НЕГЕ мафияның құнды қағаздары Қазақстаннан әлдеқайда сапалы болып шықты?
Италияндық мафия облигациялар шығарып, оны халықаралық инвесторлар сатып алып отырған. Оған олар дамыған елдер нарығындағы кіріс ставкаларының тым төмендігінен барды дейді, сарапшылар. Мафияға сенген инвесторлар, Қазақстанға неге сенбейді?
Financial Times бір сенсацияны бұрқ еткізді. 2015-2019 жылдар аралығында "Ндрангета" италияндық мафия кланына қатысы бар ұйымдар халықаралық инвесторлардан 1 млрд евро инвестиция тартқан.
Басылым зерттеген құжаттарға сәйкес, мұндай облигациялардың бір бөлігін Еуропадағы ең ірі жекеменшік төрт банктің біріне жататын итальяндық "Banca Generali" сатып алған. Оған бұл жолмен кіріс алуға мүйізі қарағайдай аудиторлық алпауыт Ernst & Youngтың өзі кеңес беріпті. Қалған облигацияларды зейнетақы қорлары, хедж фондтары мен инвестициямен айналысатын отбасылар сатып алған.
Облигациялар тексеруден күдік тудырмай өтуі үшін әртүрлі компаниялар Италияның денсаулық сақтау органдарына берген төленбеген вексельдерінің негізінде шығарылған. Еуроодақ заңына сәйкес, мемлекеттік органдардың мерзімі өткен шоттарына кепілдендірілген пайыздық мөлшерлеме белгіленеді. Осындай вексельдерден пул құралып, облигация ретінде сатылған.
Мафияның құнды қағаздары инвесторларға қызықты болып, кәдімгідей саудаға түсіп жатқанда, Қазақстанның инвесторлар алдындағы тартымдылығы мұздай еріп барады. Ұлттық Банк статистикасына сәйкес, биылғы алғашқы тоқсанда тартылған инвестиция көлемі 3 жарым миллиард доллардан әрең асқан. Жылына кем дегенде 24 млрд доллар тартып жүрген еліміз биыл инвестиция саласында мафиядан қалып қоюы әбден мүмкін.