Ерлан Қарин жаңа қызметке тағайындалды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Ерлан Қарин Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда.
Астана, NEGE. Жаңа қызметіне байланысты ол бұрынғы лауазымынан босатылды.
Ерлан Қарин 1976 жылы Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Ақсу ауылында туған.
1996 жылы К. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің «Тарих және география» мамандығын, ал 1999 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті Философия және саясаттану факультетінің аспирантурасын бітірген. Саяси ғылымдар кандидаты.
Еңбек жолын Ақтөбе қаласында география және тарих пәндерінің мұғалімі болып бастаған.
Әр жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры, «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Президенттің көмекшісі қызметтерін атқарған.
2022 жылғы 5 қаңтарда Қазақстан Республикасының мемлекеттiк хатшысы, сол жылы 14 маусымда мемлекеттік кеңесші болып тағайындалды.
«Құрмет» орденімен (2010 жылы), ІІ дәрежелі «Достық» орденімен (2019 жылы), ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен (2022 жылы) марапатталған.