Нұрбол Өтегенұлы, мектеп директоры: Сындарлы оқытудың сыры – өмірге бейімдеу
Білім беру жүйесіне енген реформаларды ауыл мектептері қалай қабылдады? Ұстаз мәртебесін көтеру мен біліктілікті арттырудың жолдары қандай? Ауыл баласы білім деңгейі жөнінен қала баласымен қашан қатарласады? Осы және өзге де сауалдарды біз Талғар ауданындағы мектеп жасына дейінгі шағын орталығы бар №19 мектеп-гимназиясының директоры Нұрбол Өтегенұлына қойдық.
– Биыл білім беру жүйесіне біршама өзгерістер енді. Мұғалімдердің жүктемесі азайды, жазғы каникул қысқарды, ағылшын тілі 3-сыныптан, бейнелеу өнері 1-сыныптан оқытылады дегендей. Мұндай жаңалықтар оқу үдерісіне қандай жаңалықтар әкелді?
– Иә, биыл біршама өзгерістер енді. Бұл әсіресе дене шынықтыру пәніне қатысты. Бұрын ұлдар мен қыздар топ-топқа бөлініп оқыса, енді өзге пәндердегі секілді бірге оқиды. Дегенмен олардың апталық сағаттары бірқатар пәндерге қарағанда көбірек болатын. Мәселен, аптасына әр сыныпта дене шынықтыру пәні 3 сағат жүргізілсе, Қазақстан тарихына 2 сағат қана берілген. Осындай ерекшеліктерді ескере келе тиісті ведомство өзге пәндерге де басымдық берген.
Ал каникулдың қысқаруы анау айтқандай өзгеріс деп ойламаймыз. Себебі өткен оқу жылының өзінде, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасымен жазғы мектептер ұйымдастырылды. Онда оқушылар қажеттіліктеріне қарай қосымша 3 апта оқыды. Сондықтан оқу жылының бір аптаға созылуы заман талабынан туындаған өзгеріс деп санаймыз.
– Ағылшын тілінің «Әліппемен» қатар жүруіне қоғамда қарсылық аз болмаған. Енді жеткіншектер ұлттық емленің ережесін есіне мықтап сақтағанша ағылшын тіліне бас қатырмайды. Есесіне Бейнелеу өнері 1-сыныптан басталады. Мектеп директоры емес, ұстаз ретінде айтыңызшы, мұның не артықшылығы бар?
– Иә, дұрыс айтасыз, ағылшын тілінің 3-сыныпқа сырғуы қоғамның сұранысынан шығып отыр. Өйткені қазақ тілі мен ағылшын тілінің қатар оқытылуы, нәтижесінде бастауыш сынып бүлдіршіндерінің ойлары шашыраңқы болғаны ата-аналар тарапынан бұқаралық ақпарат құрылдарында жазылып та, айтылып та жатты.
Ал бейнелеу өнеріне келетін болсақ, бұл расымен жақсы жаңалық! Қазіргі білім беруде сындарлы білім беру деген ұғым бар. Бұл дегеніміз, сабақты өмірмен байланыстыра отырып өту! Мектепте алған білімін өмірде кәдеге жаратуға үйрету! Ал өзіңіз айтып отырған бейнелеу өнері мен еңбекке баулу сабақтары оқушылардың бойына осындай қасиеттерді ерте дарытуға септігін тигізеді. Өмірге қажетті білім-білік дағдыларын ерте қалыптастыру – қазіргі заманда аса маңызды.
– Мұғалім жүктемесін азайту шарасы оқытушылардың санын қысқартуға әкеліп соққан жоқ па?
– Біздің мектеп – аудандағы үлкен білім ордаларының бірі. Сабақ үш тілде: қазақ, орыс және ұйғыр тілдерінде жүргізіледі. Қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі мен әдебиеті пендерінде оқушы саны 20-дан асып жатса, топтарға бөлініп оқытылады. Осындай аз-кем өзгерістер мұғалімдердің санын қысқартуға әкелген жоқ. Оның үстіне, аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлыға Айсабекқызы мен әдіскерлер қолдауын сезініп отырмыз. Олар мектептерге тек тапсырма беріп қана қоймай, үнемі кері байланыс жасап отырады.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы білім беру саласына қандай тиімділіктер әкелмек?
– Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген жобаның мақсаты – барлық білім беру деңгейлеріндегі оқушылардың білім сапасын арттыру. Іске асыру кезеңі 2021-2025 жылдары аралығын қамтиды. Құжатты қарап отырсаңыз, кесте арқылы берілген және әр жылы қандай жетістіктерге жетудің мақсаттары мен міндеттері нақтыланған. Оған қажетті қаражат көлемі де көрсетілген. Іске асырудың жоспар-графигі түзілген. Бірінші міндет, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету. Бұл бойынша балаларды мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысымен орналастыру қарастырылған.
– Осы жобадағы негізгі міндеттің бірі – қала мен ауыл мектептерінің оқыту сапасындағы алшақтықты азайтуды көздейді. Енді нақтырақ айтайық, сіздердің мектепте не істеліп жатыр?
– Бұл бағытта атқарылып жатқан нақты шараларға келетін болсақ, 2021-2022 оқу жылы 11 ақпанда мектеп-гимназиямызда «PISA халықаралық бағдарламасы: міндеттері, бағыттары, талдаулары» тақырыбында аудандық семинар өткізілді. Оған «Өрлеу» БАҰО филиалы Бірім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институтының оқытушысы Қыдырбек Өмірбек пен аудандық оқу бөлімінің әдіскерлері шақырылып, мазмұнды баяндама жасалды. Нәтижесінде PISA халықаралық білім беру бағдарламасына сай тапсырмалар құру бойынша пікіралмасу болды. Ұлттық жобаның да көздеп отырғаны осы. Оқушыларымызды әлемдік стандартқа сай білім нәрімен сусындату, яғни, білім алушылардың алған білім сапасын PISA, PIRLS, TIMSS сынды халықаралық ұйымдардың деңгейіне көтеру.
– Ол үшін не істеу керек?
– Нақты қолға алынған шаруалар бар. Менің жоғарыда айтқаным, сыртқы бағалауға жатады. Оқушылардың білім жетістіктерін зерттеу: «математикалық сауаттылық», «жаратылыстану сауаттылығы» мен «оқу сауаттылығы» бойынша жүзеге асырылады. Мектеп-гимназия мұғалімдері күнделікті тапсырмаларын осы негізде ұйымдастыруды қолға алды. Өйткені қала баласы мен ауыл баласы арасындағы айырмашылықты азайту басты мәселе. Мысалы, Финляндия мемлекетінде қала мен ауыл арасындағы білім сапасының айырмашылығы бар-жоғы 5-6 пайыз екен. Дегенмен біздегі жағдай басқаша. Елімізде урбанизация (жаппай қалаға көшу) процесі әлі жалғасуда. Салдарынан ауылдағы мықты мамандар қалаға көшіп, көптеген мекемелер шағын жинақты мектептерге айналып жатыр. Бұл басты фактор. Дегенмен, қазір біз постиндустриалды өркениетке қадам басқандықтан, білімнің көбі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы да алынатынын естен шығармағанымыз абзал. Ауыл балалары смартфон сияқты құралдарды тиімді пайдаланатын болса, қала баласынан кем түспесі анық. Тек олардың қызығушылығын арттырып, өз бетімен оқуына баса назар аударуымыз қажет. Осы мақсатта мектебіміз BilimLand платформасына қосылған. Ұстаздар осы платформа арқылы сабақ өтуді жолға қойған. Алайда мектебіміздің материалдық техникалық базасы талапқа сай жабдықталмаған. Бірақ біз бұған қарамай әр мұғалімге жеке ноутбуктер беріп, интернет желісімен қамтып отырмыз.
– Қызылқайрат Талғарға тиіп тұр, Алматыға да алыс емес. Демек білім сапасы жағынан да қалаға жақын болуларыңыз керек қой?
– Әрине, оқушыларымыз осал емес. Балалар жылына арналған облыстық пікірсайыс турнирінде мектеп командасы Бас жүлде иеленді. Инклюзивті сынып оқушысы Қабдылда Амир мүмкіндігі шектеулі балалар арасында «Жас дарын» республикалық байқауында ІІІ орын алды. Халықаралық М.Мақатаев оқуларынан 8-сынып оқушылары 1, 2 орындарды иеленді. «Жыр алыбы – Жамбыл» ақындар айтысынан Нұрсейіт Мадияр аудандық кезеңнен Бас жүлде алып, облыстық кезеңде жүлдегер атанды. Жетекшісі – Аққоян Ержан. Жетістік атаулы әрине, ұстаздарымыздың арқасы. Осы мүмкіндікті пайдаланып, оқытушылардың еленген еңбегіне, шыққан биігіне тоқтала кетейін. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қ.Әбдіманап және мектеп үйлестірушісі А.Бөлшекбаева «Жасөспірімдерді оқыту мен тәрбиелеудегі еңбегі үшін» ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Мектептің құқық менеджері А.Нурмуханбетова облыс көлемінде «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу істері» бойынша семинар өткізіп, алғыс хатпен марапатталды. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі С.Ашимова «Халықаралық бейбітшілік әлемі» төс белгісімен марапатталды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі К.Шынашова облыстық «Қазақ детективінің атасы – Кемел Тоқаев» атты жобалар байқауының 2-орын иегері. Мұндай жетістіктеріміз өте көп. Жалпы, білім ордамыз аудандағы гимназиялар арасында алдыңғы үштіктің ішінде.
