29 Шілде 17:36
...

Өткен сайлаудың саяси сықпыты: Әкімін білмеген әлек

Фото:

Сонымен, өткен жексенбі күні елімізде ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Бірақ қоғам тым-тырыс, кез келген елдің саяси жүйесін шулататын бұл оқиға жұртқа мүлдем қызықсыз сияқты.

Неге?

Сөз жоқ, жергілікті әкімдерді халықтың тікелей сайлауы – кез келген халықшыл демократ қолдауға тиіс қадам. Мен де бұл бастаманы қос қолымды көтеріп қолдағым, қостағым келген. «Біз, Қазақстан демократиялық күштері, талай жылдан бері айтып келе жатқан талап орындала бастады!», – деп бөркімді де аспанға лақтырып, алақайлағым келген.

Бірақ өйте алмадым.

Оның үстіне, жап-жаңа сайланған әкімдерді құттықтау керек пе, әлде оларға аяушылық білдіру керек пе, ол жағын мен білмей отырмын.

Өйткені, екі оттың ортасына түскен құрбандар секілді көрінеді олар маған. Бірі – өздері үйіп-төгіп уәде беріп, қолдауына ие болған ауылдағы ағайын, екіншісі – жоғары жақтағы сіресіп қалған, қалыптан шығуды мүлдем қаламайтын, бюрократиялық былық-шылыққа әбден батқан, ауыл әкімі үшін «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» әкімшілік һәм әкімдік жүйе.

Фото: Elena Weber, Twitter.

Саяси-психологиялық жағынан,  ауыл әкімі – Қазақстан саяси жүйесіндегі ерекше, әрбір тұрғынның үйіне кіріп-шығып жүрген, етене жақын тұлға емес пе? Адам қала не облыс әкімін, одан да жоғары шенділерді өмір бойы көрмей өтуі мүмкін. Ал ауыл әкімі – күнделікті көз алдында. Жүрген-тұрғаны, не ішіп, не жегені дүйім жұрттың назарында.

Сол себепті ауыл әкімдерін сайлау науқаны Қазақстан саяси дамуына бұрын-соңды болмаған жаңаша серпін беруі керек еді. Бірақ олай болмады.

Неге?

Біріншіден, бізде сайлауға сенім атымен жоқ. Оның себебі атқарушы биліктің ашса – алақанында, жұмса – жұдырығындағы сайлау комиссияларында. Олардың дені – билік тәуелді, бюджеттік мекеме қызметкерлері. Олар болса, жоғарыдан түскен кез келген тапсырманы мүлтіксіз әрі ың-шыңсыз орындайды. Өйткені, қисық сайлау өткізуге әбден машықтанып алған!

Заңнама баптары біршама өзгергенімен, сайлау салты, комиссиялар сол қалпында қалды. Билік сайлау процесін өз уысынан шығара қойған жоқ. Аяқ астынан белсенділік танытып, ауыл әкімі болғысы келген оппозициялық сыңайдағы үміткердің қадамын тежеп, оның құлшынысына қылбұрау салып, тоқтата салу түк емес. Оның жария да, құпия да тетіктері баршылық. Біраз жерде солай да болған сияқты.

Сол тежеудің бір көрінісі – үміткердің мемлекеттік қызметте бір жыл еңбек өтілі болу шарты. Шенеунік шекпенін кимей-ақ, қоғам өмірінің басқа саласында – ғылым мен білімде, шығармашылық пен бизнесте жетістіктерге жетіп, өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен ел ықыласына ие боп жатқан азаматтар ше?

Оларға ешбір шартсыз «сайлауға және сайлануға» құқық берген Конституция әдірем қалғаны ма? Мұндай томпақ талаптың астары да белгілі: бізде мемлекеттік қызметтегілердің дені – «нұр» партияның мүшелері. Олай болса, үміткер міндетті түрде не бүгінгі, не кешегі «нұрпартия» фанаты боп шыға келеді. Оның үстіне, «бармақ басты, көз қысты» жүйенің ішінде жүріп, былғанбау – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс: кез келгеннің құйрығына қоңырау байлап жібереді.

Сондықтан да мен кеше Орталық сайлау комиссиясы жариялаған көрсеткіштер мен проценттерге еш таң қалып отырған жоқпын.

