Мұхтар Сеңгірбай: Бұл «қақтығыс» та, «кикілжің» де, «жанжал» да емес – конфликт!

Қордайдағы оқиғаға байланысты жағдай әлі тынши қойған жоқ. Әлеуметтік желінің түңдігі әлі желпілдеп тұр. Кімнің арандатушы, кімнің ұлт жанашыры екенін айыру қиын. Осындай қауіпті сәтте білікті конфликтологтардың тапшылығы қатты сезіледі.
Nege.kz тілшісі философия докторы (PhD), конфликтолог Мұхтар Сеңгірбаймен тілдесті.
– Қордайдағы жағдайдың неден туындағаны белгілі. Алайда, басқа ұлттар, әсіресе, шешен, ұйғыр, дұнған, т.б ұлт өкілдері мен жергілікті қазақтар арасында кикілжің неге жиі болады? Себебі неде?
– Оның себебі өте көп. Түрлі ұлт өкілдері қатар өмір сүретін жерде олардың арасында түсініспеушіліктің болуы – заңды құбылыс, мәселе тек сол түсініспеушіліктің Қордайдағыдай қантөгіске айналып кетпеуінде. Өкінішке қарай, біз конфликтіні осындай деңгейге дейін ушықтырып алдық. Әр ұлттың мінез-құлқын, дүниетанымын, ділі мен дінін, басқа ұлттарға қатысты стереотиптерін зерттесеңіз, бір-бірімен араздаспайтын ұлт жоқ. Оның үстіне, ол ұлттар бір мемлекетте тұрып, бір қоғамдық-саяси кеңістікте күн кешіп жатса, конфликт қаупі артады. Бұған Қазақстанның тәуелсіздік алғалы бері бірізді ұлттық саясат қалыптастыра алмағанын қосыңыз. Оның үстіне, посткеңестік мемлекеттер ұлттық жаңғыру, өшкенін қайта қалпына келтіру кезеңін басынан кешіп жатыр. Яғни, біз посотарлық ұлт ретінде ұлттық бірегейлікті, оның атрибуттарын сақтап қалуға ұмтылып жатқан елміз. Осындай жағдайда жергілікті жерде болған кез келген әділетсіздік, жемқорлық немесе болмашы бір тұрмыстық кикілжің отты тұтандырып жібереді.
Бұл құбылысты «қақтығыс», «жанжал», «кикілжің» деп аударуға қарсы болатынымның себебі де содан. «Конфликт» – жағымды да, жағымсыз да сөз емес, ол қоғамның тірі екенінің, онда түрлі көзқарас қайшылығы бар екенінің белгісі. Бірақ ол конфликтінің бәрі өркениетті түрде шешілуі керек. Қайшылықтарды бейбіт түрде шеше алмаған қоғам «бірлігі жарасқан қоғам» бола алмайды.
– Бұл қақтығыс бір күнде пайда болған жоқ. Жылдар бойы өрт сияқты қаулап келе жатқаны анық. Солай емес пе?
– Қордайдағы жағдай – конфликтінің эскалациянып, сыртқа жария болған көрінісі ғана. Негізінен, мұндай конфликтілер көбіне латентті түрде, былайғы жұртқа көрінбей жүріп жатады, оның зорлық-зомбылыққа ұласып кететіндері сирек. Конфликтолог мамандар қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, ұлттар арасындағы жағдайды ушықтырмаудың жолын іздеп отыруы керек. Өкінішке қарай, бізде конфликтілердің құрылымдық алдын алуға мүлде көңіл бөлінбейді. Сондықтан, қақтығыстың қай жерде бұрқ ететінін ешқандай маман тап басып айта алмайды. Тек жалпылама ақпаратқа, кейбір белгілеріне қарап қауіп бар екенін айтуы мүмкін. Оны бір ұлт өкілінің екіншісіне қатысты стереотипке негізделген, дәйексіз ұстаным, көзқарастарынан-ақ білуге болады. Бұған бұрмаланған тарихи фактілерді, тарихта болған оқиғаларды қоссақ, бояуы қоюлана түседі.
Қазақ ұлтының мемлекет құрушы ұлт ретінде жоғары талап қоюы – заңдылық. Мемлекет ұлттық саясатты жүргізгенде осы талаптың негізінде әрекет етуі керек. Әрине, бұл айтуға ғана оңай. Ұлтаралық мәселелерді шешудің бәріне ыңғайлы жолы табылған жоқ. Батыстағы көпұлтты мемлекеттердің көбі инклюзивті ұлттық саясат ұстанады, яғни әрбір азаматтың қоғамның бір мүшесі болуына жағдай жасайды, ол үшін түрлі ынталандыру, жазалау механизмдерін қолданады. Көп ел азаматтығын берерде мемлекеттік тілден, тарихтан емтихан қабылдайды, тілді үйренуге жағдай жасайды. Бұл – бір ғана жолы.
Көбіне бітіспес конфликтіден шаршаған елдер консоционализм әдісін қолданады, бұл – әр ұлттың өкіліне үлес салмағына қарай билік беру. Мәселен, президент бір ұлттың, премьер-министр екінші бір ұлттың өкілі болады деген сияқты. Кейде парламенттен өзге ұлт өкілдеріне арнайы квота бөлінеді.
Біздің ұлттық саясаттың түсініксіз тұстары көп әрі ол саясат толыққанды ғылыми зерттеулердің негізінде жасалды деп айта қою қиын. Қазір жұрт көп сынап жатқан Қазақстан халқы ассамблеясы түрлі ұлттардың атынан өкілдік етеді дейміз, басқа депутаттар кімнің атынан өкілдік етеді? Ол ұлттардың пікірлері мен көзқарастары қалай анықталады, қалай жинақталады? ҚХА атынан сайланған депутаттар бұл пікірді қалай зерттейді, қандай да бір міндеттері құжат жүзінде реттелген бе? Азаматтық бірегейлікті қалыптастыруда істен гөрі сөз көп. Қазақстандағы қазақтан басқа ұлт өкілдері тек осы елдің паспортын иеленіп, міндеттерін орындап, құқықтарын пайдаланып қана қоймауы керек. Азаматтық деген – ол формалды ғана емес, дүниетанымдық, рухани, мәдени категория.
– Билік бұл жағдайды ұлтаралық қақтығыс деуден қашады. Сонда бұл тағы да «бұзақылар төбелесі» ме?
– Шындығында, этносаралық конфликт өздігінен болмайды, яғни бір ұлт пен екінші ұлт тек бір-біріне жайдан-жай соқтықпайды. Көбіне белгілі бір әлеуметтік, тұрмыстық себептерден бұрыннан жиналған ашу-ыза бұрқ етіп сыртқа шығады. Сондықтан, биліктің оқиғаны «тұрмыстық» деп бағалауы қисынды. Жолға талас, әлімжеттік, қылмыс сияқты тұрмыстық оқиғалар адамдар арасында болады. Мәселе сонда, қылмыс өзара дүрдараз екі ұлт өкілінің арасында болса, ол маздап жатқан отты тұтандырып, бұрынғы даудың бәрін шығарады.
– Және мұндай жағдайда сол ұлт өкілінің ақсақалы шығып, кешірім сұраса ахуал реттеле қалатындай көреді? Осы дұрыс па?
– Конфликтіні реттеудің әдістері көп. Ақсақалдарға, қоғамның беделді өкілдеріне сөз беру, басу айтқызу – қазақтың дәстүрінде бар үрдіс. Оның үстіне, қоғамдық пікірдің лидерлері болады, олар да үлес қоса алады. Бірақ бұл – лапылдап жанып жатқан отқа шөміштеп су шашу сияқты нәрсе. Конфликт Қордайдағыдай эскалацияланған кезде, әрине, оны жылдам басудың әрекеттерін жасау керек. Оның ішінде күш қолдану, ақпаратты шектеу, халықты оқшаулау сияқты әдістер болады. Бірақ бұл мәселенің түпкі себептерін шеше алмайды. Эскалация кезінде адамдар эмоцияға берілгіш келеді әрі өз кемшілігін көрмей, өзгенің кемшілігін зорайтып көрсетуге бейіл болады. Бұл кезеңде күш қолдануға, қару кезенуге, жұдырық ала жүгіруге дайын болады. Ең алдымен жағдайды деэскалациялап алып, содан кейін конфликтіні шешу әдістерін бейбіт жағдайда іске асыру керек.
Ол үшін ең алдымен ұлттар арасында дұрыс диалог болғаны жөн. Жақсы қарым-қатынас, байланыс болған жерде түсіністік болады. Ұлттардың бір-біріне қатысты көзқарасын жақсы жағына өзгерту – оңай шаруа емес, бұл – үлкен мемлекеттік саясат.