– Бұл күнде орта білімнің деңгейін ҰБТ анықтайтын болды ғой. Мектепте қанша бала оқиды? Білім беру үдерісіне бала санының көптігі әсер етпей ме?
– 2021-2022 оқу жылын мектеп жасына дейінгі шағын орталығы бар №19 мектеп-гимназиясы 1798 оқушымен аяқтады. Оның ішінде 570 бала – бастауыш сынып оқушылары. Осы оқушыларға 233 педагог білім берді. Оқытушылардың 99,9 пайызы жоғары білімді, қалған 0,1 пайызы арнаулы орта білімді. Өткен оқу жылында 57 пайыз мұғалім біліктілігін көтеру курсынан өтті. Жылдық қорытынды бойынша білім сапасы 67 пайызды құрады. 11-сыныпты 4 оқушымыз «Алтын белгімен» аяқтады. ҰБТ бойынша оқушылардың білім сапасы 84 пайызды құрады.
Қызыл-Қайрат ауылы – үлкен елді-мекен. Сондықтан мектеп ғимараты балалар үшін тарлық етіп отырғаны жасырын емес. Бұл мәселе Талғар ауданы әкімінің ауыл тұрғындарымен есептік кездесуінде талқыланған. Алдағы жылдары ауылымызда жаңа мектеп есігін айқара ашып қалатын шығар деп үміттенеміз.
– Қазір мұғалімдердің жалақысы осыдан 5-10 жыл бұрынғыдан бірнеше есе өсті. Бұл әрине, дұрыс. Дегенмен мұғалім мәртебесін көтеру – жалақысын арттырумен ғана шешілмейді ғой. Бұл бағытта қандай шаралар атқарылады?
– Педагог мәртебесіне қатысты заң қабылданып, мұғалімдердің жалақасының өскені – заман талабы. Әлемнің дамыған елдерінде мұғалімдер ең жоғарғы жалақы алатыны белгілі. Біздің Үкімет те осыны назарға алып отырғаны байқалады. Дегенмен, білім сапасы тек ұстаздардың жалақысын көтерумен немесе мәртебесін арттырғанмен шешілмейді. Ең бастысы, мұғалімнің біліктілігі. Білікілік биік жерде сапа да жоғары болады. Осы мәселе бойынша директордың ғылыми-әдістеме бойынша орынбасарлары әдіс-тәсілдер, сабақ жоспарының ерекшеліктері мен критериалды бағалау тақырыптарына арналған түрлі семинарлар мен коучингтер өткізді. Былтырғы оқу жылында «Жұлдызды пән бірлестігі» сайысы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұған қоса, пән бірлестіктерінің онкүндіктері, «Үздік пән мұғалімі», «Жыл сынып жетекшісі», «Жас маман», «Жас қолөнерші», «Үздік сынып» байқауларын ұйымдастыру да ұстаздардың үздіксіз оқуына мүмкіндік туғызады. Сонымен қоса, «Дарын», «Зерде» ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша төмендегі мұғалімдер: Ф.Кудайбергенова, Б.брагимова, Б.Әпек, Ұ.Абдуллина, Қ.Шынашова, И.Иманкулова, С.Шайгожанова, А.Жумабай, Ж. Тауиракинова т.б. оқушыларға жетекшілік жасап, аудандық, облыстық конкурсқа қатысуды көздеп отыр. Биыл өткізілген №1 педагогикалық кеңесте 2021-2022 оқу жылына SWOT және PDCA стратегиялары арқылы талдаулар жасалып, алдағы оқу жылындағы басым мәселелерді талқылап алған болатынбыз. Қазіргі күнде сол бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
– Әңгімеңізге рақмет! Шәкірттеріңіз биіктен көрінсін!