Және де ол нәтижелердің ақсап тұрған бір жері бар. Ресми түсіндірмелерде «бұл сайлау партияаралық бәсекенің жарқын көрінісі болды» деген сыңайдағы комплименттік комментарийлер қаптап жүр. Елде шын мәніндегі оппозициялық партиялар тіркелмей жатса, олар сайлауға қатыса алмай жатса, ол неткен бәсеке?!

Фото: azattyq.org

Екіншіден, өзін оппозициялық санайтын тіркелген (ЖСДП) және тіркеле алмай жатқан, өзін антибилікшіл деп жариялаған партияларға да қатысты сын айтуға болады. Бұл сайлауда жақсы ма, жаман ба, әйтеуір, «өзін-өзі ұсыну» мүмкіндігі берілді. Өзін нақты саяси күш деп, әрі жер-жерде қолдаушыларымыз бар деп санайтын кез келген партия (тіркелгені де, тіркелмегені де) осы құқықтық мүмкіндікті пайдаланып, өзім дегендердің өзін-өзі ұсынуын қолдап, сайлауда өз күштерін сынап көруі керек еді. Ауылға барар еді, өз қолдаушыларының қатарын көбейтер еді, таптырмас тәжірибе жинақтар еді. Болашақ сайлауларға да мықты әзірлік болар еді. Әйтпесе, «аш құлақтан тыныш құлақ» ұстанымы саяси ұйымдарға жараспайды-ақ.

«Сайлау заңнамасы мүмкіндік бермейді! Бәрібір жеңілеміз! Бойкот!» деп, асанқайғышылап жыламсырай бергеннен гөрі, осы науқанда биліктің апшысын бір қуырып, белсенділік танытуы керек еді деп санаймын! Саяси күрес компромис қана емес, берілген аз мүмкіндіктің өзін пайдалану емес пе?!

Әрине, әр партияның мүмкіндігі әрқилы. Бірақ та өзін оппозиция санайтын партиялар осы жылы бір-бірін қаралауды тоқтатып, бірігіп, ортақ штаб құрып, ауыл округтерін өзара бөліп алып, жұмысқа білек сыбана, бірлесе кіріскенде, сайлау дәл осындай селқос өтпес еді. Оппозиция қатыспаған бұл дода жұртшылыққа қызықсыз боп қалды.

Жә, ауыл әкімдерін сайлайтын болыппыз. Басқа әкімдерді ше? Неге президент пен парламент секілді биік конституциялық институттарды сайлап жүрген қоғам аудан, қала, облыс әкімдерін сайлауға келгенде әзір болмай қалады?

Бұндай, санаға сыймайтын саяси софизмнің себебі екеу.

Біріншіден, біздегі басқару жүйесіндегі кез келген лауазым тауар іспеттес – сатылады, сатып алынады. Көп адам әкімдік қызметті халыққа, мемлекетке, ұлтқа адал қызмет деп емес, биліктегі беделі арқасында қара басының шаруасын шешіп, баю көзі деп санайды. Жүйе де әзірше жемқорлықтың осы «қайнар көзінен» айрылғысы келмейді. Саяси элита ғана емес, саясаттың о жақ, бұ жағында жүрген ағайын да мансап базарындағы әр креслоның құны қанша екенін біледі!

Екіншіден, бір ұрты май, бір ұрты қан режим өзінің өктемдігінен, гегемониясы мен монополиясынан, қоғамды қатаң бақылау мүмкіндігінен айрылғысы жоқ. Тек қана тағайындаумен түзілген билік вертикалі осының кепілі бола алады. Әкімдер болса, сол миссияны жүзеге асыратын мықты тетік қана. Ал ауыл әкімдері осы жүйенің іргетасы, оны да жүйе қолдан бергісі жоқ. Сондықтан да «бөгде» адамдарды ол жаққа кіргізбейді.

Сондықтан да аудан, қала және облыс әкімдерін сайлау секілді сөзсіз демократиялық үрдістер жақын арада енгізілуі екіталай.

Әзірше, аудан және облыс әкімдерінің айтқанынан шыға қоймайтын ауыл әкімдерін сайлап, соны «саяси реформаның жарқын көрінісі» деп, алақайлап жүреміз де...

Тегтер: