14 Қараша 18:39

Оптом арзан болады. Тимур ҚҰЛЫБАЕВ «Халық Банктің» еншілес ұйымдарын НЕГЕ жаппай сата бастады?

Фото:

«Халық Банк» өзінің Ресей, Тәжікстан мен Қырғызстандағы еншілес банктерін сатып бітті. Оның Еуразия аумағын жаулайтын амбициясынан бас тартуының нақты себебі белгісіз. Бірақ алпауыт банктің негізгі акционерлері – Тимур мен Динара ҚҰЛЫБАЕВТАРДЫҢ етек-жеңдерін жинап жатқаны айқын білінеді.

Қазақстан қор биржасы: «Халық банкі Қырғызстандағы еншілес банкінің 100% акциясын сату бойынша келісімді реттеді», – деп хабарлады. «Halyk Bank Kyrgyzstan» қаржылық институтын Visor International DMCC компаниясы сатып алды. «Visor» тобы қазақстандық кәсіпкер, кезінде Тимур Құлыбаевен ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп, үзеңгілесі болған Айдан КӘРІБЖАНОВҚА тиесілі. Бұл ретте тараптар Құлыбаевтың Кәрібжановқа Қырғызстандағы банкті қаншаға сатқанын ашық көрсетпейді. Бірақ оны 2023 жылдың қорытындысы бойынша жарияланатын Halyk Bank қаржылық есебінен біле аламыз.

Айдан Кәрібжанов. Фото: ғаламтордан

Биылғы жылдың басында Halyk тобы өзінің Ресейдегі еншілес банкі – «Москоммерцбанкті» де сатып жіберді. Келісім құны 7,3 миллиард теңге немесе 15,8 миллион доллар болды және банкті кәсіпкер Дмитрий ПУМПЯНСКИЙГЕ тиесілі құрылымдар алған.

Ал 2022 жылдың соңында Halyk Bank өзінің тәжікстандық еншілес ұйымын Тәжікстан халықаралық банкіне өткізіп берген болатын. 2023 жылғы 30 маусым күнгі жағдай бойынша Halyk Bank активтері 14,2 триллион теңгеге жетіп отыр. Қазір оның 570 филиалы бар. Үш елдегі банктерді сатып жібергендіктен, Құлыбаев қолында енді Грузия мен Өзбекстандағы еншілес банктер ғана қалды.

Коллаж NEGE

Бұған дейін біз Тимур Құлыбаевқа тиесілі активтердің арзандай бастағанын жазған болатынбыз. Кезінде қаржылық есептілікте жақсы нәтиже, табыс көрсетіп жүрген «Joint Recourses» холдингі 2022 жылдың қортындысы бойынша 127,6 миллиард теңге шығынға ұшырады. Және оның кассасында 2022 жылдың қорытындысы бойынша 11 миллион теңге ғана қалған. Мысалы 2021 жылы ол кассада кем дегенде 40 миллиард теңге жататын.

Сонда ақша қайда кетіп жатыр? Тимур Асқарұлының ақшаны өз компанияларының кассасынан өзінің жеке шоттарына аудара бастағаны енді құпия емес. Мысалы, дивиденд ретінде өзіне бағынышты «Joint Recourses» холдингінен 35,6 миллиард теңге, «Каспий нефть» компаниясынан 142,1 миллиард теңге, «Шұбаркөл премиум» алпауытынан 20,9 миллиард теңге шығарып алған. Әрине, бұл оның акционер ретіндегі заңды ақшасы.

Бірақ дивидендті даму мақсаты үшін компаниялардың өз иелігінде қалдыру, сол арқылы портфель құнын асыру сияқты бұрынғыдай сенімді саясат байқалмайды. Қазіргі жаңа бағыт – активтердің барынша сөлін сығып, ақшасын шығару болып тұр. Соған қарап, Тимур Асқарұлының көңілі далада екенін аңғарамыз. Өкінішке қарай, ол дала Қазақстан емес.

Тегтер: