Құрылтай жалпыұлттық деңгейдегі ашық диалог алаңы ретінде қызмет етуі тиіс – Президент
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен соңғы отырысында болашақ Құрылтай депутаттарына қандай міндеттер жүктелетінін айтты.
Астана, NEGE. Президент толыққанды e-Parliament жүйесін енгізуді тапсырғанын еске салып, электронды Парламентті қалыптастыруға баса назар аудару қажет екенін атап өтті.
«Жаңадан сайланған депутаттар заң шығару ісінде болжамды сараптамаға, Үлкен дерекқорды басқару арқылы кез келген шешімнің экономикалық салдары мен әлеуметтік тәуекелдерін модельдеуге баса мән беруі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл ретте Мемлекет басшысы болашақ депуттар маңызды заң жобаларын сарапшылармен және жауапты қоғам белсенділерімен бірге талқылауы қажет екені айтты. Ал цифрлық құралдар, оның пікірінше, пікірталасқа қатысушылар санын көбейтіп, мәселені нағыз қоғамдық талқыға салуға мүмкіндік бермек.
«Жаңадан Құрылтай жалпыұлттық деңгейдегі ашық диалог алаңы ретінде қызмет етіп, қоғамды толғандырған өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударуы қажет. Бұл – азаматтардың дәйекті өтініштері міндетті түрде ескеріліп, нақты нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау арқылы мемлекеттік мекемелерге тиісті тапсырмалар берілуі керек деген сөз», – деді Президент.
Айта кетейік, бұған дейін де Мемлекет басшысы Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың ең басты нәтижесі – «азаматтардың маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне қатыса алуы» екенін айтқан еді.
Осы орайда Президент 30 жылға жуық уақыт бойы халықтың өз ықтиярын тікелей білдіру тетігі қолданылмай келгенін сынға алған болатын.
«Бұл орайда менің ұстанымым бұрынғыдай: елдегі өзгерістердің иесі халық болуға тиіс. Алайда билік нақты бастамалар көтере алады әрі солай болуы керек. Қазірдің өзінде елімізде жүзеге асырылған реформалар билік институттарының орнықты тежемелік және теңгерім жүйесін қалыптастарды, мемлекеттік басқару сапасын арттырды деп сеніммен айта аламыз», – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент реформалардың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту екенін алға тартып, бұл үшін Үкімет, заң шығарушы орган, тұтас қоғам жұмыла еңбек етуі қажет екенін қадап айтқан болатын.