Алтынбек Сәрсенбайұлының соңғы сұхбатында жарияланбаған жайттар бар
Зымырап өтіп жатқан уақыт. Мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының екі серігімен бірге оққа ұшқанына да бүгін 15 жыл болыпты.
-
Тақырыпқа орай: «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қалай құрылды?
Бұл оқиға аяқ астынан үш отбасын күңірентіп, қара жамылдырып қана қойған жоқ, қалың қазақ елінің қабырғасын қайыстырып кетті. «Ел тізгінін ұстап, мемлекет тұғырын бекіте түседі-ау» деген үкілі үмітінен айырды. «Бұл – бір азаматқа қарай атылған оқ емес, жалпы, азаматтық қоғамға, болашаққа қарай атылған оқ» деп ұқты. Қалай болғанда да, тәуелсіз елдің тарихында 11 ақпан бір межеге айналды. Жұрт «оған дейін және одан кейін» деп сөйлейтін болды.
Айтпағымыз – Алтекеңнің билікте атқарған жоғары лауазымды қызметтері, қоғамның дамуына қосқан үлесі емес. Оны үзеңгілестерінің еншісіне қалдырып, өзім куә болған бір оқиғаны ғана сөз етейін.
«Жас Алаш» газетінде жұмыс істеп жүргенде Алтынбек Сәрсенбайұлымен бірнеше мәрте сұхбаттасудың сәті түсті. Редактор Жүсіпбек Қорғасбектің жаңашыл бір идеясы бар еді. Танымал тұлғалар мен оқырман телефон арқылы тікелей сұхбаттаса алатын алаң жасады. Газет – тек ұйытқы. Сауалдарды кез келген адам қоңырау шалып қоя алатын. Ол кезде қазіргідей әлеуметтік желі дамымаған кез.
Кезекті қонағымыз – Алтынбек Сәрсенбайұлы еді. Алтекең дүйсенбі күні келіп, телефон арқылы қойған оқырмандарымыздың сұрағына жауап беруге келісті. Сұхбаттың тағы бір ерекшелігі – сұрақтарды алдын ала қоюға рұқсат.
Біраз сұрақ жиналды. Оқырмандардың сауалдарын жазып алып отырдық. Арасында журналист Мұхтар Сеңгірбай екеуміз аздап қулыққа бастық. Алтынбек Сәрсенбайұлына, жалпы оппозиция өкілдеріне ұнамайтындай өткір һәм тосын сұрақтарды да «оқырмандар қойды» деп арасына кіргізіп жібергеніміз бар.
Жұма күні «Жас Алаш» газетінің сол кездегі Бас редакторы Жүсіпбек Қорғасбек қоластындағы журналистер – Әмірхан Меңдеке, Мұхтар Сеңгірбай және мені кабинетіне шақырып алды да: «Алтынбек: "Келген сұрақтарға жауап бере берейін, демалыс күні келе аласыңдар ма?" – деп қолқа салды. Диктофондарыңды алып барыңдар. Дүйсенбіге дейін түсіріп үлгерсеңдер жақсы болар еді», – деп тапсырма берді. Тікелей сұхбаттың ережесі бұзылғанына іштей қынжылғанымызбен, сұрақтарымызды реттеуге кірістік.
11 ақпан күні «Нағыз Ақ жол» партиясының кеңсесіне бардық. Алдымыздан партия қызметкерлерінің бірі қарсы алып, дәлізде сәл күте тұруымызды өтінді. Сүт пісірім уақыт өткенде Алтынбек Сәрсенбайұлы да келді. Көңіл-күйі көтеріңкі. Бәрімізбен жайдары амандасты.
– Көрдіңдер ме жігіттер, Қазақстанның оппозициясы демалыс күндері де жұмыс істей береді, – деді жадырап күліп.
Алтынбек Сәрсенбайұлымен сұхбаттасып, ара-тұра дастархандас болған кезіміз де бар. Өзін ұдайы салмақты, байсалды ұстайтын еді. Сұсты да болатын. Сырын білмейтін адамдар тіпті қатал деп ойлауы да мүмкін еді. Саясаткер сол күні ерекше көрінді. Әйтеуір, мен көріп жүрген бұрынғы Алтынбекке ұқсамады. Ашық жарқын, ақкөңіл адам.
Үш журналисті кабинетіне бастап апарып, орындық ұсынды да:
– Ал сұрақтарыңды қоя беріңдер, – деді күлімсіреп. Диктофонымды дереу қосып, алдына жақындатып қойдым.
Мұхтар Сеңгірбай екеуміз қағазға түсірілген сауалдарды шетінен оқи бастадық. Өткір сұрақтарымызға сасқан Алтынбек Сәрсенбайұлы жоқ. Барлық сұрақтарға байыппен, ашық түрде жауап бере бастады.
Тағы бір таңқалдырған жайт, бұрынғы ресмиліктің нышаны да жоқ. Сұхбат беріп отырған адамнан гөрі, ағынан жарылып, сырын ақтарып отырған досымдай көрінді.
Маған бұрылып: «Диктофоныңды өшіре тұршы», – дейді кейде жымиып. Көзінен «сендер білмейтін қызық оқиға айтып беремін» деген сыңай анық аңғарылады. Диктофон өшіріле сала, биліктегі лауазымды тұлғалардың жұрт біле бермейтін қырлары, оппозиция қайраткерлерінің басында болған жағдайлар, өзінің үзеңгілес серіктестерінің қайсысына көңілі толмайтыны жайлы ақтарыла кетті.
Сұрақтарға жауап беру барысында диктофон бірнеше мәрте өшіріліп, қайта қосылды. Осылайша, әңгімеміз бірнеше сағатқа созылғанын байқамай да қалдық. Қоғам қайраткерімен сұхбатымыз журналистің жұмысынан гөрі, достардың емен-жарқын әңгімесіне қатты ұқсап кетті.
– Таудың таза ауасында серуендегенді ұнатамын. Қазір қаланың жоғары жағында тұрып жатырмын. Қолдарың бос болса, жексенбі күні жүріңдер! Бірге серуендейік, – деп ұсыныс тастады.
Біз Алтынбек Сәрсенбайұлының бұл ұсынысынан: «Жұмыс көп болып тұр. Жауаптарыңызды қағазға түсіріп, дүйсенбіге дейін әзірлей берейік. Серуенді келесі жолға қалдырайық», – деп сыпайылап бас тарттық.
11 ақпан күні көз байланғанша Алтынбек Сәрсенбайұлымен сұхбаттастық. Әрине ол кезде «бірер сағаттан соң Алтынбек Сәрсенбайұлын екі серігімен бірге қандықол қарақшылар қапыда қолға түсіреді» деген ой басымызға кіріп те шықпаған еді.
Дүйсенбіде оқырмандарымыз қоғам қайраткеріне телефон арқылы тікелей сұрақ қоя алмады. Қаралы хабар жетті. Ертеңінде сұхбаты «Жас Алаш» газетінде жарияланды. Кейіннен бұл сұхбат Алтынбек Сәрсенбайұлының «Таңдау жасар сәт туды» деген жинағына енді.
Ал диктофонға басылмаған әңгімелер әлі көкейде сайрап тұр. Құлағыма Алтекеңнің даусы келетіндей. Бәлкім, оны да жариялаудың сәті келер...