Неміс садақшысы: Қазақтар ат үстінде садақ тартудан мықты екен
Астанада өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойыны мәреге таяды. Ойындарға 89 елден 2430 спортшы қатысып жатыр. Жамбы ату сайысына қатысу үшін Германиядан арнайы келген Стефани Берендті NEGE тілшісі әңгімеге тартты.
52 жастағы Стефани Беренд дәстүрлі садақ атумен айналысады. Дегенмен оның негізгі мамандығы – математика және физика пәнінің мұғалімі.
– Садақ ату барлық спорт түрлері секілді денсаулыққа өте пайдалы. Сонымен қатар математикамен де тығыз байланысты. Нысананы дәлелдеу үшін адам миында бірнеше формула құрып, амал ойластырады, жоспарлайды. Оқтың дәл тиюі үшін траекторияны да ойластырады. Бұл спорт түрімен айналысуға ешқашан кеш емес. Мәселен, өзім 46 жасымда қолыма садақ ұстай бастадым. Денсаулыққа қатысты айтар болсам, дәстүрлі садақ ату арқаны тік ұстауға, көру қабілетін жақсартуға көптеген септігін тигізеді, – дейді С.Беренд.
Ғалымдардың уәжіне сенер болсақ, садақ ату палеолиттің соңы мен мезолиттің басында пайда болған. Германиядан солтүстікке қарай Стелмор жерінде садақты қолдану белгілері де байқалған деседі. Стефани Беренд те тарихты жаңғырту мақсатында садақ атумен айналыса бастағанын айтты.
– Тарихи деректерге сүйенсек, дәстүрлі садақ ату Германияда да кеңінен таралған. Орта ғасырларда неміс тайпалары мен князьдіктері ат үстінде садақ тартуды соғыста маңызды тактикалық элемент ретінде қолданған. Тіпті әскери адамдар арасында сайыстар да тұрақты ұйымдастырылған екен. Бүгінгі таңда бұл сайыс түрі ел арасында жаңғыртылып келеді. Дәл қазір өзім де бұл спорт түрімен хобби ретінде айналысамын. Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді дегеннен кейін тіркеліп, дайындыққа қатыстым. Бірақ бұл сайыс түрі Германиядағы ойыннан біршама айырмашылықтары бар. Бағалау, садақ ату ережесі әртүрлі.
Қатысушылардың қарқыны жоғары екені де байқалады. Әсіресе, қазақтар ат үстінде садақ тартудан мықты екен. Қазақтарды көрген соң ат үстінде шабуды әлі де жақсарту керек екенін түсіндім, – дейді Стефани Беренд.
Сондай ақ, қонағымыз көшпенділер ойыны мен қалаға қатысты ойларымен бөлісті.
– Астана ауа-райымен, қонақжайлылығымен де өте ерекшеленеді екен. Сый-құрметке разы болдым. Көшпенділер ойынына қатысты ойымды айтар болсам, барлығы жоғары деңгейде өтуде. Ата-бабаларымыздан қалған спорт өнерлерінің қайта жаңғырып, ел арасында кеңінен таралғанына өте қуаныштымын, – дейді неміс садақшысы.
Астана қаласында бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынының сайыстары жалғасуда. Дода ертең, яғни 13 қыркүйек күні аяқталады.
Аяулым Жаманқара, Астана.