймайды. Қазір ел астанасының мэрі әрі парламенттің төрағасы деген қос қызметті қатар атқарып отыр.
Бұған қоса, президенттің ұлы Кеден қызметін дүрілдетіп тұрғанда генерал-майор деген атақ алған. Оппозияция өкілдері «Әскерге бармаған адам қалай генерал болады?» деп мысқылдайды. Қалай болушы еді, солай болады. Президенттің ет жақынына бәрі «жарасады». Назарбаевтың тұсында Дариғаның бұрынғы күйеуі Рахат Әлиев пен президенттің немере інісі Самат Әбіш те генерал болған. Бірақ солар қазір қайда?
Тақұстар
Жолдан жабысқан мәнсап пен атақтың бәрі бірдей өміршең болмайды десек те, Рустам Эмомалидың өзге президенттердің балаларынан бір артықшылығы бар. Әкесі дәл осы ұлына үміт артып, тек осыған ғана сенім білдіріп отыр. Анауым қалай, мынауым қалай демей, тоғыз перзентінің ішінен осыған нақты тоқтаған сыңайы бар. Соңғы жылдары шет мемлекет басшыларымен кездескенде қасына Рустамды ертіп алатын әдет шығарды. Былай қарасаң, баласы да ресми тұлға. Президенттің қасында жүрсе, жүретін жөні бар. Екінші жағынан қарасаң, алысты көретін кәрі арлан жас бөлтірігін баулып жүргендей көрінеді.
Дегенмен барлық жағынан президент болуға дайын тұрған Рустам Эмомалидың бір кемшілігі бар. Оны журналистер өз арасында «мылқау» деп атайды. Себебі талай қызметтің басын қайырып, жоғары биліктің босағасына келіп бір-ақ тоқтаған жігіт микрафонға сөйлеуден тартынады екен. Ылғи оның сөздері өз даусымен емес, теле жүргізушілердің аузымен айтылатын көрінеді. Сондықтан жұрт «Рустамда президентке тән харизма жоқ, екі сөздің басын құрап, дұрыс сөйлеуге де машықтанбаған» деседі.
Бірақ елдің дегенімен кім санасып жатыр дейсіз, Эмомали Рахмонның қалауына салсаңыз, билікті бөтен адамға бергісі жоқ. Тіпті әкеден балаға ауыса берсе екен деп армандай ма, қалай өзі?! Бір қызық айтайық, Рустамның ұлының аты – Эмомали. Егер Эмомали тағын Рустамға берсе, Рустам оны неге Эмомалиге бермеуі керек?! Немересіне ат қоярда мұны президент ойланып, әдейі ырымдады ма, белгісіз. Белгісілі – қазақтың «Әке көрген оқ жонар» деген мақалы. Егер үлкен Эмомали дегеніне жетсе, Рустам міндетті түрде көргенін істеуге ұмтылады.
Түйін
Орталық Азиядағы ел басшыларының қайсысы көзі қиып, билікті өз еркімен берді дейсіз?! Ислам Каримов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың бірі – анадай, бірі – мынадай болды. Баласын орнына отырғызып кеткен Гейдар Әлиевтің амал-айласын Гурбангулы Бердімұхамедов қайталады. Ал Қырғызстанда тақты меншіктеп алу тіпті де мүмкін емес.
Осыған қарасаңыз, Эмамоли Рахмонның көкейін тескен мақсаттың мәні заңдылық секілді көрінеді. Оның үстіне, жоғарыда айтқанымыздай, тәжік басшысына билік оңайлықпен келген жоқ. Тобықтан қан кешпесе де, қару ұстап, майданға кірді. Ал қару ұстаған адамның қолына міндетті түрде қан жұғады. Сондықтан орынын өзгеге бермеудің ар жағында өз басының амандығын сақтаудың қамы да бар. Былайша айтқанда, сақтық инстинкті сақылдап жұмыс істеп тұр...